Алматы қаласының төтенше жағдай департаменті жер сілкінісі кезінде не істеу керегін және қауіпсіздік шаралары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: apartmentguide.com

Төтенше жағдай кезінде басты назарға алатын 11 дүниені есте сақтау керек:

  • Сабырлы болыңыз, үрейге бой алдырмаңыз;
  • Дүмпу кезінде жеделсаты мен сатыны қолданбаңыз;
  • Жиһаздардан, терезелерден және аспашамдардан аулақ болыңыз;
  • Қауіпсіз жерді тауып, тығылыңыз. 

Мамандар жоғарғы қабаттарда тұратын адамдарға есіктердің босағасына, үйдің сыртқы қабырғаларының бұрыштарына тұруға кеңес береді.

  • Жерасты дүмпуі басылған соң ғимараттан тез арада шығып кетуге тырысыңыз;
  • Жоғары қабатта болсаңыз, баспалдақтармен түскенде қабырғаларды бойлап жүріңіз, алайда оның сыртқы бұрыштарына жақындамаңыз;
  • Суды, газды және электр қуатын өшіріңіз;
  • Алдын ала дайындап қойған дабыл сөмкесін өзіңізбен бірге алуды ұмытпаңыз;
  • Жерасты дүмпулері қайталануы мүмкін, дайын болыңыз;
  • Қарт адамдар мен мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетіңіз. 

Төтенше жағдай департаменті жер сілкінісі кезінде адамдардың жиі жіберетін қателігіне де тоқталды.

  • Үрейге бой алдыруға болмайды. Оның салдары қателіктер мен қауіпті жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін. Қатты қорыққан адам терезеден секіріп кетіп немесе кіре берісте кептеліс тудырып жатады. 
  • Дер кезінде сыртқа шығып үлгермесеңіз үйді паналаңыз. Бірақ әдетте адамдар терезе, батарея жанында, сыртқы қабырғалар мен балкондарда бас сауғалайды. Бұл өте қауіпті. 
  • Жер сілкінісі кезінде адамдар үйдегі тұрмыстық техникаларды ұстап қалуға тырысады. Мұның соңы ауыр жарақаттарға әкеліп соғады. Жанын сақтап қалудың орнына, қымбат заттар мен құжаттарды іздеп, уақыт жоғалып жатады. 
  • Ғимараттан шыққан адамдар кіре берісте тұрып дүмпудің басылуын күтеді. Бұл уақытта балконнан, шатырдан құрылыс материалдарының сынған бөліктері құлап кетуі мүмкін. Сол себепті ашық алаңда қалған абзал.

Дабыл сөмкесінде не болу қажет?

  • Құжаттар. Отбасы мүшелерінің туу туралы куәлігі мен жеке куәлігінің көшірмесін жасап алыңыз. Сондай-ақ жүргізуші куәлігі, неке қию туралы куәлік және шетелдік төлқұжаттың да көшірмесі болғаны дұрыс. 
  • Ақша. Сөмкеде қолма-қол ақшадан бөлек бірнеше банк картасының да болғаны жөн. 
  • Су. Отбасындағы әр адамға кемінде 2 литр су қажет. Пластикалық бөтелкелерге су толтырып алған артық етпейді. 
  • Тамақ. Барынша тойымды тіскебасар алған дұрыс. Мысалы, тәтті тоқаштар мен консервілер. 
  • Жеке бас гигиенасы да өте маңызды. Сөмкеге сабын, дәретхана қағазы, ылғал майлықтар мен антисептикалық гель салып алыңыз. 
  • Жылы киімдер мен көрпені де ұмытпаңыз. Реті келсе, синтетикалық матадан жасалғаны көрпені алыңыз. Олар жеңіл әрі көп орын алмайды. 
  • Су өтпейтін сірңіке алғаныңыз жөн. 
  • Төтенше жағдай кезінде телефондағы байланыс ұстамай қалуы мүмкін. Мұндайда құтқарушылармен байланыс орнату үшін радиоқабылдағыш пен ысқырғыш таптырмас дүние. 
  • Жарық болмаған кезде қалташам қажет болады. 
  • Сондай-ақ қажетті дәрілерді де ұмытпаңыз.

  • Автор: Жанара Кенжебекова

    Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.