Қайғылы жағдай 2024 жылдың 27 қаңтарында Жаңаөзен кен орнында болған. Қызметкердің ауыр жарақаттан көз жұмғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Лада” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

"МұнайСпецСнаб Компани" ЖШС қызметкерінің өліміне қатысты Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаменті мен "ӨзенМұнайСервис" ЖШС баспасөз қызметі түсініктеме берді. Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, қызметкердің қайтыс болғаны туралы ақпарат 2024 жылдың 29 қаңтар күні түскен. Оқиғаның мән-жайы мен себептерін арнайы комиссия анықтап жатыр.

“27 қаңтарда “Өзен” кен орнындағы ұңғымалардың бірі күрделі жөнделіп жатқандықтан түнгі ауысымда жұмыс істеп жүріп мердігер "МұнайСпецСнаб Компани" ЖШС қызметкері қаза болды. Қазір мемлекеттік еңбек инспекциясының басшылығымен келешекте осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін оқиғаның барлық мән-жайы мен себебін анықтау бойынша комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл оқиға жұмыс беруші – "МұнайСпецСнаб" компаниясы мен "ӨзенМұнайСервис" басшылығының ерекше бақылауында. Біз үшін бірінші кезекте – жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі. Сонымен қатар қызметкерлер еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша тиісті дайындықтан өтіп, білімін тексереді. Қазір жұмыс беруші "МұнайСпецСнаб" компаниясы марқұмның отбасына қажет материалдық көмек көрсетуге дайын", – деп хабарлады компания өкілдері.

Әлеуметтік желіде "МунайСпецСнаб Компани" ЖШС қызметкерінің бригада жұмысшыларына арналаған жылжымалы үйдің сатысымен көтерілгені туралы ақпарат тарады. Электр сымы зақымдалып сатымен көтеріліп бара жатқан қызметкерді тоқ соққан. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері жұмысшының қайтыс болғанын анықтады.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.