«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



жүктеу 3.96 Mb.
бет22/24
Дата09.09.2017
өлшемі3.96 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

Әнім сен едің...

немесе Дияс пен Жұпар Жаманқұловтардың

пәк көңілі мен өнегелі өмірі жайлы мөлтек сыр
Қазақта ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып жеткен махаббат хикаялары аз емес. Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу, Еңлік пен Кебек...

Бірақ бұл ғашықтық жырларының бәрі де өкінішпен аяқталады. Сүйгендеріне қосыла алмаған жастардың тағдыры да аянышты.

Ал мен бүгінгі баянымда бала жастан достасып, өмірде жұптасып, бір-бірін қадір тұтып, төңірегіне нұр шашып, шуақты өмір кешіп жүрген өз замандастарым туралы сыр шертпекпін.
1. Жігіттің сұлтаны – Дияс
Соғыс аяқталып, Ұлы жеңіс тойынан кейін туған сәби еді ол. Төрт жаз, төрт қыс бойы қайғы жұтқан халықты сол сәбидің шыр еткен даусы селт еткізген. Жаңа, бейбіт өмірдің бастауындай жар салып еді сол сәби даусы...

Әке соғыстан мүгедек болып оралған. Қос балдақпен жүріп, ұстаздық етті. Аласапыранның алдында ғана Меңдіқара педагогика училищесін бітірген. Сол Кәмеш Жаманқұлов ағамыз қашан зейнеткерлікке шыққанша мектептен қол үзген жоқ. "Мектеп Мересьеві" атанған майдангер-ұстаз талай шәкірттерінің жүрегіне ізгілік дәнін екті. Бертін келе математика сабағын оқытты. Оның алдын көрген талай жастар сол ұстазының жолын қуып, математикаға ден қойды. Осы Диястан кейін туған оның Гүлжан, Ләйлә, Әмина, Гүлнәр, Жанар атты қарындастары да әке үлгісінен алыс кеткен жоқ. Гүлжан да, Ләйлә да, Әмина да ұстаз, сол математикадан сабақ береді, Гүлнәр – экономист, Жанар – бухгалтер.

Осы балалардың анасы Ғафура Сейдахметқызы да ұлағатты ұстаз еді. Ол да Меңдіқара педагогика училищесінің түлегі. Апамыз ғажап әнші болатын. Қостанайда облыстық филармонияның шымылдығын алғаш ашқан қас таланттардың бірі. Ол шырқаған ән талайлардың құлақ құрышын қандырған. Әйгілі Күләш Бәйсейтова салатын әндерді Ғафура апамыз да ерекше шабытпен шырқайтын.

Кейін ұстаздық жұмысқа ауысқан соң да реті келгенде талай сахналарда ән әуелетті. Той-жиынның сәні болды.

Балалардың үлкені Диясқа да ананың сол қасиеті дарыған. Ол да қаршадай күнінен ән салды, күй тартты.

Оның бағына Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқып жүргенде тамаша музыкант-ұстаздар кездесті. Ән-күй пәнінен берген өрімдей жас жігіт Иван Андрейчук, домбыра тартуға баулыған консерватория түлегі Қарасай Жұмалиев, шекті аспаптар оркестрі мен үрмелі аспаптар оркестріне жетекшілік еткен Владимир Высоцкий Диястың да, басқа да өнерге құштар жастардың көкірек көзін ашты, табиғат берген дарындарын ұштауға көмектесті. Сондықтан да болар осы Дияс мектеп қабырғасынан нота танып, музыкалық аспаптардың кез келгенінде еркін ойнайтын болып шықты.

Біз оның мектепте бірге оқыған дос-жолдастары кәмелеттік аттестат алған соң Дияс сөзсіз консерваторияға түседі деп жүрдік.

Бірақ ол Қорған ауыл шаруашылық институтына түсіп, сонда оқыды. Онда да ол сахнаның гүлі болыпты, институт мақтанышына айналыпты. Сол тұста Қорғанда бірге оқыған жолдас-достары Серікбай Бисетаев, Марат Мағажанов, марқұм Сапар Талдыбаев және басқалары Диястың табиғи талантына аузын ашып, көздерін жұматын. Серікбай Жұмабекұлы Парламент депутаты кезінде елге келсе қасына Диясты ертіп алатын. Барған жерде Декең әуелете ән салғанда көрші-көлем, таныс-бейтаныс сілтідей тынатын. Және Дияс Кәмешұлының білмейтін әні жоқ. Халық әндерін де, қазіргі сазгерлер әндерін де, әлемдік классика мен өзге композиторларының әндерін де асқақтатады. Ғажап. Не деген ашық үн, сыңғырлаған дауыс, келісімді көзқарас.

Домбыра қалай күмбірлейді, баян қалай сарнайды, гитара қалай мұң төгеді, күйсандық қалай күңіренеді... Әттең Дияс өнерді кәсіп еткен жоқ. Қостанайда кондитер фабрикасы ашылғанда оның алғашқы директоры Нығымет Танашевтың шақыруымен осы жаңа кәсіпорынның есігін ашып еді. Аммиак-тоңазытқыш цехының бастығы болып орналасып, содан бергі отыз жыл бойы осы іргелі кәсіпорынның ыстығына күйіп, суығына тоңумен келеді. Әрине, одан бері кәсіпорынның аты да, меншік түрі де, басшылары да талай өзгерді. Ал Дияс Кәмешұлы сол қызметін жемісті атқарып келеді. Бүгінгі "Баян-Сұлуда" оны бәрі де таниды. Ең бастысы кондитер ісін жетік білетін маман деп бағалайды, сосын адамгершілігі мол, тапсырылған іске ұқыпты, достыққа адал жан деп біледі. Өнерін де құрметтейді.

Бәлкім, "Баян-Сұлудың" аты бүгіндер алысқа кетсе, оның өнімдеріне деген сұраныс ерекше болып отырса, ол да осы Дияс сияқты азаматтардың еңбегі деп білген жөн. Фабриканың шығарған әрбір өнімінде осы Дияс салған сырлы әндер сияқты ерекше бір сиқыр бар. Сондықтан да болар, дүкендерде тәттілердің неше атасы тұрса да үлкеніміз де, кішіміз де "Баян Сұлудың" кәмпиті мен печеньесін іздеп жатамыз. Сыртқа қонаққа барсақ әдейі "Баян Сұлу" деген әсем қорабы бар тәттіні іздейміз.

Жұпар да мектепте Дияспен бірге оқыды. Сахнада шәші селтиген сары бала ән шырқап тұрғанда енді ғана бой жетіп келе жатқан осы сары қыз құрбысының әр қимылын қалт жібермей қарап отырар еді. Бәлкім, сондай бір шуақты сәтте алғашқы пәк сезім селт еткен болар...
2. Нағыз ару – Жұпар
Па, шіркін! Жұпар да ғажап әнші ғой. Жалпы іздей білсе, тани білсе небір таланттар табылары хақ. Мектебімізге жоғарыда айтқан Иван Порфирович Андрейчук музыка пәнінің мұғалімі әрі хор жетекшісі болып келгеннен кейін мектеп-интернат өмірінде ерекше бір леп есті. Сол бір тамаша музыкант әрі педагогты мектеп-интернат директоры Сағымбай Ешімханов ағамыз қайдан тапқанын білмеймін, оңды адам, жап-жас болғанмен жөн білетін, балаларды өте жақсы көретін, өз ісіне шын берілген нағыз өнердің саңлағы еді. Ол бәріміздің де өмірімізде ерекше із қалдырды. Тіпті ән әуеннен мақұрым өзіміз де сол бір азаматтың жанкешті еңбегін осы уақытқа дейін ұмытқан жоқпыз. Мектеп бітіргенде бәріміз бірдей нота да танып шығып едік. Жоғары сынып балаларын сахнаға тізіп қойып, әнді төрт дауыспен айтатын хор ұйымдастырып еді. Қабілеті бар қаракөздер жеке дауыста шырқаса, біз сияқты қарасындар анда-санда бір ыңылдап қойып тұра беретінбіз. Бірақ сол біздің ыңыл қалай шығады – хордағы үйлесімділік, әртүрлі дауыстардың сәйкестігі соған да байланысты еді. Яғни біздің міндетіміз де жауапты болатын. Иван Порфирович оң қолын сермеп кеп қалғанда жиырма-отыз бозбала ыңылдап ала жөнелетінбіз. Сонда шынында да, зал іші ерекше бір салтанатты тыныштыққа бөленетін...

Содан сызылтып Жұпар жеке дауыста ән әуелетеді. Оны оның құрбысы Қайыржан Әбілғазина деген кластасымыз қостайды, олар аяқтай бергенде үшінші дауыспен айтатын қыз-жігіттер қосылады. Зал іші күңіренеді, сахнада тұрған біздер өзімізді танымал артистерше сезінеміз. Сөйтіп жүріп талай қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлде алып, айдарымыздан жел ескен тамаша сәттер өтті...

Мектеп бітірісімен Жұпар мен Қайыржан бірден Алматыға тартты. Қыздар педагогика институтының музыка факультетіне түсіп, озат студенттер болды.

Еліміздің сол кездегі әсем астанасында бала жастан бірге өсіп, бір мектепті бітірген достар жиі бас қосып, мереке-жиындарды бірге тойлаушы едік. Бірақ Жұпар да, Қайыржан да құр селтеңге әуес емес-ті, қашан іздеп барсаң да пианино құлағына жабысып отырғанын көретінбіз. Қиылып, өтініп, қолпаштап әзер дегенде кино-театрларға баруға көндіруші едік.

Қыздарымыздың институттағы ұстаздары да ғажап еді. Композитор Бақытжан Байқадамов, композитор Өмірбек Бәйділдаев, Әмина Бапина, педагогикадан дәріс берген аяулы Мәншүк батырдың анасы Әмина Мәметова...

Жатақханада бірге жатқан құрбылары да ибалы, тәрбиелі, сүйкімді бойжеткендер еді. Аманкүл, Гүлбаршын, Дәрмен, Тәкен... Әрқайсысы Қазақстанның әр түкпірінен келсе де өнер атты киелі босаға оларды бір-бірімен бауыр-туыс қылып жібергендей еді.

Алматы – үлкен қала. Жастар көп, той-думан да жетеді. Ұл-қыздар бір-бірімен танысып, табысып, үй болып та жатады. ЖенПИ-де оқитын қос құрбы қырындаған талай жігіттерге елп ете қалмай, тағдырдың жазуын болашақтан күтті. Алыстағы Дияс Жұпарды іздеді, Алматыдағы Жұпар Диясты ойлады. Мектепте жүргенде селт еткен сезім кейін ақ махаббатқа ұласты. Оқу бітіріп келген жастар осы Қостанайда кездесіп, мәңгі бірге болуға сөз байласты. Содан бергі отыз бес жылдан астам уақыт бойы өмір көшінде қол ұстасып бірге келеді.

Жұпар облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен бірден дарынды балаларға арналған музыка мектебіне мұғалім болып орналасқан еді. Күні бүгінге дейін оның еңбек кітапшасында сол оқу орнына жұмысқа қабылданды деген жалғыз ғана жазу бар. Яғни бүкіл ғұмыр бойы Жұпар Ескенқызы сол алтын ұяда ұстаздық етіп келеді. Ал Оның ЖенПИ-де бірге оқыған құрбысы Қайыржан Әбілғазина болса, өзіміздің алтын ұямыз – Ыбырай мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып оралды. Ол да күні бүгінге дейін кешегі Иван Порфирович ұстазымыз сияқты өзінің іні-сіңілілерін өнерге баулып, өмірге бағыттап жүр.

Ойлап қарасаңыз, бір орында тапжылмастан қырық жылға жуық жемісті еңбек етіп жүрген мұндай жандар көп болмаса керек-ті. Әрине, кезінде басқа жұмысқа ауысу туралы талай ұсыныс-пікірлер болған да шығар, бірақ салмақты да сабырлы, өз міндеттеріне адал және жауапты қарайтын қыздарымызға басқа жұмыс туралы ой да келмесе керек.

Жұпар осы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде қызмет еткен жылдары оның алдынан он мыңдаған шәкірттер өнер өлкесіне қадам басты. Талай шәкірттері облыстық, республикалық конкурстарға қатысып жүлдегер болды. Солардың ішінде Қайрат Сұлтанғалиев, Дима Григорьев, Толя Жидков, Лена Томилина, Оксана Семина сияқты шәкірттерін ерекше мақтан тұтады. Солардың біразы қазір Жұпардың өзі сияқты ұстаз, музыка училищелерінде, мектептерде ән-күй пәнінен сабақ береді.


3. Пейілі жақсыға пейіш бар
Бүгіндер Дияс пен Жұпардың өз балалары – Аида мен Манасы азамат болды. Екеуі де кезінде музыка мектебін бітірді. Ата-анадан дарыған қасиет – өнерге жақын жандар. Аидасы Рудныйда тұрады, тұрмыста, сондағы музыка мектебінде сабақ береді. Мектептен кейін сол Рудный музыка училищесін, кейін Қостанай педагогика институты музыка факультетін бітірген. Жолдасы Қайрат пен екі кішкене сәбиін ертіп, ата-анасына жиі келіп тұрады.

Манас та жеке үй болды. Келіні Сәуле дегенде, немересі Әсел дегенде Дияс пен Жұпарда жан жоқ. Кішкене Әсел қысы-жазы ата-әжесінің үйінен шықпайды. Манас Рудный индустриялық институтын бітірген, бүгіндер Алматы сауда-қаржы банкісі облыстық филиалында инженер-менеджер, Сәуле – экономист.

Құда-құдағилардың да орны басқа. Екі арада дорба да, жорға да жүріп жатыр...

Табиғаттың заңы солай, Диястың да, Жұпардың да ата-анасы дүниеден өтті. Перзенттері ақ адал көңілмен, мұсылмандық дәстүр-салтты сақтай отырып, соңғы сапарға арулап жөнелтті. Ұлы Отан соғысының мүгедегі Кәмеш аға қатты сырқаттанып қалғанда ең тәуір деген ауруханаларға жатқызып, күндіз-түні басы-қасында болып, қарт солдаттың көңілін демеді.

Бір қызығы майдангер ағаның туған күні 8 наурыз, ал Ғафура апамыздың туған күні 9 мамыр еді. Жеңіс күнінде де әке мен шешені, әйелдер күнінде де әке мен шешені қабат құттықтап жатушы еді балалары.

Бұл замандастарымыз отау құрып, үй болғанда үкімет берген үш бөлмелі пәтерде бүкіл өмір бойы тұрып келеді. Соны қанағат тұтады. Және "Баян-Сұлу" тиіп тұр, жұмысқа жақын.

– Балаларымыз туып, өскен, әке-шешеміз төрінде отырған, туған-туыстарымыз іздемей табатын осы үйден артық пейіш жоқ, – дейді Дияс.

– Көрші-көлем де бір туыс, бауыр басқан мекеніміз, құтты ұямыз осы, – дейді Жұпар.

Бұл сөздердің астарынан барды қанағат тұтқан, дүние-байлыққа қызықпаған, тәртіп пен тәубені серік еткен замандастарымның бар болмысын көргендей боламын.

Расында да, "пейілі жақсыға пейіш бар" деп атам қазақ тегін айтпаса керек.

Біздің заман ғашықтарының мен білетін хикаясы осындай, құрметті оқырман.

"Жарқ етіп өте шықты жарық сәуле"

деп ақын жырлаған ағамыз

Мыңжасар Өтемісов туралы сөз

Кезінде Меңдіқара педагогика училищесін бітірген үлкен-кішінің бәрі де ерекше бір дарынды, қабілетті, жасампаз жандар ретінде көрінеді де тұрады маған. Академик Манаш Қозыбаев, ғылым докторы Әзірхан Жұмасұлтанов, соғыс және еңбек ардагерлері Серәлі Жәкетов пен Кәмеш Жаманқұлов, өзіміздің әріптесіміз, білікті журналист Бақытжан Нұрмұхамедов, Торғайдағы топжарған Орекен Алмат, Қостанайдағы ұлағатты ұстаз Күләй Қайырова... Бұл тізімді соза түссек, соның бел ортасында Мыңжасар (Жасар) Өтемісов те тұрар еді.

Меңдіқара ауданы, Ұзынағаш ауылында ел басына қиыншылық туған, ел аштықтан әлсіреген 1933 жылы көктем шыға дүниеге келген Мыңжасар қазақтың осынау құйқалы өңірінде құйындатып жүріп ер жетті. Әкесі Әбдірахман мен анасы Шайзада шаруа баққан, жөн-жобаны жетік білетін, елге сыйлы, ағайынға жұғымды жандар еді. Қара шаңыраққа келімді-кетімді кісілер де көп болатын. Қыстың ұзақ кешінде әңгіме-дүкен құрған ақсақалдардың пәтуалы әңгімесін тыңдауға құштар еді бала Жасар.

– Осы ұлымның ынтасы зор, көруге, білуге құштар. Зердесі де мықты, анау аталарының аузынан шыққан сөзді қағып алып, қайта айтудан да жалықпайды, – деп әкесі риза болатын. "Әке балаға сыншы" деген. Расында да, Жасар жастайынан-ақ ел аузына ілікті.

1953 жылы осы Қостанай өңірі үшін ерекше оқу орны болған Меңдіқара педагогика училищесін бітіріп, жолдамамен сол кездегі Орджоникидзе ауданы Ақсу ауылындағы бастауыш мектептің меңгерушілігіне орналасты. Ақсу – қазақ үшін тарихи мекен, Ресеймен шекарадағы қазақ ауылынан ұлтымыздың талай марқасқалары шыққан. Тұңғыш журналистердің бірі, қайраткер азамат Аманғали Сегізбаев, академик Темір Дарханбаев, "Қостанай таңы" газетінің ұзақ жылдар бойы бас редакторы болған, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Жангисин...

Өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар ауыл жас жігітті жатсынбай өз бауырына қысты. Бүлдіршін балалар да жаңа мұғалімнің кішкене достарына айналды. Жасар болса алдына келген әрбір оқушыны тұлға деп танып, тарыдай болып келіп, таудай болып шығар шәкірттерін білім мұхитына сүңгітіп, тәрбие тізгінін де тең ұстады.

Сол жылдары осы "Ақсу" ұжымшар басқармасының төрағасы Кәрім Құдайқұлов деген жөн білетін, көшелі азамат еді. Ол жап-жас жігітті өз қамқорлығына алып, ақыл-кеңесін берді. Қызметтен қол боста жазда арбасымен, қыста шанасымен ұжымшар нысандарын бірге аралады. Жасар да ағасының атын жегіп, арбасын майлап, ілтипат көрсетті.

Мына қызықты қараңыз, өмір бір айналып келгенде сол Жасар Ақсуда арқасынан қаққан ағасының баласы Жәзит Кәрімұлымен Қамысты ауданында бірге қызмет істеді. Бұрын әкесіне іні дос болса, енді Жәзитке нағыз жақын жолдас болды.

Көпті көрген және көп жайтты көңілге түйген Кәкең Жасар Ақсуда бір жыл қызмет істегеннен кейін оған ақылын айтты:

– Сопақ басың состиып жалғыз жүргенде тіршілік келіспейді, не үйлен де, біржола Ақсуға бауыр бас, немесе атақоныс еліңе барып, ата-анаңды қуант,– деді аға.

Сөйтіп Жасар ауылға қайтты. Келді де Меңдіқара ауданы Қаратал машина-трактор станциясы бойынша комсомол нұсқаушысы қызметіне кірісті. Жалындаған жастар арасында екі жыл еңбек етіп, енді облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Торғай ауданы Шилі жетіжылдық мектебіне мұғалім болып орналасты. Кейін 1957 жылы жаңадан ашылған Бестау орта мектебіне қызметке келді. Жасар үшін бұл ерекше бір шуақты кезең еді. Жаңа ғана шаңырақ көтерген қазақ орта мектебінде өзі теңдес жас ұстаздар көп болатын. Олар оқу-тәрбие жұмысын жоғары сатыға көтеріп, шәкірттеріне шын мәнінде сапалы білім, саналы тәрбие берді. Көзінің оты бар ұл-қыздар осы Жасар ағаларына жақын жүруге тырысатын. Өйткені оның жасыратын сыры болмайтын, ағынан ақтарыла отырып, шәкірттерімен өзімен тең адамдай сөйлесіп, сырласатын. Ұстаздың сол бір ерекшелігін оның алдын көрген шәкірттері осы күнге дейін ерекше бір құрмет, сүйінішпен еске алады. Солардың ішінде Қамыстының Мамыркөлін қайта түлеткен Темірхан Үндемесов, ауыл шаруашылық өндірісінің білгір ұйымдастырушысы Ибраш Естаев, кеңшардың бүкіл есеп-қисабын шемішкедей шаққан Жақсылық Қаилов, Жасардың өз інісі облысқа белгілі тұлға Орал Таңжарықов, ақын-жазушылар Серікбай Оспанұлы мен Қайсар Әлім және басқа көптеген білікті азаматтар бар.

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері Ибраш Естаев бала күнінде ерке, тентектеу болса керек. Сабаққа да жиі бармай қалады екен. Анасы болса, осы Жасарды әдейі іздеп келіп:

– Балам-ау, біздің тентекке ақылыңды айтсайшы, сені тыңдайды ғой... – деп өтінеді.

Жәкең үш доңғалақты мотоциклін дүр еткізіп, қырда доп қуып жүрген Ибрашты мотоциклдің бесігіне отырғызып, талай рет мектепке өзі алып келген екен. Кейін сол Естаев Қостанай ауыл шаруашылық техникумында оқып жүргенде әдейі іздеп келіп, хал-жағдайын сұрап, арқасынан қағып, кетер кезінде қолына 25 рубль ақша ұстатқан екен. Ал Ибраш болса мұндай кесек ақшаны бұрын тіпті көрмепті де. Күні бүгінге дейін, сол Жасар ағамыздың туған інісі Орал Әбдірахманұлынан:

– Сол кезде Жәкеңнің қалтасында басқа ақшасы болмаған шығар? – деп қайта-қайта сұрай беретіні бар екен Ибраштың.

Жасар болса көзінің оты бар сол шәкіртіне аз-мұз көмек қолын соза отырып, оның болашағына осылайша сенім білдірсе керек.

Рас, Ибраш та ұстаз сенімін ақтады, облысқа белгілі азамат болды.

Ұстаз Өтемісов жазғы каникул кезінде сол "Бестаудың" шаруасына да қоян-қолтық араласып кетеді екен. Орақ кезінде автомашинаға мініп, егін даласынан қырманға астық тасиды, басқа да шаруаларды атқарады, ара-арасында үгіт-насихат жұмысына араласады. Енді, міне, осы үрдіс оны қоғамдық жұмыстарға әкеледі. Алдымен сол "Бестау" кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, кейін партия комитетінің хатшысы болады. Ал 1973-1985 жылдар аралығында ол ауыл шаруашылық қызметкерлері кәсіподағы Қамысты аудандық комитетінің төрағасы болып, жемісті еңбек етеді.

Аудан прокуроры Ғалихан Ержанов (кейін Қазақстан Әділет министрі, облыс прокуроры болды. С.М.), "Казсельхозтехника" аудандық бірлестігінің бастығы Сәбит Құдайқұлов, осы Жәкең қосыла қалғанда орта думанға толып жүре беруші еді-ау, шіркін! Қайран, дүние! Бүгіндер осы абзал ағалардың үшеуі де мәңгілікке сапар шекті. Олар еңбек еткен Қамысты ауданының орталығында қазір Ғалихан Ержанов атындағы, Сәбит Құдайқұлов атындағы көшелер бар. Сәті келсе, аудан басқарып отырған азаматтар Мыңжасар Өтемісовті де мәңгі есте қалдыру шарасын ойластырар деген сенім де бар. Олай дейтініміз, Жасар Әбдірахманұлы 1985 жылы қазанның 8 жұлдызында аудандық партия бюросының тапсырмасымен "Свободный" кеңшарының мемлекетке астық тапсыру барысын қадағалау мақсатыммен іссапарда жүргенде жүрек талмасынан кенеттен дүние салған еді... Яғни, қызмет бабында қаза болған қайраткер ағамыз ол. Машинаның рулінде де өзі отырған болатын...

Құдайға шүкір, Жәкеңнің артында төрт ұл, бір қызы, отыз бір жыл отасқан асыл жары Жұпар Ерназарқызы қалды. Бүгінде атасының он немересі мен үш шөбересі өсіп келеді. Олардың бәрі де елі үшін аянбай тер төккен Жасар аталарын мақтан етеді.

Ұлдың үлкені Аманжол газ шаруашылығы саласында істейді, кәсіпкер, Марат Қостанай ауданы Октябрь орта мектебінің директоры, Роза – колледжде оқытушы, Қайрат – кәсіпкер, шаңырақ иесі, кенже бала – Талғат – мемлекеттік қызметші, анасымен бірге Меңдіқарада тұрады.

Жасар ағамыз өмір бойы оқу, ізденіс үстіндегі адам болды. Педагогика училищесінде оқығанын айттық, кейін агроном мамандығын алды, Алматы жоғары партия мектебін де ойдағыдай тәмәмдады. "Құрмет Белгісі" орденімен, төрт медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жәкең кенеттен қайтыс болып, ағайын-туыс қайғы жұтып қалғанда сол кезде Алматыда тұратын ақын шәкірті Серікбай Оспанұлы да ауылға асығыс жетіп, қайраткер ағасының басында былайша күңіреніп еді:

"Қалай да, аға, болды бағың

басым,

Ауылдың енді, міне, жанындасың.



Сағындым ұстаз болған

күндеріңді,

Тамыңның бір сипайын

қабырғасын.


Таралған өрлігіңмен елге есімің,

Төрің кең, жабылған жоқ кең есігің.

Барында балаларың – Сіз тірісіз,

Тербетсін, жұмсақ болсын

Жер – бесігің!"

Осынау эссенің тақырыбына шығарған "Жарқ етіп өте шықты жарық сәуле" атты тіркес те осынау жоқтау-жырдан алынған еді...



Айдынға жүзген қос аққу

немесе жарты ғасыр жарасқан

Ғабит және Гауһар Уәлиахметовтер туралы

мөлтек сыр
Елуінші жылдардың аяғында Алакөлдің жағасына орналасқан Ақсуат ауылындағы жетіжылдық мектепке ұстаз болып, Меңдіқара педучилищесін бітірген ай десе аузы, күн десе көзі бар, "қыр мұрын, қыпша бел, солқылдар соқса желдің" нақ өзі, осы Гауһар сұлу келгенде ауылдағы бозбалалардың аузын ашып, көзін жұмбағаны аз-ақ шығар. Солардың ішінде ұзын бойлы, келбетті де көшелі, он саусағынан өнер тамған Ғабит те бар еді. Жастайынан техникаға жуық, өнерге де етене жақын, елгезек те тындырымды жігіттің ел аузына іліне бастаған тұсы да сол кез болатын. Ауылдастары үйдегі радиоқабылдағышы, не тігін тігетін машинасы, не сүт ағызатын машинасы, тіпті арбасы мен шанасы сынып қалса да осы Ғабитке жүгіретін. Ал ол болса, қолға алған ісін қашан ойдағыдай аяқтағанша тыным таппайтын. "Мың болғыр" жігітке үлкен-кіші түгел риза еді. Кейде Ғабиттың жазды күні кешкілік ауыл клубына келіп, осындағы көркемөнерпаздарға қосылып, күмбірлете күй төгетіні болатын.

Сондай кештердің бірінде қою қара шашын қақ жарып әсем тараған, ақ көйлегінің жағасын костюмнің сыртына шығарып жіберіп, қолындағы үкілі домбырасын құдірет дарытып отырған Ғабитке Гауһар сұлудың да көзі түскен болар. Ел мақтаған жігітке қыз ықыласы түссе, несі айып...

Қайран, жастық шақ. Алақандай ғана ауылдың кең көшесімен қол ұстасып, екі жас – Ғабит пен Гауһар келе жатқанда сол құт мекеннің өзі өзгеше бір күйге еніп, жайнай түсер еді. Тіпті Алакөлдің айдынында жүзген аққу-қаздар да осынау жарасымды жұпқа тілектестік қалып танытқандай қанаттарын қағып, қағып қалар еді.

Сол тұста оң-солын енді тани бастаған өзіміз де қол ұстасқан қыз-жігітке жүрегіміз лүпілдеп, ерекше қызыға, тілектестікпен қараушы едік. Шын ғашықтар осындай болса керек-ті деген ой әрқайсымыздың көңілімізде тұратын. Әлі де сол тұжырым өзгерген жоқ.

Үй болып, отау құрғандарына жарты ғасыр болса да сол аға-жеңгеміз біз үшін сол қалпынан таймай келеді. Үнемі бірге, үнемі сыйласып, сырласып отырғаны. Сол атамекен, құт қоныс Ақсуатта тұрып жатыр. Ғабит болса ұзақ жылдар бойы байланыс жүйесінде еңбек етті, ауылдың тізгінін қолға алып, сол кездегі "Каменск-Уральск" кеңшарының осы бөлімшесін де басқарды. Адал еңбегі үшін "Құрмет Белгісі" орденін де омырауға тақты.

Ал, Гауһар болса өзі пір тұтып, жолын қуған көрнекті педагог, көшелі жазушы Спандияр Көбеев атындағы осы мектепте отыз екі жыл бойы ең кішкентай оқушыларға білім мен тәрбие дәнін екті. Ұстаздық еңбегінің жемісін көрді. Шәкірттерінің ақ алғысына бөленді. Талай марапатқа ие болды.

Құдайдың бергені, отбасында сегіз ұл-қыз өсті. Солардың бәрі де бүгіндер өмірден өз орындарын тауып, ата-аналарын қуанышқа бөлеп отыр. Ұлдар үйленіп, келін түсірді, қыздар теңін тауып, тұрмыс құрды. Енді жарты ғасыр жарасқан аға-жеңгеміз жиырма немере, төрт шөберенің ата-әжесі болып отыр.

Ата мен ана үшін олардың әр перзенті өзінше бір әлем. Әрқайсысы әр жерде өз ошақтарын маздатып жүрсе де, ана үшін Мараты да, Ләззаты да, Жанаты да, Гүлмирасы да, Розасы да, Саматы да, Қуанышы да, Майрасы да әлі сәби. Құшағына қысып, еркелеткісі келеді. Сол ұл-қыздар да реті келгенде қара шаңыраққа жиналып, үлкен үйді қуаныш-шаттыққа бөлейді. Немере-шөберелер де ата-әженің мейіріміне шомылып, жадырып, жайнайды.

Ата мен ана үшін өмірлерінің ең бір бақытты сәті де осы.

Гауһар Сәбиқызы "Алтын алқаның" иесі ғана емес, ауылдың үлкен-кішісі, ағайын-туған алақанға салып, ардақтаған алтын ана, ақылшы да аяулы кейуана, мейірман әже, немере-шөберелерінің мөлдір бұлағы, сөнбес шырағы, Ғабит болса баяғы жас кезіндегідей елгезек, әркез көмекке келуге әзір, көшелі де көргені мен түйгені мол ақсақал, ауылының ардақтысы, ұрпағының асқар тауы, мәуелі бәйтерегі, шырқау шыңы.

Осындай өмірге ғашық өнегелі жандарды көріп, мына толғауы тоқсан тіршіліктің тылсым да терең мәнін ұғып, тәубеге келгендей боласың...

Асқақ ұшып, абайлап қонған

Полковник Назымбек Ғалымұлы туралы сөз
Журналистік қызмет бабында талай адамдармен жүздестік, талай жандардың тағдырына үңілдік, сырластық, пікірлестік. Солардың бірі – осы полиция полковнигі Назымбек еді. Оның ерекше есте қалуының да өзіндік сыры бар. Өзінің туып, өскен ысық мекені – қазақтың құйқалы ауылдарының бірі – Қайғы және оның адамдары туралы төгілтіп тұрып мақала жазып алып келіпті. Және онысын компьютерге басып, электронды нұсқасын да қолымызға тигізді. О баста "бұл полиция полковнигінің қалам қарымы қалай екен?" деп күмәнмен қарағанымыз да рас. Бірақ мақаланы оқи келе ол ойдан бірден арылдық, туындысы талапқа сай, эсседен туған жерге деген перзенттік махаббат маздайды.

– Жақсы екен, Назеке, – дейміз шын көңілмен.

– Бала жаста журналист болуды армандап, талай дүниелер жазғаным бар. Алматыға әу баста журналистика факультетіне оқуға түспек болып аттанып едім. Бірақ жеме-жемге келгенде заң факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітірдім, – деп әңгіме бастады ол.

Қазақ елінің сол кездегі әсем астанасы – Алматыда, қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеті – С.М.Киров атындағы білім ордасында оқыған жылдар Назымбек үшін білім мен ғылымға терең бойлау кезеңі болды. Шіркін, ұстаздары қандай еді, бүгінгі таңда қазақ құқықтану ғылымының көшбасшылары болған Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сияқты ғұламалардың алдын көру ерекше бір бақыт еді.

Қайғы атты қазақы ауылдың қазақ мектебін бітірген бала орыс тілінен алғашқы жылдары қиналса да, кейін өз қатарларының алды болды. Жоғары курстарда нағыз белсенді студент атанып, сол ұстаздарының ықыласына да бөленді.

Оқуды ойдағыдай аяқтап, туған топыраққа қызметке келіп, еңбек жолын Семиозер аудандық ішкі істер бөлімінде тергеушіліктен бастады. Жас маман жұмысқа ерекше ынта танытып, тергеуші міндетінің қыр-сырын тәжірибелі ағаларынан үйренуге жалықпады. Ол өзіне ұстаздық еткен Жарболат Асқаров, Дүйсенбай Жұмасов, Закир Шамсутдинов, Аманкелді Өмірбаев сияқты заңгерлерді күні бүгінге дейін аузынан тастамай ерекше ықыласпен айта жүреді. Сол кісілер сияқты мықты тергеуші болсам деп алдына мақсат қойған ол сол арманына жетті де. Олай дейтініміз Назымбек кезінде облыстық ішкі істер департаментіндегі ең беделді де үлкен ұжым саналатын және жауапкершілігі де орасан тергеу басқармасына басшылық етті. Оны айтасыз кешегі қайта құру кезіндегі бүкіл әлемді шулатқан "Өзбек ісін" тергеуге аттанған Гдлян тобына Қазақстаннан осы Назымбекті де тегіннен тегін қоспаса керек. Бұл арада оның кәсіби шебер маман екені ескерілгені айдай анық. Полковник Назымбек Ғалымұлы қызмет бабында талай қылмыстарды ашты. Мысалы Таран аудандық ішкі істер бөлімін басқарып тұрған кездегі бір қылмыстың қалай ашылғанын былайша баяндады:

– Әлі есімде 2001 жылдың аязды ақпанында Береговой ауылында өз үйінің есігі алдынан К. есімді әйелдің мәйіті табылды. Жедел-тергеу тобын алып, мәйітті тексеруге бардық. Әйелдің денесіне 27 жерден пышақ салынған. Осы іс бойынша күн-түн демей 3 тәулік бойы іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Ауылда сұралмаған адам қалмады. Қаза тапқан азаматша К.түрлі-түсті металл сынықтарын қабылдаумен айналысқан екен. Үйінде келімді-кетімді кісілер көп болған. Қызынан жауап алғанымызда: "Түнде үйге әкем келген" деген соң өлген әйелдің бұрынғы күйеуін сұрақпен бастырмалаттық. Ол өзінің бұл қылмысқа еш қатысы жоқ екендігін дәлелдеп, азар да безер болды. Тек 4-ші күні С. деген азаматты ұстадық. Тонау мақсатымен әйелдің үйіне кіріп, оны өлтіргенін мойындаттық. Бұл жерде қызы берген жауапты негізге ала отырып, өлген әйелдің бұрынғы күйеуін кінәлі деп тануға болатын еді, бірақ тынымсыз іздеудің арқасында нағыз қылмыскерді таптық.

Әрине, тәртіп сақшысының өмірінде мұндай оқиғалар аз болған жоқ. Ол қандай қиын жағдай болмасын бірден бір оң шешім табуға тырысты, полицияның да дәрігер сияқты қателесуге құқығы жоқ, оны ол жақсы білді. Осынау қағиданы ол бүкіл өмір бойы ұстанып келді.

"Асқақ ұшсаң, абайлап қон. Төбең көкке жетсе де, табаның жерде тұруын ойла", – деп балаларына білгенін айтудан жалықпаған Назымбек ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған әке. Жұбайы, білікті дәрігер Дина екеуінің береке мен бірлік ұйыған шаңырағында өсіп өнген перзенттері Гүлжанат, Салтанат және ұлы Хасен өмірде әке жолын қуып, ішкі істер органдарында абыроймен қызмет атқарып жүр, ал Гауһары мен Сәкені банк саласының білгір мамандары. Оның алған бетінен қайтпайтын батылдығы, әр істің түбіне жетпей, ақиқатын ашпай тыным таппайтын тиянақтылығы, кез келген мәселеде тек шындыққа сүйенетін турашылдығы мен биік парасаты, өрелі зердесі, еліне деген адалдығы, ұрпақ тәрбиесіне ұлттың болашағы деп қарауы кімге болмасын үлгі болса керек.

Осы "Қостанай таңында" жарияланған Назымбектің бір мақаласы "Теріңді төкпей тергеуші бола алмайсың" деп аталып еді. Бүгіндер ол құрметті еңбек демалысында болса да осы қағидадан айнымаған азамат. Өзі еңбек ететін сақтандыру компаниясының жұмысын жандандыру үшін де тамшылата тер төгіп жүргенін оның әріптестері жақсы біледі.

Облыстың бірнеше аудандарында полиция бөлімін басқарған, облыстық ішкі істер департаментінде тергеу басқармасының бастығы болған полковник Назымбек Ғалымұлы өзі таңдап алған салада өзіндік ізін қалдырған із кесушілердің бірі екені ақиқат.

Сөз соңында осы Назымбектің жақын інілерінің бірі Жаңбыршы Тілеуғабылов кезінде Наз-ағасын былайша жырға қосқан екен:

Үлгілі ұл боп өстің қатардағы,

Оңынан атты күннің шуақ таңы.

Сен өзің әулетіңе бұлақтайсың,

Бастауын алып тұрған Асқар таудан...

Осы жолдар жайшылықта сұсты көрінетін полковниктің бүкіл жан-дүниесін жадырата көрсеткендей...



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет