Нұргүл ОҚашева шолпан Айтыбаева: “Театр менің өмірім”



жүктеу 33.74 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі33.74 Kb.

Нұргүл ОҚАШЕВА
Шолпан Айтыбаева: “Театр - менің өмірім”

Өнерге әркімнің - ақ бар таласы, ішінде солардың бар таңдамасы” деп Абай атамыз айтқандай, өңірімізде Алла сыйға тартқан дарынды дамытып, сахна баспалдағымен өрге шығып, көптің көзайымына айналып жүрген талантты жастар баршылық. Өнерпаздардың басын біріктіріп, оларға тәжірибесімен, қабілетімен, білім-білігімен қолдау көрсетіп, кеудедегі кіршіксіз бір күштің бұйығып, іште сөніп қалмауына әсер етіп жүрген жандардың бірі – Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің жанындағы студенттік “Шаңырақ” театрының жетекшісі Шолпан Айтыбаева. Осы тұста топтың жұмысы, мақсаты, облысымыздағы өнерпаз жастардың жетістігі мен қызығушылығы туралы бірқатар сұрақтар қойып, әңгімеге тартқан едік.

Шолпан Жолдыбайқызы, бүгінде студенттік “Шаңырақ” театрына жетекшілік етіп жүрсіз. Жалпы өнер ұжымы туралы айтып өтсеңіз.

– Мен – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісімін. Сол қара шаңырақтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, қуанса, бірге балаша мәз болып, мұңайса, бірге мұңайып, он бес жыл бойы қызмет етіп келемін. Ал “Шаңырақ” театры – менің қосымша жұмысым. Жетекшілік еткеніме небары екі жылдың көлемі болды. Ұжымда өзім және әртістік қабілет дарыған, әртүрлі мамандық бойынша білім алып жүрген жиырма өнерпаз бар. Аптасына үш рет бас қосамыз. Кешкі сағат алтыдан тоғызға дейін сахналық қойылымдарға, университет өміріндегі түрлі мәдени іс-шараларға дайындаламыз. Студенттерге білмегендерін үйретіп, көп жағдайда өздерінің ашылып, ішкі талпыныстарын өз беттерімен сыртқа паш етуіне мүмкіндік жасаймын. Өйткені, өнердің өзі кез келген адамның әміріне бағына бермейтін жан қуаты, жүрек толқынысы ғой. Сондықтан да, әр талантты жастың бойындағы алапат күштің қайнап, әбден толысып барып, жарып шығып, көрерменнің жан азығына айналуына ықпал жасағым келеді.

Театрдың өнер өлкесін маңайлап жүрген жастарға берері қандай?

– Ең біріншіден, театр қабілетті жастарға шыңдалуға жағдай жасайды. Бұл – өнер ортасы. Ал, ортада бір нәрсеге қызығушылығы бар он шақты адамның арасында бәсекелестік болады. Бәсеке бар жерде өсіп-жетілу, даму бар. Дамумен жетістік қатар жүреді. Театрдың беретіні де сол. Екіншіден, біз бітіруші түлекке оқу жылының аяғында дипломмен қоса театрдың арнайы сертификатын береміз. Ол – құнсыз қағаз емес, кәдімгі құжат. Сол бойынша мәдениет ошақтарында, мектептегі, колледждегі өнер үйірмелерінде қосымша жұмыс істеп, нан табуға болады. Үшіншіден, бүгінде көп жастарымыз екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз сенделіп, кейбіреулері есірткімен еліріп, ішімдік ішіп, теріс жолда жүр. Еліміздің бір психологы: “Бос уақыты жоқ адам зұлым іс, біреуге жамандық жасау туралы ойлай да алмайды” депті. Міне, біздің театр біршама талантты жандардың лас әрекетті айналып өтіп, шөлдеген жан рухын жүрек қалауымен суарып жүрген жайы бар.

Сізді бүгінгі жастардың қандай мәселелері ойландырады? Өзіңіз айтқандай, олардың теріс жолда жүруіне не себеп деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастарда бәрі бар. Не ішіп, не киемін деп бас қатырмайды. Сапалы білім алып, жұмыс істеуіне мемлекет жағдай жасап жатыр. Жыл сайын бөлінген гранттар олардың жан-жақты жетілуіне, өсуіне үлкен мүмкіндік туғызып отыр.

Біздің уақытымызда ондай қолдау жоқ еді. Қарнымыз аш болса да, өнер үшін жанымызды қиюға даяр едік. Қатардан қалмай, тырысып, бір биікті бағындыруға ұмтылатынбыз. Бүгінгі жастардың да бойында ұшқын мен жалынды жігер бар. Бірақ селт еткізіп, сертке бағындыратын намыс жоқ. Сол себептен маңызды мәселелерге терең ойланбай, жүрдім-бардым қарайды.

Менің ұғымымда еркіндік пен тәрбие қатар жүру керек. Жастарды “анау жаман, мынау жаман” деп біржақты тыюға болмайды. Олардың идеяларын, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға тұсау болмау қажет. Нені қалайды, соны істесін, бірақ тәрбиеден аттамасын. Менің балам ағылшынша, қытайша үйреніп жүр. Қазақша сөйлеп, ана тіліңді құрметте деп үнемі айтып, санасына құйып отырамын. Екінші қызым би үйірмесіне қатысады, рэп билейді. Алайда, адамның көңіліне түрлі теріс ой салып, шошытатын қимылдардан аулақ болуын, ұлттық құндылық пен қасиеттен аттап кетпеуін үнемі ескертіп отырамын. Тәрбие мен еркіндік деген осы деп ойлаймын.

Сіз жетекшілік ететін театрдың құрамында жиырма шақты студент бар дедіңіз. Меніңше, аты дардай бір университеттен қатысатын адамның саны өте аз. Бұл өнерге, оның ішінде театрға деген қызығушылықтың төмендегінен емес пе?

– Иә, қатарымыз аз. Саусақпен санарлық мүшеміз болса да, үлкен жетістіктерге жетіп, бүгінде өнер саласында, түрлі қызметтерде табысты, абыройлы еңбек етіп жүр.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында (ол кезде өнер институты) оқып жүргенде ұстазым Тұңғышбай Жаманқұлов: “Біздің мемлекет қазан толы тағамды әртүрлі мамандық иелеріне бөліп береді. Соңында қалған театр әртістері қаспағын қырып жейді”, – деп әзіл-шыны аралас, өнер иелерінің жалақыларының аздығын айтатын. Біздің санымыздың аздығы да, бүгінгі жастардың қызығушылығының төмендігі де бұл саладан табатын еңбекақының тым төмендігінен, бәлкім? Айлығым шайлығыма жетпесе де, өнерден қол үзіп кете алмаймын. Өнер – менің өмірім. Менің өмірім театрмен ғана мәнді, мағыналы.

Әңгімеңізге рахмет!



// Солтүстік Қазақстан. - 2014. - 14 тамыз
Каталог: files -> user
user -> Ќазаќстан Республикасыныѕ мемлекеттік ќўпияларын ќорєаудыѕ
user -> Виктор бондаренко
user -> Д. А.ҚОнаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «ДӘуір данасы» даналық баспалдағының Өткізілу сценарийі
user -> «Тәуелсіздік» алаңы 20. 09. 2014 ж сағ. 12. 00
user -> Регламент государственной услуги «Выдача пропуска на въезд в пограничную зону иностранцам и лицам без гражданства»
user -> Жылдың басты оқИҒалары
user -> «балалар әдебиетін зерттеу» АҚпарат сағаты


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет