Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі екі азаматтығы бар Ксения Хавананы Украина қарулы күштері үшін ақша беріп, мемлекетке опасыздық жасады деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ксения Хавана – Ресей мен АҚШ-тың азаматтығын алған, бірақ Лос-Анджелесте тұратын 32 жастағы әйел. Ол Украинаны қолдайтын  Razom украина-америкалық қорға 51 доллар (23 мың теңге) берген көрінеді.

Хавана Екатерибургке ата-анасы мен 90 жастағы әжесіне қонаққа келгенде ұсталған.

ФҚК айыбы бойынша, 2022 жылдың ақпан айынан бастап әйел украиналық ұйымдардың мүддесі үшін қаражат беріп, Украина қарулы күштері үшін тактикалық дәрі-дәрмектерді, жабдықтарды, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жинауға көмектескен. Ол АҚШ-тағы Украинаны қолдау митингілеріне қатысқан дейді.

ФҚК баспасөз қызметі таратқан видеода Хавананың қолына кісен салып, қауіпсіздік күштерінің көлігіне қалай алып барғаны көрсетілген.

27 қаңтарда оны полиция қызметкерлері Екатеринбургте "ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін ұстаған. Екатеринбургтегі "Заря" кинотеатрының маңында ұсталып, "балағат сөздер айтты” деген желеумен үстінен хаттама толтырылған. Ол сот отырысында мұны жоққа шығарды. Екатеринбургтің Орджоникидзевский аудандық соты оны әкімшілік іс бойынша 14 тәулікке қамауға алды. 

Әйел арнайы ұстау изоляторынан шықпай жатып, 7 ақпанда мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен ұсталды. Осы іс үшін екі айға тағы қамауға алынды. Ресейде мемлекетке опасыздық жасағандарға 12-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Razom-ды Америкада тұратын украиналықтар жасаған. Ол 2014 жылдың басында АҚШ-та ресми түрде тіркелді. Razom for Ukraine қызметкерлері Украинаның босқындарға арналған орталықтарына, балалар үйлеріне және басқа да қайырымдылық ұйымдарына гуманитарлық көмек жіберді, украиналық IT мамандары үшін АҚШ-та білім беру іс-шараларын ұйымдастырды, украин суретшілерінің қатысуымен көрмелер ұйымдастырды. Сондай-ақ соғыста жарақат алғандарға ота жасауға көмектеседі.

Ксения Хавана Екатеринбургте Сергей Дягилев атындағы хореографиялық лицейде оқыған және 2013 жылы Орал федералды университетін бітірген. Оның жеке парақшасында Балтимордағы Мэриленд университетінде оқығаны айтылады. Қыз 2021 жылдың соңында Америка азаматтығын алған. Беверли-Хиллзде Сиел Спа қонақүйінде 8 жыл бойы жұмыс істеген.

2023 жылдың жазында ол америкалыққа тұрмысқа шығып, Карелина тегін Хавана деп өзгертті. 

Хавана бастапқыда АҚШ-қа балерина ретінде визамен келген екен.

АҚШ мемлекеттік департаменті америкалықтарды Ресейге бармауға шақырады, себебі заңсыз қамауға алу қаупі бар дейді. Департамент Хавананың тұтқындалуына байланысты консулдық көмек сұраған.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.