Пәннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің



жүктеу 2.61 Mb.
бет6/13
Дата29.08.2018
өлшемі2.61 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

2. Заңды тұлғалардың мемлекетке жатушылығы және сыртқыэкономикалық қатынастардағы құқықтық мәртебесі. Практикада заңды тұлғаның қай мемлекетке жататындығын анықтау маңызды мәселе.

Заңды тұлғаның қай мемлекетке жататындығы, жеке тұлғаның азаматтығынан мемлекеттік құқықтың институты ретінде айырмашылығы белгілі мемлекеттің жеке тұлғасына қатысты ғана пайдаланылады. Жеке тұлғаның жұмыс орны қайда орналасса да, ол бір ғана мемлекетпен байланыста болады. Сонымен қатар, ол қатарынан екі мемлекетте орналаса алмайды. Ал заңды тұлға оның құқық қабілеттігімен өзінің қызметіне байланысты бірнеше мемлекетпен байланыста болады.

Халықаралық дербес құқықтың теориясында «заңды тұлғаның жеке статуты (мәртебесі)» және «заңды тұлғаның ұлты» ұғымдары бар және оларды шатастырмаған жөн. Заңды тұлғаның жеке статуты келесі сұрақтарға жауап береді: бұл ұйым заңды тұлғаға жатады ма, оның құқық қабілеттігінің мөлшері және оның органдарымен жасалатын келісім-шарттардың тәртібі, қандай тәртіппен ол құрылады және таратылады, қандай заңға сәйкес таратылады. Сонымен, заңды тұлғаның жеке статуты бұл ұйымның құқықтық жағдайын сипаттайды, бірақ оның қызметінде пайда болатын барлық құқықтық сұрақтарды қамтымайды.

Өз кезегінде, «заңды тұлғаның ұлты» ұғымы ұлттық және шетелдік заңды тұлғаларды бөлу және өзге құқықтық сұрақтарды шешу үшін пайдаланылады. Заңды тұлғаның ұлты ұғымы арқылы белгілі мемлекеттің аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру жағдайларын және салық салу режимі, валюталық операцияларды жүзеге асыру және өзге құқықтық сұрақтар шешіледі. Сонымен, заңды тұлғаның ұлты деп белгілі бір заңды тұлғаның белгілі бір мемлекетке жататындығын айтамыз.

Халықаралық дербес құқық әдебиеттерінде заңды тұлғаның ұлтын анықтаудың үш қағидаты (критерийлері) бөлінеді: инкорпорация қағидаты, орналасу орны қағидаты және қызмет орны қағидаты. Осы қағидаттарды енді қарастырған жөн.

Ағылшын-американдық құқық мемлекеттерінде (АҚШ, Ұлыбритания) заңды тұлғаның ұлтын анықтаудың үстем қағидаты ретінде оның құрылу орны табылады, яғни бұл заңды тұлғаға ол құрылған және оның жарғысы бекітілген мемлекеттің заңы пайдаланылады. Бұл қағидат барлығына инкорпорация қағидаты түрінде мәлім.

Континенталдық Еуропа мемлекеттерінде (Германия, Франция, Швейцария, Австрия т.б.) заңды тұлғаның ұлтын анықтаудың қағидаты болып заңды тұлғаның орналасу орнының заңы пайдаланылады. Заңды тұлғаның орналасу орны (тұрған жерi) ретінде заңды тұлғаның тұрақты жұмыс iстейтiн органы (әкімшілік орталық, басқарма) тұрған жер танылады.

Заңды тұлғаның ұлтын анықтаудың үшінші қағидаты ретінде қызмет орны (қызмет жері) табылады. Бұл қағидат көбінесе Италия заңнамасында пайдаланылады.

1956 жылы Шетелдік компаниялар, қоғамдастықтар және мекемелер артынан заңды тұлға құқығын тану туралы Гаага конвенциясына қол қойылды. Конвенцияға сәйкес заңды тұлғаның ұлты, ол тіркелген және оның жарғысына сәйкес басқарма орналасқан мемлекеттің заңы арқылы анықталады. Сонымен, Конвенция алғашқы екі дәстүрлі тұжырымдаманы жақындастыруға ұмтылған. Бірақ, Конвенцияны бірнеше мемлекет қана ратификациялағандықтан ол өз күшіне енген жоқ.

Латын-америка мемлекеттерімен Монтевидеода 1979 жылы қабылданған, Коммерциялық компанияларға қатысты коллизиялық сұрақтар туралы Конвенцияға сәйкес заңды тұлғаның құрылуы, қызметі және таратылуы ол құрылған мемлекеттің заңы арқылы анықталады.

Қазақстан Республикасының республикалық заңнамасының бірнеше нормаларында шетелдік заңды тұлғалар туралы сөз көтерілген. Мәселен, «Шетелдiк инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 27 желтоқсанындағы Заңында шетелдiк заңды тұлғаға анықтама берілген. Шетелдік заңды тұлға - шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға (компания, фирма, кәсiпорын, ұйым, қауымдастық және т.б.). Бұл жерде, инкорпорация қағидаты пайдаланылатынын көріп отырмыз.

Осыған ұқсас тұрғыны Қазақстан басқа мемлекеттермен жасасқан, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім-шарттардан да көре аламыз. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімге сәйкес «компания» термині ретінде араптардың бірінің заңдары мен нормаларына сәйкес құрылған кез келген корпорация, қауымдастық, бірлестік, әріптестік немесе ұйым түсіндіріледі. Қазақстан мен Венгрия арасындағы келісімге сәйкес «заңды тұлға» ретінде әрбір келісуші-тараптардың заңдарына сәйкес құрылған кез келген кәсіпорын табылады. Бұл жерде де, инкорпорация қағидаты негізге алынған.

Енді сыртқыэкономикалық қатынастардағы қазақстандық ұйымдардың құқықтық мәртебесін қарастырған жөн.

1988 жылдың 12 мамырында Қазақстанда, Үкімет қаулысымен ҚазССР-дің Министрлер Кеңесінің жанынан «Қазақинторг» деген республикалық шаруашылық есептік сыртқы саудалық бірлестік құрылды. Қазақинторгтің құрамына келесі мамандандырылған фирмалар кірді: Қазақпроминторг, Қазақагроинторг, Қазақпригранторг, Қазақсервис.

«Қазақинтермед» республикалық сыртқыэкономикалық бірлестік туралы» 1992 жылдың 2 маусымында қабылданған Министрлер Кабинетінің № 487 Қаулысымен сыртқыэкономикалық бірлестік құрылды, бірлестік денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметті басқару және шетелдік фирмалармен медицина және фармокология саласында өзара тиімді қатынастарды орнату мақсатында қызмет атқарады.

1992 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасының сыртқыэкономикалық байланыстар Министрлігі жанынан «Құрылыс» республикалық сыртқыэкономикалық бірлестігін құру туралы» Министрлер Кабинетінің № 505 Қаулысы қабылданды. Бұл бірлестік құрылыс материалдары мен заттарын экспорттау және импорттау, сондай-ақ шетел фирмаларымен сыртқыэкономикалық байланыстарды дамыту мақсатымен құрылған болатын.

Ары қарай, «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының сыртқыэкономикалық қызметтегі қосымша шаралар бойынша ұйымдастыру туралы» Жарлығын жүзеге асыру туралы» Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің 1993 жылдың 20 тамызындағы №717 қаулысымен Қазақстан Республикасының сыртқыэкономикалық байланыстар министрлігіне 1993 жылдың 1 қазанына дейін, мемлекеттік маңызы бар өнімді экспорттауды ұйымдастыру және орталықтандырылған өнімді, тауарды мемлекеттік мұқтаждықтар үшін сатып алуды жүзеге асыратын мамандандырылған сыртқыэкономикалық компанияны құру жөнінде тапсырма берілді.

1993 жылдың 20 тамызындағы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің №717 қаулысын орындау мақсатында «Ұлан» республикалық сыртқы саудалық компаниясы құрылды.

1994 жылдың 5 қаңтарында қабылданған №64 Қазақстан Республикасының сыртқыэкономикалық байланыстар министрлігінің бұйрығына сәйкес келесі сыртқыэкономикалық компанияларға өнімді сату, сатып-алу құқығы берілген:

1. «Қазақстанимпекс» - минералды тыңайтқыштар, мақта, полистирол.

2. «Қазвнешмаш» базасындағы «Отырар» - мыс, глинозем, ферроқортпалар, феррофосфор.

3. «Қазақинторг» - хромдық қазба, тас көмір, мұнай, бензин, мазут.

4. «Қазметаллэкспорт» -цинк, қорғасын, магний, марганец, темір, бағалы тастар, өзге де қазбалар.

5. «Қазинтерметалл» - цинк, қорғасын, магний, бағалы тастар, өзге де қазбалар.

6. «Ұлан» - темір қазбалары, сирек кездесетін металлдар және өзге де радиациялық металлдар, полипропилен, уран, молибден, титан.

7. «Қазақстан сауда» - цинк, ферроқортпалар, қара металлдар, хромдық қазбалар, қара металлдар сынықтары.

8. «Қазмедимпорт» - медициналық жабдықтардың және дәрі-дәрмектердің импорты.

9. «Қазпищепромсырье» - мемлекеттік маңызы бар өнімнің экспроты және тамақ өнімдері мен азық-түліктің импорты.

10. «Қазыбек» - темір, қара метталдар, ақ қаңылтыр, көмір, стирол, мыс сынықтары.

11. «Қазагосауда» - дәнді-дақылдар, жұн, тері өімдері, маралдар мүйізі.

Мұндай моноплизм негізсіз болды, себебі басқа компаниялар осы делдал компаниялардан өнім алуға мәжбүр болған. Сондықтан, 1995 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің «Сыртқыэкономикалық қызметті либерализациялау туралы» №2021 Жарлығымен бұл тәртіп алынып тасталды. Бұл Жарлықта Қазақстан Республикасының барлық шаруашылық субъектілеріне, мемлекеттің жеке құзыретіне жататын мемлекеттік маңызы бар стратегиялық ресурстарды экспорттау мен импорттауды есептемегенде, сыртқы саудалық қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілген.

Қайта құрылған жаңа сыртқыэкономикалық қызметтегі компанияларға 1994 жылдың 17 наурызында Министрлер Кабинетінің №282 қаулысымен құрылған «Разноимпорт» мемлекеттік акционерлік компаниясын жатқызуға болады. Компанияның негізгі міндеттері ретінде шетелдік фирмалармен сауда операцияларын жүзеге асыру және көтерме, бөлшектеп сатуды жүзеге асырады:



  • мемлекеттің мұқтаждарына жеткізілетін тауарлардың тізбесіне жатпайтын тұтынатын және тұтынбайтын тауарлар;

  • мемлекеттің мұқтаждарына жеткізілетін тауарлар;

  • «Разноимпорт» акционерлік компаниясының құрамына кіретін акционерлік қоғамдардың қызметін реттеуді басқару.

1994 жылдың 9 маусымында Министрлер Кабинетінің №607 қаулысымен «Қазэкспортастық» мемлекеттік сыртқы саудалық акционерлік компаниясы құрылды. Компанияға келесілерге тапсырма берілді:

- дәнді-дақылдар өнімдерін экспорттау, реэкспорттау және импорттауды жүзеге асыру, сондай-ақ өнімдерді, материалдарды, жабдықтарды және өзге де өнімдерді импорттау;

- әлемдік нарықта тиімді қатысуды қамтамасыз ету мақсатында нан өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың сыртқыэкономикалық қызметіне көмек жасау.

1994 жылдың 16 маусымында №1815 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Экспортты импортты банкі құрылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Экспортты импортты банкі Қазақстанның Әлем банкінің халықаралық міндеттемелері бойынша мирасқоры болып танылған. Оның негізгі функциялары:

- заемшы болу және Қазақстан Республикасының шетелдік несиелерінде агент ретінде қызмет көрсету;

- технологиялар, жабдықтар және өнімдер импортын ынталандыру мақсатында қазақстандық кәсіпорындарға несиелер беру;

- экспорттаушыларға несиелер беру;

- қазақстандық банктермен берілген экспортты несиелердің тәуекелдерін сақтандыру (кепілдендіру);

- өндірістің даму мақсатында кәсіпорындарды және жобаларды ұзақ және қысқа мерзімді қаржыландыру;

- Қазақстан Республикасының мүдделерін мамандандырылған халықаралық ұйымдарда білдіру.

Сыртқыэкономикалық қызметтің ерекше субъектілері ретінде шетелде құрылған қазақстандық құрылымдар табылады. Атасақ, Ұлыбританияда, Германияда және Түркияда Қазақстанның сауда үйлері бар. 1993 жылдың 5 қазанында Министрлер Кабинеті «АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының іскерлік байланыс Орталығы туралы» Қаулысын қабылдады.

Қазақстан Республикасындағы шетелдік заңды тұлғалар. Шетелдік заңды тұлғалардың құқықтық жағдайы ұлттық заңнамамен қатар, халықаралық келісім-шарттармен де анықталады. Сауда келісім-шарттарында және инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғау туралы келісімдерде заңды тұлғаларға жалпы режим белгіленген. Бұл режим не ең қолайлы режим, не ұлттық режим түрінде болады. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ арасындағы инвестицияларды қорғау туралы Келісімінің 2-бабында, әрбір тарап екінші тарапқа өз аумағында үшінші мемлекеттің заңды тұлғаларына, азаматтарына берген режимнен төмен емес қолайлы режим беруге тиіс, - деп белгіленген. Бұл жерде, көріп тұрғанымыздай ең қолайлы жағдай режимі белгіленген.

Қазақстан мен Германия арасындағы инвестицияларды қорғау туралы Келісімде керісінше, ұлттық режим белгіленген. Осы Келісімнің 3-бабында былай деп жазылған: «Әрбір Келісуші тарап басқа Келісуші тараптың салымдарына өз аумағында осындай жағдайда үшінші мемлекетке берілген режимнен, төмен емес режим беруге тиіс».

Шетелдік заңды тұлғалардың құқықтық режимін қарастыра отырып, шетел қатысатын кәсіпорын келесі нысандарда болатынын қарастырған жөн: шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік кәсіпорын, бірлескен кәсіпорын және шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері.

«Шетелдік инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында осы ұғымдар толығымен ашылған. Мәселен, «шетелдiк заңды тұлға» - шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға (компания, фирма, кәсiпорын, ұйым, қауымдастық және т.б.). «Шетел қатысатын кәсiпорын» - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және шетелдiк кәсiпорын немесе бiрлескен кәсiпорын нысанында iс-қимыл жасайтын заңды тұлға. «Шетелдiк кәсiпорын» - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, толығымен шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын. «Бiрлескен кәсiпорын» - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, мүлкiнiң (акциялардың, үлестiң) бiр бөлiгi шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын.

1998 жылдың 1 маусымына Қазақстанда Әділет органында 953 шетелдік кәсіпорын тіркелген, яғни 100% шетелдік қатысу. Шетелдік кәсіпорындар ішінде шетелдік іскерлі кәсіпорындар да көп: «Королевская Голландская авиакомпания КЛМ», «ВМВ Компани», «Испат Кармет» т.б. Ұсақ кәсіпорындар да бар. Мәселен, «Приключения в Центарльной Азии ЖШС» т.б.

Енді шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің құқықтық мәртебесін қарастырайық. 1998 жылдың 1 маусымында респбуликада 416 филиалдар мен өкілдіктер тіркеу өткен. Мәселен, «Иран Эйр» авиакомпаниясының «Иран Эйр Алматы» филиалы, «Аджип Карачаганак Б.В.» ЖШС филиалы, Мицубиси Корпорейшн АҚ өкілдігі, Шеврон компаниясының өкілдігі т.б.

«Шетелдік инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабында шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің ұғымы берілген. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның филиалы оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, осы заңды тұлға мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн атқаратын оқшау бөлiмшесi болып табылады.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның өкiлдiгi оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, шетелдiк заңды тұлғаның мүдделерiн қорғайтын және оған өкiлдiк ететiн оның атынан мәмiлелер мен өзге де құқықтық iс-әрекеттер жасайтын оқшау бөлiмшесi болып табылады.

Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болмайды. Оларға өздерiн құрған шетелдiк тұлға мүлiк бөледi және олар осы заңды тұлға бекiткен ереже негiзiнде iс-қимыл жасайды. Филиалдар мен өкiлдiктердiң басшыларын шетелдiк заңды тұлға тағайындайды және олар өздерiне берiлген сенiмхат негiзiнде iс-қимыл жасайды.

Шетел қатысатын кәсіпорын қызметін лицензиялау «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі №2200 Заңымен реттеледі. Осы Заңның 8-бабына сәйкес «шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар лицензияны, егер заң актiлерiнде басқадай көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларына қойылатын шарттар бойынша және нақ сондай тәртiппен алады».

Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына берiлетiн, шетел қатысатын кәсiпорындар алуға мiндеттi лицензиялар жалпы және арнаулы лицензиялар болып бөлiнедi.

Жалпы лицензиялар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерiнiң меншiк нысандары мен мемлекеттiк бағынысына қарамастан шаруашылық жүргiзушi барлық субъектiлер үшiн лицензия алу мiндеттi болып табылатын кәсiпкерлiк қызмет түрлерiне қатысты.Шетел қатысатын кәсiпорындардың мұндай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алуы Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары үшiн белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

Арнаулы лицензиялар шетел қатысатын кәсiпорындар жөнiнде ғана лицензия алу қолданылатын қызмет түрлерiне қатысты. Мұндай қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының заң құжаттарымен белгiленедi.

Заңның 5-бабында лицензиялауды жүзеге асырушы органдар белгіленген. Өтiнiш берушiге лицензия берудi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленетiн және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн лицензиарлар жүргiзедi. Лицензиялау саласындағы тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. Белгiлi бiр кәсiпкерлiк қызмет түрiмен айналысуға, мұндай қызметтi жүзеге асыратын субъектiлерге қарамастан заңмен көзделгеннен басқа жағдайларда лицензиялар берудi бiр орган жүргiзедi. Лицензиарларға лицензиялау жөнiндегi өкiлеттiктерiн лицензиялау саласындағы мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiрудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша тиiстi аумақтық бөлiмшелерге беруге рұқсат етiледi. Мемлекеттiк функцияларды жүзеге асыруды мемлекеттiк емес ұйымдарға, оның ішінде қоғамдық бiрлестiктерге бергенi үшiн мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

Қазақстан Республикасында шетел қатысатын кәсіпорындардың қызметі белгілі бір салаларда шектелген. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсанындағы «Сақтандыру қызметі туралы» №126-ІІ Заңының 5-бабына сәйкес «шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, оның ішінде өз қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратындар сақтандыру арқылы қорғалу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей пайдаланады. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан заңды тұлғалардың немесе олардың оқшауланған бөлімшелерінің мүліктік мүдделерін және Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жеке тұлғалардың мүліктік мүдделерін сақтандыруды тек қана Қазақстан Республикасының резиденті – уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы бар сақтандыру ұйымы жүзеге асыра алады».

Банктік саланы да атаған дұрыс. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы №2444 Заңының 3-бабының 5-тармағына сәйкес «шетелдер қатысушы банк - орналастырылған акцияларының үштен бiрiнен астамы: а) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң; б) орналастырылған акцияларының немесе жарғылық капиталдарға қатысу үлестерiнiң үштен бірiнен астамы Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не соларға ұқсас Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының; в) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не заңды тұлғалардың қаражаттарына билiк етушiлер (сенiм бiлдiрiлген адамдар) болып табылатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын екiншi деңгейдегi банк», - делінген. Осы аталған шектеулерді біздің пікірімізше алып тастаған жөн болады.

Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындардың құқықтық жағдайын қарастырайық.

Қазақстан Республикасы аумағында бірлескен кәсіпорындарды құру 1991 жылдан басталды. 1998 жылдың 1 қаңтарына Қазақстанда 1388 бірлескен кәсіпорын қызмет атқарды. Ең көп бірлескен кәсіпорындар, Ресейдің қатысумен – 237, Түркияның қатысуымен – 228, Германияның қатысуымен – 117, АҚШ-тың қатысуымен – 115, Қытайдың қатысуымен – 79, Ұлыбританияның қатысуымен – 53 компания құрылды. Резидент еместердің бірлескен және шетелдік кәсіпорындардың жарғылық капиталына салымдар мөлшері – 23061 млн. теңгені және 40,1% құрады.

Ірі бірлескен кәсіпорындарға келесілер жатады: «Казвино» Алматы қ. 262 млн. теңге, «Арман» Маңғыстау обл. 175 млн. теңге, «Веснет» Павлодар обл. 145 млн. теңге т.б.

Енді бірлескен кәсіпорындарды құрудың құқықтық сұрақтарын қарастырайық. Бірлескен кәсіпорындарды құру тәртібі Қазақстанда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексімен және өзге заң акттілермен реттеледі.

«Шетелдік инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес шетел қатысатын кәсiпорындар шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғам нысанында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де нысандарда құрылуы мүмкiн. Егер Заңда өзгеше көзделмесе, шетел қатысатын кәсiпорындар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары құрылатын тәртiп бойынша құрылады. Бұл тәртіп ҚР АК 2-параграфында көзделген.

Қазақстан Республикасында шетелдік заңды тұлғаларға қатысты жарғылық капитал мөлшері ұлттық заңды тұлғаларға белгіленген мөлшердей.

Осы сұраққа қатысты басқа мемлекеттердегі тәжірибені қарастырайық. Мәселен, бұрын Польшада шетелдік инвестор бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталына 50 мың АҚШ доллары мөлшерінде салым салуға міндетті болған. Қазір 1 мың АҚШ доллары жеткілікті. Бірақ бұл жерде, бір ерекшелік бар. Бір мың АҚШ доллары ЖШС тіркеуге жеткілікті болады. Егер акционерлік қоғам құрылатын болса, онда шетелдік инвестор 22 мың АҚШ долларын салуға тиіс.

«Шетелдік инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес шетел қатысатын кәсiпорынның жарғылық капиталының қалыптастырудың мөлшерi, тәртiбi мен мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

Жарғылық капиталға салымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша үйлер, ғимараттар, жабдықтар және басқа да материалдық қазыналар, жердi, суды және басқа да табиғи ресурстарды, сондай-ақ интеллектуалдық қызмет нәтижелерiне құқықты қоса алғанда, өзге де мүлiктiк құқықтарды пайдалану құқығы түрiнде енгiзiлуi мүмкiн. Жарғылық капитал кәсiпорындардың шаруашылық қызметiн алынатын пайда мен басқа да түсiмдер есебiнен, ал қажет болған жағдайда оған қатысушылардың қосымша салымдары есебiнен де толықтырылып отыруы мүмкiн. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiне тең сомадан асып кетсе, оны бағалауды тәуелсiз сарапшы растауға тиiс. Қазақстандық және шетелдiк қатысушылардың бiрлескен кәсiпорынның жарғылық капиталындағы мүлiктiк салымдарының үлестерi қатысушылар арасындағы уағдаластық бойынша заңды тұлға тiркелген күнгi дүниежүзiлiк рыноктың бағасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген бағаларды қолдана отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен де, шетелдiк валютамен де белгiленедi. Жарғылық капиталға салымды бағалауды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Жарғылық капиталдың ақшасы Қазақстан Республикасында тiркелген уәкiлеттi банкiде сақталуға тиiс.

Кейде, шетелдік инвестор жарғыда, барлық жарғылық қордың салымдары құрылыс қоры ретінде пайдаланылады, - деген ережені көздеуі мүмкін. Бірақ, Қазақстанда бірлескен кәсіпорындарды құру тәжірибесі жарғыда келесі қорларды ғана көрсетеді: резервтік қор, тозу қоры, өндірістің даму қоры, жалақы қоры және тағы басқа даму және қызмет қорлары. Кейбір жарғыларда қорларды құру, оның мөлшері мен мақсаты көзделсе, екіншілерде осы сұрақтар Директорлар Кеңесімен шешіледі, - деген сілтеме жасалады.

Бірлескен кәсіпорынның органымен (басқарма, кеңес) шешім қабылдау практикада кейбір қиыншылықтар тудырады. Біріншіден, келесі сұрақтарды шешіп алған жөн: дауыстарды бөлу қағидасы, шешім қабылдайтын кворум, дауыс беру қағидасы. Жоғарғы органда (басқарма, кеңес) дауысты бөлу кезінде бірнеше жағдайлар болуы мүмкін. Олардың бірі – қатысушылардың әрбір дауысы олардың салымына сәйкес анықталады. «Өлшеп дауыс беру» қағидасы қатысушылардың салымдары бірдей болмағанда қолданылады.

Бірлескен кәсіпорынның жарғысында өкілдердердің сандық теңдігі қағидасы көзделсе, онда әрбір жоғарғы органның мүшесі бір ғана дауысқа ие болады. Бұл жерде, олардың салымдарының мөлшері есепке алынбайды.

Жоғарғы органда шешімдер көпшілік басым дауыспен қабылданады.

Жер қатынастарының сұрақтары Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы №442-ІІ Жер кодексімен реттеледі. ҚР ЖК-нің 35-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) болуы мүмкін.

Енді бізге осы тақырып ішінде өзекті тақырыптардың бірі болып халықаралық трансұлттық корпорациялардың (ары қарай - ТК) құқықтық мәртебесі табылады. Шетелдік заңды тұлғалардың құқықтық мәртебесін қарастыра отырып, әлемдік экономикаға трансұлттық корпорациялардың маңызды екенін есепке алған жөн. 1994 жылы БҰҰ-ның «Әлемдегі инвестициялар туралы» Баяндамасында 1990 жылы әлемде 37 мың аналық трансұлттық корпорациялар 206 мың шетелдік филиалдарды бақылаған. 100 жуық трансұлттық корпорациялар дамыған мемлекеттерде орналасқан: Еуропалық қоғамдастықта – 38, АҚШ-та – 29, Жапонияда – 16, ал қалған 17 Австралияда, Финляндияда, Жаңа Зеландияда, Норвегияда және Швейцарияда орын алған. Кейде трансұлттық корпорациялардың ақша қаражаттарының көпшілігі шетелде орналасады. Мәселен, ТК «Солвэй» (Белгия), оның ақша қаражаттарының 90%, яғни 7,2 млрд. доллар Белгиядан тыс орналасқан.

ТК үшін Қазақстан Республикасы да үлкен қызығушылықты білдіреді. Мәселен, мұнай бизнесінде келесі компаниялар бар: Mobil (АҚШ) ақша салымдар мөлшері 1992 жылы – 22,6 млрд. доллар, шетелдік қызметкерлер 91 мың. адам, ELF Aquitaine (Франция) ақша салымдар мөлшері 1992 жылы – 45,1 млрд. доллар, шетелдік қызметкерлер 87,9 мың. адам, British Petroleum (Ұлыбритания) ақша салымдар мөлшері 1992 жылы – 31,5 млрд. доллар, шетелдік қызметкерлер 71,1 мың. адам т.б.

Қазақстанда қызмет істеуге бастаған шетелдік инвесторлар ішінен, тағам өнеркәсібінде «Phillip Morris» ТК атауға болады. Шетелдік ақша салымдары 1992 жылы – 13,8 млрд. доллар, ал қызметшілер саны – 70 мың адам болды.

Сонымен, көрсетілген сандар Қазақстандағы шетел инвестицияларының кең етек алғанын дәлелдейді.

Екінші жағынан, ТК құқықтық реттелуі үлкен және күрделі сұрақтардың бірі. Трансұлттық корпорациялардың жай компаниялардан айырмашылығы келесі: оның стратегиясын бас кәсіпорын әзірлейді және басқа мемлекеттерде орналасқан шетелдік кәсіпорындардың бөлімшелерінің қызметін басқарады.



Халықаралық құқықтың нормаларын әзірлеу және кодификациялау бойынша қызметті үйлестіретін, сондай-ақ Латын Америка мемлекеттерінде заң мәселелерінің интеграциясын зерттейтін Америка мемлекеттері Ұйымының Америкааралық заң комитеті ТК келесі анықтама берді: ««Трансұлттық» термині басқа мемлекеттерде операцияларды жүзеге асыру үшін корпоративтік техниканы, өзара байланысты мүдделері бар және жоспарлауға, мәміле таңдауға, экономикалық және әкімшілік саясатқа бірыңғай тұрғыны қолданатын корпорация түсіндіріледі». Бұл корпорацияның бақылау орталығы бір мемлекетте, штаб-квартирасы және фирмасы басқа мемлекеттерде орналасады.

ТК қызметі ішкі заңнамамен және екіжақты, көпжақты келісім-шарттармен реттеледі. Екіжақты келісім-шарттарда трансұлттық корпорацияны қабылдаушы мемлекет пен трансұлттық корпорация орналасқан мемлекет арасында келісім жасалады немесе қабылдаушы мемлекет пен трансұлттық корпорацияның өзімен жасалады. Көпжақты келісім-шарттар қабылдаушы мемлекет пен бірнеше трансұлттық корпорация арасында жасалады немесе универсалдық, аймақтық және субаймақтық деңгейде жасалған келісім түрінде болады. Ішкі заңнама қатарына «Шетелдік инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңын атауға болады. Заң шетелдiк инвестицияларды Қазақстан Республикасының экономикасына тартудың басты құқықтық және экономикалық негiздерiн белгiлейдi, шетелдiк инвестицияларды қорғаудың мемлекеттiк кепiлдiктерiн бекiтедi, оларды жүзеге асырудың ұйымдық нысандарын, шетелдiк инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiлейдi. Екіжақты келісім-шарттар қатарына Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеттері арасындағы капитал салымдарын көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімдер. Мәселен, қабылдаушы мемлекет пен трансұлттық корпорация арасындағы келісім: «Эльф-Нефтегаз» (Франция) фирмасымен өнімді тең бөлу шартында Ақтөбе облысындағы жобалау және іздеп-жобалау жұмыстары туралы шарт. Аталған келісім-шарттар халықаралық-құқықтық емес, азаматтық-құқықтық сипатта болды, себебі ол қабылдаушы мемлекетте инвестицияларын режимін анықтады. Көпжақты келісім-шарттар қатарына, 1995 жылдың 2 наурызында Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Бритиш газ» (Ұлыбритания), «Аджип» (Италия), «ГазПром» АҚ (Ресей) және Мемлекеттік холдинг «Қазақгаз» арасында Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кең орнынан алынған өнімнің бөлу қағидасы туралы келісім жатқызуға болады. Көпжақты халықаралық келісім-шарттар қатысушы мемлекеттер санына байланысты универсалдық, аймақтық және субаймақтық деп бөлінді.Универсалдық реттелу БҰҰ-ның арнайы құрылған органдарының нұсқамасы негізінде жүзеге асады: ТК және ТК Орталығы бойынша БҰҰ-ның Үкіметаралық Комиссиясы. Бұл органның қызметі формалды қызмет, себебі реттеудің актілері әлі де қаралуда.Мәселен, 1975 жылғы ТК қызмет Кодексі әлі талқылану процесінде. Негізінен, бұл акт ТК қызметін реттейтін ережелер жинағы болуға тиіс болатын. Бұл актінің қабылданбау себебі келесіде, дамушы мемлекеттердің пікірінше, кодекс нормалары ТК-ны қабылдаушы мемлекеттерге қатысты міндеттемелерге байланысты императивтік сипатта болуға тиіс, ал үлкен дамыған державалар үшін өзара міндеттемелер болу пайдалы. ТК қызметін шектеу мәселелеріне Латын Америка мемлекеттері үлкен көңіл бөлген. Бұл мемлекеттердің тұрғысы Панама қаласында 1981 жылы Латын Америка мен АҚШ арасындағы қатынастарды экономикалық зерттеу Латынамерикалық экономикалық жүйенің қатысушы-мемлекеттерінің кеңесінде анықталды және БҰҰ Экономикалық Кеңесінің XIX сессиясында қағида түрінде белгіленді. Бұл қағидаларды ТК қабылдаушы мемлекет аумағында сақтауға міндетті. ТК қызметін субаймақтық реттеуге келесі мысалдар келтіруге болады: 1969 жылы Картахендік келісім негізінде субаймақтық ұйымның Анд пактісінің қатысушы-мемлекеттері. Анд тобының құрамына келесілер кірді: Колумбия, Венесуэла, Боливия, Эквадор, Перу және Чили. Анд пактісінің мүшелері шетелдік компаниялардың қызметін реттейтін екі акті қабылдады: «Шетел капиталын, тауарлық таңбаларды, патенттер мен лицензияларды пайдаланудың жалпы режимі» №220 шешім және «Көпұлттық кәсіпорындардың режимі және субаймақтық капиталды пайдалануды реттеу» №46 шешім.Трансұлттық корпорацияларды құру процесі ТМД мемлекеттеріне де ықпал етті. Мәселен, 1998 жылдың 6 наурызында ТМД-ның жеті мемлекетінің (Армения, Беларуссия, Қырғыстан, Молдова, Ресей, Тәжікістан және Украина) үкіметінің басшыларымен Трансұлттық корпорациялар туралы Конвенцияға қол қойылды. Бұл акті осы корпорациялардың қызметін реттейтін бірден-бір құжат. Қазақстан Республикасы бұл актінің мүшесі әлі болған жоқ, бірақ интеграциялану процесін толық жүзеге асыру үшін ол оның мүшесі болуға тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет