Белгілі әнші, сазгер Дастан Оразбеков сахнаға шыққан кезін еске алды. “Орда” тобының құрылу тарихын да айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жарқын жүздесу” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Биыл “Орда” тобының құрылғанына – 25 жыл.

“1998 жылдың аяғы. Менің үлкен сахнам “Керемет” деген театрдан басталған. Оны құрған кісілер – Марат пен Алмат Сақатов. Бүкіл қазақ елі танитын әкелі-балалы әзіл әлемінің өнерпаздары. Туған ағам Рүстем сол театрға актер болып қабылданды. Кейін әнші керек болып жатыр деген хабарландыруды естіп, ағам мені ертіп келді. Ол кезде мен мектепте оқимын. Сабақтан кейін келіп, театрдағы адамдарға ән айтып берді. Мені бірден қабылдады. Күтпеген жерден театр ішінен құрылған “Орда” деген топтың мүшесі болып шыға келдім”, – сол кезді еске алды әнші. 

Әңгіме барысында “Орда” тобының аты қалай пайда болғанын да айтты. 

“Музыкалық жетекшіміз Оралхан Сәдуақасов деген кісі болған. Ағам Рүстем де сол топқа қабылданды. Мені топқа қабылдағаннан кейін Алмат Сақатов үшінші мүшеміз болды. Ол кезде Ерболат, Есболат, Жанболаттар жоқ. Рүстем, Дастан және Алмат ағамыз болды. Марат Сақатов ағамыз табан астында “Орда” тобы боласыңдар деді. Солай топтың аты пайда болды. Негізі менің өміріме өнер араласып өзгеріп кетті. Бала күнімде өте бұзық болатынмын. Тіпті сотталып кете жаздағанмын”, – дейді өнер иесі.  

Әншінің сөзін сол кездегі топ мүшесі болған Алмат Сақатов та растайды. 

“Дастанды оқушы күнінен танимын. Әкем оның үйіне қонаққа барғанда әкесі “Мына баланы театрыңа ал, әйтпесе сотталып кетеді” деген. Бұзақылық көп жасайтын тентек бала болатын. Бір оқиғаны айтып берейін. Омск қаласына гастрольмен баратын болдық. Павлодар қаласынан кейін кедендік бақылаудан өтейін деп тұрмыз. Театр ұжымы түгел сол жерде. Бөтен елдің шекарасы болғасын төлқұжат тексеретіні белгілі. Дастан ғана төлқұжатын алмаған. Ол кезде жеке-жеке адамдарды тексермейтін, 10 адам болса төлқұжатын санайды да өткізе беретін. Біреудің паспортын алып, тексерушінің қолына ұстата салған. Сол сәтте тексеруші адамдарды жеке-жеке тексеріп қалмасы бар ма?!. Бәріміздің атымызды айтып жатыр, Дастанға келгенде ешкім үндемейді. Бір кезде бәрі белгілі болды. Дастан 82 жылғы болса, қолындағы төлқұжатындағы жыл – 1969жыл. Әлгі жер у-да-шу болып, Дастанды шекарадан өткізбей қояды. Театрдың қоятын концертінен қалмау керек, не де болса амалын тауып өткізгенін күтіп тұрмыз. Театрдың продюсері Лесбек ағамыз камаз арқылы өтетін болды деді. Оның жүргізушісі Омскіде тұратын қазақ екен. Еш саспай машинасына жасырып, Дастанды алып өтті. Заңсыз шекараны бұзғаны үшін сотталып кететін де еді”, – дейді актер. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.