2024 жылдың басты саяси жарыстарының бірі – АҚШ президентін сайлау. Осы аптада АҚШ президентіне үміткерлер арасында бақталастық артты. Трамптың қарсыласы Десантис өзінің кандидатурасынан бас тартып, Трампқа жақтас екенін мәлімдеді. Бұл әлем сарапшыларын алаңдатып отыр. Ал Ресей мен Украина арасындағы жағдай өрши түскен. Украиналық тұтқындарды алып бара жатқан ұшақ Ресей шекарасында апатқа ұшырады. Сонымен қатар әлемнің бірнеше мемлекетінде билікке қарсы наразылық акциялары өтті. Осы және өзге де әлемдегі саяси оқиғалар туралы апталық шолуымызды ұсынамыз. 

Фото: Matthew Cavanaugh/Getty Images

АҚШ-тағы президент сайлауы

АҚШ-та 2024 жылдың 5 қарашасында президент сайлауы өтеді. Жеңімпаз 2025 жылдың қаңтарынан бастап Ақ үйде төрт жыл қызмет етеді.

Әзірге сайлау бюллетенінде кімдердің есімі болатыны белгісіз. Сайлауға түсетіндердің нақты тізімі штаттардың үштен екісінде праймериздер мен кокустар өткеннен кейін наурыз айында белгілі болады.

Республикалық партия 15-18 шілдеде Милуокиде өтетін құрылтайда АҚШ президенттігіне кандидаттың атын ресми түрде жариялайды. Ал демократиялық партия атынан шығатын кандидаттың есімі 18-22 тамызда Чикагода өтетін құрылтайда көпке ұсынылмақ. 

Партия атынан кандидат болу үшін жазғы съезде партия делегаттарының жартысынан көбінің қолдауына ие болу қажет. Республикашылар үшін бұл 1215 дауыс болса, демократтар үшін 1969 дауыс.

АҚШ президентіне кім кандидат бола алады?

Фото: Associated press, Zuma press, Getty Images

АҚШ-та туған, 35 жастан асқан және бұрын АҚШ-та 14 жыл тұрған азамат президенттікке үміткер бола алады. Демократиялық және республикалық партиялардан президенттікке кандидаттарды ұсыну әдетте партиялардың ең танымал мүшелерін анықтайтын праймериз арқылы жүзеге асады. Праймеризде жеңілген саясаткер тәуелсіз кандидат бола алмайды.

Партияда мүше емес кандидет сайлау науқанын жүргізе алмайды. АҚШ-та 1853 жылдан бастап ел президенті республикалық немесе демократиялық партияның кандидаттары арасынан сайланған. 

Демократтар – либералды саяси партия. Партияның күн тәртібі негізінен азаматтық құқық, әлеуметтік қауіпсіздік және климаттың өзгеруімен күресу шараларына негізделген. Бұл – екі мерзім қатарынан билікте отыруды көздейтін қазіргі президент Джо Байденнің партиясы.

Республикашылар – АҚШ-тағы консервативті саяси партия. Партия үкіметтің көлемін, қару-жарақ құқығын және иммиграция мен түсік жасауға қойылған қатаң шектеулерге қарсы. Сонымен қатар аз мөлшерде салық төлеу саясатын қолдайды. Партияда президенттікке кандидат әлі таңдалған жоқ. Алайда сарапшылардың пікірінше бұл партиядан кандидат ретінде бұрынғы президент Доланльд Трамп ұсынылуы мүмкін.

Үміткерлер кімдер және олар қалай ұсынылады?

2024 жылғы президенттік сайлау науқаны қызу жүріп жатыр. Сайлау науқаны 15 кандидаттың тіркелуімен басталды. Бастапқыда тоғыз республикашыл, төрт демократ және екі тәуелсіз кандидат болған. Бірақ олардың кейбіреуі жарыстан шығып қалды.

Екі негізгі партия президенттікке кандидатты бірқатар штаттық праймериздер мен кокустар өткізу арқылы ұсынады. Тараптар арасында кандидат таңдауда айырмашылықтар бар. Оған қоса бұл процесс әр штатқа қарай өзгеріп отырады. 

Президент Байден осы жылдың басында қайта сайлану туралы өтінішін жариялады. Кейбір қиындықтарға қарамастан, қазіргі президент демократиялық партияның атынан кандидат ретінде ұсынылады деп болжанған. 

Республикалық партияда Дональд Трамп алғашқы екі мемлекеттік байқауда жеңіске жетті және қазірдің өзінде үміткер ретінде алға шықты. 

Сондай-ақ президенттікке үміткер кейбір тәуелсіз кандидаттар да қарастырылған. Олардың ішінде бұрынғы президент Джон Кеннедидің жиені кіші Роберт Кеннеди бар. 

Сайлаушылар прездиентпен қатар, бюллетеньдерді толтырған кезде Конгресстің жаңа мүшелерін – үкіметтің заң шығарушы органын да таңдайды.

Қазір сайлау науқаны қалай өтіп жатыр?

Республикалық партияның 2024 жылы Нью-Гэмпширде өткізген алғашқы праймеризінде негізгі дауыстардың 97%-ы өңделіп, Дональд Трамп 54,3% жинап жеңіске жетті. Оның республикашыл қарсыласы, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Никки Хейли 43,4% дауыс жинаса, Техас кәсіпкері және шіркеу пасторы Райан Бинкли 0,7% дауыс жинады.

Осылайша Трамп тағы 12 делегаттың қолдауына ие болған. Никки Хейлиге тоғыз делегат дауыс берді. Бұған дейін Дональд Трамп Айова штатындағы кокустарда да жеңіске жетіп, 40 делегаттың 20-сының қолдауына ие болған. Қазір ол президенттікке кандидат ретінде ұсынылу үшін қажет 1215 делегаттың 32-нің қолдауына ие болған.

Инфорграфика: Stan.kz

АҚШ президенті Джо Байден Дональд Трамп Нью-Гэмпширдегі алғашқы праймеризде жеңіске жеткеннен кейін, 2024 жылғы президенттік сайлауда Республикалық партияның кандидаты Трамп болатынын мәлімдеді.

Нью-Гэмпширде демократиялық партияның да праймеризі өтті. Алайда Джо Байденнің есімі бюллетеньде болмағанымен, ол праймеризде жеңіске жеткен. Кандидаттар оның атын қолмен жазған. Негізгі дауыстардың 91%-ы өңделіп, Байден 66,4%, Миннесота штатының өкілі Дин Филлипс 19,7% және автор Марианна Уильямсон 4% дауыс жинады.

Инфографика: Stan.kz

Байден Нью-Гэмпширдегі жеңіcке жеткенімен, ол бірде-бір делегаттың дауысын ала алмаған. Бұған қазіргі президенттің праймеризге қатысуға өтініш бермеуі себеп болды. 3 ақпан күні Оңтүстік Каролинада дауыс беру өтті. Нью-Гэмпширдегі сайлау алдында партия комитеті штат билігінен праймеризді кейінірек қалдыруды талап еткен. Алайда билік бұл ұсыныстан бас тартқан. Жергілікті заңға сәйкес, Нью-Гэмпширде праймериз басқа штаттарға қарағанда кемінде бір апта бұрын өтеді.

Украиналық тұтқындарды алып бара жатқан ұшақ құлады: Ил-76 ұшағының апатқа ұшырауына кім жауапты

Фото: TASS

Сәрсенбі күні Ресейдің Ил-76 әскери-көлік ұшағы Украина маңындағы шекаралас аймақта апатқа ұшырады. Ресей Украина тарабы оны атып түсірді деп айыптады. Бортта 74 адам болған, оның барлығы оқиға салдарынан қаза тапты. Мәскеудің мәліметі бойынша ұшақта 65 украиналық әскери тұтқындар болған.

Ресей Қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде Ил-76 көлік ұшағында 65 әскери тұтқын, алты экипаж және үш ресейлік әскери қызметкер болған. Ресейлік радар Украинаның Белгородпен шекаралас Харьков облысынан екі зымыран ұшырғанын тіркегенін хабарлады. 

Жауап ретінде Украинаның әскери қолбасшылығы Белгородқа жақындап келе жатқан ресейлік әскери ұшақтарды заңды нысана ретінде қарастыратынын айтты. Бірақ Украина тарабы ресейлік көлік ұшағына оқ жаудырғанын мойындамады.

ИЛ-76 неліктен апатқа ұшырады?

Кейбір сарапшылар ұшақты зениттік зымыранмен атып түсірген болуы мүмкін деген нұсқа ұсынды. Олардың пікірінше, ұшақтың құлаған сәті түсірілген кадрларда "ол апатқа дейін бұзылған". Олар өрт Ил-76 бортында апатқа ұшыраудан бірнеше секунд бұрын басталған деп болжайды.

Ресей әуел бастан ұшақты Украина атып түсірді деп хабарлады. Елдің қорғаныс министрлігі Харьков облысының Липцы ауданынан екі украиндық зымыранның ұшқанын жазып алғанын мәлімдеген. 

Украинаның бас барлау басқармасы ұшақтың құлау себебі туралы ақпарат бермеді. Алайда олар Мәскеуден тұтқындары отырған ұшақтың маршруты туралы хабарланбағанын айтты. Көптеген сарапшы Украина осы мәлімдемесі арқылы Ил-76 ұшағын құлатқанын жоққа шығармады деп болжады. 

24 қаңтарда кешкі сөйлеген сөзінде Владимир Зеленский Украина апатты халықаралық тергеуді талап ететінін айтты. Кремль оларға тек "Киев режимінің қылмыстық әрекеттерін" тергеуге мүдделі екенін ашық айтып, жауап берді.

25 қаңтарда СБУ ұшақтың құлауына байланысты соғыс заңдары мен әдет-ғұрыптарын бұзу бабы бойынша іс қозғады. Артынша  Ресей лаңкестік әрекет бабы бойынша іс қозғаған. 

Ұшақты зымыран атып түсірді деген нұсқа қаншалықты дұрыс?

Фото: TASS

Ұшақты шын мәнінде зымыран атып түсірген болса, Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі бұл зымырандарға неге қарсы тұра алмады деген сұрақ толғандырады. 

France Info телеарнасы француз әскери ортасындағы дереккөзге сілтеме жасап, Ил-76 ұшағы Patriot кешенінен атылған зымыранмен атып түсірілген деп мәлімдейді.

Бұл болжамды Ресей тарапы Украинаның мұндай қашықта ұшақты атып түсіретін басқа белгілі қаруы жоқ деген негізде ғана айтқан еді.

Патриоттар – әдетте нысана ретінде емес, ұстап алу құралы ретінде қызмет ететін ұстағыш зымырандар.

Зениттік зымыран баллистикалық траектория немесе қанатты зымыранның траекториясы бойынша ұшпайды. Ол жоғары бағытталған және ауадағы затпен соқтығысқан сәтке дейін жылдамдайды.

Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: ұшаққа қарай бет алған мұндай зымыранның қай бағытта ұшатынын болжау өте қиын.

Дәл осыған ұқсас жағдай әдетте Ресей Украинаны С-300 зениттік зымырандарымен бомбалағанда екінші жақта да болды. Харьков тарапына S-300 зымырандары жиі атылады. Бірнеше күн бұрын жаппай атқылау нәтижесінде Харьковта сегіз адам, оның ішінде бір бала қаза тапқан. 

Бортта шынымен тұтқындар болған ба?

Бортта Украина азаматтары болғаны туралы ақпаратты Ресей таратты. Мәскеу Ил-76 ұшағы сол күні кешке Белгород пен Сумы облыстарының шекарасында айырбасталуға тиіс 65 тұтқын осы ұшақта болғанын мәлімдеді. 

Тұтқындарды айырбастау жоспарланғаны туралы фактіні Украинаның Бас барлау басқармасының өкілі Андрей Юсов растады. Ол өз мәлімдемесінде Ил-76 ұшағының құлауына тікелей тоқталмаса да, украин тарапы Белгород аймағында "әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екенін білмегенін" және бортта кім болғанын сенімді түрде айта алмайтынын атап өтті.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу Киевті Ил-76 ұшағымен әскери тұтқындарды тасымалдау туралы Украина тарабына хабар берілгенін мәлімдеді.

Украинаға осыған дейін қайтарылған әскери тұтқындардың сөзінше,  2022 жылдың күзінде және 2023 жылдың көктемінде Ресей тұтқын алмасу кезінде украиндықтарды ұшақпен тасымалдаған. Тұтқындар көздері жабық күйінде алмастырылған. Алайда олар ұшақпен келгенін алға тартады. Олардың сөзінше, бұл Ил-76 болуы ықтимал. 

"Украина әзірге ұшақта тұтқындардың болғанын растамайды. "Біз ұшақ бортында Украина азаматтары болды деп айтатын ешқандай дәлел көрген жоқпыз. Алайда сарапшылар бұл ақпаратты тексереді", – деді Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі комиссары Дмитрий Лубинец.

Бұл жағдай екі ел арасындағы қақтығысқа қалай әсер етеді?

Фото видеодан алынды

Бұл жағдайдан кейін Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасу мәселесі қиындайды. 

Ресей мемлекеттік думасының  қорғаныс комитетінің мүшесі Юрий Швыткин "ұшақ апатының мән-жайы толық анықталғанша тұтқындарды алмасу тоқтатылады" деді. Алайда басында осындай пікір білдірген оның бастығы, комитет төрағасы Андрей Картаполов келесі күні алмасу әлі де жалғасатынын мәлімдеген еді. 

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Родион Мирошник Киевтің қандай да бір келісімге келу мүмкіндігіне күмән келтіргенін айтты.

Ал Дмитрий Песков тұтқындарды ауыстыру процесі тоқтатыла ма деген сұраққа әлі жауап бере алмайтынын айтты.

Украина тарабы бұл мәселеге қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады. 

Аргентина президентінің реформаларына қарсы халық шеруге шықты

Фото: Henry Romero/Reuters

Аргентинада ел президенті Хавьер Майлидің реформаларына қарсы шерулер өтіп жатыр, шерулерді Жалпы еңбек конференциясы ұйымдастырды.

Аргентина Қауіпсіздік министрлігі шерулерге 40 мың адам қатысқанын хабарлады. Шерушілер бірнеше рет көшеге шығуға дайын екенін және қажет болғанша шерулерді қайталайтындарын мәлімдеді.

Ереуілге мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшылар, көлік саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ банк және авиация саласының қызметкерлері қосылды. Банктер қауымдастығының бас хатшысы және CGT мүшесі Серхио Палаццо жарлық ел үшін "зиянды салдары бар" және үкіметке "көптеген жұмысшылардың жағдайына қауіп төндіретін шараларды қабылдауға мүмкіндік береді" деді.

Буэнос-Айрес әкімшілігінің басшысы Хорхе Макри көшелерді толтырған шерушілердің көп екеніне қарамастан қалада тәртіп сақталғанын атап өтті.

"Бүгін біз мыңдаған адамдардың тәртіпті түрде жүріп өтіп, қауіпсіздік күштері рұқсат еткен аумақтардан өтіп бара жатқан көлік қозғалысына мүмкіндігінше аз кедергі жасағанын көрдік", – деді ол.

Шеру кезінде депутат Эрнан Ломбарди демонстранттарға қарсы шығып, сөз алған кәсіподақ мүшелері елдің экономикалық дамуына қалай үлес қосу керек екені туралы "бір идеяны" ұсынбағанын айтты. Ол Аргентина халқының кедейлігіне кінә ол солардың мойнында екенін атап өтті.

"Аргентиналықтардың көбі біз қолдайтын және қорғайтын өзгерістерге дауыс берді", – деді ол.

Алайда, кәсіподақ саясаткері Хулио Пиумато “президент Майлейдің реформалары конституциялық заңды бұзады, сондықтан нормаға айналмауы керек” деп жауап берді.

Аргентинаға қолдау көрсету мақсатында әлемнің басқа қалаларында да наразылық акциялары өтті

Фото: Tomas Cuesta/AFP

Ынтымақтастық белгісі ретінде әлемнің басқа қалаларында шерулер өтті. 24 қаңтар күні  Римде CGIL және UIL ұйымдары 15.30-да Аргентина елшілігінің алдында шеру ұйымдастырды.

"Біз Майли үкіметінің шараларына қарсы шақырылған ереуілге қолдау көрсетеміз", – делінген хабарламада.

CGIL және UIL мәліметтері бойынша, Майли ұсынған заңдар Аргентина демократиясына, әйелдер мен ерлердің құқықтарына, қызметтер мен азық-түлік бағасының шамадан тыс өсуімен қабылданған шаралардың салдарынан зардап шегетін аргентиналық жұмысшыларға үлкен қауіп төндіреді.

Несие мекемелері қызметкерлерінің басын біріктіретін "Ла Банкария" кәсіподақ ұйымы да ереуілге қолдау білдірді. Қауымдастық басшысы Серхио Палаццо банкирлер Майлидің жұмысшыларға, зейнеткерлерге және "жалпы халыққа" әсер ететін заңға бұрын-соңды болмаған түзетуін қабылдауға дайын емес екенін мәлімдеді.

Аргентина үкіметі өз кезегінде ереуілге қосылған мемлекеттік қызметкерлерге күнделікті жалақы төлемейтінін айтты.

"Осы шараны орындаған барлық ұлттық мемлекеттік қызметкердің жалақысын ұстап тұру туралы шешім қабылданды. Жалақы қарастырылатын мәселе және жұмыс істемейтіндер ақша таппайды", –  деді президенттің баспасөз хатшысы Мануэль Адорни.

Президенттің наразылыққа жауабы

Фото: Tomas Cuesta/Getty Images

Аргентина президенті Хавьер Майли негізгі кәсіподақ орталығының өзінің 300 реформа жоспарына қарсы ереуіл жасауын сынға алып, мұндай бастамалар елді артқа сүйрейтінін  айтты.

"Ереуіл екі Аргентина бар екенін көрсетеді. Бірінші Аргентина артта қалып, құлдырағысы келеді. Әп-сәтте әлемнің түкпір-түкпірінен келген халықты бауырына басқан елдің 50%-ы кедей, 10%-ы мүсәпірлердің мекеніне айналды", – деді Майли.

Ол қазіргі үкімет осы адамдарды қорғайтын және Аргентинаны дамытуға әкелетін саяси үлгіні ұсынып отырғанын атап өтті.

2023 жылдың желтоқсанында Майли Аргентинада 300 экономикалық реформаны мақұлдады. Оның ішінде мемлекеттік компанияларды жекешелендіруге кедергі келтіретін ережелердің күшін жою және пәтерлерді үш жылдан аз мерзімге жалға беруге тыйым салатын заң бар. Президент қол қойған жарлығы оның жоспарлап отырған реформаларындағы "алғашқы қадам" екенін айтты.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.