Өндірісті өлкенің өркені



жүктеу 122.54 Kb.
Дата02.05.2018
өлшемі122.54 Kb.
түріҚұрамы

Өндірісті өлкенің өркені

Қарағанды облысына – 70 жыл

Облыс картасы алдында


* 1932 жылғы 10 наурызда Қарағанды облысы қүрылды. Орта-лығы Петропавл қаласы болды.

* 1936 жылғы 29 шілдеде Қарағанды облысынан Солтүстік Қазақстан облысы бөлінді. Қарағанды облысының орталығы елдің индустриялық жүрегіне айналған Қарағанды қаласына көшірілді.

* Қарағанды облысының құрамынан 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық өзгерістерге дейін Павлодар облысының Баянауыл ауданы (1938 ж.), қазіргі Ақмола (1939 ж.) және бұрынғы Жезқазған (1973 ж.) облыстары бөлінді.

* Бүгінде облыстың аумағы 428 мың шаршы километр.

* Облыс құрамында 9 селолық аудан, 11 қала, 39 жұмысшы поселкесі мен 171 селолық округ бар.

* Халқының саны 1 миллион 381,6 мың адам, оның ішінде 1 миллион 138,5 мың адам қалаларда тұрады (2001 ж.).

* Облыста республикадағы марганецтің баланстық қорының 100 проценті, вольфрамның 80, молибденнің 64, қорғасынның 54, мырыштың 40, мыстың 36, көмірдің 32, соның ішінде коксті көмірдің 100, баридтың 70 процент қоры бар.
I. Қазынасымен танылған аймақ

Қарағанды атауының әлемдік картаның бетіне түскеніне бір жарым ғасырдан асып барады. Бізге жеткен деректер 1833 жылы Нұра өзенінің оңтүстігіне қарай Қарағандыбасы деген жерден Аппақ Байжановтың тас көмір кесектерін тапқандығын, мұның өзі болашақ алып индустрия орталығының негізін қалаудың арна басы болғанын көрсетеді.

Жер асты байлығын іздеп орыс империясының шығысына кеулей енген іскерлер Қарағандыбасынан табылған тас көмірдің мол байлық екендігін бірден ұғынды. Сөйтіп 1856 жылдың наурызында Қызылжар көпесі Н.Ушаков, өндірісші көпестер — Рязанов пен Зотов, тағы басқалары осы аумақты Игілік байдан сатып алады. Орыс көпесі өкілімен бай Игілік Өтеповтың арасындағы келісім-шартта былай делінген: «... Осы жерді өз еркімен бергені үшін көпес Ушаковтан 250 сом алды және олар да мирасқорлары да Ушаков пен компаниядан ештеңе талап етпеуге тиіс...» (Жасампаз жылдар жылнамасы, Қарағанды, 1999 ж.).

Іскерлер бірден кенішті игеріп, көмірін алуға кіріскен. Алайда жол қашықтығы, басқа да объективті және субъективті себептер орыстардың осы өңірді игеруге деген талпынысын шектеді. Олар 30 жыл ішінде барлығы 302,8 мың тонна көмір өндірген, сөйтіп өндіріс көлемі көздеген деңгейде дамымай, кәсіпорын банкротқа ұшырайды.

Империяның шығысындағы Қарағанды көмір кенішінің ашылуымен қазақ топырағындағы алғашқы өндіріс ошақтары — Спасск мыс қорыту заводы мен Өспен руднигі өмірге келеді. Сол кезден бастап Қарағанды атауы Ресей елі тәрізді Батыс Еуропаның алпауыттарының аузына іліккен. Жоғарыда атап өткеніміздей, алғашқы іскерлердің қолға алған ісі ілгерілемей, кері кеткендіктен Қарағанды өндіріс аймағы 12 жыл қатарынан қаңтарылып бос қалады. Мол жер асты байлығына басқа да сырттан қызығушылар табылады. Францияның бұрынғы президентінің ұлы Клод-Эрнест Жан Карно орыс патшасы Николаи-ІІ сарайындағы тамыр-таныстығын пайдаланып 1904 жылы Қарағанды кенішіне ие болады, бұл үшін француз орыс көпестеріне 766 мың сом төлеген. (Орталық Қазақстан, 12.XII.2001 ж.)

Француздар да Қарағандының игілігін көре алмады. Араға үш жыл салып 1907 жылдың шілдесінде Қарағанды аймағы Лондонда Джим Роберт ұйымдастырған негізгі капиталы 3 млн. фунт стерлинг болып табылатын «Спасск мыс кені» акционерлік қоғамының меншігіне өткен. Содан ағылшындар Қарағанды кенішіне 1920 жылға дейін иелік етті (Қарағанды. Қарағанды облысы энциклопедиясы, Алматы,1986 ж.).

Қазан төңкерісінен соң шетелдік алпауыттар қуылып, кеніш Советтердің иелігіне өтті. Ағылшындар аластатылысымен Совет үкіметі Қарағанды өндірісті аймағының байлығын ғылыми тұрғыда зерттеп, оның болашағын жобалауды қолға алды. Осылайша 1920 жылы профессор А.Гапеевтың басшылығымен Қарағанды аймағында геологиялық-барлау жұмыстары жүргізіліп, Қарағанды тас көмір кеніші туралы ғылыми негізделген тұңғыш зерттеу еңбек өмірге келді. Аймақтың мол кен байлығына байланысты Қарағанды назарға алынып, оны дамыту перспективалы жоспарға енді. Сол кездегі Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісінде жалғыз осы кенді өлке ғана емес, Қазақстанның орталық және солтүстік аумақтары да жалпы Қарағанды өңірі деп аталды.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ҚАССР-нда әкімшілік-аумақтық бөлініс әртүрлі болды. Жиырмасыншы жылдарда республика аумағын губернияларға, 1928 жылдың 17 қаңтарынан 1930 жылдың 1 желтоқсанына дейін округтерге бөлу, 1930 жылдың 17 желтоқсанынан 1932 жылдың 20 ақпанына дейін аудандарға бөлу процестері жүрді.

Округтер мен аудандар құрудың белгілі бір кезеңде айтарлықтай роль атқарғанын жоққа шығаруға болмайды. Алайда Совет өкіметінің алдындағы келелі міндеттер, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру саясаты мемлекеттік аппараттың мінсіз қызмет етуін, шаруашылық және мәдени құрылысқа басшылықтың оперативтілігін көтеруді қажет етті.

1930 жылдың көктемінде коммунистік партия колхоз құрылысындағы орын алған елеулі кемшіліктердің бетін ашты. Оның негізгі себептерінің бірі төменгі партия және совет аппараттарының жұмысты өз деңгейінде жүргізе алмауында еді. Негізгі білікті мамандар округтерде шоғырланып,аудандық буындағы кадрлардың дайындық деңгейі өз дәрежесінде болмады, әрі аудандарда мамандар да жетісе бермеді. КСРО ОАҚ-ның 1929 жылғы шілдедегі қаулысымен тәжірибелік-көрсеткіш округтер құрылды. Бұл округтардағы аппараттың негізгі оперативті қызметтері аудандарға көшірілді. Сөйтіп, бірте-бірте округтер жойылды. Өз кезегінде бұрынғы аудандық органдардың мемлекеттік билік және мемлекеттік басқару қүқықтары селолық Кеңестерге берілді.

Қазақстандағы аудандарды нығайтуға деген қүлшыныс республиканың әкімшілік-аумақтық құрылыс жүйесіне де елеулі өзгеріс енгізуді қажет етті. Соған орай экономикасы төмен бірқатар аудандар таратылды. Сол 1930 жылдың соңында Қазақ АССР-ындағы бұрынғы 180 ауданның орнына жаңадан 121 аудан құрылды. Осы аудандардың бірі Қарағанды ауданы еді. Алайда 1931 жылдың 20 наурызында Қарағанды ауданының атауы Тельман ауданы болып өзгертіліп, орталығы Спасск заводы болды, сол жылдың 22 мамырында аудан орталығы Токаревка селосына көшірілді.

Бірінші бесжылдық жылдарындағы Қазақстандағы өнеркәсіптің дамуы, темір жол құрылысының өркен жаюы, жаңа колхоздар мен МТС-тердің, совхоздардың құрылуы және халық шаруашылығының барлық саласындағы ілгерілеушілік республикалық басқару органдары тарапынан тікелей барлық ауданға жетекшілік етудің қиын соғатындығын көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, ауқымды істерді жүзеге асыру, жан жақты басқаруды жетілдіру, әрі бағыт беру үшін республикалық органдар мен аудандар арасында партия және совет органдарын шоғырландырған дәнекерші буынның қажеттігін алға тартты. Осындай дәнекер, әрі тірек пункттері облыс болатын еді. Сондықтан БК(б)П Орталық Комитеті 1932 жылдың қаңтарында Қазақстанда облыстар ашу қажет деп шешті. (История КазССР, изд 2-е, 1949 г.)


II. Облыс осылай кұрылған

Қазақ ОАК-нің 1932 жылғы 20 ақпандағы ҮІІІ шақырылған 2 сессиясының шешімімен Қазақстан аумағында 6 облыс құрылды. Ол Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары еді. («Советская степь» 22.02.1932 ж.). Бұл шешімді Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Президиумы сол жылдың 10 наурызында бекітті. Әр облыстың құрамына орташа алғанда 17-20 әкімшілік аудан енді.

Міне, осы алты облыстың бірі — орталығы Петропавл қаласы болған Қарағанды облысы еді.

Оған кейінгі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған облыстарының аумақтары түгелге жуық, ішінара Қостанай облысының бірқатар өңірі енген.

Орталығы Петропавл болған Қарағанды облысының құрамында қазіргі елді мекендерімізден Жаңаарқа, Нұра, Тельман және Шет аудандары ғана болды. Қарқаралы өңірі сол 1932 жылы орталығы Семей қаласы болған Шығыс Қазақстан облысына қарады. Тек аймақтың дамуы жаңа деңгейге көтеріліп, біртектес өңірлердің басын қосу қажеттігі туғанда 1934 жылдың 4 шілдесінде дербес Қарқаралы округі құрылған. Ол Қарағанды облысынан бөлек болды. Орталығы Қарқаралы қаласы болып белгіленген округтің құрамына Орталық Қазақстанның далалы аймақтары, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлері енді. Атап айтқанда, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған Баянауыл, Қарқаралы, Қу аудандары, Қарағанды облысынан Жаңаарқа, Шет аудандары (Шет ауданы 1933 жылдың 22 ақпанында Алматы облысы құрамынан шығарылып, Қарағанды облысына қосылған), Алматы облысынан Қоңырат ауданы — барлығы 6 аудан Қарқаралы округін құрған.) Баянауыл ауданының орталығы Баянауыл селосы, Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу селосы, Қоңырат ауданының орталығы Ақтоғай селосы, Қу ауданының орталығы Егіндібұлақ селосы, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы селосы болды. (Справочник по административно-территориальному делению Казахстана, Алма- Ата, 1959 г.). Округтің құрылғандығын Бүкілресейлік ОАК 1934 жылдың 20 шілдесінде бекіткен.

Сөйтіп Қазақстанда 1934 жылы өзіміз жоғарыда атаған 6 облыспен бірге 2 округ болды. Оның бірі Қарқаралы округі болса, келесісі 1933 жылдың 1 шілдесінде Батыс Қазақстан облысының құрамындағы аудандардан құрылған Гурьев округі еді.

1936 жылдың 29 шілдесінде Бүкілресейлік ОАК-нің қаулысымен Қазақстанда жаңа облыстар ашылды. Ақтөбе облысының құрамынан Қостанай облысы бөлініп шықты. Сондай-ақ осы қаулымен Қарағанды облысынан Солтүстік Қазақстан облысы бөлінді. Қарағанды облысының орталығы 1934 жылдың ақпанында қала мәртебесіне ие болған, индустрия орталығына айналған Қарағанды қаласына көшірілді, ал Петропавл қаласы жаңадан ашылған Солтүстік Қазақстан облысының орталығы болып қалды. Осы қаулымен Қарқаралы округі де таратылды. Оның құрамындағы аудандар селолық Советтер ретінде Қарағанды облысының құрамына енді. Әкімшілік-аумақтық жаңа бөлініске байланысты бұрынғы Қарағанды облысына қараған Пресногорск ауданы жаңадан ашылған Қостанай облысының құрамына берілді. Солтүстік Қазақстан облысының кұрамына 16 аудан өтті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болып келген Қарсақбай ауданы Қарағанды облысына қарады. Сөйтіп, Қарағанды облысының құрамына Ақмола, Нұра, Вишневск, Новочеркасск, Еркіншілік, Қорғалжын, Тельман, Қарсақбай аудандары мен Қарағанды қаласы, Жаңаарқа, Шет, Қоңырат, Қу, Баянауыл, Қарқаралы және Прибалхашстрой селолық советтері енеді. (Справочник по административно-территориальному делению Казахстана Алма-Ата. 1959 г.). 1939 жылғы қыркүйекте Қарағанды облысы құрамынан Ақмола (кейінгі Целиноград) облысы бөлініп шықты. Ал 1973 жылдың 10 наурызында Жезқазған облысы жеке отау болып бөлінді. 1997 жылы 3 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Жезқазған облысының аумағы қайтадан Қарағанды облысына қосылды.

Қарағанды облысының бірінші басшылары


I. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары

Беккер И.М. – 1932-1934

АммосовМ.К. – 1934-1936

Пинхасик Г.И. – 1936-1937

Садовников М.П. – 1938

Пазиков Х.М. – 1939-1940

Мельников Л.Г. – 1942-1943

Галайдин Г.С. – 1943-1947

Абабков Т.И. – 1947-1952

ЯковлевС.Я. – 1952-1958

ИсаевП.Н. – 1958-1959

Соломенцев М.С. – 1959-1963

Банников Н.В. – 1964-1968

АкулинцевВ.К – 1968-1979

КоркинА.Г – 1979-1986

Локотунин В.И. – 1986-1989

Башмаков Е.Ф. – 1989-1990

Гаркуша В.С – 1991




II. Облыс комитет Кеңес атқару төрағалары

Кошкунов – 1932-1933

Изахарович И.Л. – 1933

Уманский – 1933

ЕсқараевС.Е. – 1933-1935

Скляренко М.Л. – 1935-1936


Асылбеков А.А. – 1936-1937


Мақатов Ә. – 1937

Қазақпаев Ә. – 1937-1938

Сейітов З. – 1938-1940

Жайлыбеков Ш.М. – 1940-1942

Ергебеков Е. –1942-1944

СерікбаевБ. – 1944-1948

БайұзақовХ. – 1949-1951

Кәрібжанов Ф. – 1951-1952

ЕділбаевИ. – 1952

Қалкенов Ш.Қ. – 1952-1959

ШибаевВ.Т.– 1959-1961

ӘшімовБ.Ә. – 1961-1967


Жанғозин Ж. – 1968-1969


Досмағамбетов С.Қ. – 1969-1982

Іңкәрбаев 3. – 1982-1988

Тоғайбаев И.У. – 1988-1992


III. Әкімдер

Нефедов П.П. – 1992-1997

Есенбаев М.Т. – 1997-1999

Мұхамеджанов К.Е. – 1999 жылдан

Ескерту: 1963-1964 жылдары облыстық партия комитеті өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы болып екіге бөлінді. Соған байланысты осы жылдарда өнеркәсіптік облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.В.Банников, селолық облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Әшімов болды. Тиісінше, өндірістік кеңес атқару комитетінің төра-ғасы Ф.С.Серғазин селолық кеңес атқару комитетінің төрағасы Я.А.Пазенко болған.



III. Көкжиегі кен Қарағанды
Облыс орталығының Қарағанды қаласына көшірілуі өңірді одан әрі дамытуға, басқару аппараттарының өмірге келуіне мұрындық болды. Бүған өндірісті өңір саналып, жерасты мол байлығын алуға баса көңіл бөлініп, жаңа шахталар, завод-фабрикалар бой көтеріп, әлеуметтік-мәдени ошақтарының қатары күн санап өсіп келе жатқан өндіріс ошағы, ендігі жерде ірі әкімшілік орталыққа айналды. Облыстық басқару органдары ашылып, олардың жаңа ғимараттары бой көтерді. Облыс орталығының қала мәртебесін алғанына небәрі 2-ақ жыл болған қалаға көшірілуі Қарағандыны ендігі жерде тек өндірісті қала ғана емес мәдениеті мен ғылымы дамыған, жоғары оқу орындары шоғырланған болашақтың қаласына айналдырды. Қарағанды өңірі Кеңестік кезеңде адам танығысыз өзгерген, өсіп-өнген өңірдің бірі. Ол ең алдымен осы аймақтың жер асты мол табиғи байлығының арқасында болған ұлы жетістік екенін айту қажет.

Қарағанды мекені 20-шы жылдардың басында орыстар, украиндар, қазақтар мекендейтін бір-бірінен алшақ орналасқан.Үлкен Михайловка, Ескі Тихоновка, Зеленая Балка деп аталатын бірнеше шағын поселкелерден тұратын. 1929 жылы Қарағандының көмір байлығын кеңінен пайдалану мақсатында «Қазстрой» тресін ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды, ол 1930 жылдың желтоқсанында «Қарағанды көмір» тресі болып қайта құрылды. Трестің басқарушысы болып Донбас-тың бұрынғы шахтері Корней Осипович Горбачев тағайындалады. 193І жылғы 21 қаңтарда ХКК жанындағы еңбек және Қорғаныс кеңесі «Қарағанды кенішін дамыту жоспары туралы» арнайы қаулы қабылдап, сол бойынша Қарағанды ауданында 16 шахта салу белгіленген.

БК(6)П орталық комитетінің 1931 жылғы 15 тамыздағы «Көмір және кокс ресурстарын молайту туралы» қаулы-сында: «Қарағанды бассейнінің геогра-фиялық жағдайы, көмірдің орасан мол қорының болуы, оның кокстелетіндігі, көмір қабаттарының қолайлы орналасуы Қарағанды көмір кенішінің негізінде елімізде қуатты үшінші көмір базасын жасауды талап етеді» деп атап өтілген. Осы тарихи шешімдер Қарағанды бассейнінің елдің отын базасын дамытудағы халық шаруашылық маңызын белгілеп, «үшінші Бүкілодақтық» көмір ошағының қауырт өркендеуінің бастауы болды.

БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің 1932 жылғы 13 қаңтардағы III кеңейтілген пленумы Қарағандыда тұрғын үй құрылысында қалыптасқан жағдайды талқылап, қала шаруашылығын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі нақты шаралар қабылдады. Пленумда «Қарағандыны бүкіл Қазақстан, бүкіл Кеңестер Одағы болып саламыз!» деген ұран көтерілді. (Жасампаз жылдар жылнамасы. Қарағанды 1999 ж.).

1934 жылдың ақпанында Қарағанды қала деп танылды. Бүкіл ресейлік Орталық Атқару Комитеті президиумның осы жылғы 10 ақпандағы қаулысында «Қарағанды облысының Тельман ауданында – Қарағанды тас көмір бассейнін пайдалану жөніндегі мемлекеттік трест құрылысының аумағында пайда болған елді мекенге «Қарағанды» аты беріліп, қала болып өзгертілсін» делінген. Бұл уақытта Қарағанды тұрғындарының саны 100 мыңнан асқан еді. Қалалық кеңестің тұңғыш төрағасы болып Дүйсен Тәжібаев тағайындалды.

Онсыз да жоғары қарқынмен дамып келе жатқан қаланың 1936 жылы облыс орталығы болуы оның көкжиегін кеңейтті. 1938 жылы Мәскеудің жобалау институты Қарағандының 300 мың тұрғынға арналған бірінші бас жоспарын жасады. Облыс орталығы осы жоспарға сәйкес салынды. 1938-40 жылдары қоғамдық және мәдени мекемелердің көптеген ғимараттары тұрғызылды. Көп пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Қаланың қоғамдық тұрғын үй қоры 412113 шаршы метрге дейін өсті.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1938 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен Қарағандыда үш аудан құрылды, олар: орталығы Киров атындағы шахта поселкесі болып табылатын Киров, орталығы жаңа қаладағы Ленин жене ескі қаладағы Сталин аудандары болатын.

Халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы жеңісінен кейін Қарағанды қаласының экономикасы мен мәдениетін дамытудың жаңа кезеңі басталды.

1948 жылдың 27 тамызында қала түңғыш рет Шахтер күнін мерекеледі. Дәл осы күні 10 қарағандылық шахтер көмір өндірудегі, шахта құрылысындағы тамаша табыстары, еңбекті ұйымдастырудағы озық әдістері үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды, олардың арасында бассейннің даңқты кеншілері Ж.Әбдірахманов, М.Айтқұлов, П.Ф.Акулов, Т.Күзембаев, Б.Нұрмағамбетов, Д.И.Обухов, Г.Хайруллин, В.Т.Шибаев, С.Шоманов бар.

1984 жылы қала өзінің 50 жылдық торқалы тойын атап өтті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1984 6 сәуірдегі жарлығымен еңбекшілерінің елді индустрияландырудағы және Ұлы Отан соғысында неміс фашист басқыншыларын талқандауда қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлес үшін Қарағанды қаласы Еңбек Қызыл орденімен марапатталды. (Қарағанды, Қарағанды облысы энциклопедиясы Алматы, 1986 ж.).

Кеніш игеріле бастағаннан бергі 19 жылдан астам уақыт ішінде Қарағанды астындағы ен байлықтың тек оннан б алыныпты. Олай болса, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолдарында еңбек Қарағанды, ұлы достықтың, адал еңбектің, бірлік пен татулықтың жасампаздық, молшылық пен игіліктің үлгісі болып Көкбайрақтың астында лер күнге нық қадам баса бермек.

Орталық Қазақстанның иен даласында Қарағандымен қанаттас түн жұлдыздай болып қалалар шоғыры пайда болды. Олардың әрқайсысына өңірдің өсіп-өркендеуіне, өнеркәсіптің дамып, елді мекендеріміздің көркейуіне, ғылым мен білімнің және мәдениеттің өсуіне қосқан елеулі үлесі бар.

***

Газеттің осы жылғы алғашқы санынан бастап «Қарағанды облысының құрылғанына 70 жыл» айдарымен мақалалар топтамасын жариялануына мәні де отызыншы жылдардың басында еліміздің орталығы мен солтүстіпндегі алып кеңістікті қамтыған Қарағанды деп аталған облыстың болғанын ел есіне түсіру еді. Еліміздің жартысына жуық аймағын қамтыған өңірге кезінде Қарағанды атауына берілуін мақтан етуіміз керек. Бұл өміріндегі Қарағандының алатын орнының үлкен екендігін, мәртебесі биіктігін көрсетеді. Алайда, бұл жерде оқырмандар назарын аудара кететін тағы бір мәселе бар. Біз Қарағанды облысының құрылуын 1932 жылдан емес 1936 жылдан, яғни Қарағанды облысының орталығғы Петропавлдан Қарағанды қаласына на көшірілген кезеңнен бастап есептеп келгенбіз. Әрине, қалыптасқан бұл дәстүрді бұзудан аулақпыз. Облыс жұртшылығы 1986 жылы Қарағанды кеніші ашылуының 150 жылдық және Қарағанды облысының құрылуына жарты ғасырлық мерекесін атап өтті. Соның құрметіне орыс тілінде «Қарағанды, Қарағанды облысы энцикпедиясы» жарық көрді. («Орталық Қазақсстан», 1986 жыл, қазан). Қалай демей Қарағанды атауы беріліп, епіміздің орталығы мен солтүстігіндегі ұлан байтақ өңірді қамтыған, облыс құүрылған 1932 жылдың ақпан-наурыз айларының тарихымыздан алар өзіндік орны бары анық.


Людмила Михеева

облыстық мемлекеттік архивтің

құжаттарды пайдалану және

жариялау бөлімінің меңгерушісі

Ермағамбет Лұқпан

Қазақстан Журналистика

одағының Ә.Бөкейханов атындағыі



сыйлығының лауреаты

Орталық Қазақстан.- 2002.-8 наурыз.-8 б.
Каталог: irbis64r 01 -> Kraeved -> Karagandy tarihy
Karagandy tarihy -> Қазыналы құтты өлке Қарағанды облысының құрылғанына – 70 жыл
Karagandy tarihy -> Қарағанды облыс орталығЫ
Karagandy tarihy -> Күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, репрессия, қанқүйлы соғыс сияқты ауыр кезеңдерді бастан кешкен халық
Karagandy tarihy -> Жат қолында Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> 935 жылы Донбасс шахтері Алексей Стаханов толық емес бір ауысым ішінде тонна орнына 102 тонна көмір шауып, тамаша еңбек көр
Karagandy tarihy -> Қарағандының 30-шы жылдардың басындагы келбетін көз алдымызға келтіру қиын емес
Karagandy tarihy -> Сексенінші жылдардың ортасы-на қарай Қарағанды облысы мен оның орталығы өзінің экономикалық және әлеуметтік даму тарихында шыр
Karagandy tarihy -> Ақ пен қызыддар жан алысып, жан берісіп жатқан күндердің өзінде жаңа өкімет өз ретіңце ұлан-байтак
Karagandy tarihy -> Бїгінгі сјн-салтанаты жарасќан кґрікті ќала мен Орта-лыќ Ќазаќстандаєы индустрия алыптарыныѕ тарихына кґз жїгіртсек, олар жїзд
Karagandy tarihy -> Қазыналы қарашаңырақ


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет