«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



жүктеу 3.96 Mb.
бет19/24
Дата09.09.2017
өлшемі3.96 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

Ағынды дария

Бір әулеттің мәуелі бәйтерегі, өмірі өнегелі, сөзі пәтуалы,

сенімі берік ардагер аға Ерсұлтан қажы Арыстанов туралы сыр
1. Тыл тауқыметін тартқан
Қанқұйлы соғыс басталғанда Ерсұлтанның он үшке жаңа толған шағы еді. Қарабалық ауданы Есенкөл ауылында әке мен шешенің мейірім шуағына бөленіп, алаңсыз, қамсыз өсіп келе жатқан балғын жастың санасын қарғыс атқыр сұм соғыс дүр сілкінтті. Дүние бір күннің ішінде астан-кестен болды да қалды. Жас жігіттер бірінен соң бірі майданға аттанып жатты. Ерсұлтанның әкесі Атығай да алғашқы лекпен ұрыс даласына жол тартты. Зар еңіреп ана, ботадай боздап бала қалды. Баланың үлкені де осы Ерсұлтан еді. Бір-ақ күнде есейді. Аяғына етік, үстіне күпәйке киіп, белін әкеден қалған белдікпен буып, колхоздың жұмысына жегілді. Қайда жұмсаса, сонда барды. Мал да бақты, егін де салды, шөп те шапты. Таң елең-алаңда тұрып, қас қарая келетін құлынын анасы Рахила жұмысына шығарып салып, қайтарында есік алдында "құлынымдап" күтіп алушы еді.

– Апа, әкемнен хабар бар ма? – дейтін бала күнде кешкілік.

Құдай ұрғанда хат-хабар да сап тиылған. Оның есесіне көрші-көлем, ағайын-туғандардың үйіне қарғыс атқыр қара қағаздың келе бастаған тұсы. Жылап, сықтау. Үрей мен үміт астасқан бір қиямет кез еді ол.

Тылда да жетісіп тұрған ештеңе жоқ. Жұмысқа жарар қарулы жігіттер жоқтың қасы. Олардың орнын қатын-қалаш, бала-шаға басқан. "Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!". Үлкен-кішінің тас-түйін жұмылып, жұдырықтай түйілген, тау қопарған кезі еді бұл. Сол ортадағы Ерсұлтанның еңсесі биік еді. Жас болса да жасымады, жігерін жанып, намысын қайрап, жаныға түсті. Үйдегі аурушаң анасы мен жап-жас бауырларының ендігі панасы өзі екенін ол сезді, сезді де серпілді.

Ана жарықтық бұғанасы қатпаған баласының басына түскен бес батпан жүкті жеңілдетуге тырысып бақты. Мал қарады, отын тасыды, шөп үйді. Бірақ Ерсұлтаны жұмыстан келе сала үй ішінің де ауыр жұмыстарын еңсеріп тастайтын. Үрпиіскен бауырларын да соңына ертіп, қолдарына айыр, күрек ұстатып, қолдағы бір-екі малды қарататын. Арасында әзіл-қалжың айтып, езілген еңсені көтеретін. Өзін бір шаңырақтың үлкені, ұйтқысы сезінетін.

Әке 1943 жылы майданнан мүгедек болып оралғанда Ерсұлтаны ел аузына ілінген, басшылардан талай алғыс алған, анасы мен бауырларына қамқор болған нағыз азамат еді.

Соғыс жеңіспен аяқталып, 1945 жылдың көктемінде дүние дүр сілкінгенде Ерсұлтанның үйді айнала беріп, көзіне жас алғаны бар. Ол дәл бір сол сәтте ғана өзінің ауыр жұмыстан шаршап, шалдыққанын түсінген. Енді ғана көктей бастаған қара жерге қисая кеткен. Аспанға көз салып еді, қаңқылдай ұшқан аққу-қаздарды көрді. Жан-жағына қарап еді, бір-бірінен сүйінші сұраған, қуанышы қойнына сыймай бір-бірін бауырына басқан ауылдастарын көрді, көрді де шаттанды.

– О, тоба! – деді жасөспірім Ерсұлтан, – осы күнге жеткізгеніңе тоба!

Бәлкім, дәл сол сәтте ол өзіне беймәлім белгісіз бір күштің әсерін сезді ме, кім білсін. Әйтеуір сол бір қуанышты күннен кейін оның санасында да ерекше бір сілкініс болғаны рас. Ол содан кейін жаратқан ие, тылсым табиғат, парыз бен қарыз туралы жиі ойлайтын болды...
2. Аялаған асыл жар
Соғыстан кейін де тұрмыс түзеліп кеткен жоқ. Ел еңсесін көтеру, қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін қаншама қайрат-жігер керек. Оны әркім де түсінді, түсінді де белді бекем буды. Бейбіт күнде еңбек ету қуанышын сезінді. Ерсұлтан да дала төсін дүбірге бөледі. Трактор-егіс бригадасын басқарды. Туған жердің түлегі тыным көрмей талай істі тындырды. Абырой-атаққа бөленді. Сый-сияпат алды. "Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған" дегендей, осы өңірдің қас сұлуы Гүлкәшима да дәл бір осы тұста жас жігітке наздана қарап еді. Ақыры екеуі табысты, он тоғыз жасында отбасын құрған Ерсұлтан енді қолына қонған бақ құсын аялады, алақанға салды. Тәрбиелі де ибалы, ақылды да ажарлы Гүлкәшима азаматының абыройын асырды, оның өмірлік серігі, айнымас досы, балаларының асыл анасы болды. Елу жылдан астам бірге тұрып, төрт ұл, екі қыз өсірді. Ата-ана балаларының бәріне де жоғары білім, тәлімді тәрбие және ұлттық рух берді. Әрине, алты баланы өсіру оңай да болмаған шығар, бірақ бауырлар бірін-бірі сүйеп, демеп, өсе келе ата-анаға қамқор болып, олардың да, туған елінің де мерейін тасытты.

Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Ерсұлтан оқи алмады, бар болғаны төртінші сынып бітірді. Балалары мектеп жасына жеткенде ол орта мектебі бар Федоров ауданының орталығына қоныс аударып, ұл-қыздарының білім алуына жағдай жасады. 1959 жылдан сонда турып "Жаркөл" кеңшарында есепші болып табан аудармастан жиырма екі жыл тер төкті. Құдайға шүкір, ұл-қыздарының бәрі ел аузындағы абыройлы азаматтар болды. Үлкені Ерхан мал дәрігері, Жұмабегі – инженер- механик, Розасы – дәрігер, Алматыда тұрады, Ерланы – Астанада кәсіпкер, Жұмағалиы да, Бақыткүлі де кәсіпкерлер. Өздері ұйымдастырған серіктестік жұмысын дөңгелентіп жүрген нағыз іскер жандар.

Бір ата-анадан туды дегенмен сол ұл-қыздарының әрқайсысының өз мінезі, өз болмысы, өз арман-мақсаты бар. Ана болса, сол сәбилерінің ерекшеліктерін дөп басып, соған орай қабілеттерін ұштап, бағыттап отырады екен. Ана жүрегі сол сәбилері қайда жүрсе де олардың қуаныш-мұңын алыста отырып та сезсе керек. Олай дейтінім, осы Қостанайда тұратын екінші ұлы Жұмабек бір сөзінде анасының сол қасиетін жыр қылып айтып еді:

– Челябіде оқыдым. Сонда үлкен заводтардың бірінде лауазымды қызмет атқардым. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар да кездеседі. Бірде ерекше қамығып, мұңайып жүргенде анамның әдейі іздеп келгені бар. Қалай келді, қалай тапты, неге келді? Осы күнге дейін жұмбақ. Құшағына қысып, мықты бол, құлыным, – деді. Бөтен ештеңе сұраған жоқ. Ананың сол жалғыз ауыз сөзі бүкіл қиыншылықты жеңуге күш беріп еді...

Ерсұлтан ақсақалмен, олардың балаларымен, келіні Альмирамен сөйлесе отырып, осынау абзал ананы өзімнің де көргенім, тіпті кездейсоқ қолынан дәм татқаным да есіме түсті.

Өмірде не болмайды? Жұбайым жұмыс үстінде аяқ астынан ауырып, қалалық ауруханаға түскен еді. Күн құрғатпай барып, хал-жағдайын білем, сәлем-сауқат апарып тұрам. Бір барғанда палатадағы бос төсекке жасы келсе де сыр-сымбаты таймаған, үстіне киген киімі қонымды, көзқарасы шуақты, сөз саптауы мен жүріс-тұрысы салмақты аппақ ақ орамал байлаған бір апамызды жатқызыпты. Күрделі бір операция жасамақ екен. Бірақ түріне қарап, ауыр науқастың ізін сезу қиын еді. Қайта жанында жатқан қыз-келіншектерге бас-көз болып, шәй қойып, бала-келіндер алып келген дәмді ұсынып, шыр-пыр болып жүр. Дәл сондай сәттің үстінен түскен мені де дәмге шақырып, туған анам сияқты қалбалақтап қалды. Дәл сол сәтте, расында да, осы бір бейтаныс қазақ әйелінің бүкіл тұла бойы мен көзқарасынан дүниеден ерте өткен өз анамның да қасиеттерін көргендей болып, толқығаным бар.

...Бірақ қайран дүние. Сол аяулы апамыз көп ұзамай дүниеден озды. Аурухананың тар төсегіне таңылған жанындағы қыз келіншектер ерекше бір қимас жандарынан айырылып, аһ ұрғанын өз көзіммен көргенім де бар.

Оны айтасыз, ауру меңдеген сол анамыз кейінгіге айта жүрер бір пәтуалы үлгі-өнеге қалдырыпты.

Төрт келіні, екі қызына өсиет ретінде хат жазып, өмірде отбасының береке-бірлігін сақтау әйелдерге байланысты, тату-тәтті болып, бір-біріңді сыйлап жүріңдер, сендер жақсы болсаңдар азаматтарың да абыройлы болады депті. Және азамат болған ұл-қыздары сыйлаған өзінің алтын, меруерт сақина-сырғалары мен басқа да зергерлік бұйымдарын түсін түстеп, атын атап, қай келіні мен қай қыздарына қайсысын ескерткішке қалдыратынын айтыпты.

Қайран, ана! Осы әрекеті арқылы-ақ ол өзінен кейін де отбасының амандығын, балалары мен келіндерінің тату-бірлігін тілегені ғой. Кім біледі, "алтын көрсе, періште жолдан таяды" дегендей, енемнің ана керемет сақинасын ана келіні қағып кетті деген сөз шықпасын деген ойы шығар ананың. Сол болмашы дүниеге бола шырық бұзылып кете ме деген пайымы болар кейуананың. Ұзақ ғұмырында ондай-ондайлардың талайын көрген соң, көңілге түйген соң, балаларының пендешілігінің алдын алуға жасалған пәтуалы қадам ғой бұл.

Ерекеңнің асыл жары, балалардың анасы осындай жан еді. Дүниеден өтерде отағасысын балаларына тапсырып, әкелеріңді сыйлаңдар, сендердің өз өмірлерің өздеріңде ғой, қартайғанда жалғыз қалып жүрмесін деп бөтен де бір сырдың шетін аңғартыпты.

Мұны енді Ерекеңнің кенжесі Жұмағали айтады:

– Астанадан бірге келе жатып, әкем сөз қозғады. Сендерге ризамын. Бірақ "тең теңімен, тезек қабымен" деген де сөз бар ғой, балам. Ертең ауырып, сырқап, төсек тартып қалсам, серік болар сенімді бір адам керек қой...

Бала түсінеді. Ана өсиеті де құлағында. Елде сол өз аналарының жақын сіңілісі, көптен білетін, сыйлас Құндызай апа тұрады. Ағайынды азаматтар іздеп барып:

– Апа, бізге ана, әкемізге серік болыңыз, –дейді ғой. Арыстановтар әулетін жақсы білетін, сыйлап, құрметтейтін ол қарсы болмайды. Балалары қаладан қолайлы үй сатып әперіп, әке-шешесін үлде мен бүлдеге бөлеп отыр. Оны өз көзіммен көргесін айтамын. Көңіл қандай, қошемет қандай, қарттардың жарасымды тіршілігі қандай. Қарттар деймін-ау, маған Ерекең де, Құндызай апа да жасарып, жайнап шыға келгендей. Техниканы бес саусағындай білетін Ерекең балалар алып берген әдемі автокөлікті өзі айдайды. Қасына Құндызайды отырғызып алып, ағайын-туғандарға тартып кететіні және бар.
3. Қажылықты қастерлеп...
Ерсұлтан ағамыз 1996 жылы мұсылмандық парызын өтеп, қажылыққа барды. Содан бері он бес жыл өтті. Мешіттегі жұма намазы мен бес мезгілгі намазын қаза қылған кезі жоқ.

Бәлкім, тылсым бір күштің, Жаратқан Жағыпар иенің барлығына Ерсұлтанның сұрапыл соғыс жылдары көзі жеткен шығар. Тілегі орындалды, әке қанқұйлы соғыстан контузияға ұшыраса да аман келді. Құдай бұған қосақ қылып аяулы Гүлкәшима Бектемісқызын қосты. Төрт ұл мен екі қыздың әкесі атанды. Бүгіндер немерелерін еркелетіп, шөбересінің қолынан су ішкен ата. Балалары айтулы азамат болды, ешқайсысы ұятқа қалдырған жоқ. Қолдан келсе, көмек беруге, қамқорлық жасауға даяр, бауырмал болып өсті. Тоқсаныншы жылдары Ақ мешіт қайта ашылғанда Жұмабегі жанын салып, ол мешіттің үстіндегі бедерлі айды жасатып, өз қолымен орнатты. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сол кездегі төрағасы Ратбек қажының, барша мұсылман жамағаттың алғысына бөленді.

Сол Жүкең қажы әкесінің замандастарын ораза кезінде өз үйіне шақырып, ауыз ашырды. Оған талай қажылар қатысты. Марал ишан мешітінің бас имамы Ертай қажы осы Ерсұлтан ағаның өнегелі істері мен өрнекті өмірін сонда көпшілікке үлгі еткені бар.

Расында да, тәртіп пен тәрбиенің, қанағат ен тәубенің адамы осы Ерекеңдей болар, елімізге тұтқа болар ұрпақ оның алтын асықтай ұл-қыздарындай, немере-шөберелеріндей-ақ болар, жарасымды да жайдары көңіл-күй осындайда кемерінен асып, осындайда шарықтар. Өмірдегі ағынды дария дегеніміз де осы шығар. Ендігі тілек сол дария ағысы тоқтамасын...


Қысқа қайырғанда

РУЫН БІЛМЕГЕН – РУХСЫЗ,

ТЕГІН БІЛМЕГЕН – ТЕКСІЗ
Ерсұлтан қажы, діннің бүгінгі болмысқа әсері қандай деп ойлайсыз?

– Сіздердің газеттеріңізден “Дінің – діңгегің” деген өте дәл айтылған сөзді жиі оқимын. Расында да, дін – діңгек, адамды тазалыққа, мейірімділікке, өзара түсіністік пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше әлеуетті күш.

Дін өнегелі ақиқатқа жетелейді. Бүгіндер Қазақстанда дін өкілдерінің өзара құрметі мен түсіністігінің игі дәстүрі қалыптасты, ал бұл – ұлы құдірет.

Рулық байланыс, жеті ата ұстанымы туралы не айтар едіңіз?

– Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан артық айта алмаспын. Ал, ол кісі былай деген: “Жеті ата ұстанымы, рулық байланыс институттары әрбір қазақ пен бүкіл қазақ халқын шындыққа, тәңірге және рухани біртұтастыққа бірте-бірте ынтазар етіп, біржолата айнымастай ұйыта білген. Мұндай ұстаным халықтың өзін-өзі шыңдау болмысына Сана, Сезім, Ар-ұят және Махаббат сияқты мейлінше мәнді төрт қасиетті дарытқан. Халық рухын тән тоятынан жоғары қойғызатын тетіктер де осылар”.

Яғни, рулық байланыстардан үркетін ештеңе жоқ, қайта ол қоғамды топтастыруға, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдық, туысқандық сезімін нығайтуға ықпал етіп, халық Рухын жаниды. Ал, жеті ата ұстанымына келсек, бұл халқымыздың даналығының көрінісі. Ағайын-туғандардың басын біріктіріп, қуанышы мен мұңды күндерінде қасынан табылатын кім, қысылғанда қол ұшын беріп, қуанғанда мерейін өсіретін кім – сол аталас туыс-жұрағаттары. Ендігі міндет мына тәуелсіз елімізде осынау дана дәстүрді үлкен-кішінің бойына дарыту, оны дамыту деп білемін.

Өзімнің немере-шөберелерім Жанат, Уәлихан, Мақсұт, Алмат, Талғат, Айткүл, Жаңагүл және басқа ұрпағым өзінің жеті атасын біліп өссе, сол аталар дәстүріне адал болса, өз руына, өз еліне кір келтірмесе деймін.

Өзімнің алты ұл-қызымды да осы рухта тәрбиеледім, келіндерім мен күйеу балаларым да ата дәстүріне, бабалар жолына берік жандар. Соған шүкіршілік етемін. Бірақ бұл өзіңді, өз руыңды өзгелерден артық санау, өзгелерге қарсы қою деген сөз емес.

Өзің сыйлаған адам өзгені де сыйлайды, өзін де сыйлата алады. Бұл – ақиқат. Оны дәлелдеп жату артық болар. Бәрі де тек адамның өзіне, оның ішкі мәдениетіне, тәлім-тәрбиесіне, бітім-болмысына және ортасына байланысты. Ал, адам бойындағы бар қасиеттер ең алдымен өз шаңырағында қалыптасады. Олай болса, сол шаңырақ берік болып, әрдайым шуақ шашып тұрсын дейік.

Жер-Анаға адалдық

Ауыл шаруашылық өндірісінің ардагері

Сағындық Ақышев туралы сөз
1. Ізденгеннен із қалады
Меңдіқара ауданының Ұзынағаш ауылында туып-өскен Сағындық Ақышұлын облысымыздың аға ұрпақ өкілдерінің ішінде білмейтіні кемде-кем. Ата-анасынан жастай айырылған ол өз қатарларынан ерте есейді. 1947 жылы 17 жасында «Қамыстыкөл» колхозының есепшісі, екі жылдан кейін Меңдіқара аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде нұсқаушы-бухгалтер қызметін атқарды. Ал 21 жасында осы аудандағы ірілендірілген Жамбыл атындағы колхоздың төрағалығына жіберіледі.Тың игерудің екінші кезеңінде Сәкең жаңадан құрылатын Летунов атындағы совхозға директор болып тағайындалады. Ол бұл кезде бар болғаны 30 жаста еді. Жастық жігері мен іскерлік қабілетінің арқасында ол қысқа мерзімде ұлан-ғайыр жұмыстар атқарады. Бірнеше колхоздардан құрылған совхоз орталығы аз уақыттың ішінде сән-салтанатқа бөленеді. Үш айдың ішінде екі қабатты кеңсе үйі пайдалануға беріледі. Поселкеде ұзындығы 12 шақырымдық су құбыры тартылады, көшелерге колонкалар орнатылады. Барлық көшелерге, мектеп және басқа да мекеме аулаларына ағаш отырғызылып, көгалдандырылады. Жаңа монша іске қосылады, мектеп үйі пайдалануға беріледі. Бір орталықтан жылыту жүйесі іске қосылып, тұрғын үйлерге су тартылады.

Совхозда облыс бойынша алғаш рет сүт сауудың жаңа технологиясы енгізіледі. Астықтың орташа түсімділігі 23 центнерден айналады, әр сауын сиырдан жылына 2300 литрден сүт сауылады. Осындай қол жеткізген табыстарға байланысты совхозда облыстық семинар өткізіліп, басқаларға үлгі-өнеге етіледі.

Сәкеңнің совхоз директоры, ауданның бас зоотехнигі болып тұрған кезіндегі ауданның мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі ерекше. Оның еңбек демалысы кезінде өз бетімен Латвияға, Татарстанға, Белоруссияға, Украинаға барып, сол елдердің тиісті министрлерінің, бірінші басшыларының қабылдауында болып, олармен өзара тіл табысып, асыл тұқымды ірі қара мал әкелуге сіңірген еңбегі өз алдына бір әңгіме боларлық. Тізе берсек мұндай жағдайлар аз емес.

Сәкеңнің ел алдындағы сіңірген еңбегі екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен атап өтілді. Ол Меңдіқара ауданының құрметті азаматы. Таяуда Сағындық аға өмірбаяндық деректі хикаят жазып, жариялады. Бұл еңбегінде ол аудан, облыс, ел экономикасының өсуі, өзінің еңбек жолында кездескен адамдарды, жалпы өмір туралы әңгіме өреді.

Сол кітапты оқып шыққан облыс әкімі Сергей Кулагин авторға мынандай жеделхат жіберіпті:

«Құрметті Сағындық Ақышұлы!

Сіздің өз халқыңыз, өз өлкеңіз, өз еліңіз үшін істеген істеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіз өз кітабыңызда әділ атап көрсеткендей, әр адамның тағдыры оның өңірінің тағдыры, Сіздің де тағдырыңыз туған топырақтың тағдыры, өйткені Сіз бүкіл саналы ғұмырыңызда туған жерді түлетуге қызмет еттіңіз.

Біздің Қостанай жері тек астықты алқаптарымен даңқты емес, оның ең басты даңқы – оның өз өлкесіне адал, туған жерге терең тамыр тартқан асыл адамдары. Сіз сондай қадірлі де құрметті жандардың бірісіз. Қостанай жеріне, туған ауданыңызға адалдық үшін алғыс айтамын. Сіз Қостанайдың патриоты болдыңыз және солай болып қала бересіз. Сізге менің атыма айтылған жылы сөздеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.

Шын жүрегімнен Сізге мықты денсаулық, отбасына бақыт-береке, шығармашылық табыс, Қазақстанның игілігі үшін ұзақ ғұмыр тілеймін.

С.Кулагин,

Қостанай облысының әкімі.»
2. «Тыңды біз

көтердік, бізді тың көтерді»
– Сағындық аға, сіз тың игеру жылдары совхоз басқардыңыз. Осы тың игеру туралы баспасөз беттерінде түрлі пікірлер айтылып жүр. Біреулер оны қолдаса, екінші біреулер соның қажеті жоқ еді, жерімізді аздырды, тоздырды, бүлдірді дейді. Бұл мәселе жөнінде сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Турасын айтсақ, тың игеру Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына үлкен дәнекер болды. Елімізге ырыс әкелді. Соғыстан кейінгі ел тұрмысы ауыр еді. Ауылдардың жағдайы қиын болды. Электр жарығы, газ, көмір дегенді көрмей өстік. Көтерме жол, асфальт жол деген мүлде болған жоқ. Ауыл шаруашылығы жұмыстарының дені қолмен атқарылды. Халық көлдің, өзеннің суын ішетін. Адамдар тақтай едені не шатыры жоқ бір-екі бөлмелі қоржын үйлерде тұрды. Нан, тамақ жетіспеді. Осындай қиын заманда тың игеру келіп, халық нанға жарып, еңсесі көтерілді. Сәнді де, сәулетті совхоздар пайда болды. Бірде-бір ауыл шаруашылығы техникасын шығармайтын Қазақстанға тыңмен бірге мыңдаған су жаңа техника ағылды. Тың игерудің көш басында Хрущев тұрды. Мен өз басым ол кісіні жамандай алмаймын. Өйткені, тың игеру сол кісінің тікелей бастамасымен жүргізілді.

Тыңды игеруге Қонаев та үлкен еңбек сіңірді. Ал біздің облыстың оңтүстік аймақтарын игеруге Оразалы Қозыбаевтың сіңірген еңбегі зор. Бұл кісі осы мәселе жөнінде Хрущевке хат жазып, Мәскеуден арнайы адамдар келіп, Қозыбаевтың көтерген мәселесін қолдады. Бір сөзбен айтқанда, тың игеру Қазақстанның солтүстік аймақтарына үлкен өркениет әкелді. Мен бір мысал келтірейін. 1971 жылы Летунов совхозында директор болып жүргенімде қостанайлық делегация құрамында Мәскеуден 200-ақ шақырым жердегі поселкелерде болдық. Сол кезде ондағы халықтың тұрмыс деңгейі біздің тың игеруге дейінгі жағдайымыздай екен. Отын жоқ, жол жоқ, жарық жоқ, монша жоқ. Біз таң қалдық. Мамандығым зоотехник болған соң мен бізді бастап жүрген адамға бізді мал шаруашылығымен айналысатын совхозға апарып, көрсетіңізші дедім. Ол болса, көретін ештеңе жоқ деді. Дегенмен апарды. Бақташылардың да, сауыншылардың да бет-жүздері кір-қожалақ, көздері сығырайып көрінеді. Сонда 18 шақырым жердегі бір совхозға баратын болдық. Үш сағатта әзер жеттік. Өйткені, жол жоқ. Ал біз бұл кезде асфальт жолдармен құйғытып жүрдік. Осыдан-ақ тың игерудің шарапатын айқын аңғаруға болмай ма?
3. Сталиннің шапағаты тиді
– Сіздің үстеліңізде Сталиннің бірнеше суреттері жатыр. Неліктен, әлде құрмет тұтасыз ба?

– Мынадай жағдайды еске түсірейін. Сталиннің кезінде отыз мыңыншылар деген болды. Оның мәнісі – Мәскеу, Ленинград және басқа қалалардағы завод, фабрикалардағы отыз мың мықты деген кадрларды іріктеп колхоз, совхоздарды басқаруға жіберу. Кейінірек бұл цифр 25 мыңға түсті. Бұл кезде жергілікті кадрларды да іріктеу талабы қойылды. Сол 25 мыңның бірі болып, мен Меңдіқара ауданында колхоз төрағасы болдым. Ол заманда басшы мінетін техника жоқ. Атпен жүресің. Бірде далада қатты жаңбырдың астында қалып, суық тиіп, туберкулез ауруына ұшырап, аудандық ауруханаға түстім. Жағдайым оңалмады. Ауруым ушыға берді. Ол кезде туберкулезден емдейтін дәрі де жоқ. Дәрігерлер бұл енді «адам» болмайды, үйіне жіберу керек деген шешімге келіпті. Сонда бар болғаны 21 жастамын. Содан «Сіздердің жиырма бес мыңыншылардың бірі туберкулез ауруынан өлгелі жатыр» деп Сталин мен Маленьковтың атына жеделхат жібердім. Көп ұзамай Мәскеуден бір полковник ұшып келді. Өзімен бірге таптырмайтын қажетті дәрі-дәрмектерді де алып келіпті. Аурухана, аудан басшылары аң-таң. Содан мені облыстық ауруханаға жатқызды. Одан кейін Алматыдағы «Каменское плато» деген санаторийіне жіберді. Солай Сталиннің арқасында өлімнің аузынан аман қалдым.


4. Ағаның алды кең жайлау
Сағындық ағамыз бүгіндер Қостанайда тұрады. Құдайға шүкір, Мүкарама жеңгей қасында, ұл-қыздары өсті, өз алдына шаңырақ көтерді. Немерелері де көз қуанышы. Бірге еңбек еткен үлкен-кіші сыйлап, құрметтеп жүреді. Меңдіқара ауданында да жиі болады. Ағамыз өз кітабында сол кісілер туралы жазады. Солардың кейбіреулерін атап өтсек, Социалистік Еңбек Ері, «Даңқ» ордендерінің толық иегері Михаил Саввич Яровой ең бірінші еске оралады. Ағамыз онымен бірге асыл тұқымды қашар іздеп Украинаны аралаған күндерін ерекше бір тебіреніс, жылы сезіммен еске алады. Алғашқы тыңгер, Ұлы Отан соғысының қас батырының бейнесін әдемі сомдайды. Дүниеден ерте өткен аудандық атқару комитетінің төрағасы Төлеген Ахметовты қимастықпен еске алады. Николай Мешков, Павел Есипенко, Сардар Дәулетов, Иосиф Наметов, Рафаил Файзуллин, Төлебай Ахметов, Орал Таңжарықов, Сайран Бұқанов және басқа азаматтар туралы ағынан жарылады. Басқа да үлкен-кіші азаматтар туралы игі тілек айтады.

Соңғы жылдары Меңдіқара ауданының тізгінін ұстаған Құмар Ақсақалов, Қайрат Ахметов, Жомарт Нұрғалиев сынды інілеріне де ризашылық көңілмен сөз арнайды.

Сағындық ағамыздың өмірі әртүрлі кездесулерге, тосын жағдайларға, ізденіс пен еселі еңбекке толы. Ардагердің жазбаларын оқи отырып, сол бір кезеңнің көріністерін көзге елестетесің, сабақ аласың, дүниетанымыңды кеңейтесің. Ал бұл аз олжа емес.

Тұлға болған бір түлек

немесе академик Жанкелді Отарбаев туралы сөз
1. Ұстаз сенімін ақтаған
Аманкелді ауданы Аманкелді селосында туған Жанкелді мектепті Қостанайда бітірді. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта жатып, оқыды. Сабаққа алғыр еді. Алтын ұяны алтын медальмен бітірді. Осы мектептің 1964 жылғы түлектері сол мектептің абыройын да асырды. Жалғыз Жанкелді ғана емес, оның сыныптас достары Балға Қожахметов, Төленді Ғалиев, Роза Зәкірова, Рабиға Жүсіпова медальді шәкірттер болды. Бір сыныптан бірден бес медаль алған жағдай бұл мектепте де, Қазақстанның басқа да білім ошақтарында да бұған дейін де, бұдан кейін де болмаған жетістік еді.

– Соның бәрі ұстаздарымыздың арқасы, – дейді бүгіндер Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақтың ұлттық техникалық университеті Әл-Машани атындағы табиғаттану-гуманитарлық институтының директоры, техника ғылымының докторы, академик, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Жанкелді Отарбаев.

Осы Жанкелділер оқыған сыныпқа жетекшілік еткен ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Әукен Молжігітов ағамыз біздің де ұстазымыз болатын. Ғажап жан еді жарықтық. Нағыз жаңашыл ұстаз, шәкірттерінің сүйіктісі еді. Қандай да болмасын мәселе туындаса, ақылдасуға сол ағамызға жүгіретін едік. Әбекең қашанда асықпай, саспай, шәкіртінің сөзін бөлмей тыңдап, ерекше жанашырлықпен жол көрсететін.

Әукен ағамыз керемет математик еді. Осы пәнге бейімі бар балаларға қосымша тапсырма беріп, әдебиеттер ұсынып, барынша қамқор болатын. Жанкелді де сол ұстазының қамқорлығында болды. Кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. Молжігітовтің медальді шәкірттері Төленді мен Балға Свердловск университетінің физика-техника факультетін тәмамдады, ал Рабиға мен Роза медицина институтында оқып, білікті дәрігерлер болып шықты. Басқа да шәкірттері ұстаз сенімін абыроймен ақтады.

– Әукеннің барлық шәкірттері өз баламыздай болып кетті, – деп еске алады Әбекеңнің жұбайы Рәш Әбдірахманқызы. – Үнемі хабарласып, үйге келіп, әңгіме-дүкен құрып кетеді. Әбекең қайтыс болғанда да сол ұл-қыздары алақанға салып, ақтық сапарға аттандырды. Былтыр ұстаздары тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты. Барлық істің басы-қасында жол алыс, жер шалғай демей осы Жанкелді балам жүрді. Ұстаздың да, ата-ананың да, елінің де үмітін ақтаған ұлым ғой ол.
2. Академик Таймановтан бата алған
Университетте оқып жүргенде Жанкелді академик А.Д. Тайманов басқаратын “Алгебра және математикалық логика” кафедрасында мамандыққа бейімделді. Өз заманының аса көрнекті алгебра мен логика мамандары М.Каргаполовтың, Ю.Ершовтың, А.Омаровтың, Н.Хисалиевтің дәрістерін тыңдады.

Оқуды аяқтаған соң М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында ассистент, оқытушы, аға оқытушы, факультет деканының орынбасары, комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарып, тәжірибе жинақтады. Сол жылдары бұл іргелі оқу орнына Түрксибті салған алғашқы теміржолшы, Қазақ темір жолының бұрынғы бастығы, генерал Ж.О.Омаров жетекшілік ететін еді. Білікті басшы жас жігіт Жанкелдінің ұйымдастыру қабілетін бірден аңғарды. Отарбаевты студенттік құрылыс отрядының жетекшілігіне тағайындады, Жанкелді болса бір мақсатқа жұмылған жалынды жастарды ерлік істерге жұмылдырды. Институттың жатақханасын, оқу корпусын, Алматының темір жол вокзалын салды. Алматы қалалық, Совет аудандық комсомол комитеттерінің мүшесі, облыстық комсомол конференциясының делегаттығына сайланды.

Бұл кезде Жанкелді өз отбасын құрып, балалы-шағалы болған еді. Алматының әр бұрышынан пәтер жалдап, күн көріп жатты.

...Енді жас жігіттің ғылым жолына өрлеу баспалдақтары басталды. Қазақ КСР Ғылым академиясы сейсмология институтының ғылыми қызметкері бола жүріп, физика-математика ғылымының кандидаттығы үшін диссертациясын сәтті қорғады. Ш.М.Айталиев сияқты академиктің басшылығымен жазған ғылыми еңбегіне ерекше жоғары баға берілді. Кейін сол институттың кәсіподақ, партия ұйымдарын басқарып, адамдармен жұмыстың қыр-сырына бойлады, өзін тағы бір жаңа қырынан көрсете білді.

1987 жылы Қазақ мемлекеттік құрылыс және сәулет академиясының ректоры, профессор П.А.Атрушкевичтің шақыруымен педагогикалық қызметке ауысады. Осы іргелі оқу орнында ол проректор дәрежесіне дейін өседі. 1997 жылы Москваның электроника және математика институтының КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты академик В.П.Майбороданың диссертациялық кеңесінде техника ғылымының докторы атағына диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады.

Жәкең 2001 жылдан бастап Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің Әл-Машани атындағы табиғаттану-гуманитарлық институтының директоры болып жемісті еңбек етіп келеді.

Жанкелді Отарбаев бұл күндері Ұлттық инженерлік академияның академигі, Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі, ҚР табиғаттану академиясының академигі, ҚР теориялық және қолданбалы механика Ұлттық комитетінің мүшесі, докторлық диссертация қорғау жөніндегі бірлескен ғылыми кеңестің мүшесі... Айта берсек, қостанайлық ғалымның лауазымдары мен атақтары, алған марапаттары аз емес. Биыл ол “2007 жылғы жоғары оқу орнының ең үздік оқытушысы” атағына ие болып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы грантын жеңіп алды. Сөз арасында айта кетейік, осындай құрметке Әукен Молжігітов ұстазымыздың тағы бір шәкірті, тарих ғылымының докторы, Қостанай пединститутының профессоры Аманжол Күзембайұлы мұның алдында ие болып еді. Ұстаз еңбегінің жемісі деген де осы болса керек. Жәкең академик Ж.Ержанов атындағы алтын медальдің де иегері. Бұл марапатты ҚР Механика жөніндегі ұлттық комитеті механика саласы бойынша теңдесі жоқ жаңалық ашқан отандық және шетелдік ғалымдарға береді екен. Осындай құрметке ие болған саусақпен санарлық саңлақтар қатарында қостанайлық ғалымның болуы оның жерлестері, біздер үшін де үлкен абырой болса керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет