Өнімнің өзіндік құн құрылымы және оны төмендету жолдары



жүктеу 145.55 Kb.
Дата27.04.2019
өлшемі145.55 Kb.

Өнімнің өзіндік құн құрылымы және оны төмендету жолдары
«Қаржы және бухгалтерлік есеп»

Кафедрасының аға оқытушысы,

э.ғ.к., Телагусова Э.О.
Нарықтық қатынастар жағдайында ауқымды сипатқа ие болып отырған, басқару мәселелерін шешудің қажеттілігі мен оның өткірлігі республиканың барлық экономикалық субъектілерінің басты мәселесі болып табылатына ешбір күмән жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, өндірістік-шаруашылық жүйесіндегі өндіріс шығындарының есебі мен аудитіне және талдауға басқарудың басты құралы айрықша орын беріліп отыр. Себебі, қатаң бәсекелестік күрісте табыс пен ұйымның қызмет етуін сақтап қалудың басты факторы болып өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін өндіріс шығындары мен өнімнің өзіндік құны туралы дер кезінде және сенімді ақпараттар қажет болады. Ал, бұл өз алдына өнімнің сапасы мен өнідірістің тиімділігін, сондай-ақ оны одан әрі жетілдіру жолдарын іздестіруге, өнімнің өзіндік құнын төмендету резервтерін анықтауға толық мүмкіндіктер береді

Өндіріске жұмсалған шығындар мен өткізу шығындарының құрамын және олардың есебін дұрыс қалыптастырудың маңызды екендігі белгілі. Өнімдерді өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету барысында жұмсалатын шығындардың негізгі бөлігін құрайтын материалдық, еңбек және қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға тек алынатын табыстың мөлшері ғана емес, сондай – ақ табысқа салынатын салық, ұйымның өміршеңдігі және басқа да аспектілер тәуелді.

Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, нарықтық экономика қоғамды ресурстармен оңтайлы қамтамасыз етудегі маңызды шарт - бәсеке саясатын жүргізуді негізге алады. Бәсекеге қабілетті ұйымға өзінің өндірістік ресурстарын экономикалық тұрғыдан қолайлы пайдаланатын, әрі одан пайда ала білетін ұйым жатқызылады.

Бүгінгі күні отандық өндірістік есептің нарықтық экономиканың талаптарына, ұйымды басқарудың экономикалық әдістерінің талаптарына біртіндеп бейімделуі жүріп жатыр, бірақ оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін ұйымдастыру және әдістемелік тұрғыдан тыңғылықты дайындалу талап етіледі.

Нарықтық қатынастар жағдайында өндіріс шығындарын, жұмыстар мен қызметтердің өзіндік құндарын және кәсіпорын қызметінің қаржылық нәтижесін қалыптастыру тәртіптері бухгалтерлік есеп тәжірибесі мен әдістемесінің маңызды мәселелерінің бірі болып саналады.

Нарықтық экономикадағы бәсекелестік пен баға саясатының еркін даму мүмкіндіктеріне қарай, табыс деңгейіне әсер етуші факторы ретінде және басқарудың негізгі құралы ретінде өзіндік құнның рөлі арта түсуде.

Өнімнің өзіндік құны туралы түсініктер осыған дейін де қазіргі уақытта да экономистер мен ғалымдардың еңбектерінде айтылып келеді. Солардың бірі А.П. Бортниковтің пікірі бойынша “…өзіндік құн – бұл кәсіпорынның өнімді өндіру және сатуға байланысты ағымдағы шығындардың ақшалай нысанындағы көрінісі”. Дегенмен де, мұндай анықтама зерттеп отырған категорияның жан-жақты, жеткілікті мазмұнын аша алмайды, ол тек өзіндік құнның пайда болу түріне түсініктеме береді.

Г.А. Соколовская, өнімнің өзіндік құнын ресурстарды үнемдеу деңгейі деп сипаттайды. Өзіндік құнның мұндай түсінігімен де толық келісуге болмайды, өйткені ол көрсеткіш өзіндік құн мазмұнының өзіне қарсы келеді. Өзіндік құн кәсіпорынға қандай да бір өнімнің өндірісі қаншаға шығатынын көрсетеді, яғни өндірістік шығындардың белгілі бір деңгейін сипаттайды. Ал, ресурстарды үнемдеу деңгейі өндіріс процесіне жұмсалған өндірістік құралдар мен жұмысшы күшінің көлемін білдіреді.

Өнімнің өзіндік құны ұйымның өндірістік-шаруашылық қызметін сипаттайтын негізгі экономикалық көрсеткіштердің бірі бола отырып, кәсіпорын табысының қалыптасуына, қорлар мен резервтердің жасақталу деңгейіне ықпал етіп қана қоймайды, сонымен бірге салық салу жүйесіне де әсерін тигізеді. Өндіріс шығындары мен өзіндік құн жөніндегі мәліметтер бұрын бухгалтерлік есеп жүйесінде жинақталып, өзінің мазмұнына қарай орталықтанған басқару экономикасының талаптарына жауап бергендiктен, мемлекеттік орталық бағаландыру мақсаты үшін өндіріс процесіне жіберілген барлық шығындар туралы және өнімнің жалпы өндірістік (нақты) өзіндік құны туралы ақпараттарды алумен шектеліп отырды.

Ал нарықтық қатынастар жағдайында өнімнің бағасы нарықта қалыптасқан сұраныс пен ұсыныс механизмдері арқылы айқындалады. Соған байланысты ұйымдар өнімнің өзіндік құнына енгізілетін шығындар тізбесін отандық бухгалтерлік есеп стандарттары мен халықаралық қаржылық есеп стандарттарының әдістемелік ұсынымдарына сәйкес өздері белгілеу керек.

Өнімнің өзіндік құны объективтік көрсеткіш болып саналады және ол қандай да бір нормативтік актілердің мазмұнына тәуелді болмайды және оның мазмұны бірнеше экономикалық ұстамдарға негізделіп анықталады, яғни өнімнің өзіндік құны ұйымның өндірістік қызметімен байланысты болуға тиісті, яғни өнімнің, жұмыс пен қызметтің өзіндік құндарына өндіріс процесімен байланысты шығындар енгізіледі. Өндiрiстiк қызметке қатысы жоқ шығындар өндірістік емес шығындар категориясына жатқызылып, өзіндік құнның құрамына қосылмайды.

Сонымен құн қоғамға белгілі бір өнім өндірісінде шығынның қаншаға шығатынын көрсетсе, ал өзіндік құн кәсіпорын үшін өнімнің осы түрін өндіруге қанша шығын шығарылатынын көрсетеді. Өзіндік құн нақты категория бола отырып, ол сапа жағынан да, сан жағынан да құнмен сәйкес келмейді. Мiне, осыдан өнімнің өзіндік құнын оның құнынан бөліп қараудың қажеттілігі туады.

Өзіндік құнның экономикалық мазмұнына тоқталсақ, ол өнім құнының құрамына айналған және ұдайы өндіріс процесін жалғастыру үшін орын толтыруды қамтамасыз ететін өнім шығаруға жұмсалған өндіріс құралдары және еңбекақы шығындарын білдіреді. Іс жүзінде мұны біз құрылыс компаниясында келтіре аламыз. «Consult» ЖШС-де орындалатын жұмыстардың өзіндік құн есебінің міндеттері құрылысқа, жөндеу жұмыстарына және оны тапсыруға байланысты жұмсалған шығындар жөнінде дер кезінде толық және дұрыс мәліметтерді жинақтау, материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының тиімді пайдалануын бақылауды қамтамасыз ету болып саналады. Құрылыс - монтаж жұмыстары мен қызметтерінің өзіндік құнының құрамына оларды жүзеге асыруға байланысты барлық өндірістік шығындар енгізіледі. Өнімнің өзіндік құнына қосылу тәртіптеріне қарай олар тікелей және үстеме шығындар болып бөлінеді.

Құрылыс кәсіпорынының құрылыс-монтаж жұмыстарының өзіндік құны деп құрылыс процесінде пайдаланатын материалдардың, еңбек құралдарының, басқа ұйымдар көрсеткен қызметтер құндарының және еңбекақы шығындары мен үстеме шығындардың жиынтығын айтамыз.

Ал объектінің сметалық құны осы объектінің құрылысына жұмсалған барлық қоғамдық қажетті шығындардың жиынтығын білдіреді, оларға құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға, құрылғыларды сатып алу мен монтаждауға, жобалау мен іздену жұмыстарына және т.б. жұмсалған шығындар жатады.

Мысал ретінде «Consult» ЖШС-нің жұмыстар мен қызметтердің өзіндік құн құрамына енетін шығындары келесідей топталған:



  1. Негізгі және көмекші материалдар: Өндіріс жұмыстарының негізін қалыптас-тыратын негізгі және көмекші материалдардың құндары, оларға: қиыршық тас, құм, асфальт-бетоны, цемент және өндіріс процесіне тікелей жұмсалатын отын мен энергияның құны.

  2. Құрылыс тетіктері мен бөлшектері: Сатып алынған және құрылыс ұйымдарының өзі шығарған құрылыс тетіктері мен бөлшектерінің құны, оларға: құбырлар, белгі бағаншалары және т.б.

  3. Негізгі еңбекақы және одан аударымдар: Өндіріс процесіне тікелей қатысатын (соның ішінде тізімдік емес құрамдағы) жұмыс-шылардың негізгі еңбекақылары мен одан аударымдар

  4. Құрылыс машиналары мен механизмдерін пайдалану шығындары: Механиктер, машинистер, мотористер және тағы басқалардың еңбекақылары, техникаға жұмсалған отын мен энергияны қоса есептегендегі материалдық қорлардың шығыны, тозу сомалары, жалдау ақысы, техникалық қызмет көрсету, диагностика, жөндеу шығындары, құрылыс машиналары мен механизмдерін пайдалануға байланысты басқа да шығындар

  5. Өндірісті игеру және дайындау шығындары: Жаңа өндірістік және технологиялық процестерді игеру және дайындау бойынша шығындар (болашақ кезең шығындарын қоса)

  6. Басқадай үстеме шығындар: Жоғарыда көрсетілген шығындардан басқалары: өндіріс жұмысшыларының қосымша еңбекақылары мен одан аударым-дар құрылыс жұмыстарына пайдаланатын негізгі құралдардың тозуы; күзет және өрт сөндіру қызметтерін, уақытша пайдаланатын жолдар мен құрылыс-жайларын және басқа да құрылғыларды ұстау бойынша шығындар, өндірістегі ақаулар, шеберлердің еңбек-ақылары, үйлер мен ғимараттардың тозуы және оларды ұстау шығындары және тағы басқа да шығындар жатады

Құрылыста тікелей шығындарға материалдық шығындар, өндірістік жұмысшылардың негізгі еңбек ақысы және құрылыс машиналары мен механизмдерін пайдалану шығындары жатқызылады.

Құрылыс өндірісі – материал сіңірімділігі жоғары саланың бірі. Себебі құрылыстағы өндірістік шығындардың басым бөлігін (64 %) материалдық шығындар алады.

Материалдық шығындарға құрылыс – монтаж жұмыстарын орындау барысында, сонымен бірге құрылыстық конструкцияларға және тетіктерге, отын, электрқуаты және бу мен суға (көмекші және қосалқы өндірістердің, қызмет көрсетуші шаруашылықтардың өнімдері мен қызметтерін қоса алғандағы) жұмсалған шығындар жатқызылады.

Құрылыс – монтаж жұмыстарына жұмсалған материалдық қорлардың құны олардың нақты өзіндік құны бойынша анықталады. Материалдардың нақты өзіндік құнына енгізіледі:



  • материалдарды сатып алу құны немесе қосалқы және көмекші өндірістің өнімі болып табылатын материалдардың өзіндік құны;

  • материалдарды объекті маңындағы қоймаға дейін жеткізу шығындары;

  • дайындау – қойма шығындары, тиеу – түсіру жұмыстарына жұмсалған шығындарды қоса;

Материалдық шығындарға құрылыс машиналары мен механизмдерін ұстауға жұмсалған жанар – жағар май, электрқуаты шығындары, қосалқы және көмекші өндірістер мен қызмет көрсетуші шаруашылықтарда пайдаланылған материалдарға жұмсалған шығындар, сондай – ақ жалпы және әкімшілік шығындарының, үстеме шығындардың құрамында қарастырылған әкімшілік – шаруашылық және құрылыстың өзгедей мақсаттарына жұмсалған материалдық шығындар жатқызылмайды.

Өндіріске босатылған материалдардың алғашқы құжаттары болып лимиттік – заборлық карта және накладной – талаптама құжаттары табылады.

Лимиттік – заборлық карта өнімдерді дайындау, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүйелі түрде тұтынылатын материалдардың босатылуын рәсімдеу үшін қолданылады.

Лимиттік – заборлық карта материалдардың бір немесе бірнеше түріне екі данада толтырылады. Бір данасы ай басында құрылыс жұмыстарын орындап жатқан учаскеге (шеберге), екіншісі учаскенің қоймашысына беріледі. Өндіріске материалдарды босату учаске өкілінің лимиттік – заборлық картаның өзіндегі данасын қоймашыға көрсеткен жағдайда ғана жүзеге асады. Қоймашы екі данасына да босатылған материалдардың күні мен санын қояды, содан кейін материалдардың әрбір түрі бойынша лимиттің қалдығын шығарады. Учаскенің лимиттік – заборлық картасына қоймашы, ал қоймашыдағы құжатқа учаске өкілі қолын қояды.

Құрылыс ұйымдары жұмыстардың жекелеген түрлерін орындау барысында айналымды материалдарды (мысалы, темірбетон мұнараларын, шпалдарын және рельстік кран асты жолдарын көтеру кезінде ағаштарды, металл, ағаш шартақтарды бірнеше қайтара қолдану) пайдаланады. Оларды пайдалану құрылыс жұмыстарының өндірістік нормаларында қарастырылған.

Өндірістік шығындардың құрамына қосылатын айналымды материалдар құнының бір бөлігі олардың әрбір айналымы сайын төмендегі формула бойынша анықталады:


Шығыстың нормативтік шамасы = айналымды материалдардың нақты өзіндік құны – материалдардың қайтарылатын құны ÷ айналым саны
Айналымды материалдардың қайтарылу құны оларды пайдаланғаннан кейін құрылыс ұйымымен олардың пайдаланылуы мүмкін бағасымен анықталады.

Материалдарды өндірістік шығындарға есептен шығару ұйымда қабылданған материалдардың жұмсалу нормаларына сәйкес қатаң жүргізіледі, ал нормадан артық пайдаланылуы актімен рәсімделеді, онда материалдардың нормадан артық жұмсалуына себеп болған жағдайлар көрсетіледі. Осы актілердің негізінде басқарма артық жұмсалымның негізділігі және өндірістік шығындардың құрамына жатқызылуы немесе артық жұмсалуға себеп болған кінәлі тұлғалардан өндіріп алу туралы шешім шығарады.

Еңбек ақы шығындарының есебі құрылыс – монтаж жұмыстарының технологиялық үрдісінің жекелеген сатыларындағы жұмыс құрамының ерекшелігіне негізделген, бұл осы шығындардың құрылыс – монтаж жұмыстарының көлемі және сапасына тікелей байланыстылығымен көрсетіледі. Еңбек ақы шығындары өндірістік шығындардың 13–16 % құрайды. Сондықтан еңбекке ақы төлеу есебін дәл ұйымдастыру үлкен маңызға ие.

Жұмысшылардың негізгі еңбек ақысына құрылыс, монтаж және де өзгедей мердігерлік жұмыстармен тікелей айналысатын жұмысшылардың (штатта тұрмайтын жұмысшыларды қоса), сонымен бірге материалдарды бір орыннан екінші орынға қолымен тасымалдайтын немесе қалауға дайындайтын жұмысшылардың негізгі еңбек ақысы жатқызылады.

Құралдарды монтаждау кезінде негізгі еңбекақы шығындары бойынша тек монтаждаушылардың ғана емес, монтаждау алаңында құрылғылардың желілері мен бөліктерін сырлаумен, оларды сыртқы орамаларынан ажырату, әрі босаған орам қаптарын жинаумен, және де құрылғыларды сынақтан өткізумен айналысатын жұмысшылардың еңбек ақылары да есептелінеді.

Жұмысшылардың негізгі еңбек ақысына нақты орындалған жұмыстар үшін төлемдер, мерзімінен тыс жұмыстар үшін қосымша төлемдер, жұмысшылардың кінәсіне жатпайтын ақаулар үшін төлемдер, жұмыстың күрделілігіне сәйкес төленетін үстеме ақы жатқызылады.

Бұл шығындардың құрамына құрылыс машиналары мен механизмдерін басқарумен және оған қызмет көрсетумен айналысатын жұмысшылардың, қосалқы және көмекші өндіріс жұмысшыларының, уақытша ғимараттардың, құрылғылар мен жабдықтардың құрылысымен айналысатын, құрылыс алаңын көріктендірумен айналысатын жұмысшылардың еңбек ақысы енгізілмейді.

Үстеме шығындардың құрамында құрылыс – монтаж жұмыстарының негізгі өндіріс жұмысшыларының қосымша жалақылары, құрылыс машиналарын пайдалану және қызмет көрсетумен айналысатын, күрделі емес жұмыстармен айналысатын жұмысшылардың қосымша жалақылары есепке алынады. Үстеме шығындардың құрамына іс – сапар шығындары, жұмыстың жылжымалы сипаты үшін қосымша төлемақы да жатқызылады..

Құрылыс объектілерінің шығындарына негізгі еңбек ақы тікелей белгісі бойынша енгізіледі. Үстеме ақылар мен қосымша ақылардың кейбір түрлерін тікелей енгізу мүмкін болмаған жағдайда олар объектілер бойынша негізгі еңбек ақы сомасына (үстеме және қосымша ақыларсыз) пропорциональды түрде бөлінеді.

Құрылыс – монтаж жұмыстарымен айналысатын жұмысшылардың негізгі еңбек ақысы алғашқы құжаттардың негізінде құрылыстың сәйкесті объектісіне тікелей жатқызылады. Негізгі еңбек ақының құрамына енгізілгенімен, объектіге тікелей жатқызуға болмайтын қосымша ақының кейбір түрлері осы объектілердің арасында жұмысшылардың негізгі еңбек ақысына пропорцианальды түрде бөлінеді.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына тапсырыстардың түсуіне орай жинақталған құрылыс бригадаларын уақытша жұмысқа тарту тәжірибелері кең етек алды. Бұл жағдайда аккордты еңбек ақы сомасын және оны анықтау тәртібін еңбек келісім – шартында айқындайды.

Еңбек ақы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы өзара келісімге қарай төленеді. Еңбек ақының сметалық деңгейі жұмыс беруші үшін еңбек ақы шығындарының экономикалық тиімді шегін анықтайды.

Еңбек ақының негізгі көзі - еқбекке ақы төлеу қоры. Сонымен бірге жалақының екінші түріне жұмысшыларға ұжым еңбегіне қосқан жеке нәтижелері үшін төленетін әртүрлі төлемдер жатқызылады. Бұл кезде жұмысшыларға сыйақы беру орындалған жұмыстың сапасын бағалай отырып, ынталандыру қорын еңбекке араласу коэффициентінің көмегімен жұмысшылардың арасында бөлу арқылы жүзеге асырылады

Құрылыс ұйымдарының машиналар мен механизмдерді ұстау және пайдаланумен байланысты шығындарына машиналар мен механизмдерді басқарумен және қызмет көрсетумен айналысатын жұмысшылардың еңбек ақысы, электрэнергиясының, отынның, жанар – жағар май және өзге де көмекші материалдардың құны, машиналарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарының құны, жалға алынған машиналар мен механизмдерді пайдаланғаны үшін төленетін жал ақы, амортизациялық аударымдар, құрылыс машиналары мен механизмдерін қайта орналастыру шығындары, машиналар мен механизмдерді пайдалануға жұмсалған басқада шығындар, үстеме шығындар жатқызылады.

Құрылыста сан алуан құрылыс машиналары мен механизмдері қолданылады. Өзінің мақсатына сай оларды жер, жол және қазу жұмыстарына, инертті материалдарды өңдеуге, бетонды және ерітіндіні дайындау мен тасымалдауға, әрлеу және сырлау жұмыстарына, көлденең тасымалдау, арматураларды кесу және түйіндеуге, жолдың жоғарғы қабатын нығыздау және қалауға арналған механизмдерге жіктейді.

Құрылыс ұйымдарында машиналар мен механизмдерді тек қолданылу мақсатына қарай топтастыру осы механизмдердің пайдалану тиімділігін сипаттайтын көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік бермейді. Мұндай көрсеткіштерді есептеу үшін оларды біртекті түрлері бойынша топтастыру қажет.

Машиналар мен механизмдерді түрлері бойынша топтастыру оларды пайдалануға жұмсалған шығындардың аналитикалық есебін жүргізу үшін де қажет.

Құрылыс машиналарын ұстау және пайдалану шығындарын есепке алу тек меншікті және жалға алынған машиналар мен механизмдер бойынша жүргізіледі. Есепте құрылыс машиналарының әрбір тобының шығындары калькуляция баптары бойынша жіктеледі.

Құрылыс машиналары мен механизмдерін пайдалану әралуан шығындарды тудырады. Бұл шығындарды бірмезгілдік және ағымдық шығындарға жіктейді.

Бірмезгілдік шығындарға :



  • құрылысқа машиналар мен механизмдерді тасымалдау, оларды тиеу және түсіру, монтаждау, бұзып – жинау және сынақтан өткізу, құрылыс алаңына механизмдерді орналастыру шығындары, жүк көтергіш механизмдердің жұмысының құны, соның ішінде жұмысшылардың еңбек ақысы, материалдар шығыны және т.б.;

  • құрылыс машиналары мен механизмдерін бекітуге қажетті әртүрлі көмекші уақытша құрылғыларды орнатуға және де осы құрылғыларды қайта жинауға жұмсалған шығындар, соның ішінде жұмысшылардың еңбек ақысы, материалдар шығыны , т.б. енгізіледі.

Шығыстарға апарылуы тиіс шығындар сомасын құрылыс техникаларын пайдалану шығындарының құрамына ай сайын төмендегі формуламен анықталған мөлшерде көшіреді:

С=Е/П,

мұндағы: С – ай сайынғы есептен шығарылуға жататын бірмезгілдік шығындардың сомасы;

Е – бірмезгілдік шығындардың жалпы сомасы;

П – құрылыс техникасын пайдалану кезеңдерінің саны, ай.

Ағымдағы шығындардың құрамына төмендегілер енгізіледі:

- машиналар мен механизмдерді басқарумен және қызмет көрсетумен айналысатын жұмысшылардың еңбек ақысы (машинистер, мотористер, бульдозершілер, т.б.);

- электрэнергиясының, отынның, жанар – жағар май және өзге де көмекші материалдардың құны;

- машиналарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарының құны;

- жалға алынған машиналар мен механизмдерді пайдаланғаны үшін төленетін жал ақы;

- машиналар мен механизмдерді пайдалануға жұмсалған басқа да шығындар.

Ұйымның өз меншігіндегі құрылыс машиналары мен механизмдерін пайдалану шығындарын және сырттан тартылған механизмдер қызметінің құнын, көбіне, объектілердің өзіндік құнына тіке жолмен қосады.

Нарықтық қатынастар жағдайында орындалған жұмыстар мен қызметтердің өзіндік құндарының дұрыс қалыптасуы құрылыс ұйымының қаржылық-шаруашылық қызметінің соңғы нәтижесіне әсерін тигізеді. Яғни, шаруашылық субъектілерінің үздіксіз өндіріс процесін қамтамасыз ету үшін төменде берілген өзіндік құнды төмендету жолдарын іс жүзінде қолдану арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады. Соған байланысты құрылыс-монтаждау, жөндеу жұмыстарымен айналысатын ұйымдар үшін өндіріс шығындарын тиімді, әрі үнемді пайдалану мақсатында және саладағы қызметтердің өзіндік құндарын төмендету үшін төмендегі шаралардың орындалуы қажет деп санаймыз:

- құрылыс материалдарын үнемді пайдалану, яғни құрылысқа жұмсалатын негізгі және көмекші құрылыс материалдарының сапасын жоймай, оларды норма бойынша дер кезінде құрылысқа жіберу, материалдарды сақтау және тасымалдау шығындарын азайта отырып, құрылыс жұмыстарына пайдалану кезінде ғана тасымалдау, құрылыс ұйымының өзінде шығарылған материалдарды пайдалану мүмкіндіктерін жоғарылату; жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына бұрын пайдаланған материалдарды қайтадан өңдеп қолдану, құрылыс орындарына жақын орналасқан жабдықтаушылармен тиімді байланыс жасай отырып транспорттық шығындарды азайту; тиеу-түсіру кезінде ысыраптарды болдырмау үшін арнайы тиеу және түсіру құралдарын пайдалану;

- еңбекті ұйымдастыру мен құрылысты басқаруды жетілдіру, яғни құрылыс ұйымдарының мамандану деңгейін жоғарылату; құрылыста алдыңғы қатарлы еңбекақы формаларын қолдану; жұмыс уақытын тиімді пайдалану үшін өндірісте тұрып қалу жағдайлары мен жұмысшылар ағымын қысқарту; жұмысшылардың қосымша еңбекақыларын дабыл құжаттарындағы мәлімет-терді қатаң тексере отырып төлеу;

- санитарлық-тұрмыстық қызмет көрсету мен құрылыс алаңдарындағы жұмысты ұйымдастыруға жұмсалатын шығындарды, сонымен бірге өндірістегі ақауларды болдырмау арқылы үстеме шығындардың сметаға сәйкес жұмсалуын бақылау;

- тұрғын-үй құрылысы жұмыстарын механизацияландыру, яғни өнімділігі жоғары жаңа машиналар мен механизмдерді пайдалану арқылы машина-сағат және машина-смена сандарын қысқарту, орындалатын құрылыс жұмыстарының сапасын жоғарылату мақсатында және жұмыс уақытын үнемді пайдалану үшін қол еңбегін ауыстыратын асфальт-бетон қоспаларын төсейтін кішігірім жол құрылысы техникаларын пайдалану; машиналар мен механизмдердің өнімділігін ескере отырып, оларды орындалатын жұмыстың түрлері арасында дұрыс бөлу; құрылыс машиналарына пайдаланатын отын мен қосымша материалдарды үнемді пайдалану; жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге байланысты шығындарды азайту; құрылыс техникасының кідірістерін қысқарту.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Радостовец В.В., Шмидт О.И. Теория и отраслевые особенности бухгалтерского учета. – Алматы.: Центр аудит Казахстан, 2000.

  2. Друри К. Введение в управленческий и производственный учет: Учеб. пособие для вузов / Пер с англ. Под ред. Н. Дэриашвили. – М.: Аудит, ЮНИТИ, 1998.

  3. Назарова В. Л. Бухгалтерский учет в отраслях. – Алматы: Издательство “Экономика”, 2005.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет