«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



жүктеу 3.96 Mb.
бет21/24
Дата09.09.2017
өлшемі3.96 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

2. Жан түршігерлік деректер
1937 жылдың 24 тамызында НКВД қызметкерлері сол Меңдіқара аудандық партия комитетің хатшысы Хали Бұхарбаевты тұтқындайды. Ол 1892 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы №11 ауылда туған, 1919 жылдан ВКП (б) мүшесі.

Іс ішкі істер халық комиссариаты басқармасының бастығы Павловтың облыстық партия комитетінің хатшысы Кузнецовқа жазған қатынас қағазынан басталады. Онда Бұхарбаев Қостанай облысында әшкерленген Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық ұйымның мүшесі және оның Меңдіқара ауданындағы филиалының басшысы екені айтылады. Кеңеске қарсы ұлтшылдық жұмысты белсене жүргізгені, ұйымға контрреволюцияпық элементтерді тартқаны, олардан көтерілісшіл кадрлар даярлағаны жазылады. Меңдіқара ауданының колхоздары мен мекемелерінде зиянкестік жұмыстар жүргізді, кеңес аппараттары мен мекемелерге жат элементтерді қастандық пиғылмен енгізді деп айып тағады. Және оның серіктестерінің Кеңес үкіметіне қарсы жауыздық әрекеттерін бұрын РСФСР ҚК 58-бабы 10 және 11-тармақшаларымен сотталған қылмыскерлер де қуаттап отыр деп қосады.

Осы іс бойынша сол кезде Меңдіқара ауданы көлемінде ірілі-уақты қызмет істеп жүрген тағы да алты адам бірге тұтқындалады. Олар: Мафин Әбдірахман, 1893 жылы Меңдіқара ауданы Қызыл Ту ауылдық кеңесінде туған. Сол кезде осы аудандағы Ақжар ауылдық кеңесінің төрағасы болған;

Сатаев Жүрген, 1901 жылы Меңдіқара ауданы Ақжар ауылдық кеңесінде туған. Жанкелдин атындағы колхоз басқармасының төрағасы болған;

Көбеев Айтбай, 1901 жылы Меңдіқара ауданы № 5 ауылда туған. "Кең-Арал" колхоз басқармасының төрағасы болған;

Есқожин Нұғыман, 1900 жылы Меңдіқара ауданы № 2 ауылында туған. "Үлгілі" колхозының парторгы және оқу үйінің меңгерушісі;

Нұрмағанбетов Жалмағанбет, 1903 жылы Меңдіқара ауданы № 5 ауылда туған. Балықты селолық кеңесінің төрағасы болып істеген;

Қосаев Нұрахмет, 1898 жылы 10 қыркүйекте Меңдіқара ауданы Қарақоға селолық кеңесінде туған. Ауданаралық колхоз мектебінде директор болған.

Осы жетеудің ісі жөніндегі тергеу 1937 жылы 18 қыркүйекте аяқталады. Сот Боровской селосында 20 қыркүйекте өтетін болып белгіленеді. Айыптау қорытындысы алдын ала сот мәжілісіне дейін баспасөзде жарияланады. Бұл жарияланым жоғарыдан келген нұсқау бойынша еңбек ұжымдарында талқыланып, қарар қабылданып, ол Қостанай облыстық сотының арнайы коллегиясына жолданып жатады. Мұрағатта сол жан түршігерлік құжаттар сақталған. Енді солардың кейбіреулеріне көз жүгіртіп көрейікші. Қостанай облыстық прокуратурасының мәлімдемесінде былай делінген (құжаттың орысша нұсқасын беріп отырмыз С.М.):

"Зачитав и обсудив обвинительное заключение Кустанайского областного прокурора по делу о национал-фашистской банды из Мендыкаринского района Бухарбаева, Мафина и других, в числе 7 человек, общее собрание работников Кустанайской облпрокуратуры отмечает: "Презренные наймиты германо-японского фашизма, контрреволюционные националисты на протяжении продолжительного времени вели свою контрреволюционную работу в промышленности, сельском хозяйстве, торговле, на культурном фронте, а также и в других отраслях хозяйства нашей республики. Они стремились подорвать хозяйственную мощь колхозов, ослабить мощь нашей страны и противопоставить колхозное крестьянство советской власти.

Эта ничтожная фашистская кучка заклятых врагов народа предала интересы советского народа и стремилась продать завоевания Великого Октября фашистам других стран. Этого им не удалось и никогда не удастся, ибо зоркий чекистский глаз до конца разоблачит и с корнем вырвет контрреволюционную свору, где бы она ни находилась.

Из обвинительного заключения видно, что вся эта группа Бухарбаева, Мафина и других по своему гнусному содеянному предложению заслуживает одной кары: физического уничтожения – только расстрела.

Иоходя, из всего изложенного собрание постановляет:

Мы работники Кустанайского облпрокуратуры с глубокой ненавистью клеймим позором заклятых врагов народа фашистских наймитов Бухарбаева, Марфина и других и требуем от спецколлегии Кустанайского облсуда применения к этим врагам высшую меру наказания – расстрел.

Общее собрание обязывает всех работников прокуратуры перестроить свою работу и, имеющиеся контрреволюционные дела, немедленно закончить следствием с передачей в суд. Кроме того, на следственном собрании заслушать от следователей и прокуроров отчеты о выполнении данного решения.

Собрание берет на себя обязательство в дальнейшем усилить революционную бдительность и быть беспощадными к врагам народа троцкистско-зиновьевским, фашистским, контрреволюционным, националистическим бандам. Беспощадно их выкорчевывать и ликвидировать последствия их вредительства".

Жоғары жақтың нұсқауы орындалып, үгіт-насихаттың керемет тегершігі айналып жүре берген. Облыстық сотқа жан-жақтан "халық жауларының" сазайын тарттыру, ату жазасына кесу туралы хаттар мен жеделхаттар ағылған. Митингілер мен жұртшылық жиындарында шешендер бірінен соң бірі мінбеге шығып, Бұхарбаев пен оның соңына ергендерді қатаң жазалауды, аластауды, атуды талап етіп, қызыл кеңірдек болған. Сондай бір еңбек ұжымының жеделхатын келтірсек те жағдай өзінен-өзі түсінікті болар:

"Коллектив Кустанайского облвнуторга заслушав сообщение обвинительного заключения врагам народа антисоветской националистической повстанческо-вредительской группе Бухарбаева других, выражает возмущение ненависти и просит спецколлегию верхсуда применить всей группе Бухарбаева высшую меру социальной защиты – расстрел".

Тіпті таңқаларлық оқиға да кездеседі. РСФСР ҚК 58-бабымен халық жауы ретінде сотталып, НКВД-ның Қостанай түрмесінде жатқан тұтқындар да саяси кемелділік және белсенділік танытып, былай деп ашу-ызаға толы мәлімдеме жасаған:

"Прочитав в газете "Сталинский путь" от 18 сентября с.г. обвинительное заключение по делу национал-фашистской контрреволюционной вредительской банды во главе с бывшим секретарем Р.К. ВКП (б) Мендыкаринского района Бухарбаевым, мы до глубины души возмущены таким гнусным предательством трижды проклятой наймитов фашизма.

Верно, мы з/к и осуждены по Особенной части УК по ст.58-10 ч.1., но мы совершили, допустили ошибку, не преднамеренно, случайно, не злостно, но такие предатели, гады как Бухарбаев, нашу случайную ошибку превратили в государственное преступление... Со сменой партийного руководства, когда секретарем РК ВКП (б) стал Бухарбаев, из-за отсутствия руководства, вернее преднамеренного вредительского руководства, мы ошиблись, а бандит Бухарбаев, чтоб скрыть свое подлое контрреволюционное нутро, чтоб показать на сколько он бдителен, воспользовался этим. За свою ошибку мы несем наказание, но мы не были и не будем врагами трудового народа, а таким подлым собакам как Бухарбаев нет места в Советском союзе.

Мы просим суд уничтожить гадов, очистить великую страну советов от такой падали. Нет пощады злейшим врагам казахского народа, подлым предателям. 19.ІХ.1937 г.".

Қайран, арыстар! Нақақтан күйіп, өз иттері талап жатқанда не ойлады екен?! Бәрінің де артында бала-шағасы, жарлары, ағайын-туғандары қалып барады. Елім деп еңіреген ерлер сол елінің қаһарына не үшін ұшырады...

Абай атам не деп еді: "Жұрт айтса болды, көп айтса көнді әдеті надан адамның...". Сол көп нөпірдің аузына неге ақ ит кіріп, көк ит шығады. Кеше ғана қатар жүрген қайран азаматтар бүгін неге басқаша сайрайды? "Халық жауы". Ол өзіңе-өзің жау болу деген сөз емес пе?

Бірақ оны зерделейтін кім бар?

Ақыры жетеудің ісі 1937 жылы 20-25 қыркүйекте Боровской селосында қаралып, Есқожиннен басқасының бәрі ату жазасына кесілді. Және үкім соңына "бұл үкім қайта қарауға жатпайды" деп шегелеп қойды. Сөйтіп елім деп еңіреген арыстар саяси қуғын-сүргін құрбандары болып, атылды...


***

Енді, міне, сол жетеудің біреуі Нұрахмет Қосаевтың қызы 82 жастағы Зылиха апамыз нақақтан жазаланып, жанын қиған әкені еске алып, егіліп отыр...

Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан мына сөздер санамызда қайта жаңғырады: "Репрессия жылдарында аяулы да абзал азаматтарымыздың жойылғаны большевизмнің бетіне басылар қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытылмайтын қасіретіміз".

Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік

Қатар жүрген қимас дос Аманғали Қасаев туралы сөз


Өмірдің заңы солай, біреу туады, біреу бұл жалғаннан өтеді. Кеше ғана мектеп қабырғасында асыр салып, ер жетіп, бой жетіп, үлкен өмірге аттанған менің де сыныптастарымның алды бұл фәниден бақилыққа аттаныпты. Алдымен жап-жас қыршын Амантай Тәшенов, содан Қойшыбек Кәрімханов, Қуанышбай Әбеуов, Мәдина Өмірзақова, Есентай Әбжақов, Есенжол Меңдібаев, Аманғали Қасаев келместің кемесіне мініпті. Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин қайтыс болғанда қас батыр Баукеңнің (Бауыржан Момышұлы) айтқан мына бір сөздері құлағымда жаңғырып-ақ тұр: "Теперь по нашему квадрату бьет..."

Иә, қатар жүрген қимас достардан айырылу оңай емес. Көңілге медет болары, олар елі үшін адал еңбек етті, өмірлерін жалғастырар ұл-қыздары, өнегесі мен үлгісі, айта жүрер сөзі қалды.

Аман болса, енді бірер күнде Аманғали Қасаев досымыз жетпіс жасқа толар еді. Оның менен төрт жасқа үлкендігі болатын. Майдангер әке Сазанбай ұрыс даласынан елге аман келсе де ғұмыры ұзақ болмады. Артында аңырап, алты баласымен Ырысты анамыз қалып еді. Үлкені Ахмет мектеп оқушысы болса, ең кенжесі Сағира бір жаста ғана болатын. Ахметтен кейін туған Сапарғали, Мұхамедқали, Аманғали, Мағырипа мен кішкене Сағира ананың өжеттігі, етінің тірілігі мен пысықтығы арқасында жоқшылық көре қойған жоқ.

Онжылдықты бітірген балалардың үлкені Ахмет:

– Апа, енді мен де жұмыс жасаймын, мына іні-қарындастарымның қаз тұруына көмектесемін, – дегенде ана оған рай бермеді.

– Әкеңе берген уәдем бар, сен оқы, содан кейін де бауырларыңа қолқабыс бересің ғой, әзірше анаң тың, алаңдама, жарығым, – деп маңдайынан сүйді.

Сөйтіп Ахмет Ташкент теміржол институтына түсіп, мамандық алып шықты. Қостанай қалалық комсомол комитетінің хатшысы, Тың теміржолы Қостанай бөлімшесі бастығының орынбасары, Қостанай қалалық партия комитетінің екінші хатшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Өз қолы өз аузына жеткен соң сонау Жайылмада қалған бауыры осы Аманғалиды қалаға алдырып, Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернатқа оқуға берді, Аманғалидың оқуға кешеуілдеп келгенінің осындай сыры болатын.

Меңдіқара ауданы Ақсуат жетіжылдық мектебін бітіріп, сегізінші сыныпқа келген менің жолым Аманғалимен осылайша тоғысты.

Аманғали сабаққа алғыр болды, қоғамдық жұмыстарға да шын көңілмен беріле қатысты. Соны аңғарған мектеп-интернаттың сол кездегі директоры, ерекше көшелі азамат Сағымбай Ешімханов мектеп комсомол ұйымының жиналысында Аманғалидың кандидатурасын хатшылыққа ұсынды.

Бұл менің досымның оң жамбасына келетін жұмыс еді. Сол кездері біздің мектеп-интернат комсомол ұйымының күнделікті іс-әрекеті ерекше аталып жүрді. Сондықтан да болар, мектеп бітірісімен Аманғали бір жола сол комсомол жұмысына жегілді. Қостанайдағы аты бүкіл Одаққа мәшһүр мауыты-шұға комбинаты комсомол комитетінің хатшылығына сайланды. Жеті мыңдай қыз-жігіт еңбек ететін алып кәсіпорынның күнделікті қаракетіне араласқан сол бір шақ Аманғали Сазанбайұлы үшін ерекше қайталанбас, тамаша кезең еді. Досымыз жастармен тізе қоса еңбек еткен сол бір қимас сәттерді жиі еске алатын.

Кейін Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтында сырттай оқып жүргенде жас маманды облыстық астық өнімдері басқармасының бас энергетик қызметіне тағайындайды. Басқарма бастығы Урюпин, бас инженері Эйхман біздің Аманғалиға ерекше сенім артып еді. Соның белгісіндей ол 1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Л.Брежневтің Жарлығымен "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Досымның өміріндегі осынау қуанышты оқиғаның менің есімде дәл бүгінгідей сақталып қалуының да өз жөні бар. Өйткені сол Жарлықпен осы "Қостанай таңы" газеті редакциясы ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі маған да дәл сондай марапат берілген еді. Награданы сол кездегі облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Н.А.Пономарев тапсырды, салтанаттан кейін Әлекең екеуіміз әңгіме-дүкен құрып, ұзақ сырласқанымыз бар...

Мектеп бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алғанда Аманғали 21 жасқа келіп қалған еді. Сондықтан да болар, ол тіршіліктегі басқа мәселелердің бәрін жинап қойып, өз ошағын құрды. Өзімен бірге оқыған әдемі қыз Әнияшқа үйленіп, жалдап алған жатаған үйінде кластас достарын шақырып, кәдімгідей той жасады. Қалыңдық көйлегінің сыртынан белдемше байлаған Әнияш пешке от жағып, плита үстіндегі қайнап жатқан қазанға еттің нанын салып, ара-арасында биге араласып, ән де шырқап, думанға барынша бір табиғи, жарасымды сипат беріп еді. Менің ең алғаш үйлену тойына қатысқаным да осы достарымның тамаша мерекесі еді.

Әрине, содан бері талай жыл өтті, талай су ақты. Талай тойларда болдық. Алматыда да, Астанада да, басқа да үлкенді-кішілі қалаларда, кең сарайлар мен зәулім мейрамханаларда оркестрді ойнатып, асабаны сайратып, бишілерді билетіп, талай салтанаттарға ортақтастық. Бірақ солардың бірі де жалдап алған пәтердегі кең жайылған дастарқан басындағы Аманғали мен Әнияштың тойындай әсер еткен жоқ.

Осы бір жарасымды жұптың Ләззат, Ерлан, Айгүл атты балалары өсіп, жетілді. Бүгіндер олардың өз балалары бар. Өмірден өз орындарын тапқан, ата-ана сенімін ақтаған жас түлектер.

Кеңес Одағы тарап, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілген, халықтың қиналған кезінде Аманғали тығырықтан шығудың жолын іздеп, бизнеске келді. Кейін қала шетіндегі "Дархан" саяжай серіктестігінің төрағалығына сайланды. Бау-бақша серіктестігі Әлекең басқарып тұрғанда ерекше дамыды. Мүшелері көбейіп, жұртшылық сонда бос қалған саяжайларды іздеп жүріп, жан бітіретін болды. Оның өз саябағында да алма да, алмұрт та, шырғанақ пен құлпынай да, шие де, өрік те жеміс беріп тұрды. Іске мығым Аманғалидың учаскесінде бөгде бір қылтанақ болмайтын. Өйткені ол не істесе де беріліп істейтін, шаруаның көзін табатын.

Көңілдің көтеріңкі бір кездерінде қолына қара домбырасын алып, күй төгетін, әдемі қоңыр даусымен ән шырқайтын. Кезінде музыка мектебін бітірген, бұл саладан кәдімгідей сауаты бар жан еді.

Ұлы Ерлан үйленетін болып, Жамбыл облысы Шу қаласындағы қалыңдықтың ата-анасына қыздарына құда түсу үшін бірге барып едік. Сонда Аманғалидың әншілік, күйшілік қырына ерекше қаныққандай болып оралдым. Керемет күйлерді көсілтті-ай келіп, асқақ әндерді әуелетті аспандатып. Жиналған жұрт көзін жұмып, аузын ашты.

– Ал, құда, "Ақ Жайықты" айтшы, – деді әдемі бір келіншек. Әлекең болса, "Қыз Жібек" фильміндегі:

"Ақ Жайық, сенің атың ала-бөтен" деп басталатын тамаша әнді шырқағанда төбеде ілулі тұрған хрустал люстралар сол әнге қосылғандай сыңғыр қағып еді...

Жас күнімізде Аманғали мен Әнияштың үйінде жылда атап өтер қос мерекеміз болатын, біріншісі – Аманғалидың туған күні, оны ешкім де ұмытпайды, өйткені ол дүниеге келген күн – 18 наурыз – Париж коммунасы құрылған күні еді, екіншісі – Энергетик күні, желтоқсанның соңғы жексенбісі, ол Аманғалидың бас энергетик болған кезінен қалған дәстүр. Бүгіндер, Аманғали жоқ болса да, сол дәстүр қалған. Енді сол басқосулар еліміздің ардақты азаматы, жар, әке, ата Аманғалиды еске алу шарасына айналғандай...

Құдайға шүкір, досымыздың ошағы орнында, Ерланы әке ісін жалғастырып, анасына, апасы мен қарындасына қамқор болып, ұл-қыздарын өсіріп, өркен жайып келеді. Ләззат пен Айгүлі де көп құрметтісі, Әлекеңнің жиендері де жетілді, алды тұрмысқа шығып, ана атанды. Аманғали болса, Мейрамгүл атты жиен немересінен шөбересін де көріп кеткен еді...

Мектепті бірге бітірген достардың бәрі өмірден өз орындарын тауып, дүниеге кірпіш болып қаланды. Ақсуат ауылынан келіп, Ыбырай мектебін бірге тәмамдаған Дияс Жаманқұлов өмір бойы Қостанай кондитер фабрикасының цех бастығы болды, Қуаныш Әбдіхалымов Кеңес Одағының халық әртісі Роза Бағланова апасы қашан дүниеден өткенше сол тамаша талант иесі концерттік бағдарламасының директоры қызметін жемісті атқарды, Қауын Сәрсенова, Қайыржан Әбілғазина, Жұпар Тәшенова, Мінәш Қазбекова, Еркін Есләмғалиева, Күлпара Аппазова, Сапаргүл Нұғытаева ұстаздық етті, Бақыт Қасқатаева ғылым докторы болды, Қалима Әбдірахманова, Сәуле Шәріпова – дәрігерлер, Қарабай Шибұтов, Болат Медеубаев, Қалиахмет Әшіменов, Төлеген Ержанов – агроном, Ахат Қоқанов – инженер, осылай жалғасып кете барады. Сырымыз бір, жырымыз бір достар, бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік. Махаббат қызық мол жылдарды бірге кештік.

Өмір жалғасып жатыр.

Жаны жайсаң, көңілі дарқан

Ауыл шаруашылығы өндірісінің

танымал тұлғасы Хасен Нүркеев туралы сөз
1.Қыз алып қашқан күн
Өз басым Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатты өзімнен екі-үш жыл бұрын және кейін бітірген түлектердің бәрін де білемін, өмір жолын қадағалап жүремін десем, артық айтқандық болмас. Физика-математика ғылымының докторы, академик Абай Айтмұханбетов, техника ғылымының докторы, академик Жанкелді Отарбаев, педагогика ғылымының докторы, профессор Бақыт Қасқатаева, тарих ғылымының докторы, академик Аманжол Күзембайұлы, ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір ұйымдастырушылары Марат Қасымов, Серік Беркімбаев, білікті дәрігерлер Қалима Әбдірахманова, Сәуле Шәріпова және басқалары өздерінің таңдап алған мамандықтарына адалдықтың үлгісін көрсеткен жандар. Осы азаматтармен бірге мен мектепті 1961 жылы аяқтап, кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдаған Хасен Нүркейұлын ерекше атар едім.

Оның және менімен бірге алтын ұяда бірге дәріс тыңдап, тәлім алған түлектердің есінде тым ерекше сақталатын да жөні бар. Өйткені ол біздің сыныптың ең бір ару қызы – Мағзияға үйленген-ді. Үйленді емес-ау, бойжеткенді бір-ақ күнде алды-артына қаратпай алып қашқан. Мектепті бітіріп, бой түзеп, оңды-солға сын көзбен қарап, өзіңе тең қалыңдық іздеп жүрген он жеті-он сегіз жастағы біздер ортамыздағы асыл арудан айырылып, сан соғып қалғанбыз. Әсіресе өзіммен сырлас, пікірлес, ниеттес досым тым қатты күйзелді, ішкі сезімін қалайша білдіремін деп ұрымтал уақытты күтіп жүргенде тағдыр оны қақ маңдайдан осылайша соқты. Соқпалдай жігіт махаббат мұңына батып, күйзелді...

Қызды алып қашу ол заманда қылмысының ең бір ауыры еді. Мұндай әрекетке барған осы Хасеннің ісін біреу даттады, енді біреу құптады. Істің ақыры қайырлы болды, жас жұбайлар уақыт өте бір-біріне ілтипатпен, сыйластықпен қарап, үбірлі-шүбірлі болды. Екеуі де ел игілігі үшін еселі еңбек етіп, халқының құрметіне бөленді. Мағзия қазақ әйелдеріне тән барлық асыл қасиеттерді бойына сіңірген жан ретінде тағдырдың бұйрығы – өз қосағы Хасенге үнемі қамқор болды. Оны төрге сүйреді, ағайын-туғаны, жолдас-достары алдында сағын сындырмады. Оның арқасында азаматы алға басты, ел аузына ілікті.

Өзі болса Алматы халық шаруашылық институтын аяқтап, экономист мамандығы бойынша жемісті еңбек етіп, абырой-беделге ие болды.


2. «Мойынқұмда – ауылым»
Сіз Шәмші Қалдаяқовтың осынау шаттыққа толы әнін білесіз бе? Әрине, білесіз. Өйткені қазақтың маңдайына біткен ұлы композиторының өлмес туындыларын білмейтін елімізде бір де бір қазақ жоқ. Білмесе, оның қазақ болмағаны.

Осы әнге Хасен Нүркейұлы да ерекше ғашық еді. Өйткені бұл ән біздің азаматымыз Мойынқұмда еңбек етіп жүрген уақытта туған.

Науырзымның кең жазығында дүние есігін ашқан, университет бітірген соң да, туған жер төсінде тер төккен Хасекеңнің Жамбыл облысына табан тіреуі де бір тарих. «Науырзым» кеңшарындағы астық қабылдау пунктінде экономист, «Раздольный» совхозында экономист, «Кустанайский комсомолец», «Дәмді» кеңшарларында партия комитетінің хатшысы сияқты қызметтер атқарып, абыройға бөленген жанды облыстық партия комитетінің бюросы Алматы жоғары партия мектебіне жібереді. Бұл 1974 жыл болатын. Сол жылы Хасекең тың және тыңайған жерлерді игерудің 20 жылдығына арналған Алматыдағы салтанатқа қатысып, абыройға бөленеді.

Партия мектебінде оқыған екі жыл Хасен Нүркейұлы үшін ерекше бір өмір мектебі болады. Дәріс оқыған ұстаздары қандай еді. Бәрі де қазақ елінің ерекше танымал тұлғалары, ғұлама ғалымдар және ділмар шешендер: профессор Лайық Байділдинов, профессор Гурий Хан, профессор Ермұхан Бәйімбетов, профессор Түймебай Әшімбаев және басқалары. Партия мектебіне тыңдаушылар болып келген азаматтар да ерекше тәжірибе жинақтаған, болашақта зор үміт күтетін тұлғалар-тын. Хасен де уақытты бос жібермей білім тұңғиығына сүңгіді. Әсіресе, адамдармен тіл табысу, этика, эстетика мәселелеріне, адам психологиясы мен басқару түйткілдеріне ден қойды.

Партия мектебіндегі екі жыл да әне-міне дегенше өте шықты. Жолдама бойынша ол Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданына жол тартты, оның да өзіндік сыры болатын. Бұрынғы Көктерек ауданының негізінде Мойынқұм ауданы жаңадан құрылған. Соған кадрлар керек. Хасенді аудандық партия комитетінің нұсқаушысы етіп бекітеді.

Аудан орталығы құлазыған құмның қақ төріндегі Фурмановка селосына орналасқан. Мекемелерге, жеке қызметкерлерге үй тауып, орналастыру да қиямет қайым. Хасен дәл осындай күрмеуі қиын істің көзін табу үшін әріптестерімен бірге тер төкті.

Егер сіз қазір Фурмановка селосына бара қалсаңыз, қызыл құм ішінде орнаған осы шағын қала тәрізді селоның бүгінгі бейнесіне қызыға, таңырқай да таңдана қарарыңыз ақиқат. Жасыл желек жамылған ақ шағаладай әсем үйлер еріксіз көз тартады. Оқтай түзу кең көшелеріне асфальт төселген. Орталық алаң құлпыра түскен. Сол алаңда ақ таяғын қымти ұстаған қыран кейіпті қарияның алып та асқақ тұлғасы биік тұғырдан алыс қияға көз тастап тұр. Бұл – табаны құмға тиіп, маңдайы күнге күйіп, жазында қапырық құм аптабына, қасында бөрідей ұлыған боранға бой бермей, мойымастан еңбек етіп, ақтылы қойды Мойынқұм өңірінде мыңғырта өргізген бүкіл шопандар қауымына орнатылған алып ескерткіш. Одан қос Алтын Жұлдызды даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев бейнесін көруге болады.

Хасекең сол Жазекеңе де жақын жүрді. Есімі байтақ елге танылған ақсақал інісін де іш тартты. Кейде ақ боз атқа мініп келіп, сырттан дыбыс берген даңқты ағаны осы Хасен мен Мағзия балаларымен бірге аттап түсіріп, төрге оздырды. Ақылы дария, көңілі көктем қария бұл үйдің балаларының кекілінен сипап, батасын берді. Мағзия қызының қою шайы мен шұбат-қымызын жайғасып отырып ішіп, әңгіме тиегін ағытқан кез әлі ұмытылған жоқ...

Хасекең кейін «Көктерек» кеңшарында партия комитетінің хатшысы, Жазылбек Қуанышбаев атындағы кеңшар директоры болып абыройлы қызмет атқарды.

Совхоз директоры кезінде талай жыл шешімін таба алмай жүрген мәселеге осы Хасекең назар аударды. Кеңшардың бүкіл машинасының жүруінен тұруы көп болатын. Өйткені радиотарға құм тығылып, ол тез істен шығатын. Қашанғы жаңа радиатор ала бересің. Директор бұл мәселені шешу үшін сол кездегі Қырғызстан астанасы Фрунзе қаласына (қазіргі Бішкек) барып, «Киргизавтомаш» заводын тауып алады. Тауып алады да директорына кіреді.

– Мен Қазақстаннан келген бауырмын. Бүкіл мәселе сізге тіреліп тұр, – дейді.

Завод директоры аң-таң. Хасен сабасына түсіп, мәселенің мән-жайын түсіндіреді. Владимир Иванович Богачарев түсінеді, түсінеді де қол ұшын береді. Кейін сол бір замандасын қонаққа шақырып алдына қазы-қарта, қымыз бен шұбат қояды. Қонақтың асқазаны ауырады екен.

– Оның бірден бір емі – шұбат, – дейді Хасекең. Ақыры сол шұбаттың арқасында Владимир Иванович құлантаза айығып, өздерінің қазақ бауырларына алғысын жаудырады.
3. Ортасына сыйлы, отбасына жайдары
Хасен Нүркейұлы қайда еңбек етпесін оған үнемі жақсы адамдар жолыққандай әсер қалдырады. Мысалы Алматыда партия мектебінде оқып жүргенде біздің жерлесіміз ғұлама ғалым, академик Темірбай Дарқанбаевқа туған інісіндей болды. Академик, Лениндік сыйлықтың иегері Мұрат Айтқожинмен аралас-құралас еді. Тіпті КСРО Ғылым академиясының вице-президенті академик Овчинников та қазақ жігітін ішке тартты, Нобель сыйлығының екі мәрте лауреаты Полинг те Хасекеңді жоғары бағалады. Сәлімгерей Тоқтамысов, Хайдар Арыстанбеков, Сырбай Мәуленов сынды біртуар азаматтар да қостанайлық інілерін жақсы көрді, арқасынан қақты, сенім артты.

Хасекең Мойынқұмда істеп жүргенде осы ауданды жиырма жылдай уақыт бойы басқарған Айтбай Назарбеков біздің жігіттің еңбегіне, ізденісіне ерекше риза болып, оны өзгелерге үлгі етті. Айтбай Назарбекұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты, КОКП ХХVI съезінің делегаты болған қайраткер тұлға еді. Хасен Нүркейұлы ол кісінің адамгершілігін, адалдығын, адамдарға деген қамқорлығын өле-өлгенше аузынан тастамай айтып өтсе керек.

Осынау жарасты отбасы Мойынқұмда тұрғанда біздің сыныптас досымыз «Қазақконцертте» КСРО халық әртісі Роза Бағыланованың концерттік бағдарламасының директоры болып істейтін Қуаныш Әбдіқалымов даңқты апасымен бірге келеді. Көптен көрмеген мектептес достың концертін тамашалап, кейін үйінен дәм татқызып, Хасен мен Мағзия мәз болады. Осынау кездесу туралы Қуаныш досымның:

– Ой, Хасекең мен Мағзияның несін айтасыз, нағыз бауырмал жандар солар ғой, – дегені бар.

Құдайға шүкір, Нүркеевтердің ұл-қыздары өсті, қанат жайды, елінің айтулы азаматтары атанды. Әділханы «Қазтелекомның» аудандық бөлімшесінде істейді, оның келіншегі Спандияр Көбеев атамыздың немере інісі Дихан Көбеевтің қызы, бұл отбасында ата-әженің үш немересі өсіп келеді, қыздары Мақпал Алматыда тұрады, өзі құрған фирманы басқарады, оның да екі ұл, бір қызы бар, кенжелері Қуаныш, заңгерлік мамандық алған, бүгіндер анасымен бірге Науырзымда Қарамеңдіде тұрып жатыр.

Хасекең еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни 1992 жылы, елге оралып, «Науырзым – аудит» жеке фирмасын ашып, кәсіпкерлікпен айналысты.

Тіпті реті келгенде өзінің жеңіл автомашинасымен Қарамеңдіден Қостанайға адам тасып та табыс тапты. Қаладан келген сайын немерелері қанат жайып, алдынан шығатын. Өйткені балажан Хасекең олардың бәріне де сыйлық ала келеді. Шіркін, сәбидің сол кездегі қуанышын айтсаңызшы!..

Әттең, айтулы азамат бұдан үш жыл бұрын дүние салды, ауыр науқасқа шалдығып, төсек тартып қалғанда қасынан бір елі ажырамай аяулы жары, Құдай қосқан қосағы Мағзия мен балалары жатып жастық, иіліп төсек болды.

Елімізге белгілі тұлға Айтмұханбет Жанайдаров ағамыз Хасен құдасына сыйлаған «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты кітапқа мынандай қолтаңба қалдырыпты: «Айбаты арыстандай, кісілігі Алатаудай биік, көңілі жайсаң, Сарыарқадай дарқан Хасен құдаға! Шын жүректен! 14.07.2001ж. Астана»

Иә, дәл айтылған, дөп айтылған тілек, орынды баға осындай-ақ болар. Соған өзіміз де қосылып, қол қоямыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет