Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматы хостеліндегі 13 адамның өліміне әкеліп соққан өрттің шығу себептерін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сырым Шәріпхановтың айтуынша, Алматыдағы жатақханада болған өрттің шығуы мүмкін екі нұсқасы анықталған.

"Бұл жарық қондырғысының қызып, балқуынан туындаған қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Екінші нұсқа – өрт ұшқыны болуы ықтимал, яғни біреу темекі тұқылын немесе сіріңке шырпысын тастауы мүмкін. Негізгі себептері осы", – дейді Сырым Шәріпханов.

Министрдің сөзінше, қазір өртке қатысты тергеу тобы жұмысын жалғастыруда.

  • Алматыда хостелдегі өрттен қаза тапты деп саналған Түркістан облысының тумасы тірі болып шықты
  • "Шара қолданбаса, мұндай жағдай қайталана береді": Алматыдағы хостелде қаза болған баланың әкесі билікке ренішін білдірді

Еске салсақ,  30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейіннен президент Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, ал Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді. 

Оқиға орнына келген Алматы әкімі Ерболат Досаев жатақхананың заңсыз жұмыс жасағанын айтқан. Әкімдіктің мәліметінше, өртенген “Аlmaty hostеl” жатақханасы кепіл ретінде банктердің біріне тиесілі. Жатақхана осыдан 1,5 ай бұрын жалға алынған жертөлені заңсыз ауыстырып ашылған. Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Оқиғаның әртүрлі нұсқалары қарастырылуда. Нақты себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылған.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.