2 ақпанға қараған түні Қырғызстанда жылу электр орталығында апат болып, қазандықтардың бірі жарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, қазандықтың жарылғанынан бес адам зардап шегіп, төртеуі ауруханаға жатқызылды. Адамдар күйік жарақатын алған, екеуі ауыр халде. Бір адам уланған.

Бішкекте тұрғын үйлерде ыстық су мен жылу беру шектелді. Ал кейбірінде жарық жоқ.

Жылу электр орталығында төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жедел жұмыс жүргізу үшін арнайы штаб құрылды. 

Сондай-ақ Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жылу электр орталығына қатысты жағдайды жеке бақылауында ұстайтынын хабарлады. Жапаров төтенше жағдайдың салдарын қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Оқиға орнында министрлер кабинеті мен құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері жүр. 

Бішкек әкімдігі хабарлағандай, қаладағы мектептер мен балабақшалар 5 ақпанға дейін қашықтан оқытуға көшті. Денсаулық сақтау министрлігі Бішкекте жоспарлы оталар кейінге қалдырылғанын айтты. 

Апаттың себептері әлі де анықталып жатыр. Істен шыққан техниканы қалпына келтіру үшін жедел штаб құрылды. Бұл ретте үйлерге электр энергиясы үзіліссіз беріледі, бірақ біріктірілген жылу электр орталығы мен жылу желілерінің жұмысын сақтау мақсатында ыстық су беру тоқтатылды. Қазіргі уақытта жедел штаб азаматтардың үйлеріне жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.