Қазақстанда ерекше жоба жасап, оны әлемдік деңгейге көтеруді қалайтын жас ғалымдар мен кәсіпкерлер өте көп. Олар өздерінің жобаларына инвестиция тарту жолдарын іздейді. Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty 2024 форумы қазақстандық кәсіпкерлерге осындай мүмкіндікті ұсынып отыр.

СпецLub компаниясының инженері Уәлиханның айтуынша, форум жұмысын жаңа бастап жатқан жас кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан.

"Digital Almaty біздің жобаларымызды жарнамалауға, оларды сатылымға шығаруға немесе жаңадан жасап жатқан жобаларымызға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Спутниктік жобамызға қызығушылық жоғары екенін көрдік. Әсіресе ірі өндіріс орындары біздің жобамен толығырақ танысуды қалап отыр. Біз секілді жұмысын жаңа бастап жатқан жас кәсіпкерлер үшін бұл үлкен мүмкіндік", — дейді Уәлихан.

Ол өз компаниясынан форумға екі бірдей жобаны таныстыруға алып келген. Біріншісі, Қазақстанда құрастырылған 3D принтер. Ол қазірдің өзінде сатылымға шығып үлгерген.

"Екінші жобамызды жақында ғана толық жасап біттік. Бұл шағын спутниктік станция. Мәселен, сіз ұялы байланыс желісі жоқ немесе көп ақпаратты беру мүмкіндігі жоқ аумақта тұрсыз делік. Және сізге деректерді шұғыл түрде жеткізу керек. Қазір әлемде желісіз ақпарат жіберу мүмкіндігін бәрі қарастырып жатыр. Біз соның шешімін таптық. Бұл спутникке желінің қажеті шамалы, ол ауқымды деректермен бөлісуге жол ашады", — дейді Уәлихан.

Оның айтуынша, спутникті өндірістік аймақта, кен орындарында немесе төтенше жағдайлар кезінде пайдалануға болады. Мәселен, орман алқаптарына орнатып, өрт сынды төтенше жағдайлары кезінде сигнал ойнатып, ескерту құралы ретінде, өрттің тарау аймағын бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Алматыдағы Сәтпаев университетінің 2-курс студенті Айтжан көлік құрастыруға қатты қызығатынын айтады. Ол университет көмегімен электро көліктер құрастырып шыққан. Осы жылы студенттер құрастырған көлік университет ғимараты алдында қар күреуді бастап кеткен.

"Біздің мақсатымыз өндіріске арналған экологиялық таза энергия көзімен жүретін тракторлар жасап шығару. Бұларды ауыл шаруашылығында қолдануға болады. Әр трактордың өзінде бөлек дрон бар. Дронды да біз өзіміз жасап шықтық. Дрон не үшін керек дегенге келсек, оның көмегімен барлау жасауға болады. Мысалы, ауыл шаруашылығында жердің жағдайын алыста отырып-ақ көруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мысалы ауыл шаруашылығында дәрі себуге қолдануға болады", — дейді Айтжан.

Университет командасы көрмеге аса жоғары жылдамдықта жүретін тағы бір көлікті алып келген. Толығымен корбаннан жасалған көлік электр көзінен бір рет қуат алып, Алматыдан Талдықорғанға дейін емін-еркін жеткен.

"Мұндай форумдардың дәл Қазақстанда болуы біздің өзге елдердің жетістіктерін көріп, олардан тәжірибе жинауға көмектеседі. Оған қоса, біздің өз жобамызды таныстырып, инвестиция тартуымызға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығына қатысы компаниялар біздің көліктерге оң бағасын беріп кетті. Алдағы уақытта олармен байланыс орнатамыз деп күтіп отырмыз", — дейді Айтжан.

1-3 ақпан аралығында Алматыда "Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция" дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Оған алыс-жақын шетелдің ресми өкілдерімен қатар, шетелдік және қазақстандық компаниялар қатысуда. Делегаттар Ресей, Қытай, Үндістан, Сингапур, Того және өзге де елдерден келген. Форум барысында шетелдік және қазақстандық әртүрлі бағыттағы компаниялардың көрмесіне келіп, олардың жобаларымен танысуға болады.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.