Алматыда лай көшкінінің кесірінен бір отбасы көз жұмды. Осы кезде үйде анасы, екі жасөспірім және олардың өгей әкесі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Құтқарушылардың айтуынша, төтенше жағдай топырақтың батпақтануынан болған. Бірақ жергілікті тұрғындар бұған ағаштарды кесу мен құрылыстың бақылаусыз қалғаны себеп болғанына сенімді. 

Тау-Самал ықшам ауданындағы көшкін түнгі екілер шамасында болды. Лай ағыны екі тұрғын үйді басып қалды. Үйлердің бірі жартылай зақымданған, ал екіншісін толық шайып кетті. Іздеу операциясы тоғыз сағатқа созылған.

“Бұл – көлемі 3 мың текше метрден асатын балшық массасы. Саз массасы іздеуді қиындатады. Содан кейін еңістің тік болғаны, үлкен көлемді болғаны әсер етті. Ал мұндай шыны, арматура дегеннің бәрі ​ іздеу барысын қиындатады”, – деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова.

Марқұмдардың туыстары мен жақындары болған оқиғаға сенбей отыр. Олар отбасының болашаққа үлкен жоспарлары болғанын айтады.

“Менің осында досым тұратын, ағасы, анасы мен әкесі болған. Барлығына хабарласуға тырыстым, ешкім тұтқаны көтермеді. Біз жазда мотоцикл сатып алып, айналаны аралап шығуды жоспарлағанбыз, сол үшін ақша жинадық”, – деді Тау Самал ауданының тұрғыны Максим Еремеев.

Бұл оқиға жергілікті тұрғындарды алаңдатып қойды. Олар қайғылы оқиғаның алдын алуға болатынына сенімді. Ағаштардың жойылып, оның бейберекет игеріліп жатқаны туралы халықтың арыз-шағымына биліктің жауап беруін сұрайды.

“Бұл жерде алма бақтарының егілгені бекер емес еді, өйткені ағаштардың тамыры артық ылғалды сіңіріп, мұндай көшкіндердің пайда болуына жол бермейді. Бұл мәселе қаламыздың барлық тау бөктерінде өзекті. Өйткені 2010 жылдан кейін мемлекеттік қабылдау тоқтатылып, су құбырының қалай жүргізілгені белгісіз, қаншама заңсыз құрылыстар пайда болды”, – деді алматылық Василиса Қуанышева.

Каменский үстіртіне қарай жоғары қарай созылып жатқан су құбыры көшкін тудыруы мүмкін еді, дейді алматылықтар.

“Бұл – ауыз су өтетін құбыр. 5-6 жыл бойы су жиналып, онда сұйық масса пайда болды, бұл сұйық масса төмендеді. Мен әкімдікке, адамдардың қауіпсіздігіне жауапты барлық ұйымдарға жаздым. Бірақ ешкім шара қолданбады”, – деді тұрғын Тұралы Өнербаев.

Медеу ауданының әкімдігі тарату желілерінің стандартқа сай емес екенін атап өтті. Олар мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін қазір мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатқандарын баса айтты. 

“Алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін өткен жылы тарату желілерін салудың жобалық құжаттамасын әзірлеуге кірістік. Барлығына Балқаш су көзін, жаңа құдықтарды көрсеттік. Бұл бірінші кезең болды. Ал екінші кезеңде тарату желілерін салу және су құбырымен қатар кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізілді. Өйткені таулы аймақтарда, мұндай топырақтарда септиктерді пайдаланатын көптеген жеке үйлер де қауіпсіз емес”, – деп мәлімдеді Медеу аудандық әкімі Еркебұлан Оразалин.

Алматы әкімі Ерболат Досаев та оқиға орнын аралап көрді. Оның тапсырмасы бойынша оқиғаның себептерін анықтап, көшкінді жою үшін арнайы топ құрылды. Әкімдік жерлеуді ұйымдастыруға көмектесуге уәде берді. Белгілі болғандай, марқұмдардың артында үлкен ұлы қалды. Ол Ресейде білім алуда. Қала билігі оның білім алуына және басқа елде тұруына қаржылай қолдау көрсетпек.

Ал көз жұмған екі бала мектеп бітіруі керек еді.

Еске салайық, Алматыдағы Медеу ауданында 8 ақпанға қараған түні сел жүріп, екі үй зақымданған еді. Оқиға орнына келген құтқарушылар үйде болған 4 адамды іздестірген. ТЖД құбырдың жарылуы селдің алдын ала себебі болуы мүмкін екенін айтқан. 

Көп ұзамай лай көшкіні салдарынан қираған үй астынан 1984 жылғы ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылғы егіз жасөспірімдердің денелері табылған еді.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.