BASF химиялық концернінің иесі Марлен Энгельхорн миллиондаған доллар болатын байлығын кездейсоқ адамдарға беруге шешім қабылдады. Ол басқалар ақшаға мұқтаж болғанда, осыншама көп байлықтың рахатын өзі ғана көру әділетсіздік деп ойлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  хабарлайды.

Фото: Hannes P Albert / Globallookpress.com

Бір қызығы, әлемде оның пікірімен келісетін миллионерлер мен миллиардерлер көбейіп келеді. Олар ең бай адамдарға көбірек салық төлетуге шақырады. Сондай-ақ көбірек салық төлегеннен байлығы азайып қалады деп қорықпайды.

31 жастағы австриялық Марлен Энгельхорнның атасы – неміс өнеркәсіп иесі Фридрих Энгельхорн. Ол әлемдегі ең ірі химиялық компания болып саналатын BASF концернін XIX ғасырдың ортасында құрған. Содан бері 160 жыл ішінде оның ұрпақтары байлығын бірнеше есе көбейтті.

Марлен Энгельхорн ауқатты отбасында өсті, ешқашан ештеңеге мұқтаж болмады. Бірақ ол өзін үлде мен бүлдеге лайық емес деп есептейді. 2021 жылы ол сұхбатында өзін бағы жанған адам екенін айтқан. Туғаннан-ақ байлыққа кенелген Марленге еңбек етудің де, тәуекелге барудың да қажеті жоқ.

“Мен миллиондаған ақша аламын және бұл үшін салық төлемеймін, бірақ аптасына 40 сағат немесе одан да көп, тіпті екі жұмыста істейтін, бала-шағасы бар адам салық төлеуі қажет”, – деді ол. 

Энгельхорнның ойынша, өте бай адамдар қоғамға зиян тигізеді. Бұған дейін байлыққа оның ата-анасы иелік еткендіктен мұқтаж жандарға көмектесе алмаған екен. Ата-анасы Марленнің идеяларын қолдағанымен, басқаларға өз байлығын бөліп бергісі келмепті. Оның 95 жастағы әжесі Траудл Энгельхорн-Векьятто қайтыс болғаннан кейін бәрі өзгерді дейді. Forbes журналы Траудл Энгельхорн-Векьяттоның байлығын 3,8 миллиард еуроға  бағалаған. Немересіне мұра ретінде ол бірнеше ондаған миллион еуро қалдырды.

Енді Марлен Энгельхорн бұл соманың кем дегенде 90% бейтаныс адамдарға таратуға ниетті. Ал қалған ақшаны күнделікті шығындарына және тұрғын үйді жалға алуға жұмсайды. Содан кейін жұмыс тауып, қарапайым адамдар сияқты өмір сүруді жоспарлап отыр.

"Ең бай адамдардың қатарынан шығып, халықтың ауқатты емес 99 пайызы сияқты өмір сүремін. Бірақ меніңше ойымша, бұл жақсы”, – деді ол. 

Марлен Энгельхорнның ақшасын алатын адамдарды арнайы кеңес таңдайды

Энгельхорн мұраны 50 отандасына бөліп бергісі келеді екен. Олардың әрқайсысы 500 мың еуродан (241 миллион теңге) алады. Кім лайық екенін шешу үшін арнайы кеңес құрылады. Қаңтарда Энгельхорн кездейсоқ австриялықтарға 10 мың шақыру жіберді. Шақыртуға бірнеше жүз адам жауап беріп, олардың ішінен  50 адам таңдап алынған. Үміткерлер арасында әр түрлі жастағы, шығу тегі мен әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдар бар.

Наурыздан бастап олар алты апта бойы демалыс күндері жиналып, сарапшылармен теңсіздікпен күресу және қаражатты бөлу жолдарын талқылайды. Олар Энгельхорн мұра еткен 25 миллион еуроны (12 миллиард теңге) бөлудің ең әділ әдісін табуы керек.

Энгельхорн кеңес қатысшыларына үшін бірнеше шектеу қойды. Оның ақшасын Конституцияны бұзатын немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттерді жасайтын адамдарға немесе ұйымдарға жіберуге болмайды. Саяси партиялар мен коммерциялық кәсіпорындар тізімге ене алмайды. Сонымен қатар кеңес мүшелерінің өздеріне ақша алуға немесе оларды туыстары мен таныстарына беруге құқығы жоқ.

Кеңес мүшелері бір шешімге келе алса, Энгельхорн олардың шешіміне әсер ете алмайды. Оның мұрасының тағдыры толығымен кеңестің қолында болады. 

“Менің вето құқығым жоқ. Мен осы 50 адамға сенемін және өз мүлкімді олардың қарамағына беремін", – деді ол. 

Бұған дейін бай әйел дүние-мүлкін балаларына емес иті мен мысығына қалдырғанын жазған едік.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.