Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Ол президентке Түркістан облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. 

Дархан Сатыбалдының баяндамасында:

  • өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5% өсіп, 1 трлн теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жалпы сомасы 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылған;
  • алдағы 5 жылда өңірдің өз кірісін 100 млрд теңгеге арттыру жоспарланып отыр;
  • алдын ала есеп бойынша былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 трлн теңге болған. Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,1 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр;
  • cаланы әртараптандыру нәтижесінде 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш;
  • ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыруға, суды үнемдеуге ықпал ететін жаңа әдіс-тәсілдер мен технологиялар енгізіліп жатыр;
  • облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 211 мыңға жетіп, 1,6 трлн теңгенің өнімі өндірілген;
  • облыста жалпы сомасы 407,5 млрд теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген;
  • үш мыңға жуық отбасы баспаналы болды;
  • былтыр бюджет есебінен 35 мектептің құрылысы жүргізіліп, 20 мектеп ашылды;
  • "Жайлы мектеп" жобасы аясында облыста үш жыл ішінде 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салынады;
  • өткен жылы облыстағы 20 елді мекенге жаңадан ауызсу құбыры тартылды. Тоғыз ауылдағы ескірген су тарту жүйелері жаңартылды;
  • 62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, 48 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде берген тапсырмаларын жүйелі әрі сапалы орындау қажет екенін айтты. Сондай-ақ Түркістан өңірін дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.