Тайваньда болуы мүмкін соғыс әлемге 10 триллион доллар шығын әкеледі, бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 10% құрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Bloomberg сарапшыларының пікірінше, бұл шығын Ресей-Украина қақтығысы, COVID пандемиясы және жаһандық қаржылық дағдарыс әкелген зардаптардан әлдеқайда көп. Себебі, арал бүкіл әлем бойынша электронды құрылғыларда қолданылатын жартылай өткізгіштердің негізгі өндірушісі, ал Тайвань бұғазы — ең көп жүк тасымалдау бағыттарының бірі.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Джуд Бланшетт Украинадағы соғыс қимылдары басталғаннан кейін трансұлттық компаниялардың Тайвань мәселесіне деген қызығушылығы артқанын айтты. Американдық ұлттық қауіпсіздік сарапшылары, сондай-ақ жаһандық консалтингтік фирмалар әртүрлі сценарийлерді қарастыруда.

Bloomberg Economics сарапшылары екі сценарийді ұсынды: Қытайдың Тайваньға басып кіруі, бұл АҚШ-ты қақтығысқа тартады (Президент Джо Байден ықтимал шабуыл болған жағдайда Құрама Штаттар Тайваньды қорғайды деп уәде берді) және аралға сауда блокадасы. Ірі экономикаларға және тұтастай алғанда әлемге ең ауыр соққы чиптер мен басқа да жартылай өткізгіштердің жетіспеушілігі болады, әртүрлі салалар — ноутбуктер, планшеттер мен смартфондар өндірісінен автомобиль өнеркәсібіне дейін айтарлықтай шығынға ұшырайды.

Тайваньның болашағы аралдағы 13 қаңтарға жоспарланған сайлауға байланысты. Президенттікке биліктегі Демократиялық прогрессивті партияның (ДПП) кандидаты Лай Циндэ, сондай-ақ екі ірі оппозициялық партия — Гоминьдан және Тайвань халықтық партиясының кандидаттары — Хоу Ю мен Ке Вэньже президенттікке таласуда. Біріншісі, Бейжіңмен қарым-қатынасты бұзуды жоспарламайды, бірақ бұрын ол өзін "Тайвань тәуелсіздігі үшін прагматикалық күрескер" деп таныстырған. Аралды өз территориясының бір бөлігі санайтын Бейжің үшін тәуелсіздікке ұмтылу шектен шығу деген сөз. Қалған екі үміткер "аралдың іс жүзінде тәуелсіздігін құрбан етпей" Қытаймен қарым-қатынасты жақсарту үшін қадамдар жасауға уәде берді.

 

АҚШ-тық сарапшылар Тайваньдағы сайлау нәтижесіне байланысты Қытайдың ықтимал әрекеттері арасында әскери басып алу, экономикалық санкциялар және кибершабуылдар болуы мүмкін екенін айтты.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.