«Орталық Қазақстан»



жүктеу 116.96 Kb.
Дата28.04.2019
өлшемі116.96 Kb.


2011. 2 тамыз

Ел тәуелсіздігінің тарихи құжаттары

Қазақ мемлекеттілігі бүгінгі Тәуелсіздікке кейбіреулер ойлағандай КСРО-ның күйреуінің нәтижесінде ғана жеткен жоқ. Оның тамыры тереңде жатыр. Өйткені, тәуелсіздік үшін күрес кеше ғана басталып, бүгін аяқталған жоқ. Бүгінгі Қазақстан аумағын ежелгі замандардан бері мекендеген тайпалар мен ұлыстардың кезінен бастап-ақ ұлан дала үшін, оның кеңістігі мен әрбір сүйем жері үшін қан төгіп, жан алысқан күрестер болды. Біздің бүгінге дейінгі тарихымыз Еуразия төрінен ойып тұрып орын алған жеріміз үшін, еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін ұлт-азаттық күрестерге толы болатын.

Қазақ халқы қазіргі аумағына басқа жақтан ауып немесе басқыншылық жолмен келген жоқ. Олар ғасырлар бойы осы жерді мекендеген тайпалар мен халықтардан қалыптасты және олардың қалыптасу тарихы мейлінше терең және күрделі. Біздің халқымыз тарихтың сан қилы соқпақтарының қиын да жанкешті және жеңісті де жемісті жолын кешті. Бұл жол негізінен бүгінгі тәуелсіздігімізді және бүкіл әлем мойындаған мемлекетімізді құру жолындағы күреспен өтті.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ғана Қазақ Кеңестік Социалистік Республика­сы дербес, егеменді мемлекетке айналды. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі жа­рияланған сәттен бастап мемлекеттіліктің негізгі нышандарының қалыптасу барысы жүрді. XX ғасырдың 90-жылдарының басында Еуразия құрлығының ұланбайтақ аумағында социалистік деп аталған бір мемлекеттік-құқықтық жүйе сапалы әрі мазмұнды өзге бір мемлекеттік-құқықтық жүйемен ауысты. Бұл Кеңес Одағы ыдыраған соң және бұрынғы одақтас республикалардың негізінде дербес егеменді мемлекеттер құрылғаннан кейін жүзеге асты. Бірнеше жылдың ішінде тарихта өте сирек кездесетін екі оқиға орын алды. Біріншісі – құдіретті, астам держава деп есептеліп келген одақтас мемлекет бір сәтте құлады. Екіншісі – бір федеративтік мемлекеттің орнында 15 дербес мемлекет құрылды. Соған сәйкес ескіні ысырып, оның орнына жаңа тұрпатты мемлекет пен жаңа құқықтық жүйені жасақтаудың объективті қажеттігі пайда болды.

Бұрынғы социалистік жүйедегі республиканы жаңа тәуелсіз мемлекетке алмастыру 1990 жылдың 25 қазанынан басталып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында аяқталды. Қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіздігі КСРО-дай алып империяның күйреуінің салдарынан қалыптасқанымен, оның саяси-құқықтық негізін басты үш құжат, атап айтқанда: 1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация», 1991 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» Қазақ КСР-інің заңы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң құрады. Аталған құжаттар ішінде «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» тәуелсіздік жолындағы бірінші конституциялық акт болып табылады.

Қазақ КСР-інің 1991 жылғы 10 желтоқсандағы заңымен Қазақстан Республикасы болып қайта аталуына байланысты аталған құжат «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деген жаңа атауға ие болды. Қазіргі кезде Декларацияны бағалауда екі ұста­ным орын алып отыр. Біреулер: ол Қа­зақстанның мемлекеттік құрылысына қан­дай да болсын елеулі өзгерістер енгізген жоқ, сондықтан тәуелсіз және социалистік емес мемлекет идеялары баяндалған акт болып есептеле алмайды деп пайым­дайды. Екінші біреулері Декларация тәуелсіздікті және мемлекет дамуының социалистік емес жолының бастауын қалады. Құжатта социалистік федеративтік мемлекеттің принципін, ұйымдастырылу тәртібі мен қызметін теріске шығарған ережелер баяндалған және ол бұрын орын алмаған тың жаңалықтарды ұсынды деп есептейді.

Жоғарыда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің орнығуы­ның және қалыптасуының негізін жоғарыда аталған үш тарихи құжаттың құағандығын көруге болады. Сондықтан да еліміздің тәуелсіздік тарихын жазуда және оқытуда осы аталған тарихи құжаттарға айрықша маңыз беру керек.

Декларация Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігін ресми түрде жариялады. Қазақ КСР-і 1978 жылғы республика Конституциясы бойынша заң жүзінде егеменді мемлекет болды, алайда Қазақ КСР-інің егемендік құқықтары Кеңес Одағының егемендігімен шектелді. Сол кездегі Конституцияның 73-бабында «КСРО заңдарын Қазақ КСР-інің аумағында орындау міндетті» деп атап көрсетілген. Ал Декларация бойынша «Қазақ КСР-і өз аумағында республиканың егеменді құқықтары мен Конституциясын бұзатын Одақтың заңда­ры мен оның жоғары органдарының басқа да актілерінің қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады. Қазіргі шекарасында Қазақ КСР-інің аумағы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды» делінген болатын. Мұның өзі Қазақ КСР-інің аумағында, оның өз еркімен Одаққа берген мәселелерін қоспағанда, Қазақ КСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі орнатылды дегенді білдірген еді. Басқаша айтқанда, Декларация Қазақстанның дербес конституциялық заңнамасына негіз қалады.

Қазақ КСР-інің мемлекеттік өкімет органдары Декларация қабылданғанға дейін КСРО мемлекеттік өкімет органдарының құрамдас бөлігі болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінен бастап селолық, ауылдық кеңестерге дейінгі кеңестердің барлық буындары мемлекеттік өкіметтің бірыңғай жүйесін құрады. Кеңестер жүйесіне кірмейтін мемлекеттік органдардың дербес ұйымы туралы айтылмады. Декларацияда «Қазақ КСР-і республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкімшілік-аумақтық құрылымына байланысты барлық мәселелерді дербес шешеді, мемлекеттік өкімет пен басқару органдарының құрылымы мен құзыретін айқындайды» деп жазылды. Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясында мемлекеттік өкіметтің бірлігі принципі орнықтырылған болатын. Бүкіл мемлекеттік билік Қазақ КСР-інің саяси негізін құрайтын халық депутаттары кеңестері арқылы жүзеге асырылды. Барлық басқа мемлекеттік органдар кеңестердің бақылауында және оған есеп беріп тұрды. Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік өкімет билігін бөлу туралы әңгіме де болған жоқ. Ал Декларацияда болса: «республикада мемлекеттік өкімет билігі оны заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асырылады» деп жазылды.

Егемендік туралы декларацияға дейін Қазақ КСР-інің меншікті ішкі әскері болмады. Республиканың мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдары Одақтың тиісті органдарының бөлігі болды және республиканың жоғары мемлекеттік органдарына бағынбады. Ал мұның өзі республиканың егемендігі жоқ екенінің елеулі көрсеткіштерінің бірі еді. Ал Егемендік туралы декларацияда Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі мен Қазақ КСР-і Президентіне бағынатын және солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-і толық құқықты деп ерекше атап көрсетілді.

Декларацияның келтірілген ережелері оның Қазақстанда социалистік мемлекеттік машинаны ығыстыруға, демократиялық құқықтық мемлекет құруға және одақтық мемлекеттегі өзінің мәртебесін түбегейлі өзгертуге негіз қалағаны туралы қорытынды жасау үшін жеткілікті негіздеме береді. Осылайша «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» қабылдануы дербес, егемен Қазақстан мемлекетін құрудың негізін қалады. Ол Қазақстан Республикасының дербес конституциялық заңдарының алғашқы конституциялық құжаты ретінде тарихқа енді.

1991 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» Қазақ КСР-інің Заңы қабылданды. Бұл заңды Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың көп ұлтты халқының өзінөзі билеу қағидаттарына, адам құқығы мен бостандықтарының мызғымастығына, қоғамның саяси, эконо­микалық және идеологиялық жағынан сан-алуандығына негізделген демократиялық, тәуелсіз, бейбітшіліксүйгіш, құқықық мемлекет құруға ұмтылысын басшылыққа ала отырып қабылдады. Осы заң негізінде Қазақ КСР Конституциясы мен Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға, Қазақ КСР-інің басқа да заңдарына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған заң конституциялық деп аталмағанымен, іс жүзінде осы мазмұнға сай еді. Өйткені, 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясында «конституциялық заң» деген ұғым мүлде жоқ болатын. Бұл заң социалистік мемлекетті тарату үшін құқықтық негізді қорытындылады. Заң мемлекеттің мәнін таптық ұстаным тұрғысынан емес, өркениеттік тұрғыдан бағалады. Қазақстан халқы жұмысшы табына, шаруаларға және зиялы қауымға бөлінбеді, ал «Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы социалистік жалпыхалықтық мемлекет ретінде» (Қазақ КСР Конституциясының 1-бабы) солардың еркі мен мүдделерін білдірді. Жаңа заң таптар мен әлеуметтік жіктерді атап көрсетпей, бүкіл халықтың атынан қабылданды.

Жаңа заңда халықтың «өзін-өзі билеу, адам құқықтары мен бостандықтарының мызғымайтындығына, қоғамның саяси және идеологиялық алуан түрлілігіне негізделген демократиялық, тәуелсіз, бейбітшіл, құқықтық мемлекет құруға» ұмтылысын басшылыққа алатындығы ерекше атап көрсетілді. Заңнан келтірілген үзіндіде «социалистік» мемлекет тетігін жою қажеттігі туралы идеялар ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің ұйымдас­ты­ры­луы, қызметі және оның міндеттері принципін түбірімен өзгерту идеялары да ба­ян­далған. Мұнда бұрынғы Қазақ КСР-і демократиялық және құқықтық емес әрі тәуелді мемлекет екендігі жанама түрде мойындалады. Заң Қазақ КСР-ін Қазақ­стан Республикасы деп қайта атады. Ол тиісті өзгерістер енгізу, атап айтқанда, «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға» өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетті. 1991 жылғы 10 жел­тоқсандағы заң қабылданған сәттен бастап, құжат «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деп аталды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабыл­даған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң тарихи құжат болды. Заң КСРО-ның құлауына байланысты қабылданды және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Заңның кіріспесінде Қазақстан мемлекеті басшылыққа алуға тиіс Қазақстан мемлекетінің құқықтық принциптері баяндалды. Оларға Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясында, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған өзге де нормаларында баянды етілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының, қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқығының басымдығын мойындау, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру, бейбітшіл сыртқы саясатты жүзеге асыру, ядролық қаруды таратпау принципі мен қарусыздану принципіне адалдығын мойындау жатады.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституция­лық заң бойынша Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқық­тық мемлекет деп танылды. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Конституциялық заңға сәйкес өз аумағында бүкіл өкімет билігін толық иеленеді, ішкі және сыртқы саясатты дербес белгілеп, жүргізеді. Демократиялық және құқықтық мемлекетті құру стратегиялық мақсат бо­лып табылады. Конституциялық заңда мемлекеттік тәуелсіздіктің маңызды прин­ципі орнықтырылды. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оның Конституциясы мен заңдары қолданылады. Конституциялық заңның мұндай ережесі Кеңес Одағының құлауы­мен және оның Конституциясы мен заңдарының Қазақстан аумағында қолданылуын тоқтатуымен түсіндірілді.

Қазақстан Республикасы мойындаған халықаралық құқық нормалары консти­ту­циялық заң бойынша қалыптасатын ұлт­тық құқықтық жүйенің бастау көзі болып табылады. Қазақстанның әлемдік қоғам­дас­тыққа кіруі үшін бұл ереженің зор ма­ңызы бар. Конституциялық заң мемлекеттік егемендіктің басқа бір маңызды принципін де орнықтырды. Қазақстан Рес­пуб­ли­касының аумағы қазіргі шека­ра­ларында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын аумақ деп жарияланды. Мем­лекеттің басқа мемлекеттермен өзара қатынасының негізгі принциптері оның тәу­елсіздігінің елеулі белгісі болып табылады.

Конституциялық заңда Қазақстан Рес­публикасы өзінің барлық басқа мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құ­қық принциптері бойынша құрады деп жазылды. Өзінің мемлекеттік тәуел­сіз­ді­гін басқа мемлекеттердің тануы үшін Қа­зақстан Республикасының ашық екені жа­рияланды. Мемлекеттік егемендіктің атал­мыш принциптері тәуелсіз Қазақстан қыз­­метінің негізіне алынды және алғаш­қы күннен бастап жүзеге асырыла бастады.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституци­я­лық заңның бірқатар ережелері Қазақстан Республикасының халқы мен азаматта­ры­ның мәртебесіне арналды. Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген барлық ұлттар азаматтарының жиынтығы болып табылатын Қазақстан халқының ан­ықтамасы келтірілді. Атап айтқанда, бұл заңда «Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақ­станның біртұтас халқын құрайды, бұл халық Қазақстан Республикасындағы еге­мен­діктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады, Қазақстан Республикасының Конститу­ция­сы мен заңдары негізінде тікелей де, сондай-ақ өзі сайлайтын мемлекеттік органдар арқылы да мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыратындығы» жазылды.

Заң Қазақстан халқын таптарға бөл­мейді, қайта оны әлеуметтік тұрғыдан бі­р­ыңғай, тұтас құбылыс ретінде қарайды. Конституциялық заң мемлекеттік егемен­дік­тің маңызды элементін – өз азаматты­ғы­ның болуын баянды етті. Республика­ның барлық азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік жә­не мүліктік жағдайына, шұғылданатын қыз­метіне, тұрғылықты орнына қарамас­тан бірдей құқықтарды иеленіп, бірдей міндеткерлікте болатыны мойындалды. Азаматтық тең құқылыққа қол сұғушы­лық­тың заң бойынша жазаланатыны ерек­ше атап көрсетілді.

Қазақстанның аумағын патшалық самодержавие кезеңінде де, кеңестік уа­қытта да көптеген қазақтар тастап кетуге мәжбүр болды, олар қазір басқа мемлекеттерде тұрып жатыр. Конституциялық заң олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын мойындады. Конституциялық заң Қазақстан Респуб­ли­ка­сының аумағында тұратын шетелдік азаматтарға және азаматтығы жоқ адам­дарға қатысты да көзқарасын білдірді. Олар Конституцияда белгіленген құқық­тар мен бостандықтарды пайдаланады, міндеткерлікте болады, заңдар мен мем­лекетаралық шарттарды (мемлекет өзі алып тастағаннан басқасын) қолдана ала­ды. Конституциялық заң қазақ ұлтының және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар өк­ілдерінің мәдениетін, салт-дәстүрін жә­не тілін қайта өркендетіп, дамыту, ұлттық қадір-қасиетін нығайту мемлекеттің міндеті болып табылатынын мойындады.

«Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конс­титуциялық заңда мемлекеттік билік органдары туралы бірқатар жаңа құқық­тық нормалар баяндалды. Декларация­ның мемлекеттік егемендік, мемлекеттік билік туралы ережелерін жаңғырта оты­рып, Конституциялық заң, Декларацияда көрсе­тілгеніндей, тек Жоғарғы Кеңестің ғана емес, сонымен бірге, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Президентінің де халық аты­нан сөй­леу құқығын баянды етті. Қа­зақ­стан Рес­публикасының Конституциялық соты – Конституцияны сот арқылы қор­ғай­тын жо­ғары орган болып танылуы өз алдына жаңа ереже болды. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Конституциялық соты 1992 жылы құрылып, 1995 жылға дейін жұмыс істеді.

Конституциялық заңға сәйкес жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует Қазақстан Республикасының айрықша меншігіне берілді. Аталған объектілердің бәрі Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тәу­ел­сіздігінің негізін құрайды. Кеңес Ода­ғының өмір сүруі кезеңінде аталмыш та­биғи ресурстардың бәрі одақтық орган­дар­дың қарамағында болды, бұл органдар оларды өз қалауынша иеленді. Консти­ту­циялық заңда Қазақстанның экономика­лық жүйесі меншіктің алуан түрлеріне және оның барлық нысандарының тең­ді­гіне негізделетіні көрсетілді. Мұның мә­нісі мемлекеттік меншікпен қатар жеке мен­шік те мойындалды деген сөз. Тәуел­сіз мемлекет ретінде Қазақстан Респуб­ликасының өзінің қаржы-несие, ақша, са­лық және кеден жүйесін құруға, сондай-ақ өзінің алтын, алмаз және валюта қо­рын құруға құқығы бекітілді. Сөйтіп, Конс­титуциялық заң жаңа тәуелсіз мемлекет құрудың негізін қалады, оның бас­ты нышандарын айқындады.

Конституциялық заңда мемлекеттік тәу­елсіздікті қорғауды ұйымдастыру мә­се­лелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қа­зақ­стан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен ау­мақтық тұтастығын қорғау мақсатында дер­бес қарулы күштерін құрады және өз ау­мағында әскерлерді, қару-жарақ пен тех­никаны орналастыру мәселелерін шешеді.

Қазақстанда социалистік мемлекет аппа­ратын ығыстыру бірнеше жылдар бойына өтті және негізінен 1993 жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Кеңесінің өзін-өзі таратуымен және халық депутаттары кеңесі жүйесінің жо­йылуымен аяқталды. Жоғарғы Кеңес пен халық депутаттарының жергілікті кеңес­тері мемлекеттік өкіметтің жоғарыдан төменге дейінгі барлық органдарын (азаматтар сайлаған аудандық соттардың судь­яларынан басқа) жасақтағандықтан, Қазақстанда кеңестер жүйесін жою мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен олардың қызметінің бұрынғы кеңестік қағидатынан бас тарту дегенді білдірді, мұның өзі оларды түбірімен қайта құруға жеткізді. Ескі аппаратты ығыстыру ерекше әлеуметтік-саяси шиеленіссіз, жаңа конс­титуциялық құжаттар негізінде және со­ларға сәйкес жүргізілді. Жоғарыда атал­ған тарихи үш құжат негізінде Қа­зақ­стан Рес­публикасының тәуелсіздігі қа­лып­тасты­рыл­ды және осы құжаттар тәу­ел­сіздікті нығайтуға да алғышарттар жасады.

Қазір дүние жүзінде 190-нан астам тәу­елсіз ел бар. Әрқилы жағдайда тәуел­ді­лікке түскен олардың тәуелсіздік алу­лары да тарихи және саяси жағдайларға қарай әртүрлі жолмен шешілді. Олардың кейбірі бірнеше жылдарға созылған қиян-кескі ұлт-азаттық күресі нәтижесінде тәуел­сіз­дікке қол жеткізсе, кейбірі тарихи қалып­тасқан себептерге байланысты өз тәуел­сіз­діктерін алды. XX ғасыр әлем тарихында тәуелсіздік шеруі науқанымен де әйгілі.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде отар­лы ірі елдер мен тәуелді елдерде бо­лып өткен терең экономикалық және саяси өзгерістер бодан халықтардың күре­сі­не қолайлы жағдай жасады. Соның нәти­же­сінде екінші дүниежүзілік соғыстан кей­ін-ақ Азияның және Африканың он­даған мемлекеті өз тәуелсіздіктерін жеңіп алды. Тек 1960 жылы ғана Африканың 17 мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізді. 90-жылдардың басында социалистік жүйе мен КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде 20-ға жуық ел (Югославияның құрамындағы республикаларды қоса есептегенде) тәу­ел­сіз­діктерін жариялады.

Кейбір елдер үшін тәуелсіздік алу қан­төгіспен келіп, оны орнықтыру оңайырақ соқса, Қазақстан және басқа да КСРО құ­ра­мындағы республикаларға тәуелсіз­дік алу оңай болғанымен, оны орнық­ты­ру, ұстап тұру, тұғырын бекемдеу, әлемдік қоғам­дас­тықтан орнықты орын алу оңайға соқпады.



Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет