23 қаңтарға қараған түні Алматы қаласында 5 балдық жер сілкінісі болды. Сол сәтте дүрбелеңге салынған көпқабатты үйдің тұрғындары жер үйде тұратын туыстарының үйіне қашты. Осы тұста Stan.kz тілшісі архитектор Ақбай Айдыннан жер сілкінісі кезінде жер үйдің қаншалықты қауіпсіз екенін сұрап көрді.

Фото: septik-bak.ru

Маманның айтуынша, жалпы алғанда төмен қабаттағы ғимараттар мысалы, жер үйлер биік ғимараттармен салыстырғанда жер сілкінісінің зақымдалуына аз ұшырауы мүмкін. Алайда бұл нақты ереже емес, құрылыс сапасы негізгі фактор болып қала береді.

“Алматыдағы тұрғын үйлер 8-9 баллдық жер дүмпуіне дейін шыдайды. Егер жер сілкінісі өте қатты болса көпқабатты үй де, жер үй де құлайды. Егер де жер сілкінісі бұдан да күштірек болса бақылаусыз салынған жеке үйлер қирап қалар еді. Ал жоба бойынша салынған жаңа жер үйлер мен кеңестік ескі үйлер 8-9 баллға дейін шыдайды. Жер үйлер 7-8 балл жер дүмпуі кезінде қирайды деген қате пікір. Жер үйдің жобасы жақсы жасалған болса шыдамды әрі берік болады", – деді Айдын Серікұлы. 

Сондай-ақ маманның айтуынша, үйдің өз қалпын сақтауы немесе қирауы жер сілкінісінің қандай деңгейде болуына байланысты. 

"Қай үйдің құлайтынын немесе қирамайтынын болжау мүмкін емес. Бұрын құрылыс жүргізілген ғимараттар ғана үлкен тәуекелге ұшырайды. Мысалы Түркияда көлденең жер асты дүмпулерінен көпқабатты үйдің іргесі құлаған жағдай болды. Егер бүкіл құрылым құлап, соңынан бірінші қабат бұзылса адамдардың аман қалу мүмкіндігі төмендейді. Алматының өзінде балаларға сейсмикалық ережелердің кейбір бөлімін түсіндіретін сәулет мұражайы жоқ . Әрине ешкім 100 пайыз сақтандырылмаған. Десе де тәуекелді барынша азайтуға тырысуымыз керек", – деді маман.

“Жер үйге қашқан тұрғындар құтқарушыларға кедергі келтіреді”

Сондай-ақ ол жер сілкінісі болған жағдайда тұрғындар өзін қалай ұстау керегін білмейтінін айтты. Керісінше дүрбелеңге салынып, қалада кептеліс жасап, құтқарушылар мен жедел-жәрдемге кедергі келтіргенін жеткізді. 

"Бізде білімді адамдар жетіспейді. Тұрғындар ережелердің барлығын зерттеп, оларды орындауға тырысса ешқандай кептеліс те, қиындық та болмайды. Олар көбіне арнайы техника мен құтқарушыларға кедергі келтіріп, нәтижесінде одан да көп адамның зардап шегуіне алып келеді. Сол себепті, арнайы жиналатын орынға барып, құтқарушылардың көмегін күтіп, үкіметтің талаптарына сәйкес қозғалған жөн”, – деді архитектор.

Ал Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Шәріп жер сілкінісі болған жағдайда тұрғындар қалай әрекет ету керегін жеткізді. 

“Жер сілкінісі болған жағдайда бірінші және екінші қабатта тұратын тұрғындар өздерін қауіпсіз аймаққа эвакуациялауға қауқарлы. Ал екінші, үшінші қабаттан жоғары тұрғындар пәтердің қауіпсіз аймақтарына тығылуы қажет. Жиһаздардың астына, тоңазытқышқа, ваннаға немесе есік, терезе бағаналарының жанына тұру арқылы өздерін аман сақтап қала алады.  Алматыда болған жер сілкінісі салдарынан тұрғындардың екінші, үшінші қабаттан секіру жағдайлары орын алды. Сондай жәйттарды болдырмас үшін кез келген тұрғын өзін қайда эвакуациялайтынын алдын ала жоспарлауы керек”, – деді маман. 

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.