36 жыл бойы Ақтөбе су қоймасында техник-механик мамандығы бойынша кран тасымалдаушы болып жұмыс істеген Шыңғыстау Әбдиев қаланы су тасқынынан құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, су тасқыны басталған кезде Шыңғыстау Әбдиевтің кәсібилігі мен тәжірибесі төтенше жағдайды шешуге және қаладағы су тасқынының алдын алуға көмектесті.

Өз ісінің маманы өткен жылдың желтоқсан айында зейнеткерлікке шыққан.

Бұған дейін су тасқыны кезінде "Қазсушардың" мамандары бөгетте бір ғана шлюз ашып келген. Бөгетте әрқайсысы секундына 600 текше метр су өткізе алатын бес шлюз бар. Ал 28 наурызда секундына 1000 текше метрге дейін су жіберу туралы шешім қабылданып, екінші шлюзді ашу керек болды. Ол үшін порталды кранды жылжыту қажет болды. Салмағы 126 тонна кранның тартатын кран тек рельстермен қозғалады.

“Бұрын-соңды бұл кранды қолданбағандықтан, мамандар оны жүргізе бастағанда тежегіші дұрыс істемей, рельстерге кептетіліп қалды. Біз үшін әр минут қымбат болды, себебі су мөлшері сағат сайын артып бара жатты, ал біз кранды іске қоса алмай жатырмыз. Осы кезде бұрын кранды ұзақ жүргізген, бізге көмектесе алатын маман іздедік. Осылайша Шыңғыстау Қибашұлына өтінішпен шықтық. Бірден келіскен Шыңғыстау Қибашұлы келіп, жарты сағаттың ішінде мәселені шешіп берді. Кранға өзі отырып, екінші шлюзді ашты. Соның арқасында уақытында судың қажетті мөлшерін жіберіп, Ақтөбе су қоймасының тасып кетуінің алдын алдық", — деді Ақтөбе облысы бойынша "Қазсушар" басшысы Ринат Шауенов.

Бұл салада қызмет еткеніне 30 жылдан асса да Шыңғыстау Әбдиев су деңгейінің осыншалықты көтерілгенін бірінші рет көрген.

“Су қоймасы 12 сағаттың ішінде толды. Әлі есімде, 1993 жылы су секундына 1250 текше метр су келсе, бұл жолы секундына 1700 текше метр су келіп жатты. Бар болғаны 2-3 сағаттың ішінде суды жылдам ағызып жіберуге тура келді. Олай болмағанда Ақтөбені су алатын еді, абырой болғанда барлығын дер кезінде реттедік", — деп атап өтті Шыңғыстау Қибашұлы.

Ақтөбе облысы бойынша "Қазсушар" басшылығы Шыңғыстау Қибашұлын қайтадан жұмысқа қосылуын ұсынды. Осылайша ол 29 наурыздан бастап қайтадан кран машинисі қызметіне кірісті.

“Тәжірибелі маман жастарға жауапты жұмыстың қыр-сырын үйретіп, тәжірибесімен бөліспек. Бүгінде Шыңғыстау Қибашұлының үш ұлының бірі су шаруашылығы саласында жұмыс істейді”, – делінген әкімдік хабарламасында. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.