Жамбыл облысы Ойтал ауылындағы 300 орындық мектепте мыңға жуық бала білім алып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынған скрин

Ойтал ауылындағы мектептің салынғанына жарты ғасырға жуықтаған. Ол 300 оқушыға есептелген. Алайда іс жүзінде мұнда бірнеше есе көп оқушы білім алады. Мұнда көрші ауылдардың балалары да келіп оқиды. Мектеп үш ауысымдық оқытуға әлдеқашан көшкен. Білім ордасында информатика, физика, химия кабинеттері жоқ. Бұл пәндер әдеттегі сыныптарда оқытылады. Мектеп дәліздеріне қосымша бөлмелер жұқа қабырғалар орнату арқылы жасалған.

“Бір сыныпта 25 оқушы болса, бұл жерге сыймайды. Парталар тақтаға тым жақын орналасқан. Санитарлық талаптарға сәйкес, бала тақтадан екі метр қашықтықта болуы керек”, – деді директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Ерзат Серіков.

Мектептегі орын тапшылығы келесі оқу жылында шешілуі мүмкін. 210 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталып та кеткен.

“Мектеп құрылысы аяқталмаған уақытта мемлекеттік аттестация басталып кетсе, одан өтпей қалу қаупі бар”, – деді мектеп директоры Берік Ахметбеков. 

Меркен ауданындағы 35 мектептің екеуінде балалар үш ауысымда оқиды. Олар бұл мәселені жақын арада шешеміз деп отыр.

“Жаңа екі мектеп салу жоспарланса, тағы екеуі күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ Меркі ауылында 600 орындық "жайлы мектеп" салуды жоспарлап отырмыз”, – деді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.

Жамбыл облысында өткен жылы 28 мектептің құрылысы басталды. 17 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті биліктің айтуынша, биыл облыстағы апатты және үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешіледі.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.