Бүгінде әлемнің 50 елінде заң жүзінде ата-аналардың баласына қол көтеруіне тыйым салынған. Ал Қазақстанда баласын ұрып-соғатын ата-аналарға қандай жаза бар? Stan.kz тілшісі бұл сұрақтың жауабын заңгерден біліп, психологтерден ата-аналардың зорлы-зомбылыққа не үшін баратынын сұрап көрді. 

Фото: istockphoto

Осы орайда адвокат Альбина Бахтиярқызы кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселелері бойынша қандай жаза тағайындалатынын атап өтті.

"Егер кез келген ата-ана баласына қол көтерсе, азаптау фактілері болса, әкімшілік кодексіндегі 127-бап “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау” және Қылмыстық кодекстегі 110-бап “Қинау” және 140-бап “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау” негізінде айыпталады”, – деді адвокат Альбина Бахтиярқызы.

Бұған қоса, ата-ана немесе қамқоршылығына алған адам кәмелетке толмаған балалардың алкогольді ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды тұтынуына немесе қаңғыбастықпен, қайыршылықпен айналысуына жол берсе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Әкімшілік кодекстің 127-бабына (“Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау”) сай оның істеген әрекетіне қарай 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде тағы қайталанса, жеке тұлғалар 20, лауазымды адамдар 30 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді. Сонымен қатар 200 мың теңге төлеуге міндеттеледі.

"Ересектер ата-аналық міндетін дұрыс атқармаса, әкімшілік кодексте көрсетілген жаза бойынша айып тағылады. Ал егер ата-ана баласын азаптап, денсаулығына орта немесе ауыр дәрежеде зақым келтіре отырып, жәбір көрсетсе онда ол Қылмыстық кодекстегі 140-бап “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау” бойынша сараланады. Бұдан бөлек, ата-ана 3 жылға дейін белгілі лауазымдарды және қызметтерді атқару құқығынан айырылатынын ескертті. "Жеке тұлғаларға 160 айлық есептiк көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге темір торға тоғытылады. Ата-ананың баласына күш қолданса немесе одан зорғысын істеп, азаптаған жағдайда қылмыстық кодекстің 110-бабы "Қинау" бойынша жазаланады", – деді қорғаушы.

Бұл бап бойынша ересектерге 2 жыл немесе одан көп мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

"Әрине, кәмелет жасына толмаған балаларға құзырлы органдарға жүгінуі өте қиын. Өйткені ана-анасынан зорлық көрген баланың сол уақыттағы халі мүшкіл болады. Бала тек туысына немесе досына айтуы мүмкін. Көбіне туыстары өзге отбасындағы мәселеге басын қатырып жатпайды. Мұндай жантүршігерлік жайттарға көз жұма қарауға болмайды. Ата-анасы баласын ұрып-соғып жатқанын көрген куәгерлер бірден полицияға немесе балалар құқығын қорғайтын “150”, “111” сенім телефондарына қоңырау шалуы керек", – деді Альбина Бахтиярқызы.

Альбина Бахтиярқызының айтуынша, біздің елімізде ата-ана құқығынан айыру деген оңай мәселе емес. 

"Мәселен, баласын бір-екі рет шапалақпен ұрған ата-ананы "ата-аналық" құқығынан айыра салмайды. Жүйелі түрде болған жағдайда, азаптаса, денсаулығына өте ауыр зиян келтірсе немесе нашақорлыққа баулыса, аса ауыр түрде құқық бұзса, ата-ананың кінәсі дәлелденген жағдайда ғана, "ата-ана құқығынан" айырылады. Себебі денсаулығына зиян келтірген ата-ананы құқығынан дереу айыра салмайды", – дейді заң өкілі.

Фото: istockphoto

Психолог Айсұлу Қалағанова баласын ұрып-соғатын ата-аналар мұндай әрекетке не үшін баратынын айтты. 

"Ата-ана жан дүниесінде тыныштық болмағанда, басынан мәселе арылмай, солардың шешімін таба алмай жүрген кезде ашу-ызасын баласынан алады. Сөйтіп шешім қабылдауға қауқары жоқ балаға әлімжеттік көрсетеді. Мұндай кезде баланың қарсылық айтуға шамасы келмейді. Сондай-ақ отбасындағы ерлі-зайыптылардың, келін мен ененің қарым-қатынасында да мәселе туындаса зардабы үйдегі балаларға тиеді. Негативті ішіне жинаған ата-ана жарылуға дайын тұрады. Бала қандай да бір әрекетті дұрыс істемесе болды, таяқтың астына алады", – деді Айсұлу Қалағанова.

Психолог екіншіден бұндай жағдайға ата-ананың баланы тәрбиелеу жағынан білімінің таяздығы әсер етеді дейді. 

"Ата-ананың бала тәрбиесі бойынша білімінің жеткілікті болмауы, бала жанын түсінбеуі, өз баласын жеткілікті танымауы, оның ерекшелігі мен бейімін білмеуі, әке-шеше баладан не күтуі керек екенін білмеуі көп жағдайда жазалауға әкеліп жатады. Баласынан қолынан келмейтін істі күтеді. Бала оны орындай алмаған кезде ата-ана ашуға бейім тұрады Керісінше, ең әуелі, ересектер өзін тәрбиелеп, сабыр сақтағанда ғана баламен ортақ тіл табыса алады", – дейді маман.

Психолог ата-аналардың баласын ұрып-соғуының бірнеше себептерін түсіндіріп өтті:

1.Өзін дәлелдеу. Адам қандай салада, ортада, отбасында болса да өзін табысты сезінуі қажет. Басқа адамдар оның еңбегін мойындап, әрқашан мадақтап отыруға тиіс. Алайда мұндай адамдар белгілі бір жетістікке қол жеткізбеген уақытта, өзін қорғансыз,  дәрменсіз сезінеді. Өзін-өзі дәлелдей алмаған адам өзінен әлдеқайда әлсіз баланы ұрып-соғып “мен одан басыммын" деп өзін көтермелейді. Мұндай адамды дер кезінде тоқтатпаса, соңы жақсылыққа апармайды. 

2."Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" немесе "енесі тепкен құлынның еті ауырмайды". Бұл түсініктер қайдан шықты? Көп ата-аналар "кезінде біз де әке-шешемізден таяқ жеп өстік", "жаман болмадық", "адам болып кеттік" деген таптаурынға әбден еті үйренген. Сол себепті өзінің баласын да тепкінің астына алудан тайынбайды. Балаларға физикалық зақыммен қоса психологиялық зақым келтіргенін түсінбей жатады. Сондықтан таптаурындарды ұмытып, мәселенің дұрыс шешімін табуға тырысулары қажет. 

3. Дәрменсіздік. Балалар ата-анасын тыңдамай, сөздеріне құлақ аспай қойған сәтте қол көтеру жиілейді. Себебі оңды-солды сөйлеп, жағдайдың мән-жайын түсінбей, ойға қонымсыз әңгіме айтудың салдарынан бала еркінсіп кетеді. Ата-ана тәрбиеге көнбеген балаға қол көтеруге мәжбүр болады. 

Айсұлу Қалағанова "Ақниет" орталығына мұндай мәселемен ата-аналар жиі келетінін айтты. 

"Біріншіден, ата-ананы жазаламас бұрын оларға психологиялық көмек берілуі қажет. Өйткені олар кішкентай кезінде өзінің ата-анасы тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін. Соны зерттеп барып қана оларға психологиялық терапия жүргізілуі керек”, – дейді ол.

Психологтың пікірінше, ата-аналарға түзеу жұмыстары мен айыппұл салғаннан бөлек бала тәрбиесіне қатысты лекция тыңдатқан дұрыс болады.

"Бұл тек баланы емес, бірінші өзін түсінуге кейіннен баланы түсінуге мүмкіндік береді. Ата-ананың зорлық-зомбылыққа көзқарасын өзгерту арқылы біз психологиялық және физикалық сау адамдардың көбеюіне жағдай жасаймыз", – деді орталықтың негізін қалаушы Айсұлу Қалағанова.

Фото: istockphoto

Ал Алматылық ата-ана Әсел Исаева махаббат көрмеген адам оны басқаға да бере алмайды деп ойлайды. 

"Ерлі зайыпты бір-бірін түсініп, көмектесіп жүрсе, отбасында сыйластық болса, бұны көріп өскен бала да ата-анасының өзін жақсы көретінін сезеді. Баламен әке де, шеше де ересек адаммен сөйлескендей әңгіме айтып, ашық сөйлесуі керек. Баланың қылт еткен қателігіне зіркілдеп, қатаңдық танытса ол баладан ашық әңгіме күте алмаймыз. Мінезі тұйықталып, сөгіс естуден қорқып, тіпті өтірікті де жиі айтуы мүмкін", – деді Әсел.

Әсел Исаеваның айтуынша, жан дүниесі мүгедек адам өз баласын да толыққанды тұлға етіп жетілдіре алмайды. 

"Өзімнің балалық шағымды мысал ретінде келтірейін. Ата-әженің қолында өстім. Ес кірген шағымда әке-шешеме келдім. Үйдің үлкені деп көп жауапкершілікті маған артты. Таяқтың сорақысы да маған тиді, төсектің қаттысы да менікі еді. Өз пікірімді, ойымды ашық жеткізе алмайтын, жасық, қиялшыл бала болдым. Бой түзей келе, өзіме сөз бердім. Мен ана болғанда менің балаларым мені "жауыз" көрмей, сырын, пікірін бөлісетін "жеке тұлға" болады деп түйіндедім. Қазір үш перзентім бар. Үлкен, кіші немесе жынысына қарап бөлмейміз. Бәрі бірдей. Тірлікке де бірдей қараймыз. Қолынан келетін іс болса, өзіммен қатар жүргізіп үйретемін. Біздің отбасыда зорлыққа жол жоқ. Жолдасым екеуіміз баламен ашық сөйлесіп, "сен неге бүлдіресің?" деп емес, балаға “бұл қалай болғаны, енді не істесек екен?" деп баланың мәселесіне ортақтасып, оның жалғыз емес екенін сездіреміз. Кез келген мәселені жабыла шешеміз деп үнемі айтамыз", – деді ата-ана Әсел Исаева.

Әсел балаға мейіріммен қараған жөн екенін және олардың бір-ақ рет бала болып, әп сәтте есейетінін айтады.

"Қазір өзіме балаларым үшін "шексіз әлеммін" деп көп ескертемін. Отбасы болған соң жолдасымызбен келіспей қалатын кездер болады. Оны да отырып айғайсыз, шай үстіндегі әңгіме сияқты байыппен шешкенді әдетке айналдырдық. Балалардың көзінше біреудің кем кетігін термей, тек жақсылығын әңгімелеп, өз балаларымызға өзіміз жол көрсетеміз. Отбасында белгілі тәртіп, түсіністік, махаббат, жеке шекара болмаса онда ол ұядан "жаны мүгедек" адамдар шығады", – деп түйіндеді ата-ана Әсел Исаева.

 

Айым Атамбаева


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.