Ормандай көрермені бар орыс театры



жүктеу 43.04 Kb.
Дата12.11.2017
өлшемі43.04 Kb.
түріҚұрамы

Ормандай көрермені бар орыс театры
К.Станиславский атындағы орыс драма театрының құрылға­нына 80 жыл толғалы отыр. Театр тарихы тереңде. Алғаш рет Се­мейдің көркемөнерпаздар үгіт бригадасының жанынан жыл­жы­­малы театр ашылып, үгіт және көпшілік мәдени насихат жұ­мыстарын жүргізеді. 1932 жылы Турксиб үгіт поезының құрамын­дағы жылжымалы театр болып қайта құрылады. Театрдың тұң­ғыш директоры әрі көркемдік жетекшісі, ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері В.Портнов болды. Драматург ол сахналық қойы­лымдарды өзі жазып қоймай, артистерді дайындап, сахналық көріністер көрсетіп отырған. Олар үш вагонмен ел аралап өнер көрсеткен. Үш вагонның бірінде ак­терлер тұрса, қалған екеуі реквизиторлар сақтайтын және әртістер дайындалатын орын болған. Труппа әуелі кеңес драматургтарының пьесаларын қойып, кейін орыс және батыс еуропа классиктерінің спектакльдерін дайындай бас­тайды. 1935 жылы жылжымалы театр Қостанайға орын ауыстыр­ғанда, оның репертуарында В.Шекс­пирдің, А.Островскийдің, А.Финогеновтың және басқа да автор­лардың пьесалары болған.

1936 жылы өнер ұжымы Қа­рағанды облыстық орыс драма театры атағына ие болып, Балқаштан орын тебеді. 1937 жылы В.Портнов театрдың дирек­торлығында қалып, көркемдік же­­текші қызметін Ленинградтан ауысып келген К.Раушқа ұсынады. К.Рауштың келуімен ұжымның кә­сіби деңгейі көтеріліп, репертуар құрамы атақты драматургтердің еңбегімен толыға түсті.

1940 жылы ұжым Қарағандыға келіп тұрақтады. Труппа өзінің бірінші мерейтойын «Гамлет» қойы­лымымен атап өтті. Ұлы Отан со­ғысының алғашқы күндерінде театрдың 20 қызметкері өз еркі­мен соғысқа аттанды. Театрда кон­церттік бригада жасақталып, Прибалтикалық майдан әскерле­рінің алдында өнерлерін көрсетті. Қарағандыға Мәскеу мен Киевтен театрлар көшірілді, ал қара­ғандылық ұжым 1951 жылы Кен­шілердің мәдениет сарайының құ­рылысы аяқталғанша, Балқаш қала­сына ауыстырылды. Ұжым бұрынғыдай «жылжымалы жағ­дайда» өнер көрсетті. 1962 жылы театр Бейбітшілік гүлза­ры бойында ашылған жаңа ғи­маратта қоныстойын тойлады. 1963 жылы ҚазССР Министр­лер Кеңесінің қаулысымен театрға шығармашылық қызметтегі жетіс­тіктері үшін К.Станиславскийдің есімі беріледі. 1960-1970 жылдары ұжымның шығармашылық қызметін режиссерлер Қазақ КСРО еңбек сіңірген артисі А.Подобед, Г.Жезмер, Қазақстанның халық артисі Р.Андриасян, М. Зильбермандар басқарды. Осы кезеңдерде театр бірнеше мәрте республикалық конкурстардың лауреаты атанды. Осы жылдары театр Алматы, Омбы, Полтава, Фрунзе, Новосибирск, Павлодар, Иркутск және т.б. қалаларда гастрольдік сапарда болды.

Театрдың 1979 жылғы Москва­дағы гастролі ерекше жетістікке толы болды. Онда театрдың таңдаулы спектакльдері көрсетілді, көбісі бас режиссер ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері Н.Во­ложанинның қойылымына жоға­ры баға берді. Көрермендердің жылы ықыласына бөленген спек­такльдерді атақты драматургтар В. Розов, А. Арбузов, В. Тендряков тамашалап, өздерінің авторлық пьесалары бойынша қо­йылған спектакльдерге жоғары сипаттама берді.

1981 жылы театр «Халықтар достығы» орденімен марапаттал­ды. 1986 жылдан 2006 жылға дейін театрдың бас режиссері болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Оганесян істейді. 2010 жылдан бастап театрдың шығар­машылық жетекшісі А.Алтынбеков болады. Театрдың басты байлығы әр уақытта дарынды артистер. Әр жылдары Қарағанды сахнасын­да Қазақстанның халық артистері В.Караваев, А.Демидова, В.Кор­ниен­ко, В.Борисов, респуб­лика­ның еңбек сіңірген артистері К.Рауш, З.Горева, Г.Подзолкин, Н.Белкин, И.Калачанов, И.Кошелев, Т.Зеленин, Т.Давыдова, В.Макуш, Д.Белов, Л. Спасский, А.Зимарева, Ресей Федерациясының халық ар­тисі А.Булдаков, Ресейдің еңбек сіңірген артисі Н.Микрюкова ең­бек етті. Театрдың бүгінгі мақта­ныш­­тары республиканың еңбек сіңір­ген артистері А.Григоров пен Н.Штоколова, жетекші артистер Т.Фе­доренко, И.Немцев, А.Ко­че­мас­кин, Л.Пекушева, И.Немцева, В.Злобин, Г.Турчина. Театр тарихында Қазақстанның халық артисі В.Борисов өшпес із қалдырды. Ол театрды 1961 жылдан 1997 жылға дейін ұзақ жыл басқарып, оның да­мып жетілуіне зор үлес қосқан қайраткер. Ал 1997 жылдан 2005 жылға дейін театрдың көркемдік же­текшісі әрі директоры болып Г.Оганесян қызмет атқарады. Одан кейінгі театрдың директоры – С.Юн. Театрда көптеген талантты суретшілер еңбек етті. Олар ҚазССР еңбек сіңірген артистері Н.Белкин, А. Алмазов, Д.Крейн, А.Щербина, В.Вильчинский, Ю.Назаров, П.То­миловский, О.Писаренко. Бүгінгі күн­­дері театрдың бас суретшісі – И.Реченский. Соңғы жылдары театрда Қазақстан мен Ресейдің белгілі режиссерлері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ә.Оразбеков пен И.Гонопольский, РФ еңбек сіңірген қайраткері Д.Горник және т.б. тығыз шығармашылық қарым-қатынаста. Театр ұжымы үш рет «Театр балалар әлемінде» атты аймақтық фестивалінің «Гран-при» иегері. Қазақстанның еңбек сіңір­ген артисі А.Григоров, артистер А.Кочемаскин, Г.Турчина, И.Немцев, суретші И.Реченский Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаттары. Ұжым 2008 жылы Ресейдің Омбы қаласында гастрольдік сапарда болып қайтты.

2010 жылы республикалық театр­лар фестивалінде аталмыш театр А.Дударевтің «Не покидай меня...» атты спектаклін сәтті қойып шығып, жүлделі орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.

2011 жылдың наурыз айында К.Станиславский атындағы орыс драма театрының директорлығына тұңғыш рет өнер жанашыры, «Мә­дениет қайраткері» Жомарт Жақыпұлы Әбіл­таев атты қазақ азаматы келді. Жомарт Жақыпұлы Москвадағы М.Щепкин атын­дағы (жоғары білім беретін) театр училищесін қызыл дипломға бітірген. Жомарт актерлер әуле­тінен шыққан. Әкесі Жақып Әбіл­таев ҚазССР еңбек сіңірген артисі, режиссер. Талдықорған және Нар­тай Бекежанов атындағы қа­зақ драма театрын құрған. Ана­сы артист. Жомарт бұған дейін С.Қожамқұлов атындағы Жез­қазған қазақ драма театрында актер, директордың орынбасары, директоры қызметін атқарған. Одан кейін Жезқазған облыстық мә­дениет басқармасының бас­тығы болады. Жезқазған облысы жабылған соң 2001 жылы Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рымбала Омарбекованың шақыруымен басқарма бастығының орынбасары қыз­метіне ауысады.
Елбасының «Қазақстанда өзге тілді театрлар қазақстандық ав­тор­лардың шығармасын аз қояды» деген сөзі өнерге жанашыр жандардың жадында болса керек. Алғаш рет аталмыш орыс театрында белгілі драматург Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» қойылымы қойылмақ. Бұл қойы­лым ҚР Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына тарту етіп ұсыны­лады.
Биылғы жылдың қыркүйек айында өнер ұжымы Алматыға барып бір апта бойы өнер көр­сетіп, көрерменнің қошеме­тіне бөленіп келді. Жұрт Г.Тур­­чина, И.Немцев,Л.Васил­ченко,А.Ко­чемаскин,А.Петрович­тің өне­ріне шексіз риза болған.

Қай кезеңде болса да театр ел мен халықпен бірге өмір сүруде. Бүгінде сексен жыл­ға толып отырған театрдың шығар­машылық өмірі ізденіс пен жар­қын бастамаға толы болсын деп ті­лейміз.


Жұлдыз ТОЙБЕК.

Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 желтоқсан (№ 204/205). - 7 б.
Каталог: irbis64r 01 -> Kraeved
Kraeved -> Балажан ақын
Kraeved -> Ќарќаралы – арќадаєы Гїлстан
Kraeved -> КөКБӨрі керней серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Kraeved -> Халық артисі Досжан Жанботаев өмірінің үзік сырлары
Kraeved -> Аталып өтілетін даталар
Kraeved -> Қарағанды қаласы және оның тарихы қылқалам шеберлерінің на-зарынан сырт қалған емес
Kraeved -> Қазыналы құтты өлке Қарағанды облысының құрылғанына – 70 жыл
Kraeved -> Сәпен сағынышын, Сырбай сырын ақтарған той
Kraeved -> Қарағанды облыс орталығЫ


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет