Ресейлік Дмитрий Богочанов әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің АИТВ (ВИЧ) жұқтырғаны туралы ашық айтып, өзгелерге кеңес береді. Сонымен қатар өзінің осындай диагнозбен қалай өмір сүріп жатқанын, терапиясы туралы және адамдармен қарым-қатынасы туралы жасырмай бөліседі. Stan.kz тілшісі Тюменьде тұратын Дмитриймен сұхбаттасып көрді. 

Фото Дмитрийдің жеке архивінен

Дмитрий өзінің АИТВ Диагнозын кездейсоқ білген. Басқа жері ауырып, АИТВ-ға қан тапсырған. Бір аптадан кейін нәтиже оң болып шығыпты. Оқиға ЖИТС орталығында емес, қарапайым ауруханада болған.

“Өкінішке қарай олар ештеңе түсіндірмеді, маған бір "алапесті" көргендей қарады. Түсіндірмегенімен қоса, тіпті келесі қадамдар қандай болатынын айтпады. Бір сәтте түрлі эмоцияны сезіндім. Көңілім түсті. Бірақ осы оқиға бірден депрессияда жүрген әрі есірткіге тәуелді мені "жинал!" деп сабап алғандай болды”, – дейді ресейлік жігіт.                                       

Ол бастапқыда бұндай статусты қабылдау эмоционалды түрде қиын болғанын айтты. Содан АИТВ орталығына 2 апта бойы бара алмай жүріпті.

“Қорқынышты болды. Бір күні досымнан оның танысының терапиясынан нәтиже болмай жатқанын естідім. Неғұрлым тезірек қозғалсам, соғұрлым жақсы деген ой келді де, бірден бардым. Бірақ қатты қобалжыдым. АИТВ орталықта бәрі жақсы өтті, адамдар түсіністік танытты. Физикалық тұрғыдан қиын болды, терапияға барған кезде басым айналып, жүрегім айнып, көзім сарғайып кетті, жағдайым нашар болды. Қазір бәрі жақсы. Спортпен айналысамын. Бұл маған физикалық және эмоционалды түрде өзімді жақсы сезінуге, тіпті статусыммен өзімді жақсы көруге көмектеседі”, – дейді Дмитрий.                                       

Дегенмен Дмитрий терапияға деген көзқарасы екіұшты екенін жеткізді. Себебі әлі күнге дейін кейбір адамдарға 1 таблетка, ал басқаларына 8 таблетка беретінін түсінбеймін дейді. Алайда осы статуспен бір жыл жүргесін дәріні уақытылы ішу ұмытпайтын әдетіне айналыпты.

“Маған бастапқыда 8 дәрі берген, қазір 4. Біреу берсе, әлдеқайда ыңғайлы болар еді. Терапияны жақсы ұстанамын, ең көбі бір сағат уақыт өткізіп алуым мүмкін. Ал жылына үш рет қана кездейсоқ ұмытып кеттім. Тоңазытқышта, смартфонымда ескерту бар. Дәрі ішуді ұмыту мүмкін емес”, – деді ол.

Дмитрийдің статусына достарының реакциясы оң болған. Ешқандай негатив кездестірмедім, тіпті мені қолдады, барлығы оның не екенін түсінді, менен ешкім қорықпады деп еске алады ол. Ал отбасы мен алыстан таныс адамдардың реакциялары аралас болыпты. Ал әлеуметтік желіде керісінше, жағымсыз реакциялар көбірек екен.

“Сондықтан мен жай ғана пікірлерді ашпауға тырысамын. Теріс реакцияларға қатысты кеңес: оны ұмытыңыз. Құрбым маған: "Енді сенің АИТВ статусың адекваттықты өлшеп тұратын сүзгі болады" деген еді. Қазір мен осы саясатпен өмір сүріп жатырмын. Меніңше, АИТВ диагнозы қойылған адамға көмектесудің ең маңызды жолы – одан қорықпау және қабылдау, мұрнын тыржитпау, ренжітпеу. Өйткені менде АИТВ бар болса, бұл менің жаман адам екенімді білдірмейді ғой. Тек басқа адамдардың маған қарағанда жолы болды”, – деп сыр шертті блогер.

Оны алаңдататын нәрсе – адамдар тіс дәрігерінде немесе маникюрде ВИЧ-ті жұқтыруға болады деп ойлайтыны. Дмитрийдің сөзінше, адамдар логикалық түрде ойламайды, вирустың ашық кеңістікте ұзақ өмір сүрмейтінін түсінбейді. 

“Иә, жыныстық сауатты дамыту керек. Өйткені көп жасөспірім контрацепцияны тек жүктіліктен сақтайтын нәрсе деп ойлауы мүмкін. Бұл туралы көбірек білсе деймін. Презерватив тек балалы болудың алдын алу үшін емес, кейбір жұқпалы ауруды болдырмау үшін керек екенін білсе, онда біз індетті тоқтата алар едік”, – дейді жігіт.

@multyp1aya

тгк HIV 18+ / ссылка в профиле

♬ original sound — ~

Қазір Дмитрий жұмыс істейді және оның екі үлкен –  спорт зал және блог деген қызығушылығы бар.                                                                                                                                 

“АИТВ маған күш берді, өмірімді жалғастыра алдым және депрессиядан шықтым. Өйткені уақытым көп емес екенін түсіндім. Содан бұл өмірді қарбаласпен болса да, рахатпен өткізгенім дұрыс деп шештім. Мен үшін мақсаттар мен армандарды талқылау әрдайым қиын. Болашақта не қалайтынымды анық білмейтінмін. Көбіне бүгінмен өмір сүруге тырысамын. Әрине, жоспар құрамын, бірақ олар сондай жаһандық емес. АИТВ-ның бұған ешқандай қатысы жоқ, жай мен өзім осындай адаммын”, – деді блогер. 

Бүгінде Дмитрийдің әлеуметтік желіде АИТВ-ге қатысты блогы бар. Онда ол осы статуспен қалай өмір сүретінін айтады, басқа адамдардың хаттарын жариялайды. Блогтың мақсаты – адамдардың ауру туралы көбірек білуі, қабылдауы және қорықпауы.           

“Блогымда өз статусымды жасырмай айттым. Өйткені оны айналамдағылардың бәрі білген соң қорықпадым. Дегенмен адамдардың жағымсыз пікірін көріп, блог жүргізуге ресурсым өшіп қалады. Мен өз мәртебемді қабылдаймын деп қалай айтсам да, агрессивті пікірлер алған кезде мазасызданамын. Telegram каналыма өз қорқынышын айтып, қайда жүгінетінін білмейтін адамдардан хабарламалар жиі түседі”, – дейді ресейлік азамат.

Сөз соңында Дмитрий аздаған нұқсаулық беріп кетті:

  • Ең бастысы қорықпаңыз. ЖИТС орталығына барыңыз, олар көмектеседі. Ол жер жақсы қабылдамауы да мүмкін, бірақ ол – көмек сұрайтын жалғыз жер. Өмір сүруді жалғастыру керек. Мен әр адам өмір сүру құқығына, қоғамда қабылдану құқығына лайық екеніне сенімдімін. Біз бір адам екенімізді сезінсек деймін. Өзіңізді жақсы көріңіз және қабылдаңыз. Сіздің мәртебеңіз қандай адам екеніңізді анықтамайды.
  • Егер диагноз туралы жаңа ғана білсеңіз, меніңше, ең бастысы – оны өзіңіз сенетін, сізді айыптамайтын және қолдайтын адамға бөлісу. Сонымен қатар әрине, дереу ауруханаға барыңыз. Өйткені егер вирус ұзақ уақыт бұрын түссе, онда жүктеме жоғары болуы мүмкін. Мұндайда "неғұрлым тезірек барсаңыз, соғұрлым жақсы" деген тәсіл шынымен де жұмыс істейді.

Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.