Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының тумасы Айгерім Оңғаралиева 2023 жылы Жоғарғы оқу орнын тәмамдап, жұмыс іздейді. Аудандық жұмыспен қамту орталығына барған кезде оған "Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасы жөнінде айтып береді. Айгерім жобаға қызығушылық танытып, тәжірибе жинап алу үшін қатысып көргенді жөн санап, бір ай уақыт өтпестен, тұрақты жұмыс тауып алады. Ол өзінің жұмысқа келу жолымен қазір қызметіндегі қызықтар туралы Stan.kz тілшісіне айтып берген еді.

Фото Айгерім Оңғаралиеваның жеке қорынан 

Жұмысқа тұруға сенім пайда болады

"2019 жылы мектеп бітіріп, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің мәдениет және өнер факультеті вокалдық өнер мамандығына оқуға түстім. 2023 жылы оқу орнын тәмамдағаннан кейін жұмыс іздей бастадым", — деп бастады сөзін Айгерім.

Оқуын тәмамдағаннан кейін ол өз туған жеріне қайтып оралып, жұмыс істегенді жөн көрген. Алдымен Шыңғырлау аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, өз құжаттарын тапсырып, кезекке тұрамын деп ойлаған. Алайда орталықта оған "Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасы туралы түсіндіріп, өзінің сол жобаға сәйкес келіп тұрғанын айтқан.

"Жұмыспен қамту орталығындағылар осы жоба туралы айтып берді де, іс-тәжірибе жинау үшін 6 ай аудандық мәдениет үйімен келісім шартқа отыратынымды айтты. Сондай-ақ тәжірибе кезінде маған жалақы да төленеді екен. Сондықтан келісе кеттім. 2023 жылдың тамыз айынан бастап өз ісіме кірістім", — дейді ол.

Алайда 2023 жылдың қыркүйек айында аудандық Мәдениет үйінде хор жетекшісінің қызметіне вакансия босап қалып, Айгерімнің жұмысқа деген ынтасымен, қызығушылығын көрген кейін басшылық оны тұрақты жұмысқа алу туралы шешім қабылдаған.

Айгерімнің сөзінше, ол "Алғашқы жұмыс орны" жобасы туралы естіген кезде қатты қуанған. Себебі бастапқыда оның "жұмыс істей аламын ба?", "жұмыс істеу барысында қиналмаймын ба?" деген күмәнді сұрақтары болған. Сондықтан алғашында "жұмысты қалай істеу керектігі" туралы арнайы сабақ болса деп ойлаған. Бағдарлама оның осы ойларына дөп түсіп, тәжірибе жинауына көмектескен.

"Алғашқы жұмыс орны" жобасы жұмыссыз жүрген жастарға өте үлкен көмек береді деп ойлаймын. Жұмысқа етене араласып, кірісіп кету үшін өзіңді көрсетуге мүмкіндік берілуі керек. Әріптестермен байланыс, қызметтік дағдылар дегеннің барлығы бірден пайда болмайды. Сондықтан өзіңді көрсетіп, қолыңнан іс келетінін дәлелдегеннен кейін, белгілі бір тәжірибе жинағаннан кейін тұрақты жұмысқа тұру жағынан да сенім пайда болады. Оның үстіне осы тәжірибе алып, білім жинағаның үшін жалақы да төленеді", — дейді кейіпкеріміз.

Фото Айгерім Оңғаралиеваның жеке қорынан

Шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін

Қазір Айгерім Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің хор жетекшісі болып қызмет етеді.

"Қазір аудандық мәдениет үйінде хор жетекшісімін. Хорда ән айтатындар халық арасынан жиналған. Жас ерекшелігіне қарамай, барлық жастағы азаматтарды қабылдаймыз. Қазір хорда 40 адам бар. Мен келгенде бұрынғы құрамға жастар да қосыла бастады. 15-16 жастағы 7-8- сынып оқушыларынан бастап, 58-60 жастағы зейнеткерлерге дейін бар", — дейді ол.

Айгерім аптасына екі күн хормен жұмыс істейді. Мәдениет үйінде бекітілген іс-шаралар мен концерттердің барлығына хор міндетті түрде қатысады. Ол әр шараға байланысты әртүрлі әндерді шырқайды.

"Аптасына екі уақыт жиналамыз. Апта сайын концерттік іс-шаралар болады. Хор соның барлығына қатысады. Бір шараны бітіргенде келесі шараға дайындықты бастаймыз. Мысалы, осы наурыз айында көптеген мерекелердің шараларды ұйымдастырдық. 1 наурыз алғыс айту күні, 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі, 14 наурыз көрісу күнінен бастап Наурыз мейрамын атап өттік. Осы шаралардың барлығында хор әртүрлі әндерді дайындап айтты", — дейді ол.

Фото Айгерім Оңғаралиеваның жеке қорынан

Бұл шараларға Айгерім хорды дайындап қана қоймай, өзі де белсене ат салысып, ән шырқап, жүргізуші де болған.

"Аудандық мәдениет үй болғандықтан мен тек хор ұжымына жауап беруім керек деп қарап отырмаймын. Жүргізушілікті де, әншілікті де, биді де, басқа да кез келген қызметті істеп жүре беремін. Бәрі өзіме үлкен тәжірибе болады деп ойлаймын. Кез келген жанрдағы әнді айта беремін. Мәдениет үйінде фальклорлық ансамбль бар, оның құрамында да бармын", — дейді кейіпкеріміз.

Ол үлкен кісілермен жұмысын әрі қарай жалғастырып, өз хорының концерттердің белсенді мүшесі болғанын қалайды. Бұдан бөлек, жас маман ретінде келгенде балалар үйірмесін ашуды қатты қалағанын айтады.

"Бастапқы да ұсыныс айтуға қорықтым, жұмысқа біраз үйренгеннен кейін балаларын хорын ашып, үйірме ұйымдастырғым келетінін айттым. Басшылық ұсынысымды қолдап, кішкене бүлдіршіндерге арнап, 5 ай бұрын ән үйірмесін аштым. Балаларды концерттерге, конкурстарға дайындаймын", — дейді ол.

5 ай ішінде үйірмеге 10 бала жинап, олардың арасында жарысқа қатысатын талантты шәкірттерді де байқап үлгерген. Ол өз шәкірттерінен үлкен үміт күтетінін айтады

"Қазіргі таңда Таужан Назым деген оқушым бар. Сәуір айында "Балдәурен" байқауына қатысады. Соған дайындалып жатырмыз. Халел Жұлдыз деген шәкіртім бар. Небәрі 2-сынып оқушысы, ең кішкентай шәкіртім. Мектепаралық конкурстарға қатысып жатыр. Мен шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін. Болашақта үлкен сахнадан көрінетін жақсы бір маман иелері болады деген ойдамын", — дейді Айгерім.

Алғашқы жұмыс орны жобасына қалай қатысуға болады?

35 жастан аспаған азаматтарға арналған "Алғашқы жұмыс орны" жобасы аты айтып тұрғандай алғаш жұмысқа кірген азаматтарға кәсіби дағды беруге арналған. Шарт бойынша бірінші жұмыс орнындағы жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды. Жоба бойынша осы мерзім аяқталған кезде 12 ай ішінде азаматқа тұрақты жұмыс орны табылып беріледі. Тәжірибе кезінде төленетін жалақы көлемі 30 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 2024 жылы 110 700 теңгеден кем болмауы тиіс. Жолдама алу үшін Жұмыспен қамту орталығына немесе Мәнсап орталықтарына жүгіну қажет. Жолдама алғаннан кейін Enbek.kz жүйесіндегі бос жұмыс орнын таңдауға болады.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.