Шымкенттің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы "SCAT "АҚ авиакомпаниясына "Шымкент әуежайы" АҚ мемлекеттік мүлкін 10 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасалғанын хабарлады. Компания Шымкент әуежайына терминал салады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото iStock

Өткен жылы Шымкент әуежайы жекешелендіру жоспарынан шығарылған еді. Алайда бұған дейін әуе айлағын сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендерге жіберуге бірнеше рет әрекеттер жасалған.  Дегенмен бұған SCAT әуекомпаниясы жол бермеген. Себебі SCAT 2018 жылы Шымкент әкімдігімен жасалған келісім бойынша әуежайда жаңа жолаушылар терминалын салды. Оның үстіне әуекомпанияның сенімгерлік басқаруға құқығы болғандықтан әуежайдың тендерлерге қатысуына өтініш бермеген.

Шымкент әуежайында жаңа терминалды іске қосу бойынша мердігермен шарт 2019 жылдың қараша айында жасалса, 2020 жылы аяқтау жоспарланған еді. Алайда пандемия және өзге де мәселелер бұл процесті айтарлықтай кешіктірді.

2023 жылдың желтоқсанында да Шымкент әуежайында жаңа терминал ашылған жоқ. 

"Жаңа жолаушылар терминалын пайдалануға беру 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін жоспарланып отыр. 2023 жылы жобаны іске асыруды аяқтау мынадай себептер бойынша мүмкін болмады. Атап айтқанда, қажет жер учаскесінің болмауы, бастапқы жобада көзделмеген телескопиялық траптары бар төрт галереяны жобалау және салу, терминалға іргелес жабынның беріктігін арттыра отырып, жаңа перрон салу қажет болды", – деп хабарлады Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Басқарма бүгінде "жаңа жолаушылар терминалының құрылысы" жобасының орындалу көрсеткіші 87%-ға тең екенін айтты. 

SCAT әуекомпаниясының кейінгі есебінде 2022 жылдың соңында аяқталмаған құрылыстың құны 10 млрд теңгеден асқан. Оның 8,4 миллиарды терминалдың құны, ал 1,66 миллиард теңгесі орнатуға арналған жабдықтың құны болған.

"Компания 2019 жылдан бастап Шымкент қаласының әуежайында жаңа халықаралық терминалдың құрылысын жүзеге асырып жатыр. Жоба Шымкент қаласын дамытудың индустриялық-инновациялық саясатын іске асыру, Орталық Азия көлік дәлізі бойынша тауарлар мен қызметтердің транзитін ұлғайту үшін жағдайлар жасауды көздейді. Сонымен қатар қауіпсіздік, жайлылық пен сапа деңгейін жоғарылатып, жолаушылар мен жүктерге жоғары тиімді қызмет көрсететін авиациялық орталық құру шеңберінде жүзеге асырылады", – деп түсіндірді компания.

  • Еліміздегі локомотив зауыты америкалық компанияның иелігіне өтті

  • Алматы Халықаралық әуежайының өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артады

Шымкентте жаңа жолаушылар терминалын салуға және оған жабдық сатып алуға әуекомпания Халық банкінен жылдық 14% мөлшерлеме бойынша несие алған.

"Терминал құрылысына "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-дан қарыздар бойынша сыйақылардың бір бөлігін өтеу түрінде мемлекеттік жеңілдіктерге алынды. Жабдықтарды салуға және сатып алуға арналған нысаналы қарыздар бойынша жылдық 8%-дық мөлшерлемені субсидиялауға келісім жасалды", – деп хабарлайды SCAT әуекомпаниясы 2022 жылғы есебінде.

Шымкенттің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы SCAT компаниясының әуежайға әлі де инвестиция салуды жалғастыратынын хабарлады.

"Инвестор әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін ангар кешенін салуды, әуе кемелеріне жедел жанармай құю үшін отын құю кешенін, қонақүй кешенін жаңғыртуды, әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету үшін жаңа арнайы техниканы, перронмен және кірме жолдармен жүк терминалын жаңартуды, авиациялық-техникалық орталықты, борттық тамақтандыру цехын ашуды жоспарлап отыр", – деді басқарма. 

Айта кету керек, әуекомпания 2018 жылы Шымкент әкімдігімен жаңа терминалдан бөлек бүкіл әуежай кешенін салу туралы келіскен. Ал әкімдік тарапынан басқармаға 921 млн теңге сомасына жаңа терминал, автотұрақ, кірме жол (1,7 млрд теңге) және инженерлік желілер (6,1 млрд теңге) салу бойынша жұмыстар жүргізілген.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.