Еліміздің солтүстігінде мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болғандар тұрғын үйдің сапасына шағымданды. Айтуларынша, небәрі жарты жыл бұрын пайдалануға берілген пәтерлерге не ыстық су тартылмаған, не дұрыс жылу келмейді. Жетімдер мен ерекше қажеттілігі барларға берілген тұрғын үйдің сапасына жұрт наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Жаңа тұрғын үйден мемлекеттік бағдарламамен пәтер алғандардың бірі – петропавлдық Олег Салов. Ол жаңа баспанасына отбасымен 6 ай бұрын көшіп келген. Сол уақыттан бері қабырғаларға сызат түсіп, төбесі көгеріп кеткен көрінеді. Салқын пәтерде ыстық сусыз өмір сүруге мәжбүр. 

“Кішкентай баламыз бар. Оны жуындыру үшін ыстық су қажет. Не дұрыстап ыдыс жуа алмайсың, не таңертең жұмысқа жиналарда дұрыстап жуына алмайсың. Қаншама ыңғайсыздық тудырады”, – деді Петропавл тұрғыны Олег Салов. 

Тұрғындар пәтерлерін "Бақытты отбасы" мемлекеттік бағдарламасы арқылы алған. Он жылдан астам күткен баспаналарының сапасы сын көтермейді. Пәтерлердің тең жартысы жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған тұрғындар мен ерекше қажеттілігі барларға берілген. 

“Әкімдікке де жүгіндік, шағым да жаздық. Комиссия келіп тексеріп жүрген еді, алайда ешқандай өзгеріс болмады. Барлық мәселе сол қалпында қалып отыр. Жылу әлі күнге дейін реттелген жоқ”, – деді петропавлдық Анастасия Кормина.

Әкімдіктегілер коммуналдық желілері толық тартылмаған үйдің қалайша пайдалануға берілгенін өздері де білмейтін сияқты. Енді тұрғындардың арызы бойынша мердігер барлық олқылықтардың орнын толтыру керек дейді шенеуніктер.

“Бұл үйлер енді берілген. Сондықтан да мердігер тарапынан кепілдік мерзімі бар. Соған сәйкесбарлық проблемаларды өз қаражатынан, өз есебінен жөндейді”, – деп мәлімдеді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Тұрғындар мәселелерді жуық арада шешіп беруін талап етеді. Кем-кетігі жөнделмесе, облыс әкіміне арыздануға ниетті.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.