Очерктегі типтендіру жјне эстетикалыќ мўрат



жүктеу 208.9 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі208.9 Kb.

М.Б.Шындалиева


ф.ғ.к., доцент

Очерктегі типтендіру мәселесі


Типтендіру дегеніміз – дара кейіпкер жасау, солардың тағдыры, қылығы, іс-әрекеті арқылы күрделі, әр алуан байланыстар мен қарым-қатынастарды ашу. Очерктегі типтендіру әдісі туралы ғалым Төлеубай Ыдырысов былай дейді: “Очерктегі типтендіру едәуір дәрежедегі біздің өміріміздің мән-мағынасы мен сипатын білдіретін ақиқат фактілер мен оқиғаларды дұрыс біріктіріп алуға байланысты. Егер очеркист айналадағы құбылысты типтендірмесе, онда тек фактіні жай тіркеуші болып қана қалар еді. Ал оқушы очерктен фактінің “психологиясын”, адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, қайта оның ішкі дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейді” [1,54]. Бір жағынан типтендіру - өмірдегі тарихи құбылысты типтік характерлер арқылы қорытындылап отыруы шарт. Кез келген жазушы өмір көріністерін қорытындылауды типтік характер арқылы жүзеге асырады. Типтік жеке дара ерекшеліктерімен көріне отырып, дара образдардың ерекшеліктері арқылы жалпыға ортақ белгілерімен олардың тенденциялық жақтарын меңзейді. Типтендіруде қоғам өміріне тән құбылыстар жинақталып, сұрыпталады, сол арқылы қоғамның мәнді жақтары алынып, жалпыға ортақ өмірдің шындық көріністерінің тенденциялы жақтарын жинақтап бере алса ғана типтік жағдайға байланысты типтік көрініс туындайды. Бұдан шығатын қорытынды, очерктегі типтік жағдай мен типтік бейненің арақатынасын дұрыс түсіну үшін оның тетігін шынайы өмірден іздеу керек. Себебі, көркем очерктегі типтік образ жалпыға ортақ көріністің айқын белгілерін аңғартады.

Типтіліктің өзі көркем очеркте әрбір характерге тән болып келеді. Өйткені әрбір характер айрықша белгілерімен, өзіндік сипатымен танытуды тілейді. Тенденциялық жақтарымен алғанда әр характер типтендіру арқылы айқындалады. Очеркте алған характерін типтендіре алды ма жоқ па дегенде, оның жауабын нақты шығармадан іздеген жөн. Бұған М.Әуезовтің “Түркістан” солай туған” очеркінен бірер мысал келтірейік. Очеркте Алексей Иванович Строгов – “Түркістан совхозының директоры Алексей Ивановичтың іс-әрекеті совхоз өміріне тікелей қатысты болып келеді де оның өмірі тікелей совхоз ішіндегі істі шешуге байланысты өрбиді. Жазушы Алексей Иванович характерін жетілдіре түсіп, оның білім-парасатына көз жіберіп, өрелі іске ақыл-айласы жетерліктей тұстарын сәтті көрсете білген. Совхоз директоры Строговты қажырлы азамат ретінде көрсетіп, әртүрлі сын сағат үстінде ойландыра да, қобалжыта да алған. Үлкен істердің басы-қасында жүрген Алексей Иванович Строгов жаңа істердің басталуы, үлкен қиыншылықтардан шығу жолдары, достық, сыйластық, ескі мен жаңаның арасындағы тартыс Алексей Строговтың тікелей қатынасы арқылы өрістеп, ширығып отырады. Қаһарманды жазушы жақсы жақтарымен көрсете отырып, оның іс-әрекеттерін нанымды суреттейді. Осы мәселеге орай академик Р.Бердібаев: “Типтік сюжет құра алмаушылықты үлкен кемшілікке санау керек. Басталуы, өрбуі, өсуі, шиеленісуі табиғи шешімі бар сюжет жасалмай, шығарма селкем шығатыны сөзсіз. Сюжеттік заңдылықтарды елемеуден туатын қырсық көп” [2],- дейді.

Василий Захварович Матайбаев – директор Строговтың маңайындағы жақсы шофер, әйелі де жақсы агроном. Вася Матайбаев жеті жасар бала шағынды 1931 жылы Семей облысының Ново-Шульба ауданында әке-шешесінен бірдей айырылып балалар үйіне түскен. Одан кейінгі өмірі әскерге барғанша балалар үйінде, мектепте, әр алуан интернатта өткен. Соғыстан кейін механик – шофер болып келген Вася, Москва түбінде тірлік бастап, орыс қызы Нинаға үйленген. Туған жері Қазақстанға оралған Вася Матайбаев қинала жүріп, қиындыққа қарсы барады, Вася басындағы ауыр кезең шығарманың ұзын ырғасында өзекті мәселе болып өрілген. Осы күрделі жағдайлармен қатар бұл очеркте дос, жолдас, сүйген жар, әке-шешеге деген қарым-қатынас, өмір түсініктері терең ашылған. Алған бетінен қайтпайтын, өз Отанына оралып қызмет етуді мақсат еткен Вася Матайбаев ойлана, толғана жүріп ақырында өз мақсатын орындайды. Осындай өршіл қазақ жасының белсенділігі, типтік характері очеркте шыққан.

Очерктегі типтендіру шеберлік мәселелерімен тікелей байланысты. Өйткені типтілік очерктегі көркемдік шынайылықты танытады. Жалпыға ортақ құбылыстар, өмірде бар көріністер очеркист қаламынан жалпыға тән, көпшілікке ортақ, өмірде жиі кездесетін оқиғаларды журналист дұрыс типтендірмесе өз мақсатын орындай алмағаны. Кейде өмірде некен-саяқ көрініс болып кездесетін оқиғалар кейіннен өзіндік даралығы бар, болашақта көпке ортақ боларлық жайларды жазушы өз очеркінде типтендіруі мүмкін. Типтендірудің эстетикалық күш-қуаты да осында. Еңбектегі өнегелі ісімен құрметке бөленген Жазылбек Қуанышбаев, Шығанақ Берсиев, Кәмшат Дөненбаева, Ұлы Отан соғысында қаһармандық ерлік көрсеткен Рақымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсеновтер туралы бірнеше очерктер жазылған және осы адамдар арқылы очеркистер өмірдің шындығын танытатын типтік бейнелер жасай білген. Кез келген көркем шығармадағы бейнелер өз дәрежесінде типтендірілгенде ғана қоғамдық мүдде, Отан даңқын шыңға көтергенде ғана қазақ халқының рухани күш жігері шынайы көрінеді.

Типтендіру өмір көрінісінің көшірмесі емес, оның шешуші тенденциясының жақтарымен айқын характер ашқанда ғана толық мәнге ие болады. 1916 жылғы халық көтерілісін сипаттаған ақын-жазушылар өмірдің сол бір дәуірге тән құбылыстарын жеке геройлардың басына жинақтап, жалпыға ортақ, өмір көріністерін көркемдік шыңына көтеріп, типтік жақтарын түйіндеуді нысана етіп қояды.

Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің “Батыр большевик” көркем очеркіндегі Амангелді Иманов есіміне байланысты болған оқиғаларды, халық көтерілісінің әр қилы жақтары жан-жақты көрінеді. Көркем очерктегі Амангелдінің типтік характері ашылып, әрекет, күрес үстінде суреттеледі. Жау қолына түскен батырдың бетінен қайтпай қажырлы, қайсар мінез танытқаны типтендіру арқылы жүзеге асады, себебі Амангелді образы дәуір тудырған өзіндік ерекшелігі бар, сандаған адамдардың мінез-құлықтарын өз бойына сіңірген, жұрт мойындаған типтік бейне. Тарихи адамның образын жасауда Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов қазақ халқының өмірін, тұрмыс-салтын кең суреттеп, Амангелдінің қоғамдағы салмағына үңіле отырып, дәуір тынысын айқын тани біледі. Егер типтілік өмір заңдылықтарын көрсетеді десек, өмір заңдылығы дұрыс суреттелмесе адам характері де, образ да өз дәрежесінде ашыла алмайды. Типтілік өмірдегі өзгерістердің ұйытқысы болса, сол типтілікке тән негізгі белгілерді жинақтап, қорытындыласа ғана типтік характер ашылады. 1916 жылғы халық көтерілісі, оқиға бірлігі, дәуір тұтастығы А.Иманов бейнесі арқылы суреттеле отырып, Амангелдіні күрес үстінде суреттеген авторлар жау қолына түскендегі, абақтыға жабылғандығы батырдың көздеген мақсатын баяндау арқылы екі автор үлкен шеберлікке қол жеткізен. Очеркистер типтік бейне Амангелді арқылы халықтық күрестегі ізгі арманды өзекті мәселе етіп қоя білген деуге болады.

“Батыр большевик” көркем очеркінің бірінші бөлімінде-ақ бала Амангелді киіктің асығындай шымыр, намысқой, күрескер екені, он төрт жастан бастап тентектікті тыйып, Таубай деген байға қойшы болып жалданып, соңынды сол кездегі озбырлыққа қарсы күрес ашады. Күрес үстінде жүрген Амангелді “ұры” атанып, Құсбек мырза өлімі, Абдығапардың оққа ұшқан қара төбел аты, баяғы Таубайдың қойы мен құланы бәрі есептеліп, Амангелдіге үш жыл түрме кесіледі. Осылай Амангелді қайнаған күрестің ортасында жүреді. Бұл очеркте Таубай, Абдығапар, Құсбек сияқты ел ішінде әңгір таяқ ойнатқан, озбырларға тойтарыс беруші күрескер Амангелді жайлы келе-келе Амангелді болыс-билерге де қарсы шыға бастаған батырдың іс-әрекеттерін авторлар сәтті шығарған. “Елден артық алым-салық жинап келген ауылнайларды, дау бітіріп пара алып жүрген билерді, урядниктерді талай сабап, қуып жібереді. Қысқасы Амангелдінің көзін жоймаса, елдің мырзаларының да алдынан шығып өңешіне көлденең тұра беретін болды” [3,303], - деп алғашқы ұрыс-төбелестен басталған шайқас, ұлғая келе, таптық кек, әлеуметтік теңсіздік мәселелеріне ауысады. Би-болыстармен біржола бет шайысып алған Амангелді образында жаңа бет- бұрыс байқалады. Бай, болыс-билерден қуғынға түскен Амангелді жалғыздық көрмейді, өйткені оның арқа сүйері халық, ел азаматтары әр уақытта Амангелді төңірегінен табылады. Қазақтың бас көтерер жігіттерін импералистік соғыстың өртіне айдап салып, окоп қазуға аттандырмақ болғанда оларға қарсы тұрып, қол жинайтын да Амангелді батыр. Жандарал Еверсманға қарсы сөз айтқан батыр қазақ халқының бойына жиналған кегі кернеп, құлдық қабын жарып жібергендей, ақ патшаға атуға сақталған оғы осы арада атылғандай болады.

Амангелді Иманов өмірде болған, дәл осы очерктегі оқиғаларды басынан кешірген адам екені даусыз. Мұнан типтілікті өмірде бар протатиптік көшірмесі ғана деп түсінуге болмайды. Негізгі протатип жазушы көңілінде тұрғанның өзінде оның бойында жетпей тұрған жеке көрініс, қимылдарды ондаған, жүздеген адамдар бойынан ала отырып, жинақтап типтендіреді. Сондықтан да типтілік деген ортақ құбылыстарды өзіндік даралығымен нақыштау болса керек.

“Типтілік мәселесін нақтылы шығармаға талдау жасау арқылы сөз еткенде оның әртүрлі қиындығы бар, негізінде типтілік проблемасы эстетика саласынан көрінетіндіктен тек қана шығарманың идеялық мазмұнын ашумен тынбайды, типтік характердің қалыптасуы әлеуметтік өмірге байланысты дәуір шындығы қалай суреттелді деген сұрақтарға көркемдік шешім іздейді” [4, 91], - дейді ғалым М. Хасенов. Шындығында да нақтылы шығармаға сүйене отырып, типтіліктің теориялық жақтарын дәлелдеу орынды сияқты. Әсіресе көркем очерктегі типтілік мәселесі, типтік образ жасау проблемалары жайлы осы уақытқа дейін аз сөз болған.

Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған көркем очерктердің өн бойында барлық ұлттар мен халықтардың ұл-қыздары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғаны белгілі. Батырлық, табандылық, қайсарлық көрсеткен ұл-қыздардың типтік образы қалай жасалған деген мәселеге тоқтау қажет сияқты.

Бір бағыттағы образдар типтік жағдайға байланысты өзара қанша ұқсастықтары бола тұра өзіндік айырмашылығымен де көзге түседі. Онсыз дұрыс типтік образ шықпайды.

Б. Бұлқышев, Б. Момышұлы, М. Ғабдуллиндер ұрыс шебінде жүріп, патриоттық туындылар берді. М. Әуезовтің “Ерлік – елдік сыны”, “Отан ұран салғанда”, “Ер бауырларға ел сәлемі”, “Асыл елдің алып ұлы”, “Москва берілмейтін берік қамал” деген публицистикалық очерктерінде, Ғ. Мүсіреповтің “Ақиықтар”, “Ел жауабы”, “Шегінбейік бір адым да”, “Ту да, намыс та – біздің қолда”, “Совет одағының батыры”, “Батырдың анасы”, т.б. очерктерінде соғыстың талабына үндес, қаһарлы кезеңге тән айшықты суреттеулер, ұтымды теңеулер көп. Ізгі күрес, зор мақсатты нысана еткен бұл очерктер өрімделіп бір арнаға құйылып, шындық оқиғаларды көз алдыңа елестетеді.

М. Әуезовтің “Ерлік – елдің сыны” очеркінде ерте кездегі қазақ халқының ерлігі мен елдігін еске ала келе, қанішер Гитлерді Кеңес халқы жеңетініне, халқына үлкен сенімі бар екенін күмәнсіз айтады.

Типтілік қашан да жеке дара образдар немесе әлеуметтік қоғам құрылыстарына тән құбылыстарды қорытындылау арқылы, я кейіпкерлердің тіл ерекшеліктері тағы басқа түрлі көріністерден аңғарылып отырады. Ғабиден Мұстафиннің “Алыптың кереметтері” [5,297] көркем очеркіндегі Жұмабек Нұртазаұлы сөзге кедей, іске бай, тілі шабан, көкірегі жүйрік екендігін жазушы бір көргенде-ақ таниды және әрбір іс-қимылынан, қысқа қайырған сөздерінен оның типтік характерін айқын танытады. Он екі жасынан кулактардың жалшысы болып, 1916 жылы майданға қара жұмысқа алынып, одан Батыс Сібірге заводқа кіріп, жер қазу жұмысында бәйге алады. Төрт-бес ай қара жұмысшы, темір құюшы болып жүріп-ақ, металлургияның жоғарғы техникасын тез үйренген Жұмабек тек өзінің ынтасы арқылы осындай жеңіске жетеді. Очеркте кейіпкердің характері ашық бояумен тартымды өрілген. Қазақ жігіттеріне тән сипаттар Жұмабектің характерінен әр уақытта байқалады. Ол ешқашан бейнеттен, үйренуден қашпайтынын жазушы шынайы, тартымды суреттеп берген. Жұмабек Нұртазаұлының жан-дүниесін, психологиялық толғаныстарын шебер берген очеркист сол қоғам құрылысындағы еңбек адамдарының типтік образын Жұмабек арқылы танытады. Өз кейіпкерінің сәтті-сәтсіз сағаттарын тебірене баяндаған автор үлкен істі меңгеру үстіндегі табандылық, еңбекқорлық қасиеттердің бетін ашып, еңбек адамдарының алдына қойып отырған қоғам талабы Жұмабек образы арқылы ұштастырылып, типтендірілген деуге болады.

Жоғарыдағы шығармаларда жазушылар өздері құптап, өздері ұсынған идеясын өз очерктерінің бойына жинақтаған. Сол арқылы өмірдің тенденциялық жақтары, қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен ұштастырып, көздеген мақсаттарын қадағалап, батыр-ерлердің небір ауыр, қысылтаяң шақтарда халықпен бірге екендіктерін ашып айтады.

А.М. Горькийдің типтік образ жасау жөніндегі пікіріне жүгінсек былай дейді: “... өнер – бір нәрсені не жақтап қостайды, не оған қарсы күреседі. Немқұрайды қарайтын өнер жоқ және болмайды да, адам фотографиялық аппарат емес, ол өмір шындығын белгілеп жазып қоймайды, не оны жақтайды, не өзгертеді, не құртады” [6,444]. Очерктегі кез-келген образ жасауда жазушы әсірелеуге баруы мүмкін. Бірақ, ол әсірелеулер өмір шындығымен тікелей қабысып, жазушының ізгі ниетін білдіруі тиіс.

С. Мұқановтың “Көзі ашылған бұлақ” атты очеркінде Алматы облысы, Жамбыл ауданының, Дегрез совхозының директоры Михаил Кузмич Чурьков, партия ұйымының хатшысы Қасым Қатпин сияқты адамдардың тынымсыз күнделікті өмірін, тұрмыс-тіршілігін өз ортасы мен өз дәуірінің тынысын танытарлықтай етіп типтендірген. Әсіресе М. Чурьков жан-жақты суреттеліп, әр қырынан көрінетін тұлға. Совхоз адамдарын басқарудағы айла-тәсілдерін, қарапайым халықтың еңбегін бағалай білетін қасиетін, табандылығын әрі нанымды, өмір заңдылықтарын терең таныта отырып бейнелеген деуге болады. Бұл очеркте М. Чурьков тағы басқа жеке-дара образдар арқылы сол кездегі өмір шындығының терең сыры, кезеңнің зор қайшылықтары да ашылады.

Типтілік негізінен кез-келген шығарманың жанрлық ерекшеліктеріне, көтерген тақырыбына байланысты әрқилы сипат алады. Олай болса әртүрлі қоғамдық-саяси өзгерістерге орай туған, соғыс тақырыбына, тыңайған жерлерді игеруге арналған зор мақсатын көздесе, бірі еңбек адамдарының алдына қойған талабын, бірі Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлікті, яғни әлеумет өмірінде орын алған көріністі көркемдік шындыққа айналдырған.

Очерктегі типтік характерлерді суреттеу тәсілінен, кейіпкер сөздерінен де анық көрінуге тиіс. Автор баяндауы, кейіпкерлер әрекетіне, оқиға жағдайына үйлеспей жатса, шындық бұрмаланған болып шығады. Қоғамның тарихы даму процесінде әлеуметтік көзқарас, эстетикалық идеал өзгеріп, адам характерлері де жаңа қасиеттерге ие болып отырады. Өткен мен бүгінгінің күресі қоғамдық идеалдың өзгеруіне сай жаңа характерді туғызады. Бірақ очерктегі типтік характерлердің типтік жағдайда көрінуіне шығармадағы оқиға мерзімі шарт емес. Ол кеше, бүгін жазыла беруі мүмкін. Бірақ жазылу мерзіміне қарамай-ақ реалистік очерктен дәуір шындығының сипатын көру қиын емес. Мысалы “Батыр большевик” ертеректе жазылса да, өткен өмірді терең зерттеп, батыр жанымен сырласа алған авторлар Амангелді характерін жан-жақты аша алған, толық тұлғасын жасап шыққан. А. Иманов өмір сүрген орта, қазақ халқының сол кезеңдегі өмір тіршілігі, қаһармандар қақтығысы, ескі мен жаңаның тартысы Таубай бай, Киікбай мырза, Ғазизов, Еверсман, Абдығапар, т.б. образдары арқылы ашылады.

Өмірдің өзі тудырмаған образ типтік бола алмайды, яғни типтілік өмір қозғалысына ұйытқы боларлық белгілерді ашып, жинақтап қорытындыласа ғана типтік характер жасалады екен.

Көркем очеркте де өмірді қаншалықты терең таныса, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оқырман кез-келген шығарманы қарағанда өзі ұнатқан кейіпкерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын жақтап отырады да, сәтсіздікке ұшыраған шақтарына өкініш білдіреді. Сондықтан да типтендірілген образдар оқушының эстетикалық талғамын зорайтып, өмірдің өршіл жағына меңзейді.

Қорытындылай келсек, очерктегі типтендіру дегеніміз - суреткер өмірдің қай саласын қамтыса да, көтерген тақырыбының көркемдігіне мән бере отырып, шындықты танытуда адам образдарын өзіндік даралығымен екшеп шығуы керек.

Әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді сөз ететін “Түркістан” солай туған”, замана шындығын танытуда тарихи адамдар образын жасаған “Батыр большевик”, қазақ халқының ерлігі мен елдігін сөз еткен “Ерлік – елдің сыны” көркем очерктерінде замана сипаты, өмір көріністері шебер типтендірілген. Бұл шығармаларда Отан мүддесін үнемі жоғары қоюға байланысты желі тартып отыруы да, әлеуметтік жағдайға байланысты да көрініс береді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


  1. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. А: Мектеп, 1984.

  2. Бердібаев Р. Роман туралы ойлар. // Қазақ әдебиеті. 1960, 20 май.

  3. Майлин Б. Ел сыры, А: Жазушы, 1994.

  4. Хасенов М. Ұнамды образ және типтендіру. А: Ғылым, 1966.

  5. Мұстафин Ғ. Ой әуендері. Әңгімелер, очерктер. А: Жазушы, 1984.




  1. Горький М. Собр. соч. М., 1953. том 27, стр. 444.

М.Б.Шындалиева


ф.ғ.к., доцент

Очерктегі диалогтың шынайлығы


Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде: “Диалог, сөйлестіру (грекше - dialogos) - әдеби шығармада екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлестіру тәсілі” [1,79], - деп анықтама берілген. Көркем очерктерде де шынайы образдар ашылуы үшін өмір құбылыстары мен оқиғаларын терең, тартымды тілмен жеткізу үшін диалог пайдаланылады. Очерктегі диалогта кейіпкерді жай бір-бірімен сөйлету арқылы емес, керісінше, адамдардың қарым-қатынасы, мінез-құлқы, кейіпкерлердің эмоциясы, психологиясы, эмоционалдық, сюжеттік-композициялық жүйесінде диалогтың атқаратын рөлі зор.

Әдебиеттанушы ғалым Л.Боровой көркем шығармадағы диалогтың қызметіне: “... адам қалайша бұлтарыс жасайтыны немесе тасаланып бағатыны, нені түгел айтып, нені бүгіп отырғаны, оның ұғымынша қандай нәрсені атамаса да түсінікті екені, сөйлеу жүзінде ол қандай мүмкіндіктер байқататыны аңғарылады” [ 2,188], - деп сәтті анықтаған. Кейіпкерлерді бір-бірімен сөйлету, ойландыру тұстары стильдік амалдардың ең көп қолданылатын түрі. Кез келген очеркист диалогты орынды пайдалана білгенде ғана кейіпкердің мінез-құлқын толық аша алады. Әсіресе көркем очерктерде кейіпкердің ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздермен, ретіне қарай көбіне қысқа, шағын сөйлемдермен диалог берілсе бұл жазушының тіл өрнегінің бір қыры.

М.Әуезовтің “Жуалы колхозшысы” очеркінде мынадай диалог бар. Онда Ванновка жанындағы көпірді түзетуге бара жатқан үш жұмысшының диалогы егіс науқанындағы қарбалас өте сәтті шыққан:

“ - Көктемді айтпағын. Қиын-ақ болған ет. Өзіміз адам боламыз деген ек. Масадай сенделіп қалмадық па?

Қалдыбай ырғала түсіп:

- Қызық ... Сонда да егіс жоспарын толық бітіріп шықтық. Мәмет көктем мен былтырғы қыстың күйінен үзіле алмай:

- Сонда қатынның еңбегі жүдә зор болды. Тегі қатын деген берік жан болады екен. Еркек порт кететін көрінеді.

- Сонау таудан, - деп Мәмет бет алдымыздағы 6-7 шақырым жердегі Жыланды тауын көрсетіп, - рауаш, алға әкеп, өзіміз колхоз ісінде жүргенде ас қып беріп жүреді, қатын” [3,7 ], - деп кейіпкерлердің күнделікті сөйлесулері осындай артық сөзсіз, жасанды ділмарсусыз болып келеді. Бұнда жазушы диалогты ситуацияға қарай құрған. Бұл диалогтағы тағы бір ерекшелік – жергілікті диалект сөздерді де орынды жерінде пайдаланып, шындықты оъективті тұрғыдан пайымдаған. Лексика нанымдылығымен суреттеудегі жазушы басқа көркем очерктерінде де диалектік, жаргон элементтерді ұмытпай пайдалану арқылы персонаждардың ой әлемін сәтті ашады.

Очерктегі диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Әр кейіпкердің сөз саптауынан, ой-толғанысынан, сөйлеу ерекшелігіне жан дүниесін анық байқауға болады. Кез келген жазушы шеберлікке өз кейіпкерлерін мінез-құлқы мен ой-өрісіне сәйкес сөйлете білгенде ғана қол жеткізеді.

С.Мұқановтың “Сарыарқада” атты көркем очеркінде Ұланбелдің болашағына сүйсіне отырып, табиғатты беріп, табиғат – адам, адам – табиғат бір-бірінің қимыл-әрекеті мен белгі-қасиеттерін иемденіп жатады.

“ - Бұдан қолайлы орын жоқ, - деседі әңгімелесушілерім.

- Күнгей жағымыз – Мойынқұм, теріскей жағымыз – Бетпақдала. Шу аяғының бұл тұсы Мойынқұмның да, Бетпақ даланың да орта тұсынан килігеді, сондықтан қарым-қатынасқа өте қолайлы.

- Өнегесінің бәрі де жақсы-ау бұл араның, дейді Сәлмен Тасболатов, күле сөйлеп, - әттең жазғы масасы мен сонасы – ай!... Масасы бұлттай үйіріліп буып жібереді, сонасы жарып жібереді!... Ала жаздай Шу бойында мал ұстамайтын себебіміз сол!...” [4,209]. Көрмеген, танымайтын жерлер туралы мәліметтерді бере отырып, автор оқушының ой-өрісін кеңейтуге, табиғат құпияларын ұғынуға септігін тигізеді.

Кез келген очеркист өзін қоршаған орта мен кейіпкерлердің сөйлеу кезіндегі жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысын қатар қадағалай отырып, өмірлік көзқарас, рухани-тұрмыстық өлшемдер, адамгершілік-этикалық нормалардан хабар бере отырып шынайлыққа қол жеткізеді.

Б.Майлиннің барлық очерктерінде кейіпкерлерді өз атынан сөйлеуінен баяндалып немесе қаһармандар іс-әрекеттерінен басталады. Автор оқиғаны баяндағанда мейлінше қысқа, негізгі мақсатқа бағындыра, өте ықшам түрде диалогтарды сәтті пайдалануды жөн санаған. Жазушы очерктерін оқығанда, ондағы диалогтарға үңілсек, өткен күндердің күйкі тіршілігі, жаңа заманның қазақ топырағына келуі көз алдына елестеп, зілсіз күлкі шақырады. “Құлақ” атты көркем очеркіндегі Бекен мен әйелінің арасындағы диалогта:

“ - Әлгілердің “Құлақ” деп жатқаны кім еді?


  • Мені айтады.

  • Сен құлақ па едің? Қара шешей ашуланғанда:

“Қаңғырған Телеу” - дейтіні қайда? Осы сенің руың күніне бір өзгере

бере ме?


Бекен мырс етіп күліп жіберді.

  • Ит-ау “құлақ” дегені – руы емес, бай деген сөз.

- Солай ма ? “Қаңғырған Телеу деген сөзін тастай беріп, қара шешей “құлақ” деп мазамызды ала ма деп қорқып едім” [4,34-35], - дейді. Бұл диалогтан персонаждың ой-әлемі, орыстың “кулак” сөзін “құлаққа” айналдырып алған қазақтың қарапайым әйелінің ой-түсінігін жеңіл юмормен сәтті баяндаған.

Б.Майлиннің “Жасасын, Мұсабай!” атты очеркіндегі Мұсабай, Мұхамедрахымдардың тілдесулері хабар беру сипатында болғанымен, сол кезеңнің көңіл-күйінен, кейіпкерлер мінез-құлықтарынан да елес береді. Артық сөз жоқ, диалогтың көмегімен сол замандағы асыра сілтеушілік, келеңсіздікті сынауға бейімділік, моральдық-этикалық мәселелерге очеркист жауап іздеуге талпынады.

“ - Алдынан шығыңдар, кілемге салып көтеріп әкеліңдер!,- дейді.

Әзірейілдей жаланған епті жігіттер теңді шешіп, араби кілемді шаққа салып, дөңеске қарай бет түзейді.



  • Уа, бұл не?

- Сізді кілемге салып көтеріп алып бармақшы, - деп Мұсабайдың нөкерлері жымың-жымың етеді” [5,225],- деп кеше ғана ауыл коммунисі, кешке дейін сөйлесе де шаршамайтын Мұсабайдың аз күнде болыс болып береке таппағаны, кедейден шыққан белсенді іскерлердің келеңсіз тұстары, Мұсабайдың қарапайым халықпен қарым-қатынасы жан-жақты нақышпен өзгеше көмкерілген. Жазушы өмірдің өзіне үңіліп, оның әр қырын қаз-қалпында суреттейді. Очеркистің “Батыр большевик” көркем очеркінің “Ұры” бөлімінде Құсбек мырзаға кездескендегі диалогтан Амангелдінің ой-санасы, болмысы көрінеді және алдағы әрекеттеріне психологиялық мотивировка болады:

“ - Астыңдағы ат кімдікі?



  • Менікі.

  • Сенікі емес, менікі болар!

  • Сенікі болса, сен мініп жүрер едің ғой!

  • Түс аттан!

  • Бұл күнге дейін ешкім аттан түсіріп көрген жоқ еді...

  • Мына мен түсірем ендеше!

- Кім түскенін көрсетейін!- деп Амангелді жетегіндегі атты сауырға бір салып қоя беріп, оған төніп тұрған жігіттердің бірін олай, бірін былай аттан аударып тастап, ойнап шетке шыға келді”[5,301], - деген үзінді де кейіпкердің мінез-құлқын, қайсар қайтпастығы, рефлексологиялық қасиеті ықшам, шынайы берілген. Амангелді Имановтың әділестіздікке күйініп, әділдік орнатпақ әрекеті, қазақ халқына адалдығы, жан ашуы жан-жақты қамтылған. Бейімбет қаламынан шыққан очерктердегі диалогтар оп-оңай және көркем жасалына салады. Бұл диалогтарда үздік сөз образы, көркем тіркестер де жоқ. Қарапайым жәй ғана сөздер бола тұра өмір шындығын көз алдыңа алып келетін ең керек сөздерді жинақы пайдалануға шебер.

М.Мұқановтың “Каспийге саяхат” көркем очеркінің тілі көркем, бірнеше бөлімнен тұратын көлемді шығармасы. Бұл очеркінде жазушы кейіпкерлердің ойын беруге келгенде, санитарлық самолетпен ұшқанда кең даланың әр жерінде тау сияқты өркештенген тұмандар, итбалықтардың тіршілігі туралы Саламат Хайдаров екеуінің әңгімесі очеркітің екі-үш бетінде тұтас берілген. Қат-қабат оқиғаны, әр түрлі қаһармандарды, бір-біріне ұқсамайтын мінездерді, қылықтарды, ақыл-парасаты да әр қилы адамдар образы бұл очеркте көркемдікпен алға тартылған.

Очеркке өзек болған – Каспий теңізінің маңындағы ел-жұрттың тіршілігі, күн көрісі, табиғат жағдайы, әйтеуір бұралаңы көп тарау-тарау өмір. Бұл көркем очерктің басты қаһарманы – Сәбит Мұқановтың өзі, барған жері, басқан қадамын суреткер қырағы көзінен жазады.

“- Шторм! – деді Иван Иванович, - бес-алты баллдай болу керек. Біраз

күшейеді бұл.

Менің мотормен бірге кеткім келді.



  • Қойыңыз! – деп зыр ете қалысты серіктерім. – Шыдамайсыз, азап

шегесіз. Және қауіпті де күшті.

  • Сонда да барғым келеді, - дедім мен.

  • Е, неге?

  • Штромды бастан кешіру қажет. Әйтпесе, мен оның немене екенін

қайдан білем. Сәті түскенде көріп қалуым керек” [6,345], - деп жазушы бірнеше күн теңіз үстінде жүріп, теңіздің сыры мен қырын ұғуға, балық түрлері, уылдырық шашуынан бірталай мәліметтерді тереңнен толғап, теңіз маңайындағы халықтың өмір шындығына сүңгиді.

“Каспийге саяхат” очеркінде автор көрген-білгендерін, алған әсерлерін хронологиялық тәртіп бойынша сөйлескен адамдарымен арасындағы диалогтар арқылы әдемі баяндаған. Балықшының шын өмірін білетін Саламат Хайдаров, Тәжиев Сатанғұл, Шапаев Байғожа, Сәлімжан, Құмар, Әбдім т.б. кейіпкерлерімен сөйлесу арқылы автор сыршыл, өміршең диалогтар арқылы Каспий жағалауындағы қазақ тұрмысының бедерлі бейнесі алға тартқан.

Көркем очеркке жеке адам, көпшілік қауым, оған ерген халық, қоғамдық-саяси өзгерістер, әлеуметтік күрес, арқау болады. Көркем очерк диалогтар арқылы жаңа қоғамдық жағдайлары, өмір сүрген орта және жеке адамның өсу, жетілу жолдарын көрсетуге тырысады. Ғабдол Слановтың “Алтай баласы” көлемді очеркі Қасым Аманжоловтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі бастан кешірген ұлы жорықтарының тарихын суреттейді. Қан майданда болған қаһарман ұлдарымыздың атқарған алып қимылдары туралы мына эпизодты оқып көрейік:

“Барлаушы баяндап тұр. Қасым да, серіктері де тыңдап отыр.



  • Айттып болдың ба?

  • Болдым...

  • Ұсақ-түйек детальдарына дейін көзімізге көрсетіп бер.

  • Қағазға түсірші.

  • Ия, картасыз, кәне?

Виктор отыра қалып, көрген-білгенін қағаз бетіне түсірді.

алып қалып, өзгесіне лұқсат етті. Үш кісі оңаша қалғанда, Қасым қайтадан сөз бастады [7,269]. Талай шабуылды бастан кешіріп шыққан жігіттердің сөзінен жер бетіндегі сұрапыл соғыстың қиындығын автор ашып көрсете отырып, “Тентек қара” Қасымның партизандық жорықтарын қызғылықты баяндайды.

Жазушының “Шыңға шырқап барады” очеркінде М.Әуезов туралы мынадай қысқа диалог бар:

“- Драманы тұтас басса қайтер еді? – дегенімізде, Мұқаң күлімдеп тұрып:

- Мысық жеген шектей шұбатылып қайтесіңдер. Газетке лайықты да болмас”[4],- деп бізді де күлдіріп, бейнелі сөзді айтқан кемеңгер жазушының шеберлігін осы бір-екі ауыз сөзбен дәлелдеп береді.

Қапан Сатыбалдиннің “Жамбылмен жиырма тоғыз күн” очеркінде де диалогтарға көп орын берілген және мұнда көркемдік-эстетикалық заңдылық бар. Уақыт ырғағын, хронологияны сақтай отырып очеркист баяндау жүйесінде адамдардың түсінік-нанымы, мінез-құлқы т.б. қасиеттеріне үлкен мән берген. Жамбылдың артта қалған тоқсаны мен алдағы жүзін сездіре бастағанын, Отан, туған жерге деген сүйіспеншілігін осы ықшам диалог арқылы шынайы берген.

“- Е, Жәке, Мәскеу жақсы ма, Ұзынағаш жақсы ма?, -деп қарттан сыр тартсақ, ол кісі:

- Мәскеу жақсы ғой. Үлкен астана, шаһар. Бірақ Жамбылға Ұзынағаштай жер қайда? – Данышпанның сөзі. - Әрі туған жер ыстық. Алматының орны бөлек-ау!, - деп қояды, ойын-шыны аралас” [8,78]. Осы қысқа сұрақ-жауаптарда Жамбылдың бір сәттегі көңіл-күйі, елге сағынышы, тарлан ақынның таланты, рухани-интеллектуалдық, характерлік сипаты дәлелденген деуге болады. Автордың “Мыңтеңге” көркем очеркінде басты кейіпкердің бейнесі диалог арқылы ашылады. Мыңтеңгенің мінезі сынық әйел екені, еркекпен сөйлескенде ұялып, әдеппен ұяң сөйлейтіндігі, арзан қалжыңға үйір еместігі әйелдік қасиетін мың есе ажарлап тұрғанын айта келе:

“- Жеңгей, мына Құрманбай сізді биыл Мыңтеңге емес, миллион теңге болады дейді ғой. Онысы не сөз?



  • Еңбегіміз жанса кім білсін, онан да қымбат болармыз. Бүгінде

алдымыздан көлдің құрағындай жай ғой, - деді жымиып.

  • Қалай, Отанға берген сертіңізден табылатын түріңіз бар ма?

- Табылармын деймін. Жаздайғы еңбектің жемісі көз алдымызда тұр ғой. Адал еңбегіміз зая кетпеген сияқты” [8,98],- деп қазақ әйелінің бойындағы жақсы қасиеттерді, сырды талдай отырып, Мыңтеңге жүзіндегі еңбекқорлық рухани қанағаттану сезімін ұтымды кестелеген. Мыңтеңгенің жан дүниесіндегі өзіне деген сенімділік, сертке адалдық, кішіпейілділік, ұяңдық, адал мінез, әлеуметтік белсенділік жолындағы ілгері басушылық қадамы айшықты көрсетілген деуге болады.

Қапан Сатыбалдин очерк жанрына үлкен үлес қосқан жазушы. Оның очерктерінің әрқайсысын өз кезінде саяси тәрбиелік мәні бар мәселеге арнағанын, адам өміріне, тіршілігіне, асыл мұраттарына бағындыра жазғанын байқау қиын емес. Жазушының “Кетпенді адам” очеркінің басты кейіпкері Қашақбай Сыр бойында күріш өсірудің қыр-сырын жетік білетін, ауыл-аймаққа еңбегімен танылған азамат ретінде көрінеді. Осы Қашақбай бір күнде “Қызылтуға” басқарма болып тағайындалғанда көпшілік тақымы толмай, қомсынып бұл қалай болар деген күдікті қаймықпай жеңген Қашақбайды жазушы ойын ашық айта алатын адам екенін төмендегі үзіндіде сенімді суреттейді:

“ - Жолдастар, - деп бастап, ол сөзге кірісті. – Жолдастар, мен өздерің күнде көріп жүрген бригадир Қашақбаймын. Менің өмірім де, өнерім де, білімім де өздеріңе аян. Менің сендерден жасырын ештемем жоқ. Үлкен аға, кіші іні бәріңіз де мені білесіздер. Міне, бүгін орталарыңда отырмын. Ең алдымен айтарым, ынтымақ керек. Түсініп, сыйласып жұмыс істейік. “Бірлік жоқ жерде, тірлік жоқ” деген ғой бұрынғылар. “Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар” сияқты жаман әдеттен арылайық. Ол бізге де, колхозға да пайда бермейді. Тәртіпті болайық. Менің бәрінен бұрын сіздерге қоятын тілегім осы – тәртіп” [8,109]. Топ жарып үйренген шешендердей көсіліп, қысылмай, қымсынбай сөйлеген кейіпкер түсінік-нанымы, адамгершілігі, намыстан құр алақан еместігі осы үзіктен көрініп тұр. Автор өз кейіпкері арқылы жұмысшы, еңбекқор елдің мінез-құлық психологиясының типологиясын жинақтап, өршіл адамдық мұраттарды аша білген.

Қорыта айтқанда, көркем очеркте диалогтың рөлі ерекше, өмірлік шындықты жан-жақты, терең ашып көрсетуде септігін тигізетін көркемдік элементтердің бірі. Жоғарыда байқағанымыздай, заман тынысы мен адам характерлерін, өмір заңдылықтарын нанымды бейнелеуде диалогтың атқаратын қызметі зор.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. /Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев. А: Ана тілі, 1996.

  2. Боровой Л. Путь слова. М: 1974.

  3. Әуезов М. Очерктер және кино-әңгіме. 8 том. А: Жазушы, 1981.

  4. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар жинағы. А: Жазушы, 1978.

  5. Майлин Б. Ел сыры. А: Жазушы, 1994

  6. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. 13 том. А: Жазушы, 1978.

  7. Сланов Ғ. Замана шежіресі. А: Қазақстан, 1970.

  8. Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4 том. А: Жазушы, 1975.


Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызының “Очерктегі типтендіру мәселесі”, “Очерктегі диалогтың шынайылығы” атты мақалаларына

ПІКІР

М.Б.Шындалиева очерк жанрының поэтикасын зерттеп жүрген жас ғалым. “Очерктегі типтендіру мәселесі” атты мақалада өмірдегі болып жатқан құбылыстарды көркем очеркте типтік характерлер арқылы кез-келген жазушы өмір көріністерін қорытындылауда типтік характер арқылы жүзеге асыратынын ғылыми тұрғыдан дәлелдейді. Суреткер өмірдің қай саласын қамтыса да, көтерген тақырыбының көркемдігіне, шындықты танытуда адам образдарын даралауда да осы типтендіруді пайдаланатынын кеңінен әңгіме еткен.

Екінші ғылыми мақала “Көркем очерктегі диалогтың шынайылығы” деп аталып, диалогтың қызметі, маңызына тоқталған автор ғылыми аппараттарды орынды пайдаланған. Әсіресе очерк жанрындағы диалогты пайдаланудың артықшылықтарына тоқталып, белгілі жазушылардың көркем очерктерінен сәтті мысалдармен өз ойын орынды дәлелдейді.

М.Б.Шындалиеваның жоғарыдағы екі ғылыми мақаласын да Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің “Еуразия университетінің Хабаршысына” басуға болады деп ойлаймыз.


Академик Р.Н.Нұрғали

14.06.04.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет