Ресейдегі мемлекеттік дума және қазақ зиялылары



жүктеу 93.14 Kb.
Дата29.04.2019
өлшемі93.14 Kb.

ӘОЖ 94 (574)

РЕСЕЙДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ (1905-1907 жж.).
Серікбаев Е. Қ., Нартаев М.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз
XX ғасырдың бас кезіндегі төл тарихымыздың беттерін зерттеушілер тың құжаттар мен материалдар негізінде жазу үстінде. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрмаланған тарихымызды қайта қарап, кеңестік тарихнаманы талдауға бағыт алдық. Отандық тарихнамада XX ғасырдың бас кезіндегі өзекті мәселелер арнайы зерттеу нысанына айналды. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында әлем елдерінде, атап айтқанда Еуропа, Азия мен Латын Америкасы құрлықтарында демократиялық революциялар болып, ұлт-азаттық қозғалыстар өріс алды. Олардың арасында 1905-1907 жылдары Ресейде болған революцияның орны ерекше болды. Осындай бүкілимпериялық толқулар болып жатқан кезеңде ұлттық интеллигенция өкілдері де бей жай қалмады. Өйткені, бұл біріншіден, жаңа өндірістік қатынастардың еніп жатқан дәуіріндегі алғашкы революция еді. Екіншіден, бұл өзгеріс әлем елдерінің өз азаттығы үшін күресін бір саты жоғары көтеруге тікелей әсерін тигізді.

1905 жылы қазан айындағы Бүкілресейлік ереуілдің әсерімен Қазақстанның барлық қалаларында шерулер, митингілер мен жиналыстар болып өтті. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан және қазақтардан шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Мысалы, Оралда Б.Қаратаев пен Ж.Сейдалин, Қарқаралыда А. Байтұрсынов пен М. Бекметовтар және т.б. ерекше белсенділік көрсетті. Қарқаралыдағы 1905 жылғы 15 қарашадағы үлкен саяси митингке қазақтардан, татарлардан, орыстардан және басқаларынан тұратын 400-дей адам қатысты. Олар патша өкіметіне қарсы бірқатар талаптар қойды, отаршылық әкімшілікке қарсы күресуге шақырды. Кейіннен Қарқаралы оқиғасының басшысы қуғынға ұшырады. А. Байтүрсынов Орынборға, Ж.Ақбаев Якутияға жер аударылды [1].

Ұлттық қозғалыстың Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов бастаған жетекшілері халықтың азаттық қозғалысын конституциялық монархия, либерал-демократиялық реформалар жүргізу үшін күреске бағыттағысы келді. Олар патша өкіметінің аграрлық саясатын қатты сынға алды, Қазақстанға орыс шаруаларын қоныстандыру саясатын тоқтатуды талап етті. Ұлт зиялыларының саяси күрес жолына шығып, саяси партиялармен, демократиялық күштермен бірігіп, топтасуында сол уақыттағы Ресейдегі жоғары оқу орындарындарының әсері болғандығы сөзсіз. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ жастары білім алған ірі орталық, әрине, Петербург қаласы. Империяның саяси оқиғаларға толы астанасында бұл кезеңде, яғни 1889 – 1894 жылдары орман шаруашылығы институтында Ә.Бөкейхан, 1900 – 1905 жылдары темір жол транспорты институтында М.Тынышбаев білім алды. Қазақ жастары үшін, әсіресе нағыз білім шаңырағына айналған Петербург университеті еді. Ресей империясында ғана емес, бүкіл Еуропа мәдениеті мен ғылымында өзіне лайық орны бар бұл оқу орнында өткен ғасырдың соңы және ХХ ғасырдың бас кезінде (17 жылға дейін) 20 жуық қазақ студенті оқып, жоғары білім дипломын иемденді. Олардың қатарында Бақытжан Қаратаев, Бақыткерей Құлманов, Барлыбек Сұлтанов, Жаһанша Сейдалин, Айдархан Тұрлыбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқаев, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков сияқты ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы саяси өміріне белсенді араласқан қайраткерлер болды [2].

Петербургтегі қазақ студенттерінің астанадағы саяси өмірге енуі олардың сол тұстағы түрлі саяси ағымдарға қатынасы туралы өте құнды деректерді Халел Досмұхамедовтың кейіннен ОГПУ орындарына берген жауап тексінен кездестіреміз. Ол былай деп жазды: «Петербургте 1- революцияның қарсаңында, яғни арасында студенттер де бар демократиялық күштер іштей тынып тұрған шақта бардым да, бірден студенттік өмір иіріміне сүңгіп, өзімнің саяси сауатымды ашуға кірістім, түрлі партиялардың бағдарламалық талаптарымен таныстым, түрлә студенттік үйірмелерде болдым, тек сонан кейін ғана орыс мемлекеті өмірінің ішкі мазмұнын түсіне бастадым. Мені және басқа қазақ студенттерін бәрде бәр саяси партияның немесе үйірмелердің бағдарламалары қанағаттандыра алған жоқ. Социал демократтар тек жұмысшылар жөнінде... кадеттер өзге халықтар турасында бір ауыз сөз айтпай, тек орыс халқының ұлылығы жөнінде айтты, ал оңшылдар болса орыстан басқа жұртты кемсітумен болды. Біз бір топ қазақ студенттері, кездейсоқ барып тыңдаған Милюковтың баяндамасында айтылған сөздерді ешуақытта ұмыта алмаспыз. Ол сөзінде «патша үкіметі жат жұрттарды дөрекі және арсыз түрде қанап, тура сол істі еппен істеп, көздеген нәтижеге жетуге болатындығын ескермей отыр» дедеі. Бұл айтылған сөз біздің сол кезеңдегі интеллигенция арасында үстемдік құрған кадет партиясына қатынасымыздың тағдырын шешті. Сол уақытта Петербургте жүрген 10 шақты қазақ студенті өз үйірмемізді құрып, Қазан және Мәскеудегі сондай үйірмелермен хат алыстық. Осы үйірмеде алғаш рет біздің негізгі тілектеріміз қалыпқа түсті. Ол: қазақ еліне толық мәдени және саяси теңдік, автономия берілуге тиіс, мұсылмандық шығыспен емес, батыс елдерімен қатынасты ныңайту, Түркиядан емес, Жапониядан үйрену, Бұқар мен басқа шығыс елдерінде емес, Ресей және батыс елдерінде білім алу, жаңа негіздегі білім мен мәдениет үшін күресу, бір сөзбен айтқанда, осы үйірмелерде тұңғыш рет кейін алашордалық қозғалыста үстемдік алған пікірлер бір арнаға түсті.

Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов сияқты қайраткерлер ұлттық интеллигенцияның дербес саяси күш ретінде белсенді қоғамдық күреске араласуын 1905 жылдан басталғандығы туралы пікірлерін келтіруге болады. Ол туралы да М.Дулатов «Қазақ» газетінде 1913 жылы былай деп жазған: «1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да бас пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдік пен жол жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды».

Бұл дәуірде Ресейде жаңа өндірістік қатынастар енді ғана өркен жайып, елдің дамуына тұсау болып келген ескі феодалдық-патриархалдық қоғамның қалдықтары әлі де жойылып біткен жоқ болатын. Елдің өркениетті жолмен өркендеуі үшін жаңа нарықтық қатынастардың дамуы, елде демократиялық тәртіптің орнауы жолында саяси сипаттағы күштердің күресін өрістетуге төңкеріс кең жол ашты. Соңғы кездерге шейін бұл төңкеріс тұсындағы Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының ғана тәжірибесін оқып үйреніп келдік. Сондықтан да, елдегі саяси ахуалды объективті шындық түрғысынан пайымдаудан біраз артта қалып, кенжеледік. Халықтың наразылығын басу үшін 1905 жылы 18-қаңтарда патша Ішкі істер министрі Булыгиннің атына жергілікті адамдардан сайлау арқылы заң шығару қызметіне депутат тарту мақсатындағы жарлыққа қол қояды. Осы уақыттан бастап мемлекеттік Думаның сайлауына мемлекет тарапынан дайындық басталады [3].

1905 жылдың қазан айынан шыға бастаған саяси бағыттағы үгіт-насихат листовкаларының негізгі мазмұны патша "сыйға тартқан" бостандықты әшкерелеуге арналды. Революция күн санап өріс ала бастағанынан қатты сезіктенген әрі қорыққан үкімет қалың бұқараны күшпен басуға талпыныс жасады. Дала генерал-губернаторы 1905 жьілы 14-қазанда Ішкі істер министрі мен әскери министріне жеделхат жолдады. Онда Дала өлкесіне әскери төтенше жағдай енгізуді өтінді. Жеделхатта былай деп атап көрсетті: «бұл революциялық қозғалыс пен азаттық күресінің өркендеуі дүрбелең тудырып, тыныш жатқан халықтың басым бөлігін оятады» [4].

1905 жылы жаз шыға саяси ахуал қазақ жеріндегі губерниялық, уездік орыс әкімшіліктерін де мазасыздандыра бастады. Олар Омбыға, Дала генерал-губернаторының кеңсесіне өлкедегі қалыптасқан жағдайды баяндаған мәліметтерді шұғыл жіберіп тұрған. «Күллі Ресей өз өмірін түгелімен қайта өзгерту керектігін мәлімдеп жатқан казіргі тұста тағдыры Ресеймен тығыз байланысты қазақ даласы да ел басынан өтіп жатқан оқиғалардан тыс қала алмастан, өзінің пісіп-жеткен тілектерін жеткізу қажет» делінген. Шындығында да, Ресейден бастау алған демократиялық қозғалыстың қазақ даласына әсер етуі заңды еді. Орыстандыру саясатының салдарынан қазақтар, соңғы кезде өздерінің діни-рухани тұрғыдағы істерінен қағажу көргені сонша, әкімшіліктің рұқсатынсыз бір қадам да жасай алмайтын болды. Мешіт салуға, мұсылман мектептерін ашуға, Меккеге қажылыққа баруға және басқаларға рұқсат беру не бермеу құқы заң бойынша тек әкімшілік билігіне берілген. Патша өкіметі қазақ даласын отарлау саясатын жүргізгенде әр түрлі кезеңге орай, түрліше әдіс, айлалар қолданып отырған. Түпкі мақсаты- шикізаттың мол қоры саналатын ұлан-байтақ даланың байлық көздерін басыбайлы, түбегейлі иемдену еді. Ол үшін тұрғын халықты сахараның байырғы тіршілікке оңтайлы сулы-нулы шұрайлы елді-мекендерінен кұмды, шөлейт жерлерге ығыстырып, оның орнына Ресейдің халқы келіп шоғырланған аймақтарынан мұжықтарды күштеп әкеп жерсіндіруге тырысты. Осыған орай, отаршыл әкімшілік қол астындағы халықты жан-жакты кіріптар ету үшін, мақсатты ойын жүзеге асыру жолында әр түрлі заңдар мен низамдар шығарып, елдің ішкі ерекшеліктерін жойып, дәстүрлі ел билеу жүйесін өз пайдасының ыңғайына көшіруге күш салды. "Бұл рұқсаттың өзі де іс жүзінде үлкен қиыншылықтармен беріліп, мешіт салу, медреселер мен мектептер ашу жөніндегі тілектер көп ретте жауапсыз қалады. Соңғы кездерде қазақтардың діни-рухани істері тұрғысында тартып отырған қысымшылықтарын санап айту қиын. Әсіресе миссионер ғалымдар алдымен қазақ елінің рухани болмысы мен өткендегі тарихи жолын, психологиясын, мінез-құлқын, салт-сана дәстүрінің ерекшелігін, билеу жүйесін, яғни өздеріне қажет буынды да ұрымтал тұстарын терең барлап, зерттей отырып, миссионерлік саясатының стратегиялық негіздерін, мақсаттарын анықтап отырды [5].

Мемлекеттік Думада талқыланған жер мәселесінің төңірегінде XX- ғасырдың басында шығып тұрған ана тіліндегі төл мерзімді баспасөз бетінде ұдайы екі түрлі пікір жарыса айтылды. Біреулері - қала салып, егіншілікпен айналысуды, отырықшы тұрмысты лайық деп тапса, екіншілері-жоқ, қазіргі патша өкіметінің жүргізіп отырған саясаты жағдайында мал шаруашылығымен күнін көргендер — көшпелі, егін салғандар - отырықшы қалыбында қала бергені жөн деген уәж айтты. Бұл екі пікір де қисынды еді. Отырықшылықты жақтайтындардың дәлелі - қазақ жері патшалықтың меншігіне айналуы, қара бұлттай көшіп келе жатқан мұжықтардан еншімізді бермей, басқаға жем болудан алдын -ала қам жасасақ, шұрайлы жер-суымызды иемденіп, 15 десятинадан болса да өз үлесімізді алып қалуымызды ойлауымыз керек. Егер халық жиылып қала болса, "бірлік бар жерде, тірлік бар" мешіт, медресе, мектеп ашуға мүмкіндігіміз туып, мәдениетті елдердей өнер-білімге қолымыз жетер еді дегенге саяды. Бұл пікірді қуаттап, үгіт-насихат таратушылар- Мұхамеджан Сералин, Мемлекеттік ІІ-ші Думаның депутаты Бақытжан Қаратай, Жаһанша Сейдалин сияқты қазақ қайраткерлері [6].

Қазақ зиялыларының енді бір тобы - Мемлекеттік І-ші Думаның депутаты Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мемлекеттік ІІ-ші Думаның депутаты Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы екінші пікірді қолдады; яки мал шаруашылығымен айналысқандар — көшпелі, егінмен шұғылданғандар - отырықшылықта қала бергендері жөн деді. Өйткені қазақтың жеріне мұжықтарды неғүрлым көбірек қоныс аудару арқылы патша өкіметінің ұстанған басты саясаты — ішкі Ресейдегі қалыптасқан аграрлық шиеленісті оңай шешуді көздеді. Ал бұл саясатты түбегейлі жүзеге асыруға мүдделі "Қоныстандыру басқармасы" Дала өлкесін жан-жақты ғылыми зерттеуге мұрындық болып, жерге орналастыру үшін қазақтың жаны мен малын есептеп, алатын үлес мөлшерін белгіледі. Министрлер Кеңесінің мақұлдауымен 1909 жылы 9 маусымда бекіген бұл нұсқау бойынша екі түрлі норма енгізілді. Бірі-көшпелі, екіншісі-отырықшы калып нормасы. Осы екі норманың қазақ қайсысын алғаны дұрыс дегенге байланысты, Әлихан Бөкейхан кезінде "Қазақ" газетінде былай жазған еді: "Айқап"-ты һәм "Қазақты оқушылар көріп жүр, біз қазақ жұртына ақыл берушілерді екіге бөлдік. Біріміз- қазаққа жаудан олжа, 15-тен жер ал дейміз, біріміз – бұған жуыма, түк олжа болмайды дейміз. Талас дүние — ғүмыр сипаты, талас-тартыс жоқ болса, ғұмыр - абақты болар еді. Айыр сөзде айып жоқ,- дей келіп: "Біздің ақылымызша, адам баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен, көп жылдарда аударылады. Мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, орыс 15-тен жер берді деп егінші бола қоймайды. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады. Біз, қазақ-ау, 15-тен жер алмай тұрып жан-жағына қара дейтініміз, қазақ 15-ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ; бұған мал бағылмайды...",- деп мәселенің саяси бүркеулі астарынан хабардар еткен-ді. Алайда қазақ осы екі шаруашылық қалыптың бірін тандауға келгенде патша әкімшілігі жүргізген құйтырқы саясатының қақпанына түсіп, ата қонысы - тіршілік көзі шұрайлы жерінен айрылып, соңы өкінішті оқиғамен аяқталып отырды. Қазақ қоғамындағы өте-мөте көкейтесті бұл мәселені дұрыс мағынасында зерделеп, күллі қыр-сырын, толып жатқан нәзік иірімдерін меңгеріп және өз білігін ел-жұртқа жете түсіндіре алуын оқыған ұлт зиялыларынан уақыттың талап етуі - өмірлік қажеттіліктен туған еді [7].



Міне, Ресей империясының басқару жүйесіне қарсы 1905-1907 жылдардағы орыс революциясының жойқын дүмпуі Дала өлкесін де шарпып, қазақ зиялыларын саяси белсенді күрес майданына алып шықты. Қазақ оқығандары халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмірдегі теңсіздігін, демократиялық қарапайым құқының жоқтығын тілге тиек етіп, ел арасында түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізген листовкалар таратып, петиция үлгісіндегі жоғарғы мәртебелі билік иелеріне талап қойды. Патша әкімшілігі елдегі саяси-әлеуметтік шиеленістің шешімін тауып, алдаусырату мақсатымен бірсыпыра демократиялық жеңілдіктер жасап, талап-тілектерін орындауға мәжбүр болды. Әсіресе, заң шығаратын жоғарғы орган Мемлекеттік Думаға қазақ халқының мүддесін қорғайтын ұлт өкілдерінен депутат сайлауға, ана тілінде төл мерзімді баспасөз құралының жарық көруіне қол жеткізуі сөз жоқ, сол дәуірдегі ел қамын жеген зиялы жандардың үлкен жеңісі еді. Ұлт зиялыларының Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмүхамедұлы, Жақып Ақбайұлы сынды бұл тобы патша өкіметі тұсында да, кеңес дәуірінде де талай мәрте жер аударылып, абақтыға жабылды, қуғын-сүргінге ұшырап, ең соңында "халық жауы" ретінде атылып тынды. Мұнан біз халқының бақыты үшін тарихи кажеттіліктен дүниеге келген қайсар да өр ұрпақтың өкілдері - жаңа сапалы өркениеттің талабына сәйкес от-жалында әбден шыңдалған ұлттың шын мәніндегі саяси-рухани көсемдерінің қатал заманның сынына шыдап, елеулі оқиғалардың бәрінен өздері бастаған ел- жұртты абыроймен алып шыққанын көреміз.
Әдебиет


  1. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.- Алматы: Санат, 1995.

  2. Қойгелдиев М.Қ. Ұлттық саяси элита. – Алматы: Жалын, 2004. – 399 б.

  3. Озғанбай Ө., Құрманбеков Б. Қайраткер Алпысбай Қалменов.-Алматы: Нұрлы Әлем, 2006.

  4. Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 253 б.

  5. Рүстемов С.К. Алаш қозғалысы мен башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдері арасындағы өзара байланыс тарихынан // Отан тарихы. – 2007. – № 4 (40). –Б. 41–49.

  6. Шілдебай С. Түрікшілдік және Қазақстандағы ұлт–азаттық қозғалыс. –Алматы: Ғылым, 2002.

  7. Абдуақап Қара. Мұстафа Шоқай.-Алматы: Арыс, 2004.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет