ОњТ‡стік ќазаќстан ¤Њіріне ќОЌан хандыѓы билігініњ орнауы



жүктеу 92.08 Kb.
Дата30.04.2019
өлшемі92.08 Kb.


ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНЕ ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ БИЛІГІНІҢ ОРНАУЫ
Шымырбаев Т.Г.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


XVII ғасырдың аяғы – ХІХ ғасырдың басындағы Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай оның қалған бөліктеріндегі жағдайдан ерекше болды. ХІХ ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстан ортаазиялық феодалдық мемлекеттер – Хиуа, Бұхара және ең үлкен дәрежеде – Қоқан экспансиясының объектісіне айналды. Қазақстанның оңтүстігінде олардың үстемдік ету кезеңі біршама аз уақыт аралығын (шамамен 1810 – 1866 жылдар аралығын) алса да, бұл кезең – аймақтың Ресей империясына қосылуының тікелей алдында болған маңызды кезең. Оңтүстік Қазақстан өзін қазақтардың басқа облыстарынан сондайлық ерекшелендіретін сипатты белгілерге нақ сол кезде түпкілікті ие болған еді.

XVІІІ ғасырдың бас кезінде пайда болған Қоқан хандығы ортақ дін, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және тілдері жағынан қазақтар мен қырғыздарға жақын болып, оларды туысқандық қатынастар байланыстырды. Өйткені Қоқан хандығы Орталық Азияның басқа да хандықтары сияқты қазақ хандарының ықпалында болған.

Қоқан хандығындағы қазақтар бұл өңірге Тәуекел мен Есім хандар Ферғана, Самарқанд және Ходжент сияқты қалаларға шабуыл жасаған кезден бастап-ақ қоныс тебе бастайды. Кейін қазақ даласына жоңғарлардың шапқыншылығы күшейген кезде қазақ руларының Ферғанаға көшуі жаппай үрдіс алған.

Яғни, ХVІІІ ғасырдың бас кезіндегі Жоңғар хандығының қазақтарға жасаған жойқын шапқыншылығы Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының Сырдариядан Ходжент, Самарқандқа қарай өтуіне, Кіші жүз қазақтарының Хиуа мен Бұхараға көшуіне себеп болады. Қазақтармен бірге соққыға жығылған Жетісу өлкесіндегі қырғыздар да Ферғана, Әндіжан алқаптарына қарай қашады.

1784 жылы қазақ жетекшілерінің зорлық-зомбылықтарына наразылықтар-ды пайдаланған жергілікті әулие Жүнісқожа Ташкент иеліктерін бөлген кезде еншісіне ең қолайсыз және сусыз жерлер тиген шанышқылы мен қаңлылардың қолдауымен Ташкенттегі билікті басып алады.

Ұлы жүз қазақтарының Жүнісқожаны қолдауының мәнісі оның қазақтармен туыстық қарым-қатынасында жатты. Жүнісқожаның апасын Төле бидің туған жиені – сиқым Шінет батыр алып, одан Рысбек пен Тұрыс батырлар дүниеге келді және оның тағы бір апасын Төле бидің өзі алып, одан Жолан мен Қожабек атты балалары бар еді [1, 27 б].

Ташкенттегі билікті өз қолына алған Жүнісқожа қаланың қорғаныс шебін және әскерін күшейтуге тырысты.

Жүнісқожа билігінің күшеюі Қоқанмен арадағы байланысты ушықтырып, аяғы үлкен қақтығысқа алып келді.

Ташкентті бағындыру Қоқанның Оңтүстік Қазақстанды бағындыруға көшкенін көрсетті. Егерде бұл шайқаста Жүнісқожа жеңіске жеткенде ол да міндетті түрде Қоқанды толық бағындыратын еді. Жалпы алғанда Қоқанның Ташкентпен болған соғыстағы жеңісі тікелей қазақтарға байланысты еді. Себебі, қазақтар Қоқан хандығын Орталық Азиядағы түрік тілдес халықтарды бір орталыққа біріктіріп, Солтүстіктегі қауіпке қарсы тұратын мемлекет ретінде қабылдады. Оған Ұлы жүз қазақтарының сұлтаны Әділдің 10 мың үймен Қытай иелігінен көшіп келіп, Қоқан ханына өз еркімен қызметке тұруы және қазақтардың басқа да сұлтандарының өлкеде Қоқан саясатын жүргізушілер болғаны дәлел бола алады 2, 282-285 б.

ХІХ ғасырдың І жартысында Қоқан хандығы Орталық Азиядағы ірі мемлекеттің біріне айналады. Хандықтың күшеюіне ықпал жасаған Әлім хан (1799-1810), Омар хан (1810-1822) және Мәделі хан (1822-1842) болды.

Әлім хан тұсында хандыққа Ташкент пен оның аумағы қосылса, Омар мен Мәделі ханның тұсында Ұлы жүз жерінің біраз бөлігі, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Сайрам қалалары және Шу, Ыстықкөл, Нарын аймағы енгізілді. Осы қалалардың ішінде Түркістан қаласы табанды түрде қарсыласады. Түркістан қаласынын билеушісі Тоқай төре Бұхар әмірінің билігіне бағынатын және соның көмегіне сүйенді.

Бірақ 1814 жылы Раджаба-Диван бектің бастауымен келген Қоқан әскерлерінің қаланы аса қиыншылықпен басып алуының сәті түседі. Тоқай төре болса Бұхар әміріне қашып барады.

Жетісу жеріне енген Қоқан хандығы бұл өлкеге әкімшілік бақылауын орнатып, орыс басқыншыларына қарсы соғысу және жергілікті халыққа ықпалын жүргізу үшін өз бекіністерінің тізбегін салады.

Мәселен, Сыр бойындағы қоңырат, бестамғалы руын Қоқанға бағындыру мақсатында Қаратау жотасының солтүстік батысына Шолаққорған, Қызылқұмда қоқандықтардың билігін орнықтыру үшін Шардара қамалдары салынады.

1820 жылы Сыр бойында көшіп-қонып жүрген 5 мың шаңыраққа бақылау орнату және Сырдариядан өткен сауда керуендерінен алым жинау мақсатында Ақмешіт қамалын тұрғызады. Бұл қамалдың стратегиялық маңызы өте зор болып табылды.

Қоқандықтардың билігі тұсында Шу-Іле аңғарындағы қазақтар мен қырғыздар үшін Пішпек қорғаны әкімшілік басқару орталығы ретінде үлкен маңызға ие болды. Пішпек қорғаны қоқандық әкімшіліктің бір буыны ретінде тікелей Ташкент уалаяты хәкіміне бағынды.

ХІХ ғасырдың 40-жылдарының аяғына қарай Пішпек бегі Шу-Іле аралығындағы орыс үстемдігіне қарсы күреске белсенді түрде жетекшілік етті.

Талас өзені бойындағы қазақтар үшін Әулиеата бекінісі маңызды әкімшілік басқару орталығы болды. Әулиеатаны 16 жыл бойы алайлық бағыш руының қырғызы Атабек басқарып тұрды.

Көптеген орыс идеологтарының жазған еңбектерінде қоқандықтар қазақтарға ауыр салықтар салды, салық жинауда қазақтарды қорқытты және тонаумен айналысты деген пікірлер қалыптасты. Бірақ Омбы қалалық әкімшілігін басқаратын полковник Броневскийдің Батыс Сібір генерал-губернаторының тапсыруымен Ташкент құшбегіне жазған жауап хаты бұл қағиданы жоққа шығарады. Онда: «... қазақ даласы сауда салығынан тысқары Қоқан әкімдеріне салық төлегендігін, оларға бой ұсынғандығын ешкім де білмейді және бұл туралы мәлімет жоқ»-деген пікір айтылады 3, 20 б.

Алайда, Қоқан хандарының, жергілікті шенеуніктерінің саясаты өздерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларына қайшы келер болса, қазақтар қарсы көтерілістерге шыққан. Сондай көтерілістердің бірін 1821 жылы Рүстем төре Асфендиярұлы (Тентек төре) басқарды. Көтеріліске шыққан қазақтардың саны 12 мың адамға жетіп, Шымкент, Сайрам қалаларын алады [4, 31-32 бет]. Қоқан ханы көтерілісті басу үшін арнайы әскер жібергеннен кейін көтерілісшілер екі топқа бөлініп, Тентек төре бастаған әскер Сайрамда қалса, екінші топ Шымкентте орналасады. Осы кезде Келес, Ордабасы өңірлерінде датха болып тағайындалған Бошан Абылайұлы сіргелі, қаңлы, шанышқылы тайпаларының көсеміне айналып, Тентек төре бастаған қазақтардың көтерілісіне белсене араласады. Тентек төренің әскері Қоқан хандығының әскері тұрған Шымкент қаласын қоршауға алғанда Бошан датқа Ақпан батырмен бірігіп, Тентек төреге қосылу мақсатында 1700 жасақты бастап Шыршықтан аттанады. Бірақ, Қоқан бегі Арысланның 20 мыңдық қолы Бошан әскерін Қазығұрт белінде күтіп алады да, Бошан мен Ақпанды тұтқындап, Қоқан ханына алып кетеді [5, 3 б].

Қамауға алынған Бошан 1822 жылы Омар хан өлгенге дейін зынданда отырады. Таққа келген Мәделі хан оған кешірім жасап, қамаудан босатып қана қоймай, датхалық қызметін қайтарып береді.

Ал, Шымкент пен Сайрамда қоршауда қалған көтерілісшілер Омар хан жіберген Әбу-Қасым Аталықтың әскеріне табан тірескен қарсылық көрсетеді. Алайда қазақ билеушілерінің Қоқан ханымен өзара келісімге келуі көтерілісті жеңіліске ұшыратады. Рүстем төре Омар ханға өзінің баласын кепілдікке жіберу арқылы Қоқанның билігін мойындайды [6, 208 б].

Қазақтардың Қоқан хандығының билігіне қарсы келесі бір көтерілісі қарапайым көшпелі қазақ Қабылдың басшылығымен Бағыстанда өтті. Бұл көтеріліске де Омар хан Ташкенттен жазалау әскерін жібереді. Жазалаушылармен болған шешуші шайқаста көтерілісшілер жеңіліс тауып, басшылары Қабыл ұсталып, Чорсу алаңында өлім жазасына кесілді.

ХІХ ғасырдың 20-жылдары Жетісу өлкесіндегі қазақтар мен қырғыздар да бірлесіп, Жаңақорғандағы жергілікті қоқандық билеушілерге қарсы шығып бекіністі басып алады, бірақ артынша беріледі.

1858 жылы наурыз айында Ташкент әкімі Мырза-Ахметтің қатыгездігі мен қыспағынан әбден титықтап, төзімі шегіне жеткен қазақтардың көтерілісі Әулиеата төңірегінде басталып, көтерілісшілер қаланы қоршап алады.

ХІХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап Қоқан хандығында қыпшақтардың билігі орнап, қоқандықтар қыпшақтар деп атала бастаған.

Қыпшақтардың ханды ақ киізге көтеріп сайлау дәстүрі басқа Орта Азия мемлекеттерінде болмаған, тек венгерлердің мадьярларында ғана осындай дәстүр болған.

1865 жылы Сұлтансейіт ханды Ташкентте ақ киізге салып қайта хан көтергенде қазақтан Сыздық төре Кенесарыұлы, Арслан төре Күшікұлы және тағы басқалары қатысқан.

Дулаттарды басқарған Әли төре, Диқанбай би т.б. сол уақытта орыс билеушілеріне жолдаған мәлімдемелерінде де қоқандықтарды көбіне «қыпшақтар» деп атайды. Ал қазақтың қыпшақ руы болса, ХІХ ғасырдың аяғына дейін өзбектерге сіңбей, өз алдына этникалық топ ретінде қазақылығын сақтап өмір сүрген.

Қыпшақтардың тайпа көсемдері Қоқан хандығының күшті әкімдеріне айналып, қыпшақтың Құлан, Өлмес, Елтан, Атан, Итқасқа және тағы басқа негізгі руларын Мұсылманқұл, Атамқұл, Мырзат, Мұхамедияр, Міназар сияқты рубасшылар басқарған.

Қыпшақ Мұсылманқұл жаңа жерлерді игеру, каналдар қазу, суландыру, көпірлер мен мәдени-көпшілік орындар салдыру жұмыстарын жолға қоюға күш салды. Мұсылманқұл өзінің дара қолбасшылық қабілетімен, ел басқарудағы көрегендігімен көзге түсіп, «ұлы уәзір» атанды.

Бірақ, 1845 жылы өзбектер Мұсылманқұлдың Қоқанда жоқтығын пайдаланып Шерәліні өлтіріп, Мұратты хан қояды. Қайтып келген Мұсылманқұл сарттарды аяусыз қырып, Мұраттың көзін жояды да, таққа Шерәлінің 13 жасар баласы Хұдиярды отырғызып, өзі оның қамқоршысы (регент) болып сайланады.

Осы кезден бастап хандықтағы қазақтардың билігі шексіз болып, отырықшы сарттар мен өзбектерді аяусыз қанап, оларға ауыр салықтар салып, егістік жерлерін жаппай тартып алады. Бірақ, қазақтардың арасында билік үшін талас-тартыс басталып, отырықшы халықтың наразылығы күшейе түседі. Мұсылманқұлдың ықпалынан құтылғысы келген өзбек Хұдияр хан, осы жағдайларды тиімді пайдаланып, Мұсылманқұлды биліктен тайдырады да, оны 1853 жылы 600 нөкерімен дарға асады. Өзбектерге сүйенген Хұдияр хан қазақтарды мүлдем әлсіретуді көздеп, оларды қырып-жойып, балалары мен шал-әйелдеріне дейін аямайды.

Әсіресе, қыпшақ еңбеккерлері аса ауыр шығынға ұшырады. Хан бұйрығына сәйкес қыпшақтардың жерлері тәркіленіп, өте төмен бағамен өзбектерге сатылады. Мысалы, Қарақшы құм тоғайы 300-ге жақын қыпшақ отбасыларының меншігінде болған. 1852 жылы болған ұрыста қыпшақтардың тас талқаны шыққаннан кейін «жүз» деген руға жататын өзбектер Қарақшы құм тоғайын басып алады [6, 154 б].

Дегенмен, қырғыннан аман қалған қазақ қыпшақтары Қоқан хандығындағы билікке тек 1863 жылы Әлімқұлдың кезінде ғана қайтадан қол жеткізе алды. Жоғарыда келтірілген деректер қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ сияқты қаны бір туысқан халықтардың жоңғар, Ресей, Қытай және Бұхараның жаулап алу саясатына қарсы өзара саяси одақ құрып, ортақ мемлекетке бірікті деуге толық негіз болады.

Мемлекеттегі басты саяси рөлді қазақ рулары атқарды. Оның басты себебі қазақтар басқа халықтардан көп болып, рулық ұйымдық қызметі қырғыздар мен өзбектерге қарағанда күшті сақталды. Сонымен қатар, қазақтар жоңғарлар мен орыстардан көп жапа шексе де, жауынгерлік рухы әлі төмен түспеген еді. Олар қазақ жерін азат етуде Қоқан хандығына үміт артты.

Жалпы алғанда, қазақтар Қоқан хандығының негізгі халқын құрады және оның құрылуы мен саяси жағынан нығая түсуіне де тікелей араласты.

Жалпы қазақтар арасында көп таралғаны – бұл қоқандық датқа лауазымы. Датқалар Қоқан ханының билік дәрежесі ретінде ХІХ ғасырдың басында енген еді. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Бұхара және Хиуа хандықтарында да осындай дәреже болған. Датқа сарай маңындағылар алатын жоғары дәрежелі лауазым саналып, оны иеленгендер ханға басқалардың істері мен мақсаттарын баяндай алды.

Осы датқа лауазымы қазақтың танымал, беделді адамдарына беріліп, олар хандықты басқару ісіне белсенді түрде қатыстырылған. Алғаш датқа лауазымдары Қыпшақ Мұсылманқұлдың билігі тұсында әскери қолбасшылық қызметтер атқарған қазақ қыпшақтарына беріліп, ірі қалаларды басқаруға жіберілді. Сонымен қатар Мұсылманқұлдың тұсында бекініс басшыларына да көбінесе датқа лауазымы берілген.

«Датқа» (дадхох) – парсы сөзі. Қазақ, қырғыз тілдеріне аударылғанда «әділетті сүюші», «әділетшіл», «әділетті талап етуші» деген мағына береді. Қазақ датқалары ханға елдің шағым-өтінішін жеткізіп, содан соң ханның берген жауабын арыз айтушыларға жеткізіп тұрған. Олар Қоқан ханының саясатын өздері билік еткен аймақта жүргізді, ел ішінде даулы мәселелерді шешуге де белсенді қатысып, төрелік етті және алым-салық жинау ісіне де араласты, оны ханға жеткізіп беру ісін де ұйымдастырды.

Яғни, ХҮІІІ ғасырдың соңына қарай бүкіл Түркістан өңірі Бұхар хандығының саяси-экономикалық жүйесіне тартылса, ХІХ ғасырдың басында өлке халқына Қоқан, Хиуа хандықтарының ықпалы күшейе бастады. Оңтүстік Қазақстан жерінде қоқандық бекіністер шебінің салынуымен өзбектердің қоныстары пайда болып, олардың қазақтармен байланысы нығая берді. Ортаазиялық хандықтарға кірген халықтардың өзара байланысында мұсылман дін иелері үлкен рөл атқарды, Бұхара, Хиуа, Қоқандағы мектеп, медреселердің қазақтар арасындағы беделі жоғары деңгейге көтерілді.

Қоқандық дінбасылар орыс отаршылдығына қарсы бір кісідей атсалысты. Олар қазақ, қырғыз ауылдарын орыс жаулап алушыларына қарсы күреске жұмылдыруға белсенді түрде араласты. Қоқандық беделді дінбасылар қажет кезде әскерге қолбасшылық жасап, қарапайым халықты соңдарынан ерте білді. Діни фактор орыстармен алғашқы шайқастарда қоқандық әскерлердің жеңіске жетуіне де өз септігін тигізді.

Жергілікті халық қоқандықтарға түркі-мұсылман жұртын біріктіруші, сыртқы жаулардан қорғаушы ретінде қарады. Сондықтан қоқандықтар жетекшілігімен болған азаттық жолындағы күрестерден, жалпымұсылмандық қозғалыстардан тыс қалмады.

Жалпы алғанда, Қоқан хандығы қазақтар мен қырғыздардың азаттық жолындағы күрес тарихында, мәдени-экономикалық дамуында өзіндік орын алады.


Әдебиет


  1. Әбілдаұлы Б. Жауғаш батыр – Абылай ханның елшісі. – Алматы: Мерей, 1999. – 260 б.

  2. Асылбеков М.Х., Шалекенов М.У., Ерофеева И.В. Қазақстан тарихы. (Көне заманнан бүгінге дейін). 5 томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. Т.3. – 786 б.

  3. Қойгелдиев М.Қ. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХ ғ.-1917 ж.). - Астана: Елорда, 2004. - 216 б.

  4. Қожақұлы Ө. Қоқан езгісіне қарсы көтеріліс // Қазақ тарихы. 2001. №5. 30-32 б.

  5. Кәдеев П., Аманкелдиев М. Бошан Абылайұлы (Қоқан хандығына қарсы қазақ күресі қолбасшыларының бірі) // Оңтүстік Қазақстан, 1996. 6 қараша.

  6. Бекназаров Р. Оңтүстік Қазақстан тарихының очеркі (ХҮІІІ-ХІХ ғ.) - Аматы: Ғылым, 1976. - 330 б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет