Бір топ адам Stan.kz редакциясына хабарласып, Алтын Жақанова есімді авторлық тур өткізетін әйелге алданғандарын айтып, көмек сұрады. Айтуларынша, жалпы шығын 35 миллион теңгеден асады. Полицияға арыз жазған келіншектер Алтынға әлі күнге дейін шара қолданылмағанына және оның емін-еркін тур сатып жүргеніне наразы.

Жазда отбасымен бірге шетелде демалғысы келген Әйгерім бірнеше турларды іздегенін айтады. Соның ішінде Алтын Жақанованың авторлық туры тиімді боп көрініп, Дубайға баратын болып шешкен. 

“Алтын тур бәрін тиімді бағада жасап беретінін айтты. Лоукостермен емес, Air Astana арқылы ұшамыз, трансфер мен гид болады, сапалы қонақ үйде орналастырамыз деді. Қазақстандық бір БАҚ “4 балалы кәсіпкер ана” деп одан сұхбат алғандықтан, сенімді көрінді. Біз билеттерімізді бір ай күттік, “иә, алынды” деп жүрді. Кетуге 3-4 күн қалғанда, күйеуім күдіктене бастады, полицияға жүгінгісі келді. Алайда соңына дейін күттік. Ұшатын күні “билетті кешкіге немесе ертеңге алып берейін” деді. Кешіктірілген уақытта бардық. Қонақ үйіміз де уәде етілгендей болмайды шықты, трансфер мен гид те болмады. Қаланы білмейтін адаммен араладық. Бірақ Дубайдың өзі ұнап, расымен демалғасын шу шығармадық”, – дейді келіншек.

Айтуынша, қазан айында Жақанова оған жазып, көмек сұраған. 780 мыңға қарызға билет алып беруін өтініпті.

“Билеттерді арзанға түрік сайтынан алып едім, билеттерін шығара алмай қалдым. Kaspi Travel арқылы билет алып беріңізші, 20 қазанда қайтарамын, есесіне отбасыңызға авторлық турымды да сыйлаймын” деді. Қолхат жазып берді, оны нотариуспен куәландырмақ болғанымда асықтырып, “қазір алмасаңыз билет қымбаттап кетеді, қиналып тұрмын, Түркиядағы клиенттерім қайта алмай жатыр, расымен қайтарамын” деген”, – дейді алданған әйел.

20 қазан болған күні сатылымнан ақша түспей жатыр деп ақшасын бере алмапты. Осылай уақыт созыла берген. Ол тур ұйымдастырамын деген әйелдің тікелей эфиріне кіргенде, бірнеше адамның оған “билетімді қайтар”, “алаяқ” деп жазғанын көрген. Сөзінше, солардың бірі оны Жақановадан алданып қалғандардың тобына қосқан.

“Топта 35 адам болды, қазір олардың саны 40-қа жетті. Алғашында оның ақшадан қиналып жүргеніне, жұбайы мен ата-енесі ұрысады дегеніне түсіністікпен қарап, күттік. Бірақ шыдамымыз таусылған соң, қарашада 12 келіншек арыз жазуға бел будық”, – дейді ол.

Stan.kz тілшісі аталған топқа қосылып көрді. Онда бірнеше келіншек қалай алданғанын жарыса жазды. Олардың көбі шетелге саяхаттау үшін турға барумен қатар, туринвестор ретінде қаржы салған екен. Жәбірленушілер 550 мың теңге, 750 мың теңге, тіпті 1 миллион теңге инвестиция салдық дейді. Олар инвестициялық келісімшарттарын ұсынды. 

“Шілдеде туринвестор ретінде 750 мың теңге бердім. Шарты бойынша ол маған тур қызметін ұсынып, жарты жыл бойы ай сайын 150 мың теңгеден беруі керек еді. Жеті ай өтті, тур да, ақша да жоқ. Мені бұғаттап тастаған, еш жерден жауап бермейді”, – деді инвестор болған келіншек. 

Қомақты қаржыларынан қағылғандардың кейбірі уайымнан қатты ауырып та қалған көрінеді. 

Олар Алматыдағы Алматы аудандық полиция бөлімшесіне арыз жазған. Ұсынған құжаттары бойынша полковник Шариповке істі арнайы бақылауға алу тапсырылған көрінеді. 

“Арыз жазсақ та, істің қалай жүріп жатқаны белгісіз. Қамауға алынбады, шоттары да бұғатталмаған тәрізді. Себебі Қытайға, Түркияға барып келгенін әлеуметтік желіге салып жүрді. Трансфер де жалақысын ала алмағанын айтып, шағымын айтты. Біздің есептеуіміз бойынша жалпы сома – 35 миллион, бірақ біздің білмейтініміз қаншама”, – деді жәбірленуші.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме беріп, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

“Алматы қалалық полиция департаменті Алмалы аудандық полиция басқармасында аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлайды. Полицияға 6 адам арызбен жүгінген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген жедел және тергеу шаралары іске асырылуда”, – деп мәлімдеді Stan.kz сауалына.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.