Оқу-тәрбилеу ісінде ауғанстандық жастардың этностық ерекшеліктерін есепке алу



жүктеу 66.29 Kb.
Дата01.05.2019
өлшемі66.29 Kb.

ОҚУ-ТӘРБИЛЕУ ІСІНДЕ АУҒАНСТАНДЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ЭТНОСТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЕСЕПКЕ АЛУ

Тастемирова Г. А.


Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының ұлттық білім беру салаларында қоғамның экономикалық – саяси және ғылыми-техникалық өркендеуіне орай жаңа жүйе қалыптасуда. Бұл жүйе жалпыға бірдей білім беру мекемелеріндегі білім беруді қайта қарау, саралау негізінде оқушылардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамытудың, қазіргі білім беру жүйесіне сәйкес жаңа инновациялық технологияларды оқыту үрдісіне енгізуді талап етуде. Мұндай талап еліміздің әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылу саясатынан және ел экономикасының, ілімі мен ғылымының қарқынды да орнықты даму саясатынан туындап отырғаны белгілі. Бұл тұрғыда елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2008 жылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет», – деп атап көрсеткен. Оқытудың негізгі принциптеріне сай қазіргі кезде оқыту барысында оқулықтарды құрастыруда, оқыту формалары мен әдіс тәсілдерін таңдауда оқушылардың жас ерекшеліктері есепке алынады. Кез келген жас шақ өзіне ғана тән психо физиологиялық ерекшеліктерге толы болады. кіші сынып оқушыларының мысалға алғанда зейіні, есте сақтау қаблеті жоғары сынып оқушыларынан ажыратылады. Сол ерекшеліктерге сай оқыту процессін ұйымдастыру ерекшеліктерін жетік білу болашақ ұстаздар үшін өте маңызды, себебі оқыту процессінің тиімділігіне тікелей байланысты. 

Оқу – адамның жеке басы танымының ерекше түрі. Ендеше, тұлғаны ұлттық тұрғыда қалыптастыру үшін сол ұлттың негізгі өзіндік-психологиялық ерекшеліктерін анықтау оқу процесінде жүзеге асуы керек. Әр адамның дамуы оның әртүрлі қиындықтар мен кезеңдерден өтуімен байланысты. Кезеңдерге бөліну процесі - жеке адамның әлеуметтік ортадағы қозғалысының заңдары. Оның психикалық даму ерекшеліктерінің негізі П.П. Блонскийдің, Л.С. Выготскийдің, А.Н. Леонтьевтің, А.В. Запорожецтің, М.М. Мұқановтың және т.б. еңбектерінде нақтылы тұжырымдалады. В.К. Шабельниковтың пікірі бойынша, жеке адамның этнопсихологиялық қалыптасуы және кезеңдердің болуы, белгілі қоғамдық мәдениетте ерекше сапалар қабаты мен құрылым деңгейлерінің өмір сүруі, оның жеке «кванттарының» дамуын анықтауға мүмкіндік береді. Ендеше, жеке адам бір мәдениеттен екінші мәдениетке ауысуда үлкен қиындықтарды өткізіп, көптеген қарама-қайшылықтарды жеңулеріне әкеледі [1]. Біз қарастырғалы отырған ауғанстандық тыңдаушылардың этностық ерекшеліктері негізінен Ауғанстанда тұратын ұлттар: пушту, тәжік, өзбек, хазар ұлттары және түркімен, саодат, арабтар болып табылады.

Ауғанстандық жастар Қазақстанға алғаш келгенде кезде өз өмірінің үлкен психикалық даму өзгерістеріне тап болады. Сондықтан жатақханаға орналастыру барысында, топқа бөлгенде тыңдаушылардың ұлттық ерекшеліктерін ескеру кураторлардың негізгі міндеті болып саналады. Ауғанстандық жастардың ұлттық намыс, ұлттық санасы өмірінде белгілі орын алады. Оқу іс-әрекетінің мотивациялық өрісі де өзгереді. Оқудағы меңгеру процесінің механизмдері: білім, дағды, шеберлік жүйелерінің нәтижелік көрсеткіштері өзгеріске ұшырайды. Ендеше, тыңдаушылардың оқу барысында олардың мектепте алған білімдері ерекше сынға түседі. Біздің тәжірибемізге сүйене отырып мән беретін болсақ, хазар ұлтының ұлдары үздік оқитын тыңдаушылар қатарына жатқызуға болады. Себебі, оларда оқуға деген дағды қалыптасқан. Ал екінші, тәжік ұлты, үшінші өзбек пен пуштун ұлттары алады. Оқу үдерісінде тыңдаушылар арасында түрткі болатын да мектепте алған білімдерінің таяздығы болып саналады.

Л.И. Божович түрткіге мынадай анықтама береді: «Түрткі - іс-әрекет не үшін іске асырылмайтындығын білдіреді, оның мақсаттан айырмашылығы осы іс-әрекеттін бағытталуында. Яғни, баланың белсенділігін түрлендірудің бәрі түрткі болып табылады. Олар: баға, қызығулар, ұнамды болуға ұмтылу, баланың қабылдаған шешімі және борышын сезінуі тағы басқалар болуы мүмкін» [2]. Оқу іс-әрекетіндегі мотивациялық өрістің келесі көрсеткіші - мақсат. Мақсат - қажеттіліктің жетістікке жету кезеңін көрсететін нәтижелерге белсенділіктің бағытталуы. Оқу түрткісін іске асыру үшін, оқу іс-әрекетінде көптеген аралық мақсаттар қойып, оны орындауға тырысу керек. Психологтардың айтуы бойынша түрткілер көп жағдайда оқу іс-әрекетін тұтастай бейнелейді, ал, мақсаттар жекелеген оқу әрекеттерін бейнелейді. Бірақ, мақсатсыз өте күшті деген оқу түрткілері ұйтқымалы болуы мүмкін. О.К. Тихомиров мақсатты түрткіні мақсат арасындағы байланыс арқылы ажыратады. Егер мақсат сырттан берілсе байланыс мақсаттан түрткіге қарай қалыптасады, егер мақсат іс-әрекет барысында өз бетімен құрылса, онда байланыс түрткіден мақсатқа қалыптасады [3]. Мақсат - іс-әрекеттің алдын-ала қойылған нәтижесі, өмірлік жолдары көп жағдайда оқуға бағытталған. Адамның өз алдына мақсат қоюы іс-әрекеттің жоғары дәрежеге жетуін, өнімділігін қамтамасыз етеді, оқу түрткілерін тудырып, оны күшейтеді. Оқушының дұрыс білім меңгеруі үшін, мақсаттың өз бетімен түрткі күші болуы және оның түрткіге айналуы маңызды. Студенттік өмірде осының мәнін тереңірек ұғындыру және болашақ маманның жан-жақты зерделі, білімді болуы еліміздің маңыздылығын, құндылығын, көтеретіндігін түсіндіру ұстаздың үлесіне тиеді. «Қызықты оқу пәні оқушылардың мақсат өрісінен тұратын, оның түрткісін түрлендіретін оқу пәні» [4]. Қызығу - шындықтағы заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып, білуге бағытталған адамның біршама тұрақты жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі. Г.И.Щукина қызығушылықтың қалыптасу процесін іс-әрекетте пайда болады және оның құрылымы (міндеті, мазмұны, тәсілдері мен мотивтері) танымдық қызығушылықтың дамуының объективті негізін құрайды деп көрсетеді [5].

Қазақстанға келген тыңдаушылардың танымдық іс-әрекеті тек білімге, оқуға ғана бағытталмай, өзімен бірге жүрген достарының да өмір салтын, өзіндік этностық ерекшелігін тануға, сөйтіп өзінің зерделік, мәдениеттілік өрісін кеңейтуге бағытталады. Осыған орай олардың өмірге, білімге деген қызығушылығы артып, өз халқын басқа халықпен қатар қоюға Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» бағыт алады. Сөйтіп, тыңдаушылардың оқу түрткілерінің танымдық және әлеуметтік жағының маңызы, мағынасы олар үшін кеңейеді. Тыңдаушылардың оқу процесіндегі сыртқы ортамен қарым-қатынасындағы орны, достарыны алдында беделінің көтерілуі, ынтымақтастық қарым-қатынас түрткілері нығая бастайды.

Қандай да болмасын қарым-қатынас жүйесінде екі жақтық әрекет болады. Ол қарым-қатынастағы негізгі роль – атқарушы да, екіншісі - оның серіктесі (партнер). Міне, қарым-қатынастың сәтті болуы осы екеуіне байланысты [6]. Бұл құбылысты тыңдаушылар арасынан жақсы аңғаруға болады. Жаңсақ нанымдар осы өзара қарым-қатынаста белгілі әрекет етуге кедергі жасауы да, көмек беруі де мүмкін. Біздің жағдайымызда, факультетімізде білім алып жатқан жиырмаға жуық мемлекеттен келген студенттердің өзара тату, достық қарым-қатынаста болуын қадағалау. Ал, Ауғанстаннан келген тыңдаушылардың басым көпшілігін пушту этносы құрайтын болса, оның серіктесі тәжік, өзбек, хазара ұлты. Ендеше, ауғанстандық тыңдаушылар арасында этносаралық жақсы, достық, жағдайда болуына мән беру біздің факультет ұстаздары негізгі мақсаттарының бірі болып саналады. Осындай жағдайда бір-біріне тығыз әрекет етуші индивидтердің этникалық ерекшеліктерін есепке ала отырып, олардың біріккен іс-әрекетін басқарып, ұйымдастыруда этносаралық қарым-қатынастағы өзара әсерін зерттеумен олардың ішкі бағытын, жаңсақ нанымдардың соған орай этностардың бірін-бірі білудегі қабылдау ерекшеліктерімен олардың мәдениет тұрмыс-тіршілігінің тигізетін әсерін анықтау қажеттігі туады.

Егер, негізгі ұлттық белгілер оның тілі, діні, мәдениеті және әдебиеті болатын болса, олардың адам мінез-құлқына қалайша әсер ететіндігін анықтау психология ғылымының үлесіне тимек. Бұл көрсетілген факторлар сол ұлт мінезінің, сана-сезімінің, бағыт-бағдарының қалыптасуына әсер етеді. Ендеше, оқу процесінде осылардың оқушы бойында көрінуі мен өзгеруіне көңіл бөлу қажет.

Ұлт өкілінің бірден-бір белгісі – оның ұлттық өзіндік санасының қалыптасуы. Ұлттық өзіндік сана адамның тұлға ретіндегі «дайын» субъектілік анықталуы. Ендеше, сол ұлттық өзіндік сананы қандай компоненттер құрайды, олар қалай көрінеді және адам өміріндегі жағдайларға байланысты қандай өзгерістерге ұшырасады деген сұрақтарға жауап табуымыз керек. Сонда ғана оқу процесінде ұлттық жүріс-тұрыс қасиеттерін бала бойында қалыптастыруға мүмкіндік аламыз.

Оқу үдерісінде ұлттық өзіндік сананың ішкі компононттері «ұлттық таптаурындар», «ұлттық бағыт», «тұлғалық бағдар» және «этникалық жаңсақ нанымдардың» пайда болуын, көрінуін және өзгеруі немесе тұрақтылығы бастауыш сыныптың өзінде-ақ жақсы көзге түсетіндігі біздің зерттеулерімізде анықталды [7].

Тыңдаушылардың психикалық дамуының бір ерекшелігі сол, ауғанстандық тыңдаушылар жаңа ортаға бейімделген сайын, бұрынғы оның өмір жолында ерекше орын алып келген қасиеттері мүлдем жойылып кетпей, сапалы өңдеулерден өтеді. Оған себепші - тыңдаушының жаңа ортадағы қарым-қатынасы, іс-әрекет жүйесі. Тыңдаушылардың іс-әрекеті белсенділік мәнге ие болады.



Ауған тыңдаушыларын оқыту, тәрбиелеу ісінде біздің байқағанымыз әр этностың өзіндік ерекшелігі, тұрмыс-тіршілік жүйесі, мәдени-рухани қалыптасуы болады. Мұндай ерекшеліктер этностардың бір-бірімен байланысында, қарым-қатынасында өзінің әсерін тигізбей қоймайды. Әр этнос өкілі өзінің өмір жолында халқының құндылығын, бағыт-бағдарын дәріс етіп, атадан балаға мұра ретінде қалдыра береді. Сөйтіп, ауғанстандық тыңдаушылар көп этносты Қазақстанның рухани, мәдени, саяси және экономикалық байлығына мән беріп қалыптаса бастайды.

Әдебиеттер тізімі

  1. Божович Л.И. Личность и ее формирование в детском возрасте. - М.: Просвещение, 1968. – 589 c.

  2. Арутюнян Ю.В., Дробижева Л.М. Этносоциология: цели, методы и некоторые результаты исследования. - М.: Наука, 1998. – 344 с.

  3. Кулюткин Ю.Н. Психология обучения взрослых. - М.: Просвещение, 1985. – 436 с.

  4. Чебаксаров Н.Н., Чебаксарова И.А. Народы, расы, культура. - М.: Знание, 1988. – 368 с.

  5. Выготский Л.С. Собр.сочин. Т. 3. Проблемы развития психики. - М.: Наука, 1983. – 534 с.

  6. Обозов Н.Н. О трехкомпонентной структуре межличностного взаимодействия. В кн.: Психология межличностного познания. – М.: Академия, 1981. – 263 с.

  7. Әмірова Б.Ә. Оқу процесінде этникалық жаңсақ нанымдардың көрінуі мен өзгеруі. – Қарағанды: Білім, 1989. – 165 с.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет