Атырауда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында тоғыз білім ошағын салып жатқан жұмысшылар бас көтерді. Үш айдан бері маңдай тер еңбекақыларын ала алмай жүрген 30-ға жуық адам жұмысты біржола тоқтатты. Олар бала-шағаны бағу үшін қарызға белшеден баттық деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Үш айдан бері айлықсыз жүрміз деген азаматтар жұмысты тоқтатып, жанайқайларын жеткізді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан талмай тер төккен құрылысшылар қаржымыз жетпей, отбасын асырау қиындады деп ашулы. Сондықтан амалдың жоқтығынан көбі түнгі уақытта такси жүргізіп, жолаушы тасымалдауға көшкен. 

“JM Capital" да түрлі жұмысшы боп жұмыс істейміз. Атқаратын қызметіміз әр түрлі. Жалақыны әзірге жоқ деп отыр. Қашан беретінін де білмейміз, олар да айтпайды. Осы жерге ақшамызды алу үшін келіп тұрмыз. Өзімнің жеке көлігім бар таксист болып ақша тауып отырмын. Алты ай болды жұмыс істеп жатқаныма. Ақшамызды берсін деп талап етеміз”, – дейді жұмысшы Сағат Берғалиев.

Жұмысшылардың тағы бірі өзінің жұмысқа 2022 жылдың соңғы айында орналасқанын айтады.

“Одан бері алып жүрдік. Қазір жалақы жоқ. Ақшаны кешіктіріп береді. Мына жерде тұрғандардың ешқайсысы да ақыларын ала алмай жүр. Зейнетақы жарнасы да тек бір-екі ай ғана аударылды. Ары қарай жоқ”, – дейді Азамат Иманғалиев.

Жиналғандардың талабын тыңдауға құрылысқа жауапты компанияның басшылығы келді. Ол жұмысшылардың жалақысы тек наурыз айында беріледі деп ашық айтты. Өйткені, қазір компанияда қаражат жағынан қиындықтар туындады, дейді ол.

  • Қазақстанда профессор атағы үшін 60 мың теңге, доцент үшін 30 мың теңге қосымша үстемақы төлеу ұсынылды
  • "Соңғы күндерін өткізіп жатқан науқастарға қарайды": Қазақстанда санитарлардың жалақысын көтеру ұсынылды

“Қазір компанияда қаражат жағынан қиындық бар. Алдағы уақытта шешуге жұмыстанып жатырмыз. Жалақы бойынша қазір мәселе қаралып отыр. Наурыз айында беруге тырысамыз. Тапсырыс берушіден ақша күтіп отырмыз”, – деп түсіндіреді "Каспий" кадрлық қауымдастығының директоры Еркінбек Нүсіпов.

Тапсырыс беруші "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясы мектептерді қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған дейді. Олар мердігер компанияға қаражаттың жартысын аударғандарын жеткізді және басшыларымен кездесіп, бұл мәселе шешіледі деп сендірді. 

“Қазір біз бәрін анықтаймыз. Жалпы біз былтыр 50 пайыз аванс бердік. Компанияға, осы жағдайды жасап отырған құрылысқа барлығы жеткілікті. Не себепті ақша бермей жүргендерін білмеймін. Басшылығына соғып едік, қалада жоқпын деді. Шақырттық басшылықты. Кездесіп шешеміз мәселені. Жұмыстар биыл тапсырылуы тиіс. Жоба құны жалпы 40 миллиард үстінде”, – дейді "Самұрық-Қазына Констракшн" АҚ Атырау облысы бойынша басшысы Азамат Адамов.

Ал, еңбек инспекциясындағылар тексеріс жұмыстарын жүргіземіз деп отыр. Айтуларынша, аталған компанияға жұмысшылар тарапынан бұған дейін де бірнеше мәрте шағым түсіпті.

Бұған дейін Алматы облысында сот орындаушы балалардың алиментін жымқырғаны белгілі болған.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.