Орынбор және Самар генерал-губернаторы В



жүктеу 124.9 Kb.
Дата22.09.2017
өлшемі124.9 Kb.

ОРЫНБОР ЖӘНЕ САМАР ГЕНЕРАЛ-ГУБЕРНАТОРЫ В.А.ПЕРОВСКИЙДІҢ БӨКЕЙ ОРДАСЫНДАҒЫ САЯСИ-ӘКІМШІЛІК БАСТАМАЛАРЫ (1851-1856 жж.)
Тоқболат Сейілхан Тоқболатұлы

тарих ғылымдарының кандидаты


ХІХ ғасырдың қырқыншы жылының ортасында Ішкі ордада хандық билік жойылғанымен, әлі де болса дәстүрлі билік институттары өмір сүруін жалғастырды. Бүкіл орда халқы рулық бөлініс түрінде жергілікті ақсүйектер арқылы басқарылып тұрды. Ал бұл өз кезегінде қазақ жерінде қалыптасқан басқару тәртібі Ресейдің басқару жүйесімен үйлесім таппады. Бұл жағдай патша әкімшілігіне жергілікті жерде өз саясатын нәтижелі жүргізуіне қолайсыздық тудырды. Сондықтан патша әкімшілігі жергілікті басқару құрылымын қайта құруға мәжбүр болды.

Ішкі ордаға қатысты мұрағат құжаттарынан осы кезеңде патша министрліктері мен Орынбор және Астрахань әкімшіліктерінде жергілікті билік құрылымын өзгертуге бағытталған сан түрлі пікірлер мен басқару жобалары дайындалып, соны жүзеге асыру жолдарын қарастырған күрделі іс-шаралар жасалғаны аңғарылады. Ресей империясының Ішкі ордада ең алдымен әкімшілік саясатқа баса назар аударғаны белгілі. 1846 жылдан бастап билік жүйесіне реформа жасап, жергілікті элитаны өз уысына алғаннан кейін түбегейлі әкімшілік-территориялық өзгерістер енгізу Ресей үшін кезек күттірмейтін жағдай еді.

1851 жылы Орынбор және Самар губернияларының бірдей губернаторы қызметіне генерал-адьютант, граф В.А.Перовский тағайындалды. Ол қазақ даласымен жақсы таныс болғандықтан жедел түрде Ішкі орданың саяси-әкімшілік жағдайына байланысты жаңа ойларын іске асыруға кіріседі. В.А.Перовский болса, ол патшалық Ресейдің шығыстағы отарлау саясатына өзінің зор үлесін 1833-1842 жылдары Орынбор губернаторы болып қызмет атқарған уақытында қосқан еді. Орынбор басшысы Ішкі ордаға қатысты саясатты қатаң түрде жүргізуді қолдады. Оның басшылығымен Ішкі орданы басқару жөніндегі Жәңгір хан өлгеннен кейін құрылған Уақытша кеңестің қызметкерлер штаты және жергілікті басқару құрылымы өзгерістерге ұшырады. Атап көрсетсек, Уақытша кеңестің құрамындағы қазақтардың үлес салмағын кеміте бастады. 1854 жылы Уақытша кеңестің басшысы Әділ Бөкейханов қызметінен босатылды [1, 2-18 п.]. Осы уақыттан бастап оның орнына Мемлекеттік мүлік министрлігі тарапынан тағайындалған Уақытша кеңес кеңесшілері кезекпе-кезек отырды.

В.А.Перовский 1851-1857 жылдар аралығындағы губернаторлық қызметте болған уақытында Ішкі орданың әкімшілік-территориялық негізіне өзгерістер енгізуді бастап көрсетіп берді. Патша билеушілері Ішкі орданы бөлімге және бөлімшеге бөлу арқылы басқару тәсілін болыстық тәртіпке көшіруді көздеді. Әкімшілік-территориялық реформаның басталуына бірден-бір септігін тигізген 1853 жылы Уақытша кеңестің кеңесшілік қызметіне Мемлекеттік мүлік министрлігі тарапынан тағайындалған 52 жастағы полковник М.И.Иваниннің дайындаған жобасы болатын [2, 1-2 п.]. Ол қызметке тағайындалғаннан кейін бірден Ішкі орданың жағдайымен терең танысып, оған дейінгі жеті жыл жұмыс істеп келген Уақытша кеңестің қызметіне өзгерістер енгізу қажеттігіне көзі жетеді.

М.И.Иванин Орынбор губернаторына дайындаған жобасын ұсынып, онда Уақытша кеңестің қызметкерлер құрамын жаңадан құру қажет екендігін жеткізді және Мемлекеттік мүлік министрлігі тарапынан тағайындалған кеңесшіге іс қағаздармен жұмыс істеудің бар ауыртпалығы тиетінін, сонымен қатар оның не көмекшісі, не хатшысы жоқ екенін мәлімдейді. Жаңа реформаның басты мақсаттарының бірі жергілікті қазақтарды орыс губернияларындағы шаруалардың құқығымен, сұлтандарды олардың құрметті азаматтармен теңестіргісі келді. Cондай-ақ, Уақытша кеңестің басшысы Әділ Бөкейхановты өз қызмет бабын асыра қолданып, көптеген олқылық істерге жол берді деп кінәлады. Осы мекемеге ары таза емес адамдардың қабылдануы жалғасып жатқанын қоса баяндаған. Оған дәлел ретінде ол Жәңгір ханның мұрасын қадағалаушы татар молда Әбсаттар Әминов ханнан кейін қалған жеке заттарының тоналуына себепкер болғанын келтірген. Соған орай, М.И.Иванин Әділ Бөкейхановты жиналған салықтарға бақылау жасау құқығынан айыру және ханның мұрасының қамқоршылығынан аластату қажет деп тапты.

Ішкі орда сұлтандары тарапынан Уақытша кеңестің кеңесші қызметіне тағайындалған Шөке Нұралыхановты жасының егде тартқанына байланысты (1777 жылы туылған) орнынан босату арқылы оның орнына орысша сауаты бар, Орынбор кадет корпусын және басқа да губерниялық оқу орындарында білім алған жергілікті қазақтардан шыққан шенеунікті тағайындау қажет деп білді [2, 11 п.].

М.И.Иванин Ішкі орданың қазақтарынан салық жинау жүйесін бір қалыпқа келтіру, сот пен тергеу жұмыстарының нәтижелі орындалуы және сол арқылы қазақтарды патшалықтың әкімшілік басқару жүйесіне үйрету, мойындату үшін бүкіл орда жерін ірі округтерге немесе бөлімдерге бөлу қажеттігін білдірді. Округтерге бөлу арқылы көшпелі тұрмыс кешіп жүрген жергілікті халықты отырықшылыққа үйрету керек екенін, сол арқылы салық жинау, сот, тергеу тағы басқа қызметтердің жұмысын жеңілдетуге қол жеткізуге болатынын мәлімдеген [3, 1 п.].

Осындай нақты дәлелдермен жеткізілген М.И.Иваниннің ұсынысы Орынбор губернаторын бұл бағытта жедел шаралар қолдануына мәжбүрледі. Сондықтан Орынбор губернаторы жоғарғы жақтан аталған шараларды орындауға шұғыл кірісуге рұқсат сұрайды. Бірақ бұл жылдары Ресейдің шығыстағы саясаты әскери басқыншылық сипат алған еді. Дәлел келтірсек, 1853 жылы Қоқан хандығының қол астындағы Сыр бойында орналасқан Ақмешіт бекінісін патша әскері басып алды. Әрі қарай Орта Азия хандықтарының территориясын қол астына алуға бағытталған әскери қимылдар жүріп жатты. Патша билеушілері әкімшілік-территориялық өзгерістерді әрі қарай жалғастыра беруге жергілікті халықтың наразылығының ушығуынан қауіптенді. Соған сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік канцлері Ішкі ордадағы әкімшілік өзгерістерді қолайлы кезеңдер қалыптасқанға дейін кейінге қалдыруды ұсынды. Соған қарамастан 1854 жылы 27 желтоқсанда Орынбор губернаторы Ресей патшасының Мемлекеттік мүлік министрлігіне аталған шараларды орындауға рұқсат білдіретін резолюциясын ұсынды. Ресей патшасының асығыс шешім қабылдауына Орта Азиядағы иеліктерде ағылшындардың астыртын барлау жұмыстары жүріп жатқаны себеп болды. Сондықтан Ресей шығысқа бағытталған саясатын кейінге қалдырмай орындауға тырысты.

Генерал В.А.Перовскийдің Мемлекеттік мүлік министріне ұсынған баяндамасында Ішкі ордадағы қайта құру саясаты қазақтардың болашақтағы жақсы өмірі немесе өзінің өзгерістер енгізуге құштарлығынан емес, тек бұл істі кейінге қалдыру патша әкімшілігін бодан елдерге үстемдік етуде тығырыққа тіреуі мүмкін деді. Ал өзгерістер енгізу барысында болуы мүмкін халық наразылығы жайлы, ол 20 жыл бойы жергілікті халықтың жағдайын өте жақсы білетінін және істің бейбіт жағдайда шешілетініне көзі жететіндігін, сонымен қатар барлық ауырпалық пен жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізеді [4, 3 п.].

Ішкі ордадағы әкімшілік жүйеге көңілі толмайтындығын білдірген Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский 1855 жылы 12 маусымда реформалық шараларды жүзеге асыруға кіріседі. Уақытша кеңестің орыс кеңесшісі қызметін атқарып жүрген полковник М.И.Иванин Бөкей ордасын әкімшілік бөліске салмас бұрын ол округтік басқармалар ұйымдастырып, барлық істі есепке алып, атқарылатын шараларды ресми түрде жергілікті халыққа хабарлау қажет деп тапты. Содан кейін екі ай мезгіл ішінде әр отбасы қай округке жазылатынын анықтап, олардың шаңырақ мүшелері мен иелігіндегі мал санын есепке алып, жерді бөліп беруді көздеген. Тіркелмегендер отбасына жер берілмейтінін де алға тартты [2, 11 п.]. Осындай шараларды жүзеге асыру үшін орда жерін өлшеп бөлетін арнаулы мамандар жасақталды. Мысалы 1853 жылы 16 қыркүйекте Орынбор шекара комиссиясына жолдаған мәлімдемесінде полковник М.И.Иванин: «Орданы аралап шығып, ноғай руынан басқа рулар бүкіл орда жерінде шашыраңқы қоныстанған, тек рубасқарушылар ғана емес, сонымен қатар қарамағындағы старшындардың да қол астындағы шаңырақтар бір-бірінен 100, 200 және одан да алыс шақырым қашықтықта жайғасқан. Қазақтарды бақылау, қажетті істер бойынша керекті адамдарды іздестіру және олардан салық жинау үлкен қиындықтар туғызуда және осылай жалғаса берсе Орда ісін шиеленістіріп, кері жылжуына әкеп соғады», – деп пайымдады [2, 43 п.]. Сондай-ақ, М.И.Иваниннің мәлімдемесі бойынша жергілікті қазақтардан бір руға бірігіп қоныстану жөнінде сұрастыру жүргізгенде, жауап ретінде олар өздерінің қоныс тепкен жерінен еш жерге ауысуға ниеттері жоқ екенін білдірді. Сондықтан Бөкей ордасы жерін бөлу руға байланысты емес округтерге бөлу тиімді деп білді, яғни қазақтарды бұрынғы қоныстарында қалдыра отырып жер үлестеріне бөлуді ұйғарды.

Перовский мен Иваниннің мәлімдемелері негізінде жасалған шаралардағы салық жинау мәселесіне тоқталсақ, қолданысқа енген салық жинау тәртібін Уақытша кеңес өз бақылауына алып, басқарды, яғни бұл мекеме әр округ, бөлімше қанша мөлшерде салық төлеу қажеттігін белгілеп отырды. Округ басшылары мен старшындар өз мал сандарын жариялай отырып салықтан босатылды. Егер де округтен жиналған салық мөлшері белгіленген мөлшерден асып түссе, бұрынғы жылдары салық жинау кезінде жетіспей қалған мөлшерді жабатын болды. Кеңес жаңа салық жинау үлгісін іске қосқаннан бастап Каспий маңы қазақтарынан уақытында төленбеген салықты жинауды тоқтату қажет деп тапты. Бұл жұмысты талапқа сай жүргізуде Уақытша кеңес пен округ басшылары арасындағы өзара хат алмасуды ретке келтіру үшін әр округке 3 хабаршы (вестовый) жолданды және әрқайсысына айына 3 руб төлеу белгіленді. Округ басшылары 1854 жылы 21 желтоқсанда Уақытша кеңеске жіберген мәлімдемесінде округ басшылары әкімшілік шараларды жүргізуді келесі жылдың көктеміне қалдыру қажет деп тауып, оны Каспий маңын мекендейтін қазақтардың көбісі теңіз жағасында өмір сүру қамында еңбек етуде және округ ішінде ешкім көшіп-қонып жүрген жоқ деп түсіндірді.

1855 жылдың 12 тамызында Орынбор шекара комиссиясына берген мәлімдемесінде Уақытша кеңес басшысы полковник Иванин Орынбор мен Самар генерал-губернаторының 1854 жылғы 7 қыркүйектегі № 1446 бұйрығы бойынша бірінші және екінші Каспий аймағынан екі округ құрғанын жеткізеді. Каспий маңы аумағын бөлу жұмыстарының баяу жүргізілуі және көктемгі мезгілге қалдырылуының себебі, кейбір бұрынғы старшындар жаңа құрылымдық өзгерістің әсерімен өздерінің ханнан кезінде белгілі бір сомаға немесе сыйлықтарға алған қызмет орындарынан айрылып қалам деп қауіптеніп, соған орай хан белгілеген бұрынғы қалпында қала беруді жақтап, өздерінің ниеттерін басшылыққа жеткізуді тиісті адамдарға білдірді. Бұлай соза беруден ештеңе шықпайтынын білген бірінші округтің басшысы, сұлтан Құшақғали Шығаев халық арасындағы ең басты арандатушылардың бірін тәулік бойына қамауға алу арқылы басқаларға әсер етуге кірісті. Содан кейін-ақ округ басшыларына қазақтар арасынан старшындарды сайлауға сыйлы, беделді адамдар келе бастады [5, 63 п.].

Ішкі ордада жерді үлестіру барысы шаңырақтың қанша мал иеленетініне қарай жүрді. Жайылымды бұлай бөлудің себебі, халықтың көбі салықтан жалтару үшін қол астындағы мал санын азайтып көрсетіп аз ақша төлейтін еді. Соның салдарынан де салық мөлшері белгіленген жоспарына жетпей қалатын. Осындай жағдайды ескере отырып Уақытша кеңес отбасыларға жер көлемін мал санына қарай үлестіруге кірісті.

Округтерді құру, жерлерді бөлу, белгілеу үшін бұл қызметке тағайындалған округ басшыларының қол астында ханның құжатымен белгіленген көлемді жерлері болмауы қажет еді. Сондықтан Уақытша кеңестің 1853 жылдың 14 ақпанында Каспий маңы округтерін басқаруға Құшақғали Шығаев пен Мұхамедғали Қасымовты таңдауы бекер емес еді [6, 16 п.]. Аталған сұлтандар Каспий маңындағы жерлерді бөлуді ретке келтіріп болғаннан кейін Уақытша кеңес оларды орданың қалған бөлігін әкімшілік бөлулерге пайдалануды көздеді. Оған Иваниннің Орынбор генерал-губернаторына берген ұсынысындағы: «Султана Касымова следует назначить управляющим Ногаевским или другим родом, из которого предполагается образовать новый округ, а на место его во 2 - прикаспийском округе назначить переводчика Хорунжего Бекмухамедова, которому ныне для наблюдения временно вверено управление Ногаевым», – деп жазғаны дәлел болады [7, 1-10 п.]. Жерді үлестіру барысында әр рудың беделді адамдары Каспий маңы округтерінің ішіндегі жергілікті халықтан шыққан сенімді өкіл арқылы Уақытша кеңеске хат жолдап, өздеріннің мұқтаждарын білдірді. Олардың жазған өтініштерінде халықтан зекет пен соғым алу және Каспий маңындағы жер иеленуші орыс шонжарларының жерлерінде мал жаюға алынатын ақы, хабаршыларға ақы ретінде жиналатын алым, сонымен қатар хабаршыларға, старшындарға, салық жинаушыларға, депутатутарға, ру басқарушыларға көлік түрінде малды пайдалануға беру әрекеттері тұрғындарды күйзеліске ұшыратқаны айтылған.

1855 жылдын 5 наурызында Уақытша кеңестің № 881 бұйрығы бойынша жергілікті тұрғындардан мал санына қарай түйе мен жылқыдан 28 коп., ірі қарадан 14 коп., қой мен ешкіден 4 коп. салық жинау қажет деп тауып, бекітті. Сондай-ақ, 1855 жылы 29 сәуірдегі Орынбор-Самар генерал-губернаторының бұйрығы бойынша жалпы округтегі 10 хабаршы мен корреспонденция тасушыға (почта) төленуге тиісті 660 руб. орнына 900 руб., яғни әр хабаршыға 84 руб. және корреспонденция тасушыға 60 руб. төленетін болды. Бұрын атап көрсетілгендей, хабаршы мен корреспенденция тасушыларға төленетін ақы да жергілікті тұрғындардан өндіріліп алынды. Олардың қатынас көлігі де қара халықтың мойынына жүктелді.

Салық мәселесін жүйеге келтіру Орынбор әкімшілігінің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі болып қалды. Уақытша кеңес басшылығына келген Иванин, Ващенко, Герн, Плотников сияқты шенеуніктердің көздеген нысанасы – Ішкі орданы әкімшілік-территориялық өзгерістер арқылы жалпы империяның басқару кеңістігіндегі жүйемен сәйкестендіріп, біріктіріп, жергілікті шаруашылық істі барынша оңтайластыруға қол жеткізуге тырысты. Оның ішінде әрине салық жүйесі ерекше маңызды мәселелердің бірі болды. Өйткені метрополия Ішкі ордаға мал басына салатын салықтан пайда көрді.

Уақытша кеңестің басшылық қызметін арқарған орыс шенеуніктері шын мәнінде алдымен Орда жерін аралап шығып, жергілікті тұрғын халықтың санын біліп, оларда қанша мал барын түгел санап, есебін алуды көздеді. Соған орай, алдын ала шаралар жасау үшін жергілікті жер иеленушілермен келісімдер жүргізді. Мәселен, Уақытша кеңес басшысы, полковник К.И.Герн 1859 жылы Ішкі орданы іс сапармен аралау уақытында ордалықтардың жергілікті беделді топ өкілдерімен сөйлесіп, ақсүйектердің мал санағын жүргізу ісіне жәрдемдесуге даяр екендіктерін тиісті орындарға жеткізді. Сол беделді топ әр шаңырақ иелерінің есімі мен олардың иелігіндегі мал саны жөніндегі тізімді ұсынып та үлгірді. К.И.Герн әлгіндей жолдармен жинақталған мәліметтерге сүйеніп, жергілікті тұрғындар иелігіндегі төрт түлік мал санының тізімін дайындап, 1860 жылғы 29 қазандағы рапортында Уақытша кеңес атынан Орынбор генерал-губернаторы А.А.Катенинге ұсынады [8, 22 п.]. Патша шенеуніктерінің Ішкі ордадағы әкімшілік шараларды жүзеге асыру барысындағы ең алғашқы тәжірибе ретінде қолға алған жұмысы – Каспий маңы қазақтары мекендеген аумақты территориялық жағынан екі ірі округке бөліп, әкімшілік жағынан бір жүйеге келтіру ісі толық жүзеге асты. Бірақ, реформа жасау барысында жергілікті халықтың наразылық білдіргенін көре аламыз.

Каспий маңын екі ірі округке бөлу, оның ішінде бөлімшелерге бөлу халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі көшпелі тұрмысына сәйкес келмейтін, өйткені бөлу нәтижесінде әр шаңырақ белгілі бір бөлімшеге тіркеліп, сол жерден басқа қалаған жеріне қоныстану мүмкіндігінен айрылды, сондай-ақ, басқа жерге қоныс аудару үшін жергілікті биліктен, яғни бірінші өзі тәуелді старшыннан, содан кейін старшын округ басшысынан, сосын округ басшысы Уақытша кеңестің түпкілікті шешімі арқылы рұқсатқа қол жеткізіп отырды.

Бюрократиялық жүйені енгізу көшпелі тұрмысқа жат көрініс болып табылды. Бұл жалпы қарапайым бұқараның қарсылық білдіруіне себеп болған бірден-бір жағдай еді. Сонымен қатар, бұл ордада жергілікті ірі жер иеленушілердің наразылық білдіруіне өздерінің себептері болды. Жәңгірдің кезінде үлкен жер телімдерін сыйға немесе сатып алған сұлтандар, қожалар, тархандар үшін әкімшілік-территориялық өзгерістер жақсы нәтижелер әкелмеді. Өйткені жер бөлу барысында Уақытша кеңес басшылығы ірі байлар иелігіндегі жерлерді халық арасында тең болуге тырысты. Бар байлығынан айырлығысы келмейтін ірі жер иеленушілер қара халықты пайдалана отырып қарсылық тудырды. Сондай-ақ, Иванин қазақтарды тұрған мекенінде қалдырып, олардың арасындағы жерлерді тек қол астындағы мал басына қарай бөліп беру және ешқайсысын әлеуметтік жігіне қарамай салықтан босатпау қажет деп тапты.

Уақытша кеңес басшысы хандық кезіндегі үлкен жеңілдіктерге ие сұлтандар, қожалар, тархандар, билер, молдаларды да қарапайым халықпен тең жағдайда салық төлеуге мәжбүрлеу міндетін ұсынды. Бұл шараларды іске асыру үшін Орынбор әкімшілігі жергілікті беделді қазақтарға сүйенуі қажет еді. Патшалық әкімшілік ондай адамдар ретінде Неплюев кадет корпусының жергілікті халық арасындағы алғашқы буыны –сұлтандар Құшақғали Шығаев пен Мұхамедғали Қасымовты барынша пайдалануға тырысты. Сұлтан Құшақғали Шығаев патша әкімшілігінің тапсырмаларын орындауда жергілікті халыққа жәбір көрсеткенін мұрағаттық дерек құжаттарынан көптеп кездестіруге болады.

Қазақ халқының санасында еркіндікті аңсау, қалаған жеріне еш кедергісіз жету және ең басты байлығы – малды жаю үшін қажетті жайылымдық жерлерде еркін өмір сүру ниеті тұрды. Каспий маңына территориялық- әкімшілік реформалар жасау жоспарында бұл аумақты екі ірі округке бөліп, әр округтің басына беделді сұлтандарды орналастырып, округтерді бөлімдерге, ал, бөлімдерді бөлімшелерге бөлу көзделген еді. Әр бөлімнің басына жергілікті беделді қазақтардан старшындық қызметке сайлау көзделді. Бөлімдердің старшындық қызметіне сайлау мынадай тәртіппен өтті: бір бөлімдегі әрбір 15-20 отбасының арасынан бір беделді адамды сайлау қажет болды. Старшындыққа үміткерлерге халық өз дауыстарын береді, егер бірде-бір үміткер 30 пайыздан астам дауыс жинай алмаса, онда старшынды Уақытша кеңестің басшысы өзі тағайындайтын болды [2, 12 п.].

Әкімшілік-бюрократиялық қызметтің ең төменгі сатысы – старшындық қызметке хандық кезіндегідей тағайындаулық әдіспен емес, енді халықтық сайлау арқылы жететін болды. Ал ірі округтердің басшылығына алдағы уақытта орыстанған, патшалыққа қызмет ететін, Ресейдің оқу орындарында білім алған қазақ шенеуніктерін Орынбор әкімшілігі Уақытша кеңестің ұсынысымен тағайындады. Халықты көшпелі тұрмысынан айырған бұл әкімшілік-территориялық реформа салық жинау тәртібін де ретке келтірді.

Патша әкімшілігінің Ішкі орданың тұрғын халқына осылай іс-шараларды батыл қолданып, жаңа реформаны жасап, сонда көрсетілген талаптарды бірден жүзеге асыруға құлшына кірісуіне біздіңше, қазақ халқының бытыраңқы тұрмысы себеп болған деп ой қорытуға болады. Ресей империясы бодан елдерді аяусыз қанаудың осы тәсілін Ішкі орда халқына жасап, тәжірибеден өткізуді мақсат тұтты және өзге бодан елдерге де сондай тәртіп орнатылатынын олардың естеріне салып, соған көнуге бейімдеу еді. Еркін тұрмыс-тірлікке үйренген қазақ халқы мына аяусыз езгіге амалсыз мойын ұсынып, көнді. Өйткені жергілікті тұрғындар патша заңы бойынша жазалаудан және әскери күш қолданудан қорықты.

Қорыта айтқанда, Орынбор әкімшілігі билігіне қайта тағайындалған генерал-адъютант В.А.Перовский өзін империялық саясатты орындауда бар күш-жігерін жұмсауға тырысатынын көрсетті. Генерал В.А.Перовскийдің бастамасымен Бөкей ордасында бірнеше жылдан бері тұрақтап қалған саяси-әкімшілік шаралар жедел іске асырыла бастады. Сонымен қатар оның патша әкімшілігінде бірнеше жыл күн тәртібінен түспеген хандық билікті қайта келтіру мәселесін түпкілікті тоқтатып, оның орындалуына қарсылығын анық көрсетті. Сондай-ақ ол жергілікті басқару орны – Уақытша кеңестің қызметін жолға қойып үлгірді. Бөкей ордасын алдағы уақытта тек орыс шенеуніктері басқаратынын және патшалық саясаттың жүзеге асырылатынын көрсетіп берді. В.А. Перовский билігі тұсында Бөкей ордасының ішкі басқару тәртібі толық патша әкімшілігі құзырына өтті.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. РФ ОрОММ. 6-қор, 10-тізбе, 6708-іс.

  2. ҚР ОММ. 4-қор, 1-тізбе, 5607-іс.

  3. ҚР ОММ. 78-қор, 2-тізбе, 4715-іс.

  4. ҚР ОММ. 4-қор, 1-тізбе, 3689-іс.

  5. ҚР ОММ. 4-қор, 1-тізбе, 5431-іс.

  6. ҚР ОММ. 78-қор, 2-тізбе, 1075-іс.

  7. ҚР ОММ. 78-қор, 3-тізбе, 94-іс.

  8. ҚР ОММ. 4-қор, 1-тізбе, 6087-іс.




Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет