20 жастағы алматылық Мария Ахметова бүгінде TikTok желісінде көпшіліктің көзайымына айналған. Қазақ отбасыға келін болып түскен орыс ұлтының аруы бүгінде желі арқылы қолданушыларға қазақ тілін үйретіп жүр. Ол ет асып, бауырсақ пісіріп, сәлем салатын сыйлы келін ғана емес, сонымен қатар өзін елінің нағыз патриоты санайды. Ару баршаны қазақ тілінде сөйлеуге, қателіктен қорықпауға шақырады. Мария сонымен қатар Stan.kz тілшісіне не үшін қазақ тілін үйретіп жүргенін, келіндік өмірі мен қазақы дәстүрге сіңісуі туралы қызықты оқиғаларымен бөлісті.

Фото Мария Ахметованың жеке архивінен

Мария Қазақстанды кең байтақ жерімен, өз менталитетімен, сұлу да көрікті табиғатымен ерекше жақсы көретінін алға тартты.

“Алматыда туып өскендіктен осы қаланы ерекше жақсы көремін. Жалпы қазақы менталитет жаныма жақын. Біздің елдің адамдары ең мейірімді, ең тәрбиелі, ең бауырмал халық. Сондықтан Қазақстан мен үшін мықты әрі бірлігі берік мемлекет”, – дейді ару. 

Мария өзінің отбасы туралы айта келе, әкесі де анасы да орысша сөйлейді екен. Алайда ата-анасы соған қарамастан қыздарының мемлекеттік тілде еркін сөйлегенін қалаған. Сол себептен 1- сыныптан бастап Марияны қазақ сыныбына беру туралы шешімге келген. 

“1-сыныптан мектепті бітіргенше қазақ сыныбында оқыдым. Мұнда алғаш келгенімде қиналғанымды жасырмаймын. Себебі тілді әлі онша түсінбей жүрген кезім еді. Сол сәттерден бір қызық оқиғаны айтып берейін. Бірде бізде бастауыш сыныпқа арналған концерт болды. Осы концертте директор бүкіл балаларға сұрақ қойды. Сөйтіп менің кезегім жақындады. Ол кезде мен қазақ тілін әлі білмегендіктен ұстаздарым маған қойылатын сұрақ пен оның жауабын алдын ала берген еді. Соған дайындалып тұрдым. Директор маған “сен қай мектепте оқисың” деген сұрақты қоюы керек еді. Бірақ кезек маған келгенде директор “Маша, қалың қалай?” деді. Ал мен болсам оған жауап ретінде “Күләш Байсейітова атындағы мектепте оқимын” дедім. Сол жердегі оқушылар, ата-аналар мен ұстаздардың бәрі бір күліп алған еді. Сол кезден бастап тілді жақсылап қолға ала бастадым. Осы тұста мүмкіндік болса, өзімнің алғашқы ұстазыма алғысымды айтқым келеді. Сол кісінің білімінің арқасында қазір міне қазақ тілінде қиналмай сұхбат беріп отырмын”, – деді ару.

Фото Мария Ахметованың жеке архивінен

Қазақ мектебінде оқып, әбден үйреніскен Мария кейін 2020 жылы болашақ жарымен жолыққан. 

“Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент еді. Ал мен ол кезде Күләш Байсейітова атындағы мектепте оқитынмын. Екі білім ордасының арасы жақын болғандықтан бір-бірімізді сырттай көрдік. Кейін біздің мектепте оның достары бар екенін де білдім. Сөйтіп ол маған желіден жазып, кейін кездесіп бір-бірімізге деген сезімді түсіндік. Уақыт өте отбасын құру туралы шешімге келдік”, – деді ол

Арудың айтуынша бұл жаңалықты отбасына айтқанда олар мүлде таңғалмапты. 

“Кішкентай кезімде анам үнемі “сенің жұбайың 100 пайыз қазақ болады-ау” деп айтушы еді. Сол себепті қазақ жігітке тұрмысқа шығатынымды айтқанымда мүлде таңғалмады. Керісінше жұбайымды жақсы қабылдады. Оны ерекше жақсы көреді”, – деді Мария.

@viomarylin

Не пишите только «БЕШ С КАРТОШКОЙ»🤣 — родители так любят

♬ оригинальный звук — Mariya🇰🇿

“Жұбайымның әкесі қазақша сөйлейтінімді көріп таңғалды”…

Өнегелі келінге айналған ару қазақ отбасына бірден оңай сіңіскенін айтады.

“20 жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуімнің әкесі қазақ, анасы орыс. Алайда анасы мен секілді қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал әкесі алғаш келін болып түскенімде менің де қазақша сөйлейтінімді көріп қатты таңғалды. Отбасымызда көбіне бәрімен қазақша сөйлесемін. Олар мені өте жақсы қабылдады. Менің менталитетім бұрыннан қазақи болып кеткендіктен салт дәстүрлер жағынан аса қиналмадым. Сондықтан күйеуімнің ата-анасымен, туыстарымен бірден жақсы араласып кеттім”, – деп қосты ол.

Мария салт-дәстүрлердің ішінде беташардың өзіне қатты ұнайтынын алға тартты. 

“Қазір келіндік қызметімді атқарып жүрмін. Бірақ бәрін деп айта алмаймын. Себебі алғаш келгенімде ата-енеме сәлем салдым. Кейін олар маған “Маша бізге күнде сәлем салудың қажеті жоқ” деді. Сондықтан қазір тек қонақтар келгенде ғана сәлем саламын. Алайда үй тірліктері мен негізгі міндеттерімді атқаруға тырысамын. Ет асамын, бауырсақ пісіремін. Менің ең сүйікті тағамым бешбармақ”, – деді ару. 

@viomarylin

🇰🇿❤️

♬ оригинальный звук — Аслан Танырбержы

Марияның бүгінде TikTok желісінде 100 мыңнан астам жазылушысы бар. Ол желіде келіндік өмірінен басқа қазақ тіліндегі сөздерді оңай түсінуге, жаттауға болатын видеолармен бөліседі. Сол арқылы көпшілікке тілді оңай меңгеруге септігін тигізіп жүр.

“Қазақ тілін баршаға желі арқылы үйрету туралы ой маған бір жыл бұрын келді. Бірде TikTok-та отырып, бір ағылшын азаматының видеосын көрдім. Мұнда ол сөздерді ағылшын тілінен орыс тіліне аударған. Сол кезде неге маған да осылай қазақ тілінде видео түсірмеске деген ой келді. Осылайша TikTok парақшамда қазақша білмейтін адамдарға тегін видеоларды түсіре бастадым. Сол арқылы тіл үйренуде қиналып жүрген жандарға пайдам тисе деймін”, – деп қосты ол.

 

@viomarylin

Пробуй вместе со мной, и подписывайся на инст ❤️ Инст: viomarylin

♬ оригинальный звук — Mariya🇰🇿

Қазақтардың арасында тек қазақ тілінде сөйлесіңіздер”

Мария тіпті желіде қазақ тілін үйретуін сұрап жүрген жандардың да көп екенін жасырмады.

“Instagram желісінде оқырмандарым “Мария сізден қазақ тілін үйренгіміз келеді. Жеке курсыңыз бар ма?” деп сұрап жатады. Алайда әзірге мен тек әпкеме ғана қазақша үйретіп жүрмін. Ал болашақта міндетті түрде адамдарға көмектесіп, онлайн курс ашсам ба деген ойым бар”,- деді ол. 

Сонымен қатар ару қазақ тілін үйренуге жүрексініп жүргендерге өз ақылын айта кетті.

“Менің ойымша қазақ тілін үйренуге қиналып жүргендер ең бірінші сөйлеуде акценттен ұялмауы керек. Қазақтардың арасында тек қазақ тілінде сөйлесіңіздер. Сонда тәжірибе де жинала бастайды. Мәселен “қ”, “ә”, “ң” әріптерін айтқанда көбісі қиналып жатады. Ұялмаңыздар! Қайта-қайта сөйлей беріп, тіліңіз үйреніп кетеді”, – деді Мария. 

@viomarylin

Мой инст: viomarylin ✨ Там меня больше

♬ оригинальный звук — Mariya🇰🇿

Ару желіде өзіне сын айтатындардың да бар екенін жасырмайды. Алайда оларға әркез әзілмен жауап қайтарады екен.

“Ит үреді, керуен көшеді демекші, оларға аса назар аудармаймын. Мен үшін қазақ тілі орыс тілі секілді өте маңызды. Себебі мен бұл елде тұрамын. Сондықтан қазақ тілін де туған тілімдей жақсы көремін. Бүгінде қазақ тілі жастар арасында трендке айналуда. Меніңше, өзге мемлекеттерге біздің қазақы салт-дәстүрлерімізді, тілімізді жеткізу үшін әлеуметтік желілерде видеоларымызды көптеп таратуымыз керек. Сонда біздің тіліміз дәстүріміз туралы барлығы біле бастайды”, – деп қосты ол. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.