"Хабар" телеарнасындағы атышулы ток-шоу көрермендердің наразылығынан соң жабылған еді. 28 наурыз күні Мәжіліс отырысында "Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынған скрин

Кемелбек Ойшыбаевтың сөзінше, қателік "Хабар" агенттігінің серіктесі саналатын өндіріс тарапынан орын алған.

"Ақпараттандыру бағытында біз мемлекеттік саясатты ұстанып, негізгі жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бізге осы эпизодты сценарий ретінде бергенде бұл нәрселерге мән бермедік. Мәселен, басты кейіпкеріміздің күйеуі бағдарламаға қатысады деген әңгіме болмаған еді. Кейіннен бұл мәселенің продюсермен келісілгені айтылды. Біз өз қателігімізді мойындадық, бас кейіпкер мен көрерменнен кешірім сұрадық.Ток-шоуға қатысқан адамдарға шара қолданылды. Сценарийді қабылдаған бас продюсер жұмыстан кетті. Біз шоудың жүргізушілерін енді эфирге жібермейміз. Өзім барып басты кейіпкермен кездестім. Оған да өз көмегімізді көрсеттік. Мұны жүйелі жұмыс деп қабылдауға болмайды. Мұны бір реттік қателік, олқылық деп қабылдаңыздар", — деді Кемелбек Ойшыбаев.

Айта кетейік, бұған дейін “Бірақ…” бағдарламасының алғашқы шығарылымында күйеуінен ұзақ уақыт бойы таяқ жеп жүрген әйел келіп мәселесін айтқан еді. Желідегі жазылған пікірлерде әйелдің ток-шоуға күйеуінің келетінін білмегені айтылады. Бағдарлама барысында күйеуі ортаға шығып, ұйымдастырушылар ұсынған гүлді әйеліне беруге ұмтылады. Алайда әйел одан көп қорлық көргенін алға тартып, гүлді алудан бас тартады. Осы сәтте жүргізуші “рамазан айы” екенін еске салып, татуласуға шақырады. Бірақ әйел бағдарламаның ортасында қатты қорқып, жылап қалғанын көруге болады. Тіпті жүргізушілер де осы сәтте не істерін білмей, абдырап қалғаны байқалды.

Осы хабардан соң желіде “Күйеуінен таяқ жеген әйелге көмектесудің орнына қайта күйеуіне қосуға тырысты, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұма қарады” деген сын көбейді. Кейбір адам телеарна әйелді жұрттың алдында қорлады деп бағдарламаның жабылуын талап еткен.

Көпшілік арасында дау тудырған жағдайдан кейін "Хабар" агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев көпшіліктен кешірім сұраған.

Кейіннен  мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ток-шоудың жабылғанын хабарлады. 

Еске салайық, жақында "Бірақ…" ток-шоуының қатысушысы даудан соң алғаш рет мәлімдеме жасаған еді. Ол атышулы ток-шоудан кейін қандай күйде жүргенін айтқан болатын. 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.