Алматыда 4 наурызда жер сілкінген сәтте әлеуметтік желіде ең көп тараған видео – "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" мамандарының бейнежазбасы. Олар зілзала кезінде науқасқа жасаған отаны еш кідірместен жалғастыра берген. Желідегі жұрттың назарына іліккен дәрігер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Табиғи апат кезінде қызметіне адалдық танытқан дәрігерлердің бірі – Арыстан Мұратұлы. Ол интернетте елдің ықыласына бөленген сәтті бүкпесіз баяндап берді.  

"Жер сілкінген кезде кадиологтар өте күрделі ота жасап жатқан еді. Анығында олар қосалқы сол жақ қарыншаны орнатып жатқан, ол – жасанды жүрек. Ал біз, яғни рентгенхирургтар жүректің қан тамырына стент орнатып жатқан едік. Әрине, сол себептен біз отаны тоқтатпадық, ары қарай жалғастырдық. Негізінде біздің оталар әдетте бір сағаттан аспайтын, бірақ сол жер сілкінісі кезінде болған ота қырсыққандай күрделі болып, біреуі екі сағатқа, тіпті екіншісі үш сағатқа созылып кетті", – дейді Арыстан Мұратұлы. 

Жер думпуі кезінде "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының" бір емес, бірнеше қызметкері ота жасап жатқан екен.   

"Негізі сол жер сілкінген сәтте бізден бөлек, үш хирург, екі анестезиолог дәрігер, екі-үш мейірбике және екі санитарлық қызметтегі мамандар болды. Жалпы, сол кезде 12-13 адам операция жасап жатқан едік", – дейді хирург. 

Ғаламторда бірден ғарыштық жылдамдықпен тараған видеодағы дәрігерлер сол сәтте жұрттың назарына іліккен. Тіпті ақ халаттыларға бағытталған оң пікірлердің санында шек жоқ.  

"Қолдарыңа дерт бермесін", "Жарайсыздар! Медиктердің кез келген жағдайда өмірін қауіпке тігетінін енді түсінген шығарсыздар", "Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер", "Осындай жұмысына адал дәрігерлер көбейсе екен", "Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Дәрігерлерге көп-көп рақмет", – деп жарыса жазды жұрт. 

Әлеуметтік желі қолданушыларының жағымды пікірін дәрігерлер де оқып, өздеріне жылы лебізін білдірген халыққа алғысын айтты.  

"Қазақ халқына рақмет! Шынын айтқанда, мұндай сәттерде өзіңнің қамыңды ойламайсың, ең басты мақсат – науқасқа қауіпсіз ота жасап беру. Жер сілкінген кезде біз "бір ауыр жүк көлігі өтті ме әлде біреу жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр ма?" деп ойладық. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Егер болашақта осындай апатты жағдайлар болса немесе шайқас болса да біз жұмыс істейміз, ешқайда қашпаймыз", – дейді дәрігер.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы жер сілкінісі кезінде қай көпқабатты үйлердің қабырғасы жарылғаны туралы материал жариялаған едік. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.