Сенатор Сәкен Арубаев премьер-министрге сауал жолдап, ұлттық құндылықтарды ілгерілету қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сенат отырысынан скриншот

Сенатор қазіргі қазақстандықтар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен одан әрі дамуына елеулі үлес қосқан батырлар мен тұлғалардың өмір тарихынан бейхабар.Себебі тәуелсіздік жылдарында бұл бағытта нәтижелі мемлекеттік бағдарлама мен кешенді даму жоспары қабылданбаған.

“Біздің ата-бабадан қалған, мұра мен мирас болған ұлттық құндылықтарымыз қашан да біліммен, намыспен, таныммен, тәрбиемен ұрпаққа дарыған. Өкінішке қарай, қоғамдық санаға тірек болар осындай қастерлі қасиеттер – батыстың ба, жоқ әлде басқаның ба жетегіне еріп, ұлттық болмысты әлсірету ашық көрініске ие болып бара жатқандай. Керек десеңіз, қазақтың қара домбырасын харам деген ғайбат сөзді де естідік. Өкініштісі, бүгінгі ұрпақ ұлттық тарихымыздың діңгегіне айналған, батырлар мен арыстарының есімін мақтанышпен айтудан, өмір жолдарын білуден тыс қалғандай. Жастар "Абай кім?", "Қабанбай кім?", "Ақан кім?", "Қаныш кім?" деген сауалдарға "әкім, министр, атақты спортшы" деген өзек өртер жауап береді, — дейді депутат.

Сәкен Арубаев ұлттық құндылықтар жөніндегі жұмысты жүйелейтін арнайы мемлекеттік комиссия құруды және ұлттық құндылықтарды насихаттаудың республикалық орталығын ашуды ұсынды.

“Үкімет бұл бағытта жаңа тұжырымдама әзірлеп, "Республикалық ұлттық құндылықтарды насихаттау орталығын" аша отырып, оның құрамына үкімет мүшелерімен қатар ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым мен азаматтық қоғам белсенділерін тарту керек. Шетелдерден келетін туристерге қазақ халқының ұлттық құндылықтары жайлы үш тілде түсіндірме және насихат материалдарын шығаруды қолға алу керек. Әлеуметтік желілер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру қажет”, – деді сенатор.

Бұған дейін сенат отырысында депутат Нурия Ниязова депутаттық сауал жолдап, балалар үйінде жұмыс істейтін педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.