Пәннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің



жүктеу 2.61 Mb.
бет7/13
Дата29.08.2018
өлшемі2.61 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

3. Халықаралық байланыстардың, оның ішінде сыртқыэкономикалық байланыстардың терең дамуы мемлекеттің әртүрлі құқыққатынастарға белсенді қатысуына әкелді. Осы құқыққатынастар екі түрлі сипатта болады. Біріншіден, мемлекет билік субъектісі ретінде болады, яғни бұл қатынастар жария-құқықтық сипатта болады; екіншіден, мемлекет жеке-құқықтық қатынастар субъектісі болады. Жеке-құқықтық қатынастарға мемлекеттің қатысуына ашық мысал ретінде 1992 жылдың 18 мамырындағы Қазақстан Республикасы мен америкалық корпорация «Шеврон» арасындағы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі құрылтай келісімі табылады. Мемлекет қызметінің шеңбері өте кең, сондықтан ол қатынастарға екі субъект ретінде қатыспайды, ол тұтастай қатысады. Егер мемлекетті азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде, яғни заңды тұлға ретінде қарастырсақ, онда оны басқа заңды тұлғаларға теңегеніміз, ол өз кезегінде егемендік қағидасына қарама-қайшы келеді.

Егемендік - әрбір мемлекеттің ажырамас қасиеті. 1975ж. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңесте Еуропаның даму жолдары туралы пікір-таласына белгілі бір қорытынды жасалды. Хельсинки Кеңесі мемлекеттердің қарым-қатынасы дербес теңдік, дербестікке тән құқықтарды қорғау қағидаларына негізделулері қажет екендіктерін растап берді.

Егеменді (дербес) теңдік қағидасы қарама-қайшы қоғамдық жүйелері бар мемлекеттердің тең құқықтарын мойындауды білдіреді. 1975ж. Қорытынды Актіде егемендікке тән құқықтардың толық тізімі берілмеген. Құжатта әлемдік бірлестіктің қауіпсіздігі үшін аса маңызы бар бірнешеуі ғана көрсетілген.

Ең алдымен, егеменді теңдік элементтерінің бірі - әрбір мемлекеттің заңи теңдік құқығы аталған. Егеменді теңдікті мойындау, мемлекеттердің тәуелсіздігін құрметтеу - мемлекеттердің әлемдік аренада бейбіт қатар өмір сүру саясатының басты элементі болып табылады. Осы қағиданы халықаралық құқықтың негізгі қағидалар жүйесіне енгізу бейбітшілікті сүйетін күштердің халықаралық қауіпсіздік үшін күресінің үлкен жетістігі болып есептеледі. Қазіргі заманның басты мақсаты - осы қағидалардың халықаралық проблемаларды шешу барысында сақталуын қамтамасыз ету. Бұл қағиданы халықаралық құқықта «тең алдында тең билік көрсете алмайды» деп атайды.

Егеменді (дербес) теңдік қағидасының негізі мемлекеттің иммунитеті. Әлемдік заң әдебиеттерінде және тәжірибеде мемлекет иммунитетін абсолюттік және шектеулік (функционалдық) деп бөледі. Абсолюттік иммунитет – бұл барлық егеменді мемлекеттерге және оның барлық қызметіне таралатын иммунитет. Мемлекет иммунитетінің бірнеше түрі бар. Ерекше атайтын иммунитет, заңнама күшіне бағынбау иммунитеті, яғни бір егеменді мемлекет екінші егеменді мемлекеттің заңнамасына бағынбайды, мемлекет өз қызметін ішкі заңнамаға және халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырады.

Мемлекет иммунитеті халықаралық құқықта көбінесе мемлекеттің және оның бағынышты органдарының басқа мемлекеттің билігіне бағынбауы түрінде түсіндіріледі. Осы жағдайда, мемлекет иммунитетіне сот иммунитеті, алдын ала қамтамасыз етуден иммунитет және орындаудан иммунитет кіреді.

Сот иммунитеті мемлекеттің басқа мемлекет соттарына сотты еместігін көрсетеді, яғни сотта шетел мемлекетіне қарсы талап берілмейді, ал егер мұндай талап қозғалса, ол қаралмай тасталуы керек. Осы себепке байланысты «Мұнай» бірлескен кәсіпорны туралы істі қарастырайық.

1991 жылдың көктемінде «Интеркаспий» қауымдастығы мен «Бидерман Интернешнл» (АҚШ) фирмасы арасында «Мұнай» қазақ-американдық бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде құрылтай келісіміне қол қойылды. Осы шартқа сәйкес өндірілген және тасымдалдануға дайын мұнайдан нақты үлестер мөлшері келесі: ҚР – 20%; «Интеркаспий» қауымдастығы – 50,4%; «Бидерман Интернешнл» (АҚШ) – 29,6% болды. 1992 жылдың қаңтар-ақпай айларында «Интеркаспий» қауымдастығымен, қазу және технологиялық жабдықтарды «Мұнай» БК-на алу мақсатында, 70000 тонна мұнай экспортталанды. Бірақ 70000 тонна мұнай үшін ақша қаражаттары Бидерман мырзамен Қазақстанға аударылған жоқ. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің №756 қаулысымен шарт біржақты бұзылды. Осыдан кейін, АҚШ-тың Калифорния штатының Шығыс Аймағының аймақтық сотына «Харальд Бидерман энд Бидерман Интернешнл ИНК» компаниясымен Қазақстан Республикасына қарсы 1 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде материалдық және моралдық зиянды өтеу туралы талап берілді. Бірақ, Бидерман өзінің талап арызын кейіннен алып кетті, бірақ егер талап осы сотпен қанағаттандырылса, онда Қазақстан Республикасы өзінің сот иммунитетіне байланысты сот шешімін орындаудан бас тартуға мүмкіндігі бар.

Бұл мысалдан мемлекеттер осындай талап арыздарды қарамайтын сияқты, бірақ ол бұлай емес. Жеке тұлға өзінің мемлекетіне дипломатиялық келіссөздерді шетел мемлекетімен жүргізуге ынта білдіруі мүмкін. Бұл жағдайда дауды шешу халықаралық құқық қағидаларына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Сонымен қатар, иммунитет қағидасының танылғанына қарамастан, мемлекет оған қарсы берілген талап арызды шетел мемлекетінің сотында қарастыруға келісімін бере алады.

Көбінесе жеке және заңды тұлғалар мемлекетпен келісім-шарт жасасқан кезде шартта аралық сот (арбитраж) жөнінде жағдайды көздейді (аралық сот (арбитраж) жөнінде ескерту). Бұл жерде де міндетті түрде нақты анықталған мемлекет келісімі қажет.

Алдын ала қамтамасыз етуден иммунитет деп шетел мемлекетіне талап болған кездің өзінде, мемлекет шетел мемлекетінің мүлкіне мәжбүрлеу шараларын (мүлкін арестке алуға, банктағы қаражаттарына қол жеткізуге тыйым салуға т.б.) қолдануға құқығы жоқтығын айтамыз. Тек шетел мемлекетінің нақты анықталған келісімі болған кезде ғана алдын қамтамасыз етудің шараларын қолдану мүмкін болады.

Орындаудан иммунитет деп мемлекетке қарсы шығарылған шешім оның келісімсіз мәжбүрлеп орындалмауын айтамыз. Мәжбүрлеп орындауды қолдану тек мемлекеттің нақты анықталған келісімі болған кезде ғана мүмкін болады.

Сонымен, иммунитеттің қарастырылған түрлерінің мазмұны процестің жеке сатыларымен байланыста және әртүрлі. Сонымен қатар, иммунитеттің үш түрі бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың байланысы мемлекет егемендігінің қағидасынан шығады. Араларындағы теңдік және мемлекеттердің тәуелсіздігі – иммунитеттердің барлық түрлеріне негіз.

Мемлекет және оның органдарының иммунитетімен қатар, заң әдебиеттерінде иммунитеттің жеке түрі ретінде мемлекет меншігінің иммунитеті табылады. Мемлекет меншігіне ешкімнің қол сұғуына құқығы жоқ, яғни ол меншік иесінің келісімінсіз мәжбүрлеп алына алмайды (арестке т.б.), оны шетел аумақта мәжбүрлеп ұстауға болмайды; ол басқа мемлекеттің және оның органдары мен жеке тұлғалары тарапынан талан-таражға салынбауы тиіс.

XX ғасырда шетелдік заң әдебиеттері мен практикасында мемлекет иммунитетін шектеуге бағытталған пікір орын алған. Осы теорияға сәйкес «функционалдық иммунитет» деп – мемлекеттің кейбір функцияларына ғана таралатын иммунитетті айтамыз, яғни мемлекет иммунитеті тек саяси билік субъектісі ретінде әрекет жасаған кезде ғана танылады (тек мемлекет өзінің егемендігі атынан ғана қызмет атқарған кезде танылады). Егер шетел мемлекеті азаматтық айналымда сыртқы сауда мәмілелерін жасасу кезінде өзінің флотын сауда мақсатында пайдаланса, онда ол осы мәмілеге қатысты иммунитетті қолдана алмайды. Мұндай жағдайда мемлекетке мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін. Сонымен, бұл теория егеменді мемлекеттерді заңды тұлғалар жағдайына қояды. Шетел мемлекетінің әрекеттері заңды тұлғалардың әрекеттері сияқты сот қарауына жатады.

Бұл теория бірнеше халықаралық келісімдерде бекітілді, бірақ кеңінен қолданылмайды. 1926 жылдың 10 сәуірінде Брюссельде мемлекеттік теңіз кемелерінің иммунитетіне қатысты кейбір ережелерді унификациялау туралы конвенцияға қол қойылды. Брюссель конференциясына Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Голландия, Германия, Дания, Испания, Италия, Норвегия, Польша, Румыния, Франция, Швеция, Югославия, Жапония мемлекеттері қатысты. Бұл конвенцияның мағынасы мемлекеттің меншігіндегі кемелер жүк тасымалдағанда жеке тұлғалар сияқты жауапкершілік режимін және міндеттемелерді көтеретіндігінен көрінеді, ал әскери кемелерге, мемлекеттік яхталарға және жария қызметтерді жүзеге асыратын сауда емес, қорғау, қамтамасыз ету т.б. кемелерге мемлекет иммунитеті таралады. Бұл конвенция тек оған қосылған мемлекеттерге ғана заңды күшінде болады. 1926 жылғы конвенция 15 мемлекетпен 2 Дүниежүзілік соғысқа дейін ратификацияланды, ал 1955 жылы оған Греция мен Франция қосылды. 1953 жылы Польша конвенциядан бас тартты.

Халықаралық актілерде функционалдық иммунитет теориясын бекітудің келесі қадамы - Еуропалық Кеңестің шегінде мемлекеттік иммунитет туралы Еуропалық конвенцияның қабылдауы табылады. Бұл конвенция Базелде 1972 жылдың 5 мамырында қабылданып, 1976 жылдың 2 маусымында Австриямен, Бельгиямен және Кипрмен ратификацияланғанннан кейін күшіне енді. Конвенцияда мемлекет азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушы бола тұра, сот иммунитетіне жүктелуге құқығы жоқ жағдайлар көзделген (1-14 баптар), ал басқа жағдайларда мемлекеттік иммунитет танылады (15 бап). Англияда 1978 жылы қабылданған мемлекеттік иммунитет туралы Заң осы конвенцияның негізгі ережелерін қайталайды.

Осыған ұқсас заңдар Канадада (1981 ж.), Пәкістанда (1981 ж.), Сингапурда (1979 ж.) және ОАР (1981 ж.) қабылданды. Қазақстан Республикасында осындай заң қабылдау қажеттігі өмірдің желісі. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан одақтық жартылай тәуелді мемлекеттен егеменді мемлекетке айналды. Осы уақыттан Қазақстан Республикасының толық халықаралық құқықсубъектілігі басталады. Қазақстан Республикасы кең сыртқыэкономикалық байланыстарды жүзеге асырып келеді, сондықтан мемлекеттік иммунитет туралы заңды қабылдау мемлекеттің халықаралық қатынастардағы тұрғысын толық бекітеді.

Сонымен, тағы бір атайтын жайт, мемлекетке тиесілі иммунитет оның органдарына да (министрліктерге, ведомстволарға, тағы басқа мемлекеттік мекемелерге) таратылады.

Өзін өзі бақылау сұрақтары

1. Жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін ашу;

2. Халықаралық дербес құқықтағы заңды тұлғалардың мәртебесі мен қызметін сипаттау;

3. Халықаралық дербес құқықтық қатынастарға мемлекеттің қатысуын қарау.



Ұсынылатын әдебиет

  1. Богуславскиий М.М. Иммунитет государства. М., ИМО, 1962.

  2. Галкин И. Совместные предприятия в Польше //Внешняя торговля, 1991. №10.

  3. Деятельность совместных и инностранных предприятий. – Қаржы-Қаражат. Финансы Казахстана, 1998. №4.

  4. Лунц Л.А., Марышев Н.А., Садиков О.Н. Международное частное право: Учебник. М.: Юрид. лит., 1984.

  5. Международное частное право. Учеб. Пособие /Г.К. Дмитриева, А.С. Довгерт, В.П. Панов, Н.А. Шебанова и др. М.: Юрист, 1993.

  6. Хлестова И.О. Проблемы юрисдикционного иммунитета инностранного государства в работе Комиссии Международного права //Советский ежегодник международного права, 1988. М., 1989.

Тақырып 12. Халықаралық дербес құқықтағы меншік және шетел инвестицияларын құқықтық реттеу

1. Меншік құқығы және халықаралық дербес құқық

2. Халықаралық дербес құқықтағы ұлттандыру

3. Шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу



1. Кез келген құқықтық жүйеде меншік құқығы институты орталық институттардың бірі, себебі ол басқа институттардың мазмұны мен нысандарын ашады. Сондықтан да, барлық мемлекеттердің Конституцияларында меншік институтының мазмұны ашылады. 1995 жылдың Қазақстан Республикасының Конституциясы меншіктің нысанына қатыссыз қол сұғушылықтан қорғайды.

Коллизиялық бастама - Lex rei sitae – мүліктің, заттың орналасқан жерінің заңы ретінде сипатталады және меншік құқығында қолданылатын негізгі қағидат болып келеді. Бұл қағидат халықаралық практикада жалпы танылған қағидат.

Меншік құқығының сұрақтары бірнеше халықаралық келісім-шарттарда көтерілген: 1958 жылғы Халықаралық сатып алу-сату туралы Гаага Конвенциясында, 1948 жылғы Әуе кемелеріне құқықтарды халықаралық тану туралы Женева Конвенциясында, Бустаманте кодексінде және т.б.

1958 жылдың Гаага Конвенциясында меншік құқығы туралы сұрақтар шешілген. Меншік құқығы және мүліктің, тауардың жойылу қаупі ауысқанда мүлік, тауар орналасқан мемлекеттің құқығы пайдаланылады, - деп жазылған Конвенцияда. Сатылатын тауарға меншік сұрақтары 1980 жылғы Тауарларды халықаралық сатып алу-сату шарттары туралы БҰҰ Конвенциясында өз реттеуін тапқан. 1948 жылғы Женева Конвенциясы меншікке қатысты сұрақтарды әуе кемесі тіркелген жерінің құқығымен реттейді. Бустаманте кодексі меншік құқығына қатысты сұрақтарды мүлік орналасқан жерінің заңы қағидасымен шешеді. Жылжитын және жилжымайтын мүліктің орналасқан жерінің заңымен оның иелену мерзімі сұрақтары да шешіледі.

Осы қағидамен көптеген мемлекеттердің меншік құқығы сұрақтары шешіледі. Германия мен Швейцарияда иелену мерзімі 10 жыл; осы мерзім өткен соң адал иеленуші оның меншік иесі болады (Германияның Азаматтық ережесінің 937-параграфы, Швейцарияның Азаматтық ережесінің 728-бабы). Бұл аталған нормаға сәйкес адал иеленуші – жеке және заңды тұлғалар Германияда немесе Швейцарияда орналасқан мүлікке меншік құқығын, осы мемлекеттердегі заңдарда көзделген иелену мерзіміне сәйкес оның меншік иесі болады. Қазақстанда да меншік құқығы мүлік орналасқан жерінің заңымен анықталады.

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы заттарды қозғалатын (жилжитын) және қозғалмайтын (жилжымайтын) деп бөледі. Бұл бөлу маңызды, себебі мұндай жіктеу затқа, мүллікке, тауарға қатысты қай мемлекеттің заңы пайланылатындығын дұрыс анықтайды.

Бұл жерде, аса көңілді мемлекеттің үкіметтерімен жасалған концессиялық шарттарға бөлу керек. Қазақстан тарихында мұндай бірнеше шарттар қазан төңкерісіне дейін және кеңес өкіметі кезінде жасалған. Кеңес өкіметі кезінде жасалған шарттар заңды түрде бұзылмаған, соның салдарынан концессионерлер мемлекетті тастауға мәжбүр болған. Бұл Қазақстандағы концессиялық шарттардың кең етек алмауының себебі.

Концессиялық шарттарды халықаралық деп атамауға болады. Бірақта, қалай болса да, мемлекет мұндай шарттарды бұзбау керек; егер мұндай шартты бұзу жария мүддеге байланысты болса, онда мемлекет концессионерге барлық залалдар мен жоғалтылған табыстың орнын толтыруға міндетті.

Шетел мемлекеттері мен жасалған екі жақты келісім-шарттарда Қазақстан әкелінген тауарларға меншік құқығының ауысуын Қазақстан заңы негізінде шешеді. Мәселен, 1992 жылдың 2 қарашасында жасалған Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық байланыс туралы келісімнен көруге болады.

Қазақстан Республикасының АК 259-бабындағы норманы: «Меншiк иесi меншiк құқығын тануды талап етуге құқылы», басқалай сипаттасақ, меншік иесі меншік құқығын жер бетінің кез келген аумағында тануды талап етуге құқылы. Қазақстанда алынған кез келген мүлік оның басқа аумаққа ауысуына байланыссыз алған меншік иесінің меншік құқығында қала береді.

Мүліктің орналасу жерінің заңы адал иеленушінің мүдделерін меншік иесінің виндикациялық талабы бойынша қарсы шыққанда қорғауда негізгі басымдылық болып келеді.

Егер қозғалмайтын мүлік Қазақстанның аумағында орналасса, онда меншікке қатысты сұрақтар да мүліктің орналасу жерінің негізінде шешіледі. Сыртқы сауда мәмілелеріне қатысты Қазақстанның заңы таңдау мүмкіндігін береді: шарт бойынша тараптар келісім негізінде мүліктің орналасу жерінің заңын немесе шарттың жасасу жерінің заңын пайдалану мүмкін.



2. Ұлттандыру – деп арнайы мемлекеттік органның шешімі негізінде жеке меншік иелерінің (отандық және шетел) мүліктерін мемлекеттің пайдасына алу, айналдыру. Шетел мемлекеттерінің заңнамасы қоғамдық мүдделердің негізінде өткізілетін ұлттандыруды өткізудің тәртібі мен тәсілдерін көздейді; міндетті шарт ретінде ұлттандырылатын мүліктің отандық және шетелдік меншік иесіне оның нақты құнын, адал төлемақысын төлеу табылады. Қазақстанда отандық меншік иелерінің мүлігін ұлттандырудың тәртібін белгілейтін норма жоқ. Бірақ, республикалық заңнама шетел кәсіпкерлерінің мүлкін ұлттандыруға тыйым салады. Мәселен, 1994 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Шетел инвестициялары туралы» ҚР Заңының 7-бабында былай деп жазылған: «Шетелдiк инвестицияларды Ұлт меншiгiне алуға, экспроприациялауға немесе оларға ұлт меншiгiне алу мен экспроприациялау (бұдан әрi - экспроприациялау) сияқты зардаптары бар өзге де шаралар қолдануға болмайды, бұған экспроприациялау тиiстi заң тәртiбiн сақтай отырып, қоғам мүдделерiне орай жүзеге асырылатын және пара-пар әрi тиiмдi өтем кемсiтпей дереу төленетiн жағдайлар қосылмайды». Жалпы алғанда, халықаралық жария құқық та, халықаралық дербес құқық та ұлттандыру сұрағына жағымсыз қарамайды. Бұл мәселен, 1952 жылдың 21 желтоқсанында қабылданған «Жаратылыс байлықтары мен ресурстарына еркін үстемдік ету құқығы туралы» БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясында көрсетілген, онда қоғамдық мүдделерді көздей отырып, ұлттандыру жүргізу нәтижесінде төлемақы жасалатын мемлекеттің ұлттандыруға құқығы танылған. Бірақ, біздің мемлекетте шетел инвесторларының мүліктерін ұлттандыруға тыйым салынады деген пікір қатаң ұстануда. Оның себебі, өткен ғасырдың 20-30 жылдары шетел концессионерлердің, кәсіпкерлердің мүліктері оның құны төленбей ұлттандырылды. Кеңестік құқықтық ғылым мұндай ұлттандыруды заңды деп таныды. Сонымен қатар, кеңестік ғылым жоғарыда аталған халықаралық-құқықтық актіге сілтеме де жасаған, шынында да, 1962 жылдың Резолюциясының 4 тармағында мемлекеттің қоғамдық мүддеге қатысты ұлттандыруды оның құнын толтыра отырып, жүзеге асыруы көзделген. Бірақ, норманы ары қарай оқысақ, онда «меншік иесіне оның құны халықаралық құқыққа сәйкес мемлекеттің заңы негізінде төленеді», - деп көрсетілген. Қазіргі таңда, мемлекетке үлкен қаражаттар керек жағдайда, біздің заңнама шетел азаматтарының меншігін ұлттандыруға тыйым салған.

Ақырғы 10-15 жылдың ішінде бірнеше Қазақстанның ірі кәсіпорындары шетел компанияларының қолына берілді. Мәселен, Қарағандының металлургиялық комбинаты ағылшындық «Испат Интернэшнл» фирмасына, АҚ Жезқазғанцветмет Оңтүстік Кореяның «Самсунг» фирмасына берілді.



3. Шетелдік инвестициялардың құқықтық режимі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, көптеген саясаткер және іскер топтардың көңіліне ілінді. Сыртқыэкономикалық қатынастардың кеңеюіне байланысты шетел инвесторларының Қазақстандағы өзгерістерге көңіл бөлуі және мемлекеттің кең байлығы шетел инвесторларының қатысуымен болатын қатынастарын реттейтін заңнаманың ары қарай жетілдіруін талап етті.

Ол өз орнын 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында тапты. 4-баптың 3-тармағында көрсетілгендей, Қазақстанмен ратификацияланған халықаралық келісім-шарттар оның заңдарына қарағанда басымырақ болады. Сонымен қатар, мемлекеттік меншік пен қатар, жеке меншікте мемлекеттің кепілдендірілген қорғауында болатындығы жарияланған. Шетел инвесторларының құқықтары Конституцияның 26-бабының 3-тармағына негізделеді: «Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн». Осы баптың 4-тармағы әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығын бекітеді.

Қазақстан Республикасымен алынған шетел несиелерін тартуды, пайдалануды, қызмет көрсетуді және оны жоюды мемлекеттік реттеуді нығайту мақсатында бір топ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік банктік мекемелер құрылған. 1995 жылдың 19 қантарындағы №2035 Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы экономикасына шетел капиталын тарту процестерін реттеу және мемлекеттік басқарудың тиімділігін көтеру шаралары туралы» жарлығында шетел инвестициялары саласында мемлекеттік басқару және реттеудің орталық органына – Экономика министрлігі, ал шетел қаржы көмегі және Қазақстанның сыртқы қарыздарын басқару бойынша – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі аталған. Осы жарлыққа сәйкес Қазақстанның қарыздарына және займдарына қызмет көрсететін банктердің қызмет аясын белгіледі. Халықаралық қаржы ұйымдарының және шетел мемлекеттерінің несиелері бойынша заемшы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі танылды.

Қазақстандағы инвестиция саласындағы бақылау мен басқарудағы мемлекеттік реттеуді нығайту мақсатында 1997 жылы Инвестициялар жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеті құрылды. Бұл орган Қазақстан Республикасына келетін тікелей инвестицяларды қолдайтын бірінші мемлекеттік орган болды. Комитеттің міндеттеріне отандық және шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі бірыңғай саясатты жүргізу, мемлекеттің экономикасының басымды салаларына тікелей инвестицяларды тартуды мемлекеттік қолдау және заңда көзделген шектерде өз өкілеттігінің мөлшерінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын басқару жатады.

Комитет Үкіметтің жер қойнауына лицензия беретін жұмыс органы болып табылады және жер қойнауын пайдаланушылармен контракт жасасатын Үкітеттің жалғыз ғана органы.

Комитеттің негізгі міндеттеріне жатады: Қазақстан Республикасының даму стратегиясының мақсаттары мен басымдылықтарын анықтау; Қазақстан Республикасының инвестициялық жағдайын жақсарту және тікелей инвестицияларды ынталандыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп инвесторлармен жұмысты тиімді жүргізу жүйесін құру және т.б. (1997 жылғы 4 желтоқсандағы Инвестициялар жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеті туралы Ереженің 7-тармағы).

Шетел әріптестердің сенімін жоғалтпау үшін Қазақстанның Үкіметі үкіметтік кепілдікке берілген несиелер бойынша қарыздарды жою бойынша шаралар қабылдайды. Мұндай жағдайларды тууы біріншіден, алынатын табыстың белгісіз мөлшерде болуы, үкіметтік кепілдіктердің негізсіз берілуі және тәжірибенің болмауы табылады. 1995 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасының премьер-министрімен шетел несиелері бойынша уақыты өтіп кеткен, заемшы-кәсіпорындардың қарыздарын жоюды қамтамасыз ету жөнінде үкіметтік комиссия құру туралы өкімі шығарылды. Комиссияның жұмыс органы болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік экспорт-импорт банкі белгіленді. Комиссия айына бір рет үкіметке есеп беруге міндетті болды. Бұл комиссия банкіге берілген несие алу бойынша жобаларды қарастыруды тоқтатуға құқылы және қарыздарды алу жөнінде шешім қабылдайды. Сонымен, Қазақстанда шетел инвсетицияларымен жұмыс істейтін қызмет бөлетін Экономика министрлігі және Қаржы министрлігі, Инвестициялар жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеті, екі банкі және бірнеше органдар қызмет істейді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өзінің инвестициялық саясатын және бағдарламаларын инвестицияларды тарту мақсатымен жүзеге асырады және мемлекет осы салада заңдар, қаулылар, жарлықтар қабылдайды. Қабылданатын заңдар мен өзге де құқықтық актілер инвестициялық саясатты жүзеге асырудың құралы. Мемлекет сыртқыэкономикалық, инвестициялық қызметті монополиялаудан бас тартса да, шетел мемлекетінің капталының қатысуымен құрылған кәсіпорындарды бақылауға міндетті. Қазақстанның бірінші «Шетелдік инвестициялар туралы» заңы 1990 жылы қабылданса, екінші заң Қазақстан Республикасы кезінде 1994 жылдың 27 желтоқсанында қабылданды, кейіннен 2003 жылдың 1 тамызында № 373 Заңымен күші жойылды.

Бұл заң шетелдiк инвестицияларды Қазақстан Республикасының экономикасына тартудың басты құқықтық және экономикалық негiздерiн белгiлеген, шетелдiк инвестицияларды қорғаудың мемлекеттiк кепiлдiктерiн бекiткен, оларды жүзеге асырудың ұйымдық нысандарын, шетелдiк инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiлеген. Заңда Инвестицияларға анықтама берілген: табыс алу мақсатында кәсiпкерлiк қызмет объектiлерiне салынатын мүлiктiк және санаткерлiк қазыналардың барлық түрi, оның iшiнде:

- жылжитын және жылжымайтын мүлiк пен мүлiктiк құқықтар, ұстап қалу құқығы, импортталған және өңдемей сатуға арналған тауарлардан басқалары;

- акциялар және коммерциялық ұйымдарға қатысудың өзге де нысандары;

- облигациялар мен басқа да борыштық мiндеттемелер;

- ақша сомаларын, тауарларды, қызмет көрсету және инвестицияларға байланысты шарттар бойынша кез келген өзге орындауды талап ету;

- авторлық құқықтарды, патенттердi, тауарлық белгiлердi, өнеркәсiп үлгiлерiн, технологиялық процестердi, ноу-хауды, нормативтiк-техникалық, сәулеттiк, конструкторлық және технологиялық жобалық құжаттаманы қоса, санаткерлiк қызмет нәтижелерiне құқық;

- қызметтi жүзеге асыру үшiн лицензияға негiзделген немесе мемлекеттiк орган өзге де нысанда берген кез-келген құқық. Қаралып отырған заң бойынша шетелдiк инвесторға жататын тұлғалар белгіленген, оларға: шетелдiк заңды тұлғалар; шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, шет елде тұрақты тұрғылықты жерi бар Қазақстан Республикасының азаматтары, бұл орайда олар шаруашылық қызметтi жүргiзу үшiн азаматтығын алған немесе тұрақты тұрғылықты жерi орналасқан елде тiркелген болуы керек; шет мемлекеттер; халықаралық ұйымдар жатады.

Алғашқы рет қазақстандық заңнамада бірлескен кәсіпорынның анықтамасы осы заңда берілген. Бiрлескен кәсiпорын – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, мүлкiнiң (акциялардың, үлестiң) бiр бөлiгi шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын. Заңның екінші бабында шетел инвестицияларының объектілері анықталған. Шетелдiк инвестициялар Қазақстан Республикасының заң құжаттарында осындай инвестицияларға тыйым салынбаған кез келген объектiлерге және қызмет түрлерiне салынуы мүмкiн. Шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу ішкі заңнамамен қатар, халықаралық келісім-шарттармен реттеледі. Қазіргі таңда, келесі атаулары бар келісім-шарттар бар: капитал салымдарын көтермелеу және өзара қорғау туралы. Мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстанның да инвестициялық саясаты шетел мемлекеттерінің капитал салымдарын көтермелеуге бағытталған. ҚР-сы осындай келісім-шарттарды Түркиямен, Германиямен, Франциямен жасасқан. Осы келісімдер бойынша Қазақстан өзіне келесі міндеттемелерді алды:

- шетел мемлекеттерінің фирмаларына қолайлы жағдай режимін қамтамасыз етуді;

- шетел фирмалары мен азаматтарының меншігіне тиісінше қорғау беру;

- ақша табыстарының аударымын кедергісіз қамтамасыз етуді.

Осындай келісімдерің маңызын келесі жағдайлардан көруге болады. Біріншіден, олар арқылы Қазақстан шет елдерде өзінің азаматтарының құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігін алады; өз кезегінде шетел мемлекеті осындай мүмкіндікті өз азаматтарына алады. Екіншіден, осындай келісімдер шетелдік инвесторлардың капиталдарына кепілдік, сенімділік және қорғау дәрежесін береді. Олар өзінің капиталдарына сенім артады, себебі олардың капиталын тек ішкі мемлекеттік заңнама ғана емес, сонымен бірге халықаралық құқықта кепілдендіреді. Үшіншіден, шетел мемлекетіндегі қазақстандық инвесторлар өздерінің капиталдарына қорықпай-ақ, олардың жағдайын ауырлататын ішкі мемлекеттік заңдар қабылданса да, халықаралық келісім-шарт қолданатындығына сенім артады. Бұл ереже мемлекеттердің өзара байланысындағы тұрақты шарт – халықаралық құқықтың императивтік нормасы.

Шетелдік инвестицияларды реттейтін келесі топ халықаралық келісім-шарттары: екі жақты табыстар мен мүлікке салық салуды жою туралы шарттар. Қазақстан мұндай келісім-шарттарды АҚШ-пен, Италиямен, Ұлыбританиямен, Польшамен, Венгриямен жасасты.

ТМД мемлекеттері шетелдік инвестициялар саны ұлғайсын деп есептесе, онда мемлекеттер оның ішінде Қазақстан үлкен кепілдіктер беруге тиіс. Қазақстан 1985 жылы қабылданған Инвестицияларды кепілдендіру жөніндегі агенттік туралы Сеул Конвенциясын қабылдады. Агенттіктің бас функциясы ретінде Сеул Конвенциясына қатысушы-мемлекеттердің инвестициялармен мүмкін болатын коммерциялық тәуекелдерге қатысты сақтандыру және қайта сақтандыру келісім-шарттарын жасасу табылады. Агенттік дамушы мемлекеттерге инвестицияларды тарту мақсатымен қосымша төлемдер жасауға құқылы. Қазіргі таңда, агенттіктің мүшесі болып 100-ден артық мемлекеттер табылады.

1965 жылдың 18 наурызында қабылданған «Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi» Вашингтон Конвенциясының (ИКСИД Конвенциясы) да маңызы зор. Бұл Конвенцияның қатысушылар саны да 100-ге жуық. Осы халықаралық келісім-шартта осы Конвенцияның жүзеге асыру механизмі бар. Мәселен, бұл актіде Халықаралық салу және даму банкісінің (МБРР) жанында инвестициялық дауларды шешу жөнінде Орталықты құру жағдайлары көзделген.

1992 жылы Қазақстан бірнеше халықаралық қаржы ұйымдарының мүшесі болу туралы Заң қабылдады.

Шетелдік инвестормен жасалған инвестициялар туралы Келісім-шарт инвестицияларды жүзеге асыруда үлкен роль атқарады. Шетелдік инвестицияларды реттейтін шарттар әртүрлі түрлерге бөлінеді: 1) концессиялық шарт; 2) өнімді бөлу туралы шарт.

Инвестиция деген не? Бұл ұғымды сипаттайтын әртүрлі пікірлер бар. «Инвестиция» деген сөз (investment) қазақ тіліне аударғанда «капиталдық салым, капитал салымы» деген мағына береді. Инвестициялар мемлекеттік және жеке болады. Олардың арасында келесідей айырмашылықтар бар. Мемлекеттік несиелер – бір немесе бірнеше мемлекеттермен бір мемлекетке берілетін заем немесе несиелер. Жеке инвестициялар – бір мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларымен екінші мемлекеттің осындай шаруашылық субъектілеріне берілетін инвестициялар.

Шетелдік инвестицияларға анықтама берген жөн. Шетелдік инвестициялар - Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының жарғылық капиталына қатысу, сондай-ақ оларға қатысты шетелдік инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешімдерді белгілеуге құқығы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына заемдар (несиелер) беру нысанында жүзеге асырылатын инвестициялар және Қазақстан Республикасының лизинг туралы заңдарында көзделген шарттармен лизинг нысаналарын беру.

Шетел инвестициялары заем және несие, тікелей және портфельдік деп жіктелуі мүмкін. Бірінші топ инвестицияларды ссудалық капитал деп атасақ, екінші топты – кәсіпкерлік капитал деп анықтаймыз. Тікелей шетелдік инвестициялар - оларға қатысты шетелдік инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешімдерді белгілеуге құқығы бар жаңадан құрылған және жұмыс істеп жатқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялар. Портфельдік шетелдік инвестициялар - шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялардың өзге де түрлері (акция, облигация және өзге де бағалы қағаздарды сатып алу).

Шетелдік инвестициялар келесі нысандарда жүзеге асуы мүмкін. Инвестициялау пайда (табыс) алу мақсатында кәсiпкерлiк қызмет объектiлерiне шетелдiк инвестициялар салуды жүзеге асыруға байланысты қызмет. Инвестициялау бірлескен кәсіпорынның акцияларын, басқа да бағалы қағаздарын сатып алу түріндегі үлестік қатысу нысанында бола алады. Инвестициялаудың келесі нысаны – шетелдік капиталға толығымен тиесілі кәсіпорынды құру табылады. Қазақстандағы шетелдік инвесторларға мемлекет мүлкін жекешелендіру процесіне қатысу мүмкіндігі берілген. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар кәсіпорындар құруға, филиалдар мен өкілдіктер ашуға т.б. заңдарда көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру құқылы.

Шетелдік инвесторлардың қызығушылығын Қазақстан экономикасының тау-кең және –мұнай-энергетика салалары тудырады. Осындай көптеген кәсіпорындар бар. Мәселен, Семей аумағында НАК Алтынмыс, БК Тенгизшевройл, БК Қазақтүркмұнай т.б.

Сонымен, Қазақстан аумағында 1500 жуық бірлескен кәсіпорындар бар.

Инвестордың мәртебесі. Шетелдік инвестордың мәртебесін анықтау үлкен практикалық маңызы бар мәселе. Егер қандай да бір заңды немесе жеке тұлға шетелдік инвестор деп танылса, онда ол жергілікті және халықаралық заңнамамен көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктерге ие және шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқық алады.

Шетелдiк инвесторлар құрамына келесі тұлғалар кіреді:

- шетелдiк заңды тұлғалар;

- шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, шет елде тұрақты тұрғылықты жерi бар Қазақстан Республикасының азаматтары, бұл орайда олар шаруашылық қызметтi жүргiзу үшiн азаматтығын алған немесе тұрақты тұрғылықты жерi орналасқан елде тiркелген болуы керек;

- шет мемлекеттер;

- халықаралық ұйымдар.

Осылардың ішінде ең басты инвестор ретінде шетелдiк заңды тұлғалар танылған. Ұлттық заңнама бойынша шетелдiк заңды тұлға деп - шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға (компания, фирма, кәсiпорын, ұйым, қауымдастық және т.б.). Шетелдік инвестор ретінде көбінесе шетел қатысатын кәсіпорындар табылады. Шетел қатысатын кәсiпорын - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және шетелдiк кәсiпорын немесе бiрлескен кәсiпорын нысанында iс-қимыл жасайтын заңды тұлға. Шетелдiк кәсiпорын - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, толығымен шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын. Бiрлескен кәсiпорын - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, мүлкiнiң (акциялардың, үлестiң) бiр бөлiгi шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын.

Шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тiркеуге арналған Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Шетел қатысатын кәсiпорын осы тәртiп бойынша көзделген құжаттардан басқа мыналарды табыс етуге тиiс: а) шетелдiк заңды тұлға үшiн сол субъект өз елiнiң заңдары бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын сауда тiзiлiмiнен алынған көшiрме немесе басқа құжат, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге; б) шетелдiк жеке тұлға үшiн жеке тұлғаның өзiн куәландыратын паспортының немесе басқа құжатының көшiрме нұсқасы, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге. Шетел қатысатын кәсiпорындардың кейбiр түрлерiн тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының тиiстi заң құжаттарымен қосымша құжаттарды табыс ету қажеттiгi көзделуi мүмкiн.

Келесі топ инвесторларға шетелдік жеке тұлғалар жатады. Капитал салымдарын көтермелеу және өзара қорғау туралы халықаралық келісімдерде «инвестор» ретінде бір тараптың заңнамасына сәйкес келісуші тараптардың бірінің азаматы болып келетін жеке тұлға түсіндіріледі. Бұл – кең таралған ереже. Бірақ, ескертулер де болады. Мәселен, ТМД мемлекеттері мен Германия арасындағы келісім-шарттарда инвестор ретінде мемлекет азаматы емес, мемлекет аумағымен байланысы бар тұлға түсіндіріледі. Басқа сөзбен айтсақ, оның негізі ретінде азаматтық емес, белгілі бір аумақта тұрақты тұру қағидасы жатыр. ТМД мемлекеттерінің алғашқы заңдарында шетелдіктерге ұлттық режим берілген, қазіргі таңда ең қолайлы жағдай режиміне көшу тенденциясы байқалады. Шетелдіктерге болу мемлекетінің заңын сақтауды және антимонополиялық заңнаманың нормаларын да сақтауда міндет қояды. Шетел азаматын инвестор ретінде танудың бір негізі – шаруашылық қызметті атқарушы ретінде азаматтығы мемлекетінде немесе тұрақты тұрғылықты мемлекетінде тіркелу табылады.

Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің дамуы туралы заңнамада шетел азаматтарына Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметпен айналысуда қазақстанның азаматтарымен бірдей тең құқықтар мен міндеттер берілген.

Мемлекеттер мен халықаралық инвесторлар инвестор ретінде басқа мемлекеттерде бола алады. Мемлекеттің жеке құқықтық инвестициялық қатынастарға қатысуынан оның халықаралық инвестициялық қатынастарға қатысуынан айыра білу керек. Мемлекет туралы сөз көтере отырып, оның инвестициялық қатынастарда иммунитеті болатындығын ескерген жөн. Мәселен, мемлекет иммунитетін пайдаланса, онда мемлекет сыртқыэкономикалық, инвестициялық қызметті жүзеге асыра отырып, әріптесімен қатынаста дау туса, әріптесі мемлекетті сотқа жауапқа тарта алмайтын болады. Бұл жағдайдың себебі, мемлекет тәуелсіздік, егемендік және юрисдикция сияқты белгілермен сипатталады. Қазіргі таңда, көптеген мемлекеттерге қатысты сотқа талап арыз беру мүмкіндігі туып отыр. Мұның бұлай болуы мемлекет жеке қатынастарда басқа субъектілермен тепе-тең түсуімен түсіндіріледі.

Халықаралық ұйымдардың ішінде шетелдік инвестор ретінде халықаралық банкілер табылады. Бұл субъектіні біз халықаралық есептер мен несиелер тарауында толығымен қарастырамыз.

Шетелдік инвесторлар үшін жағдай тудыру және кепілдіктерді қамтамасыз ету. Ұлттық режим негізінде шетелдік инвесторлар ұлттық кәсіпкерлерге, жергілікті инвесторларға теңестіріледі. Ең қолайлы жағдай режимі негізінде барлық шетелдік инвесторлар бір-біріне теңестіріледі; бір мемлекеттің шетелдік инвесторларына берілген инвестициялық қызметтің жағдайлары басқа мемлекеттің (мемлекеттердің) инвесторларына да беріледі.

Осы екі режим мемлекеттермен өзара бастауларда инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы мемлекетаралық келісім негізінде жүзеге асырылады. Әртүрлі мемлекеттермен әртүрлі режимдер белгіленуі мүмкін. Белгілі бір режимді бергенде мемлекет шетел кәсіпкерлерінің салымдарына тең құқылы және әділді режимді беру жөнінде міндеттеме алады. Бірақ, мемлекет аралас та режимдер белгілеуі мүмкін. Ұлттық режимде де шетелдік инвесторларға белгілі бір шектеулер қойылуы мүмкін. Сонымен қатар, ұлттық және өзге де режимдерде ұлттық экономиканың белгілі бір салаларына жеңілдіктер мен артықшылықтар да берілуі ықтимал.

Шетелдiк инвестициялардың кез келген нысандары мен соларға байланысты, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында тыйым салынбаған қызмет осындай жағдайда Қазақстан Республикасы жеке тұлғаларының немесе заңды тұлғаларының, не өзге де кез келген шетелдiк жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың инвестицияларына қаншалықты қолайлы жағдайлар жасалатынына қарай, олардан қолайлылығы жағынан кем түспейтiн жағдайларда жүзеге асырылады. Бұл Қазақстандағы шетелдік инвестициялардың режимінің жалпы ережесі. Бұл режим: а) басқа мемлекеттердiң жеке және заңды тұлғаларына осы мемлекеттермен, не халықаралық конвенцияларға сол мемлекеттермен бiрлесiп қатысу арқылы жасалған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы беретiн артықшылықтарға; б) Қазақстан Республикасының заң құжаттарында тiкелей көзделген өзге де жағдайларда қолданылмайды. Сонымен қатар, экономика мен әлеуметтiк саланың басымдық берiлген салаларында шетелдiк инвестициялар үшiн белгiленуi мүмкiн. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiгiне сүйене отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде шетелдiк инвесторлардың немесе шетел қатысатын кәсiпорындардың инвестициялық қызметi шектелетiн немесе оған тыйым салынатын аумақтар белгiленуi мүмкiн.



Қазақстан шетелдік инвесторларға қандай кепілдіктер береді?

Жалпы ереже бойынша, Қазақстан соғыстың немесе басқа да қарулы жанжалдың, революцияның, төтенше жағдайдың, азаматтық қақтығыстардың немесе сондай жағдайлардың салдарынан, сондай-ақ заңсыз қалыпты құжаттар мен шешiмдер қабылдауға немесе мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерi жүзеге асыруына байланысты Қазақстан Республикасында нұқсан келтiрiлген шетелдiк инвесторларға өтем төлеген кезде қолайлылығы жағынан жоғарыда көрсетiлген жағдайлар салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары зиянының орнын толтыруда қолданылатыннан кем емес режим жасалады деген кепілдік береді. Сонымен қатар, Қазақстан экспроприациялаудан қорғау кепiлдiктерiн береді. Шетелдiк инвестицияларды Ұлт меншiгiне алуға, экспроприациялауға немесе оларға ұлт меншiгiне алу мен экспроприациялау сияқты зардаптары бар өзге де шаралар қолдануға болмайды, бұған экспроприациялау тиiстi заң тәртiбiн сақтай отырып, қоғам мүдделерiне орай жүзеге асырылатын және пара-пар әрi тиiмдi өтем кемсiтпей дереу төленетiн жағдайлар қосылмайды. Экспроприацияланатын инвестициялардың өтемi инвесторға экспроприациялау туралы белгiлi болған кездегi әдiлеттi рыноктық құнға тең болуға тиiс. Өтем экспроприация күнiнен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейтiн ставка бойынша өтем төленетiн күнге дейiнгi кезең iшiнде төленуге тиiстi ақшаны пайдалану үшiн төленетiн ақыны қамтуға тиiс. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекетiнен қорғау кепiлдiктерiн де Қазақстан шетелдік инвесторларға берді. Бұл ереже Заңның 8-бабында көзделген: «Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзып қабылдаған және шетелдiк инвестордың құқықтық жағдайын нашарлататын актiлерiнiң заңды күшi болмайды». Шетелдік инвестициялар туралы Заңда заңдар өзгергендегі кепілдіктер де бар. Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесiнде және (немесе) халықаралық шарттар ережелерiнiң күшiне енуiне және (немесе) өзгеруiне байланысты шетелдiк инвестордың жағдайы нашарлаған ретте шетелдiк инвестицияларға 10 жыл бойы инвестицияларды жүзеге асырған кезде қолданылған заңдар қолданылады, ал мемлекет уәкiлдiк берген органдармен жасалған ұзақ мерзiмдi (10 жылдан астам) келiсiм-шарттар бойынша жүзеге асырылатын инвестицияларға, егер келiсiм-шартта өзгеше көзделмесе, келiсiм-шарт қолданылатын мерзiм аяқталғанға дейiн қолданылады. Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесiнде және (немесе) халықаралық шарттар ережелерiнiң күшiне енуiне және (немесе) өзгеруiне байланысты шетелдiк инвестордың жағдайы жақсарған ретте шетелдiк инвестор мен республиканың өкiлi болып табылатын уәкiлеттi мемлекеттiк органның арасындағы келiсiм-шарттардың жекелеген ережелерi қатысушылардың экономикалық мүдделерiн теңдестiруге қол жеткiзу мақсатымен тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгертiлуi мүмкiн. Лицензия негiзiнде инвестициялық қызметтi жүзеге асыру кезiнде осы баптың бiрiншi тармағында көзделген кепiлдiк бiрiншi тармақта белгiленген мерзiм iшiнде - лицензияның қолданылуы тоқтатылғанға дейiн, ал оны ұзартқан жағдайда лицензия ұзартылған мерзiм аяқталғанға дейiн сақталады. Бұл талаптар қорғаныс қабiлетiн, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауiпсiздiк пен денсаулық сақтау және адамгершiлiк аясындағы Қазақстан Республикасы заңдарына енгiзiлген өзгерiстерге қолданылмайды. Заңдарға осы салаларда шетелдiк инвестордың жағдайын нашарлататын өзгерiстер енгiзiлген кезде шетелдiк инвесторға инвестицияланған валютаға, не шетелдiк инвестордың Қазақстан Республикасымен келiсiмiнде белгiленген шетелдiк валютаға пара-пар және тиiмдi өтем кiдiрiссiз төленуге тиiс. Осы ережеде белгiленген кепiлдiктер акцизделетiн тауарларды импорттау мен (немесе) өндiру, және (немесе) өткiзу, сондай-ақ өңдемей сатуға арналған тауарларды импорттау тәртiбi мен шарттарын (оның iшiнде салық салу мәселелерi мен мемлекеттiк реттеудiң өзге де шараларын) өзгертетiн Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерiстерге және (немесе) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттардың күшiне енуiне және (немесе) өзгерiстерiне қолданылмайды.Шетелдік инвесторлар кірістерді өз қалауы бойынша пайдалана алады, соған байланысты Заң кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерiн береген. Шетелдiк инвесторлар өз қызметiнен алған кiрiстердi өз қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қайта инвестициялау үшiн, тауарлар сатып алу үшiн және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да мақсаттар үшiн пайдалануға құқылы. Шетелдiк инвесторлар кiрiстерi мен басқа да қаражаттарын сақтау және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының банкiлер туралы және валюталық реттеу туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы банкiлерде ұлттық және шетелдiк валютамен есепшот ашуға құқылы. Шетелдiк инвесторлар валюта операцияларын Заңда белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының валюталық реттеу туралы заңдарына сәйкес жүргiзедi. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген рәсiмдерге сәйкес салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдер төленген жағдайда, шетелдiк инвестицияларға байланысты Қазақстан Республикасына және одан шетелдiк валютамен ақша аударымдарының бәрi еркiн және кiдiрiссiз жүзеге асырылады. Мынадай аудармаларға, атап айтқанда, мыналар енгiзiледi: а) кiрiстер; б) келтiрiлген зиян үшiн алынған өтемдер мен төлемдер; в) өз мүлкiн сатудан алынған қаражат; г) инвестициялардың бiр бөлiгiн немесе бәрiн сатудан немесе жойып жiберуден түскен ақша; д) басқа да көздерден заңды түрде алынған қаражат. Шетел қатысатын кәсiпорын валюталық реттеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша шетел валютасымен есеп айырыса алады. Шетелдiк инвестор мен шетел қатысатын кәсiпорын өзiне тиесiлi ұлттық валютаға еркiн билiк жүргiзуге хақылы.Қазақстанда шетелдік инвестицияларға рұқсаттық тәртіп енгізілген. Лицензиялық (рұқсаттық) тәртіптің ерекшелігі шетелдік инвестордың жағдайын анықтап оны бақылаудан көрінеді.Қазақстандағы кәсікерлердің қызмет бақыланатындығы сияқты, шетелдік инвесторлардың қызметі де бақыланады. Сондықтан, Заң тексеру кезінде де шетелдік инвесторларға кепілдіктер берген. Шетелдiк инвестордың қызметiн тексерудi, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру құқығын Қазақстан Республикасының заң құжаттарымен осы құқық арнайы берiлген мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар ғана пайдаланады. Шетел қатысатын кәсiпорындардың қаржы-шаруашылық қызметiн тексерудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдар жүзеге асырады. Мемлекеттiк салық, санитариялық және басқа инспекциялар мен мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының тексерулерi олардың құзыретiне сәйкес жүзеге асырылады. Шетелдiк инвесторлар бұл органдардың өз құзыретiне жатпайтын мәселелер жөнiндегi талаптарын орындамауға және олардың қызметi мәнiне қатысы жоқ материалдармен таныстырмауға құқылы.Инвестициялау процесі әртүрлі нысандарда болады. Олардың бірі болып және үлкен қызығушылықты тудыратын мәселе ретінде шетел қатысатын кәсiпорындарды құру және тарату табылады. Шетел қатысатын кәсiпорындар шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғам нысанында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де нысандарда құрылуы мүмкiн. Егер Заңдарда өзгеше көзделмесе, шетел қатысатын кәсiпорындар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары құрылатын тәртiп бойынша құрылады. Шетел қатысатын кәсiпорынның жарғылық капиталының қалыптастырудың мөлшерi, тәртiбi мен мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi. Жарғылық капиталға салымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша үйлер, ғимараттар, жабдықтар және басқа да материалдық қазыналар, жердi, суды және басқа да табиғи ресурстарды, сондай-ақ интеллектуалдық қызмет нәтижелерiне құқықты қоса алғанда, өзге де мүлiктiк құқықтарды пайдалану құқығы түрiнде енгiзiлуi мүмкiн. Жарғылық капитал кәсiпорындардың шаруашылық қызметiн алынатын пайда мен басқа да түсiмдер есебiнен, ал қажет болған жағдайда оған қатысушылардың қосымша салымдары есебiнен де толықтырылып отыруы мүмкiн. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiне тең сомадан асып кетсе, оны бағалауды тәуелсiз сарапшы растауға тиiс. Қазақстандық және шетелдiк қатысушылардың бiрлескен кәсiпорынның жарғылық капиталындағы мүлiктiк салымдарының үлестерi қатысушылар арасындағы уағдаластық бойынша заңды тұлға тiркелген күнгi дүниежүзiлiк рыноктың бағасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген бағаларды қолдана отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен де, шетелдiк валютамен де белгiленедi. Жарғылық капиталға салымды бағалауды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Жарғылық капиталдың ақшасы Қазақстан Республикасында тiркелген уәкiлеттi банкiде сақталуға тиiс. Шетелдiк инвесторлар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы ретiнде құрылған акционерлiк қоғамнан акциялар жабық не шаруашылық серiктестiктен үлес сатып алу жолымен шетелдiк инвестицияларды жүзеге асырған жағдайда бұл заңды тұлғалар шетел қатысатын кәсiпорын ретiнде белгiленген тәртiп бойынша қайта тiркелуге тиiс.

Шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тiркеуге арналған Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Шетел қатысатын кәсiпорын осы тәртiп бойынша көзделген құжаттардан басқа мыналарды табыс етуге тиiс: а) шетелдiк заңды тұлға үшiн сол субъект өз елiнiң заңдары бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын сауда тiзiлiмiнен алынған көшiрме немесе басқа құжат, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге; б) шетелдiк жеке тұлға үшiн жеке тұлғаның өзiн куәландыратын паспортының немесе басқа құжатының көшiрме нұсқасы, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге.Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына берiлетiн, шетел қатысатын кәсiпорындар алуға мiндеттi лицензиялар жалпы және арнаулы лицензиялар болып бөлiнедi. Жалпы лицензиялар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерiнiң меншiк нысандары мен мемлекеттiк бағынысына қарамастан шаруашылық жүргiзушi барлық субъектiлер үшiн лицензия алу мiндеттi болып табылатын кәсiпкерлiк қызмет түрлерiне қатысты. Шетел қатысатын кәсiпорындардың мұндай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алуы Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары үшiн белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады. Арнаулы лицензиялар шетел қатысатын кәсiпорындар жөнiнде ғана лицензия алу қолданылатын қызмет түрлерiне қатысты. Мұндай қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының заң құжаттарымен белгiленедi. Сонымен қатар, шетелдік заңды тұлғалардың жүзеге асыру нысандарының бірі ретінде филиалдар мен өкілдіктер табылады. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның филиалы оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, осы заңды тұлға мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн атқаратын оқшау бөлiмшесi болып табылады. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның өкiлдiгi оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, шетелдiк заңды тұлғаның мүдделерiн қорғайтын және оған өкiлдiк ететiн оның атынан мәмiлелер мен өзге де құқықтық iс-әрекеттер жасайтын оқшау бөлiмшесi болып табылады. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болмайды. Оларға өздерiн құрған шетелдiк тұлға мүлiк бөледi және олар осы заңды тұлға бекiткен ереже негiзiнде iс-қимыл жасайды. Филиалдар мен өкiлдiктердiң басшыларын шетелдiк заңды тұлға тағайындайды және олар өздерiне берiлген сенiмхат негiзiнде iс-қимыл жасайды. Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiн Қазақстан Республикасында шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырушы органдар тiркейдi. Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiн тiркеу Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының филиалдары мен өкiлдiктерiн тiркеу үшiн Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген ортақ ережелер бойынша жүргiзiледi. Тiркеуге арналған құжаттар нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге табыс етiледi. Шетел қатысатын кәсiпорын заңдарда белгiленген тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде заңды тұлға құқықтары бар еншiлес кәсiпорындар, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктер құра алады. Шетел қатысатын кәсiпорындардың филиалдары мен өкiлдiктерi заңды тұлға болмайды және өздерi туралы шетел қатысатын кәсiпорындар бекiтетiн ережелер негiзiнде жұмыс iстейдi. Мемлекеттер көптеген халықаралық келісім-шарттар жасасады, инвестициялық даулар да олардың ішінде үлкен роль атқарады. Заң инвестициялық даулардың тәртібін анықтаған. Инвестициялық даулар, мүмкiндiгiнше, келiссөздер арқылы шешiледi. Егер мұндай дауларды дауласушы кез келген бiр тараптың екiншi тарапқа жазбаша өтiнiш жасаған күнiнен бастап үш ай iшiнде келiссөз арқылы шешу мүмкiн болмаса, шетелдiк инвестордың жазбаша келiсiмi болған жағдайда дау кез келген тараптың қалауы бойынша: 1) Қазақстан Республикасының сот органдарына; 2) дауларды шешудiң келiсiлген, соның iшiнде келiсiм-шартта немесе дауласушы тараптар арасындағы кез келген өзге келiсiмде белгiленген рәсiмге сәйкес мынадай төрелiк органдарының бiрiне: а) егер инвестордың мемлекетi Вашингтонда қол қою үшiн 1965 жылғы 18 наурызда ашылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi конвенцияның (ИКСИД Конвенциясы) қатысушысы болса, сол Конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi халықаралық орталыққа; б) егер инвестордың мемлекетi ИКСИД Конвенциясының қатысушысы болмаса, Орталықтың Қосымша (Қосымша органның Ережелерi бойынша жұмыс iстейтiн) органына; в) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөнiндегi Комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын төрелiк органдарына; г) Стокгольмдегi Сауда Палатасының Төрелiк институтында төрелiк етiп қарауға; д) Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палатасы жанындағы Төрелiк комиссиясына шешуге берiлуi мүмкiн. Шетелдiк инвестор дауларды қараудың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген рәсiмiн таңдаған жағдайда Қазақстан Республикасының келiсiмi алынған болып топшыланады. Шетелдiк инвестордың келiсiмi уәкiлеттi мемлекеттiк органға кез келген уақытта жазбаша өтiнiш беру арқылы немесе төрелiкке жүгiнген кезде берiлуi мүмкiн. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган дауды шешудiң бастамашысы болған, ал шетелдiк инвестор дауларды қараудың белгiлi бiр рәсiмiн таңдаудан жалтарған жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттiк орган дауды бiтiмгершілiкпен реттеу мақсатымен шетелдiк инвесторға бiрiншi рет жазбаша хабарлаған күнiнен бастап үш ай өтiсiмен уәкiлеттi орган дауды Қазақстан Республикасының сот органдарына қарауға беруге хақылы. Шетелдiк инвестор 2-тармақта көзделген дауларды шешудiң өзге рәсiмiн таңдағаны туралы жазбаша өтiнiш берген жағдайда iстi қараушы сот iс жүргiзудi тоқтатады. Осы жерде кез келген төрелiк iстi қарау, егер шетелдiк инвестор мен уәкiлеттi мемлекеттiк орган арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қол қойылған Шетелдiк төрелiк шешiмдердi тану және орындау туралы Конвенцияға (Нью-Йорк Конвенциясы) қатысушы мемлекетте өтуге тиiс. Осы жерде шығарылған кез келген төрелiк шешiм инвестициялық дау тараптары үшiн түбегейлi және мiндеттi болады. Қазақстан Республикасында мұндай шешiм Қазақстан Республикасы сот органдарының шешiмдерi ретiнде де орындалады. Шетелдiк инвесторлардың Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен инвестициялық дау санатына жатпайтын дауларын, егер заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының сот органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешедi.

 Өзін өзі бақылау сұрақтары

1. Меншік құқығы және халықаралық дербес құқықтың ара қатынасын талдау;

2. Халықаралық дербес құқықтағы ұлттандыру мәселесін сипаттау;

3. Шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу сұрағын талдау.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет