Қос майданның ардагері



жүктеу 46.68 Kb.
Дата19.05.2018
өлшемі46.68 Kb.

ҚОС МАЙДАННЫҢ АРДАГЕРІ
(майдангер-қаламгер Әскен Нәбиев туралы)
Ұлы Отан соғысының майдангері, белгілі журналист-жазушы Әскен Нәбиев ағамыз 1923 жылы желтоқсанның 13 жұлдызында Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Қына деген ауылында дүниеге келген. Тың игеру жылдарында бұл жерге совхоз орнап, «Искра» деп аталған. Білімге жастайынан құмар ол оқуға деген зеректігімен көзге түскен. Домбырамен ән айтып, өлең жазған. Бірақ бойындағы талантты әрмен қарай дамытып, көркейте түсу мүмкіндігі бола қоймады. Себебі, дәл сол тұста неміс басқыншылары елімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, ел басына қаралы күн туады. Жігерлі жас туған жерін жаудан азат ету үшін, 1941 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылдың желтоқсанында майданға аттанады. 62-армия құрамында Сталинград үшін ұрыстарға қатысқан. Бұл шайқаста ауыр жараланып, одан әрі әскери қызметке жарамағандықтан елге оралады. Әскерден қайтқаннан кейін Ақсу мектебінде шәкірттерге дәріс оқиды, Макин аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істейді.

Жастайынан ән мен жырды, әдебиетті сүйіп өскен Әсекең 1947 жылы журналистік қызметке ауысады. Облыстық «Сталин туы», «Есіл правдасы», өлкелік «Тың өлкесі», кейін бұл құрылым таратылып, облыс қайта құрылған кезде «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газеттерінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Баспасөзде істей жүріп көркем әңгіме, повестерін жаза бастайды. 1959 жылы «Перзент» атты тұңғыш әңгімелер жинағы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып жарық көреді.

Әсекең ағамыз ұзақ уақыт Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметін атқарған.

Әсекең Сәбит пен екі Ғабеңнің – Ғабит пен Ғабиденнің – қазақ әдебиетінің классиктерінің көзі тірі кезінде-ақ жазушылар одағына қабылданып, содан бері осы ауыр жүкті нардай көтеріп, әдебиеттің қасиетті туын жоғары ұстап келді.

Осы жылдар ішінде жазушының «Гүлзи» (1965), «Шолпан» (1969), «Ауыр апталар» (1972), «Бейтаныс бойжеткен» (1977), «Қанат қаққанда» (1979), «Бел-белестер» (1981), «Шынығу шағы» (1984), «Алдыңғы толқын» (1987), «Қала ортасындағы қамал» (1992), «Алақайғы» (1993), «Майдан әңгімелері» (1998), «Шерулі жылдар» (2001) тағы басқа жиырмадан астам повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрді. Әскен Набиевтің 85 жылдығына орай Астананың «Фолиант» баспасынан екі томдық таңдамалар жинағы шықты.

Әдебиет әлеміне Әсекең «Перзент» деген тұңғыш кітабымен кірді. Бас аяғы сексен беттен тұратын жинақтағы әңгімелер әрі жинақты, әрі тартымды еді. Бұл шағын шығармалар оқырман қауымға өмірдің өзінен ойылып алынғандай тұтастығымен, мән-мағынасының тереңдігімен әсер еткені айқын.

Екінші кітабы – «Гүлзи» повесі. Бұл туындының ауқымы кең, жүгі де салмақты болатын. Шығарманың желісі Ұлы Отан соғысы кезіндегі алыс жатқан кішкене ауылдың тіршілік тынысын көрсетеді. Басты кейіпкер Гүлзи сонау қиын қыстау кезіндегі бейнетқор, отаншыл, табанды ауыл жастарының жиынтық образы болып берілді.

Жазушы Әскен Нәбиев шығармашылығында елеулі орын алатын туындының бірі – «Шолпан» повесі. Қаламгер Шолпан бейнесін үнемі қайнаған өмір ортасында суреттейді. Жазушының Шолпан характерін ашып, образын айқындау үшін ақынның күреске толы кезеңін кеңінен қамтып суреттеуі ұтымды шыққан.

Кез-келген жазушы сияқты Әскен Нәбиев те өзінің шығармаларына өмірден көріп-білгенін, жүрекпен сезгенін, басынан өткен оқиғаларын тілге тиек етуі әбден орынды. Мектеп бітірісімен тікелей майдан шебіне кірді, қырғын соғысты бастан кешірді – ауыр жарақат алды, қанды көйлек жолдастарының ерлігіне күә болды. Олай болса, Әсекең сөз еткен оқиғалардың басым көпшілігі майдан тақырыбына арналуы өзінен өзі түсінікті болса керек.

«Ауыр апталар» повесіне де соғыс тақырыбы арқау болған. Соғыс тақырыбы автордың «Бел-белестер» кітабына енген «Қару қарбаласы», «Сол бір жеңгелер» деп аталатын повестерінде одан әрі жалғасын тапқан. Бұдан соң «Қанат қаққанда» атты көлемді повесі мен «Жол басы» және «Қызыл мұғалімдер» деп аталатын туындылары да тақырыптық жағынан бір-бірімен өзектес, тамырлас, үндес.

Әсекең Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары – Талғат Бегилдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Юрий Малахов, Әлмұхан Сембинов, Мәлік Ғабдуллин және басқаларымен кездескен. Ұмытылмас кездесу, соғыстың тірі батырларымен жүздесу, сұхбаттасу сияқты жалғасы кейін әңгіме, көркем очерктерге, майдан тақырыбына жазылған көлемді шығармаларға арқау болғаны шындық.

Әскен Нәбиевтің жазушылық қызметі жөнінде айтқанда оның әңгіме жанрында шеберлік, танытып өнімді еңбек еткенін ерекше атаған жөн. Автордың тілге тиек болған хикаялары өмірдің өзінен туындап жатады. Жазушыны тебіренткен дүние-ғұмырдың сан алуан тірлік көріністері, адам жанының сан қилы құбылыстары ондаған сәтті әңгіме күйінде оқырманға жетті. Олардың дені тұрмыстық тақырыпқа арналған. Сонымен бірге шаруашылық проблемеларынан пікір қозғап, ой түйіндейтін, тіршіліктің көлеңкелі тұстарын сын семсерімен түйрей білген әдемі туындылары да аз емес.

1965 жылдан бастап КСРО және ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қаламгер Әскен Нәбиев жиырмадан астам кітап жазған. 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Астана» тағы басқа ондаған медальдармен марапатталған. Тек соңғы жылдардың өзінде ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің шешімі бойынша бекітілген «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» белгісіне, «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков» медаліне ие болды.

Әсекең қызмет барысында жастарға ғана емес, сонымен бірге өзімен бірге үзеңгілес, серіктес жүрген келешегі мол-ау деген қаламгер жора-жолдастарына Жазушылар одағына мүше болып қабылдануына қызу қолдау көрсете білді. Әскен Нәбиев кепілдік беріп, соның нәтижесінде аталмыш ұйымға өткен ақын-жазушылардың ішінде Естай Мырзахметов, Жанайдар Мусин, Мәди Хасенов, Жарасбай Нұрқанов, Жұмамұрат Тұяқбаев, Төлеген Қажыбаев, Владимир Гундарев, Бақыт Мұстафин, Рысты Шотбаева сияқты отанымыздың белгілі қаламгерлерін атап айтуға болады.

Әсекең үлгілі отбасы. Жеңгеміз Фарида – Батыр ана, он бір бүлдіршінді өсіріп, өкімет пен халықтың сый-құрметіне бөленген ардагер жан.

Әскен Нәбиев жазушы деген қасиетті кәсіптің қадір-қасиетін төмендетпей әдебиет сияқты киелі әлем алдындағы үлкен жауапкершілігін абыроймен атқарды. Сондықтан болар ол өмір ақиқатын бүркелемей-ақ оны көркем тілмен өрнектеп, кестелей түсуден жалыққан емес. Өйткені жазушының бастан кешкен тар жол, тайғақ кешуі, майдангерлердің алғашқы тың игерушілердің естеліктері мен мұрағат құжаттары қандай да болсын ащы шындықты жазуға міндеттеп отыратындығы өзінен өзі түсінікті.

Сөз соңында майдангер-қаламгер ағамыздың ақын қарындасы Несібелді Иманқызының кезінде Әсекең ағасына арнаған өлең шумақтарынан үзінді келтіре кетуді жөн көрдік.

Жер әлемнен күңіренгенде азалы үн

Бастан кештің соғыс сойқан азабын.

Бәріне де төтеп берген мойымай,

Ертөстіктей ерлігіңді жазамын.

Қолды созып ұмтылмастан құр таққа,

Жанұяңда бөлендіңіз нұр таққа.

Қанды көйлек майдангерім майталман,



Ұлылығың үлгі болды ұрпаққа.
Батыр жерлесіміздің өнегелі өмірі келесі ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен № 9 А.Косарев атындағы орта мектебінің ұжымы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында мектеп атауын Әскен Нәбиев атына ауыстыру шешімін қабылдап, қалалық ономастика комиссиясына өтінім жасады.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет