Алматыда жер сілкінісі кезінде ресми түрде 44 адам зардап шекті десе, қазір олардың саны 67-ге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғындар дүмпуді сезе салысымен үйлерін тастап, қашқан. Сол кезде жарақат алып, қолы немесе аяғын шығарып алып, денелері сырылған. Олардың көбі амбулаторлық емдеуге жіберілді. Ал 33 жастағы науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Зәресі ұшқан әйел үшінші қабаттың терезесінен секіріп, көптеген жері сыныпты. Барлығы сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Екеуі травматология бөліміне жіберілді.

Зардап шеккендердің арасында 12 бала бар. Олардың жарақаттарының көпшілігі құлағаннан пайда болған. Ең кішкентай науқас небәрі алты айлық. Анасы абайсызда оны қолынан түсіріп алған. Ал бір бала төсектен құлап кетті.

“Бір науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ауыр жарақат алды, сан сүйегі мен жамбас сүйектері сынған. Аралас жарақат, ми шайқалу, жабық бассүйек-ми жарақаты анықталды”, – деп мәлімдеді Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінің бас дәрігері, депутат Ермек Желдібаев.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.