Рухы мыќты майдангер



жүктеу 110.22 Kb.
Дата06.01.2018
өлшемі110.22 Kb.

РУХЫ МЫҚТЫ МАЙДАНГЕР

Егемен Қазақстан, 6 мамыр,2010 ж.



Мадияр Молдалиев ақсақалдың жасы бүгінде тоқсанның табалдырығынан аттағанымен ойы да, бойы да сергек қалпында

1940 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Георгиев­ка деген шағын ауылдағы мектеп-интернатты бітірген Мадияр Молдалиев  небәрі он тоғызда бо­ла­­тын. Жас болса да болашаққа жаңа­­ша көзқараспен қарап, биік мақсаттарға жетуді арман етіп, алға ұмтылған ол он сегіз жасынан бас­тап-ақ сол кездегі БК(б)П қатары­на кандидаттыққа өтіп үлгерген еді. Жасы жиырмаға тол­ғанда, 1941 жылы мамыр айында әскер қатарына алынып, Мәскеу түбіндегі 497-ші гаубица (атқыш­тар) полкі­не жіберіледі. Онда бір айдай ғана уақыт оқу-жаттығудан өтер-өтпес­тен соғыс басталып кетті.

Осылайша ол Брянск бағытын­дағы қан майданның қызған орта­сынан бір-ақ шығады. Соғыстың алғашқы айлары болғандықтан неміс-фашист басқыншыларының әуелдегі қарқыны тіпті жойқын болатын. Алғашқы ұрыстарда-ақ Мадияр Молдалиев қатысқан полк­­тегі зеңбіректер істен шыға бас­тады, шындығын айтқанда, жау­дың озық үлгідегі мотоат­қыш­тар қаруы басымдық көрсетіп, қатер төндіріп-ақ тұрды. Өмір мен өлім жағалас­қан, кескілескен ұрыстар­дың бірін­де бұлардың полкінен небәрі жиыр­ма шақты жауынгер ғана тірі қалады. Олар­дың өзінде де жауға төтеп беретін қару-жарақ жоқтың қасы еді. Аман қалғандар­ды дереу 16-шы айрық­ша жаяу әскер бригадасына қосады.

Сөйтіп, олар Дондағы Ростов қаласын немістерден азат ету үшін жүріп жатқан жан алып, жан беріскен қырғын соғысқа қатыса­ды. Жау қанша екпіндеп, ажал төндіргенімен Мадияр Молдалиев құрамында болған рухы мықты бөлім әскерлерінің жігерін мұқалта алмайды. Бойларында Отанға деген зор сүйіспеншілігі бар қаһар­­ман ұландар күші басым жау­ға жай оғындай атылып, олар­ды дүркірете қуып, қаланы азат етеді. Осылайша олар алғашқы­лар­дың бірі болып күллі кеңес армиясына рух беріп, ғаламат ерліктің үлгісін көрсеткен еді. Осы ұрыста оқыстан келіп жарылған жау снарядының жарық­шағы тиіп, Мадияр ауыр жарақат­танып, гос­питальға түседі. Әуелі Кисло­водскі­дегі, сосын Еревандағы гос­питальдан соң жарақатының ауыр­лығына байланысты Мадияр­ды елге қайтарады.

Елге оралған соң Мадияр Мол­далиев  бейбіт еңбекке бірден ара­ласып, ауданда есепші, сосын бух­галтер болып жүреді. Біраз уақыт өткен соң кадрлар жөніндегі инс­пек­тор болып қызмет ете бастайды.

Адам өмірінде жақсы бір өзгеріс болайын десе әп-сәтте ғой. Тағдыр­дың бұйрығымен ол 1943 жылы Алматыға келеді. Өзіне бейтаныс үл­кен қаланы қызықтап келе жа­тып, Чайковский көшесі­нің бір бұ­ры­­шындағы ғимараттың маңдай­ша­сынан Алматы мемле­кет­тік заң инс­­титуты деген ірі жазуларға көзі түсе кетеді. Оқу-білімге деген арма­ны қайта оянған ол аталған жоғары оқу орнының есігін ашады. Осы­лайша Мадияр Молдалиев заң жо­лын­дағы алғаш­қы қадамын аттаған еді.

…1946 жылы Заң институтын ойдағыдай тәмамдаған ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ленгір ауданына прокурордың көмекшісі болып құқық қорғау саласындағы еңбек жолын бастайды. Институт қабырғасында алған білімін қыз­мет тәжірибесіне шебер қол­дана білген азаматты 1949 жылы сол кездегі Талдықорған облысы, Андреев ауда­нының прокуроры етіп таға­йындайды. Аз уақыттың ішінде-ақ өзін алғырлығымен білікті маман ретінде көрсете біл­гендіктен 1953 жылы Кеңес Одағы прокура­тура­сының бір жылдық мамандығын жетілдіру курсына шақырылып, Мәскеуде білім деңгейін көтеріп қайтады да, Қазақ КСР-інің про­кура­турасына аса маңызды істерді тергейтін тергеуші ретінде қыз­мет­ке тағайындалады. Бір жылдай уақыт тергеушілік қызметтің қыр-сырын игерген жас та алғыр азамат көп ұзамай Батыс Қазақстан облы­сы прокуроры­­ның орынбасары болып қызметке кіріседі. Осы қызметте табаны күректей сегіз жыл аса жауап­кер­шілікпен қызмет етіп, мемле­кет­тің, заңның ұстанған қағидат­тарына шын жүрегімен беріле еңбек етіп, әділдікті ту етіп ұстаған ол құқық қорғау саласында адал­дықтың, кәсіби іскерліктің тамаша үлгісін көрсетіп, Қазақстан мем­лекеті үшін аянбай тер төкті. Оның заң саласындағы қызметін­дегі кәсіби біліктілігі жоғары баға­ланып, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып таға­йындалады.

Ерен еңбегі мен заң әділдігін орнатуды үнемі бағдар етіп ұстан­ған ол қазақстандық про­куратура қызметкерлері арасынан бірнеше рет халық қалаулысы болып депутаттыққа сайланған.

Прокуратура ардагері Мадияр Молдалиевтің жасы бүгінгі таңда тоқсанға толып отыр. Ол тоқсанға келсе де ширақ қалпында. Әлі де көп оқиды, көп ойлайды, қайна­ған өмірге деген құлшынысын бірде-бір кеміткен емес. Төрт ұл өсіріп, тәрбиелеп, олардан немере-шөбере көріп отырған абыройлы ақсақал. Көп көрген көп түйеді деген нақыл сөз Мадияр ақсақалға арналып айтылғандай. 1995 жылға дейін, яғни жетпіс бес жасқа кел­генше Атырау облыстық прокура­тура­сын­да қызмет етіп, ұзақ жылдар құқық қорғау органына адал еңбегі сіңген ол бүгінгі тоқ­санға келген шағында да іздену, кітап оқу, айналада бо­лып жатқан өмір, қоғам құбылыс­тарына да өзіндік терең толғаммен ой түюден жалыққан емес. Осын­дайда “Ға­сыр жасасаң ғасыр бойы үйрен” деген орыс мәтелі еріксіз есіңе түсе­ді. Тоқсанға келгенше кәрі­лік­ке бой бермей, үнемі сергек күйде болуына әуелгі себеп – көлік атаулыға көп көңіл бөлмей, жаяу жүруді әдетке айналдырғаны болса керек. Өзі тұратын үйдің бесінші қабатына өздігімен еш қиналыс­сыз шығып-түсе береді. Әлемдегі тоқ­сан жасқа келгендер жарысын ұйым­дастырса, Мадияр ақсақал қазақтың туын желбіретіп, әлемге қазақтың қандай екенін көрсетіп, маңдайы жар­қырап, бас жүлдені алатынын сенім­мен айтады. Оған біз де шүбәсіз сендік.

Жастайынан отызыншы жыл­дар­дың аштығы мен ел басына төнген нәубет жылдарды басынан кешіріп, одан соң сұрапыл соғыс­тың қан майданында оқ пен оттың арасынан аман шығып, соғыстан соңғы жылдардағы ауыртпалық тақсіретін тартса да Мадияр ақ­сақал­дың қашан да рухы түскен емес. Қай кезде де тағдырдың тап кел­ген қатал сынын қайыспай қар­сы алып, қасқая қарап, еңсесін тік ұстап, тек алға қарай жүре білді. Сол тік тұлғалы қалпынан таймаған күйінде жүз деген ғасыр құрдасына қарай ширақ адымдап келеді.



Шаяхмет АЛЖАНБАЙ, журналист.

АЛМАТЫ.


ҚҰРМЕТТІ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ!

Сіздерді Ұлы Отан соғы­сын­дағы Жеңістің 65 жылдық мерей­тойы­мен шын жүректен құттық­таймын.

Бұл – Отан қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісі болып адамзат шежіресінде мәңгі жазылып қалған ең айтулы мереке. Ар мен намысты, Отанына деген адал­дық пен еліне деген жан­қияр­лықтың үлгісін көрсеткен батыр­лардың рухы алдында кейінгі ұрпақ әрқашан бас иіп, қан майданда от кешкен қаһармандарға тағзым етеді. Сіздер ел басына күн туған сол бір қаһарлы күндері ерлік пен ел­діктің өшпес өнегесін көрсетті­ңіз­дер, адам төзгісіз қиыншы­лық­тар­ды қайыспай көтеріп, елдің қамал-қорғаны бол­дыңыздар. Сіз­дер сияқты жеңімпаз ұрпақтың ерен ерлігі қашанда жалындаған жігердің, өршіл рухтың, Отаны­мыздың еркіндігі мен тәуел­сіздігі жо­­лын­­­дағы біздің халқымыз­дың құрыштан құйылғандай берік бір­лігінің жарқын үлгісі болып қала береді.

Сіздер секілді ардагердің бірі­нен туған ұл ретінде айтарым: төгіл­­ген қан мен тер арқылы кел­ген, халқы­мыз үшін тым қым­батқа түскен осы Ұлы Жеңістің мәні мен маңызын терең түсініп, қашанда қастерлей білу, артын­дағы елі мен жері үшін етігімен су кешіп, Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау – бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы. Өйткені, олар­ға деген құрмет – ата-баба рухына құрмет, тарихқа тағзым.

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Адамзат тарихындағы ең қанды қасап басқыншылыққа қарсы 1 млн. 700 мың отанда­сымыз Брестен Берлинге дейінгі барлық майданға қатысып, ерлік­тің ерен үлгісін көр­сет­ті. 500-ге жуық қазақстан­дықтың Кеңес Одағының Батыры атағын, жүз мыңдаған батыр баба­ларымыз­дың орден-медальдармен марапат­тал­ғаны сол ерліктің дәлелі. Өзі­нің қолбасшылық дарыны мен батыр­лығының арқасында дүйім жұртқа даңқы жайылған Бауыр­жан Момыш­ұлы, қаһарман қыздары­мыз Әлия мен Мәншүк, нағыз дала қыраны Талғат Бигелдинов, Жеңіс туын желбіреткен Рақым­жан Қошқарбаев сынды батыр­ларымыз ерен ерліктің үлгісін көрсетті.

Соғысқа қанша адам қатысса, солардың әрқайсысы бір-бір тарих. Ерен ерлік ұмытылмақ емес. Со­ғыс­тың бар ауыртпалығын иығы­мен көтеріп, ғаламат қиын­шы­лық­тарды белден кеше жүріп ерен еңбегімен жеңісті жақын­датқан тыл еңбеккер­лерінің ерлігі де өз алдына бір тарих.

Сіздер халқымыздың мыңда­ған ержүрек ұлдары Отан үшін шейіт болған сұрапыл соғыстың ішін­де болып, көзімен көрген май­­дангер­сіздер. Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестеріңіздің даңқы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете берері сөзсіз. Бүгінгі біздер­дің жетістіктеріміз кешегі сіздер­дің жеңістеріңіздің жарқын жалғасы.

Жеңіс күні құтты болсын. Өздеріңіз сыйлаған бейбітшілік күнінің шуағы мен ел құрметіне бөленіп, ұзақ ғұмыр кешіңіздер!

Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.

ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРІ

1943 жылдың желтоқсаны. 5-ші гвардиялық бригаданың дала госпита­лі. Үлкен Белозерка және кіші Бело­зер­ка елді мекендері үшін болған қыр­ғын шайқаста жараланған жауын­герлерде есеп жоқ. Қақаған қыста жар­тылай қира­ған қос қабатты үйге орналасқан дала госпита­лінің опы­рылған бір бұрышын брезент­пен қым­тап қойыпты. Операция бөлмесі. Жаға­лай қатарлас­тыра қоя сал­ған зем­біл­дердің үстінде жатқан жаралы жауын­герлердің жанай­қайынан құлақ тұнады.

Операция столына ұзын бойлы жас жігітті әкеліп салды. “Пулемет­ші­лер взво­ды­ның командирі Қоңды­бай Жек­сенбаев. Оң иығына снаряд жарықшағы кірген”, – деді санитар қыз дәрігер­ге. Маң­дайынан бұршақтаған терін бір сүртіп, еңгезердей дәрігер жаралы жауынгерге жақын­дады. Жас жігіт ессіз жатыр екен. Дәрігер оның жарасын таңған шоқпыттарды қайшымен қиып тастады. Оң иықтың қоң етін боршалап кеткен жарықшақ бұғанаға бой­лай кіріп кеткен сияқты. Скальпелмен тілгілеп, төс сүйек­ке қадалған пы­шақ сынығындай снаряд жарық­шағын суырып алып, жарақат орнын тазарта бастаған дәрігердің көзі сүйекке қадала жылтырап тұр­ған тағы бір темірге түсті. Ол денеге жабысқан темірді пин­цет­пен қысып, жұлып алды. Спиртке салып, қан­нан тазартып қараса, кішкентай бес бұрыш­ты жұлдыз­ша екен. Кәдімгі офицер­лердің шенін айқындай­тын кішкене жұлдызша. Тәжірибелі дәрігер жағдайды бірден түсінді. Ол санитар қыз­ға қарап: “Бұл жігіттің әскери атағы қан­дай?” – деді. “Аға лейтенант”, – деді санитар қыз тақ етіп. Иық­қа кірген снаряд жарықшағы екпінінің күшті­лігі сондай, погондағы офицер белгісінің жұлдызша­ларын да сом балғамен соққандай денеге сіңіріп жіберген. Бір жұлдызша табылды. Енді екі жұлдыз­ша қайда? Тағы да операция жасау керек. Дәрігер ауыр күрсініп, қажыған кейіппен пыша­ғын тағы қолға алды. Жас жігіттің оң жағын түгел кескілеп, ақы­ры кеуде сүйектің көк етіне сіңіп кеткен қос жұл­­дыз­ды да тапты… Ертеңіне есін жиған жаралы жігітке бармақ басындай жарықшақпен бірге үш кішкентай жұлдызшаны ұсынып, болған жайды баяндады…

Қарт майдангер Қоңдыбай Жексенбаевтың жеті жылға созылған ұзақ майдан жолының бұл бір көрінісі ғана. Сұрапыл соғыс басталар шақта Түркі­менстандағы Байрамалы ауыл шаруашы­лы­ғы техникумын бі­тір­ген он тоғыз жа­сар Қоңды­бай май­дан­ға алы­нып, 1942 жылы Кушка қала­сын­дағы 1-ші Түркі­стан пуле­метшілер коман­дир­лерін даяр­лайтын учи­лищесін бітіріп, соғысқа атта­нады. 8-ші гвар­дия­лық ар­мия­ның 50-ші ат­қыш­­тар ди­ви­зия­сы­ның 359-шы пол­­кі­нің құрамында пуле­­­мет­­шілер взво­ды­ның ко­ман­дирі ретінде Изюм қала­сы үшін болған шайқас­қа қа­ты­­сып, жауын­герлік жолын баста­ды. Не­ше күнге со­зыл­ған осы шай­қаста ауыр жарала­нып, госпи­таль­ға түс­ті. Бірер ай емде­ліп, тағы соғысқа кірді. Тағы жараланды. Госпитальда біраз емделіп, жарақаты сәл жазыла бастасымен-ақ Қоңдыбай Сауранбайұлы тағы да алғы шепке сұранды. Бұл жолы оны 8-ші армияның 79-шы атқыштар дивизиясына зенитші-пулеметшілер взводының командирі етіп жіберді.

Майдан шебіне келген алғашқы күні Қоңды­байды рота командирі, Кеңес Одағының Батыры Василий Зайцев қабылдады. Кеудесінде ерен ерлігінің белгісі – Алтын жұлдызы жарқыраған осы жігітті алғаш көргенде Қоңдыбай аға оны­мен өзінің достығы ұзаққа жалғасатынын ойлаған жоқ еді. Тағдыр оны өзі қиылыстырды. Екеуінің достығы көп кешікпей Одесса қаласын азат ету жолындағы шайқаста от пен оқтың арасында шың­далды. Атақты қала үшін болған бұл шайқас Ұлы Отан соғысының тарихына өшпестей болып жазылған. Даңқты қолбасшы, маршал В.И.Чуйков өзінің естелі­гінде, аға лейтенант Зайцев басқарған зенитші-пуле­мет­шілер ротасының ерлік қимыл­дарын сүйсіне баян­дап, жоғары баға берген.

Біздің жауынгерлердің қалаға бірден басып кір­ген алғашқы тегеурінді ша­буыл­дары бірнеше рет сәт­сіз­дікке ұшырады. Де­ген­мен, жау жағы да әбден титық­тады. Енді бір жой­қын шабуылға шы­да­май­тын түрі бар. Дәл осын­дай бір шешу­ші сәтте рота коман­дирі Василий Зайцев екі аяғынан бірдей ауыр жара­ланды. Қансы­рап жат­қан ко­мандирінің қасына бірін­ші болып жеткен Қоң­­ды­бай оны арқасына салып, жер бауырлай жыл­жыған күйі оқ бораған алаң­­нан алып шықты. Бір сәтке есін жинаған Зайцев Қоңды­байды құшағына қатты қысып, дереу ротаға басшылық жасауға бұйрық берді. Қоңдыбай жаралы командирін соңдарынан жеткен санитарға тапсырып, ротаны шабуылға көтеріп, қаланың шетіне бірінші болып басып кір­ді. Ұрыстағы ерлігі мен ротаны бас­қару­дағы тап­қырлығы үшін Қ. Жексенбаев “Қы­зыл Жұл­дыз” орденімен наградталды. Шайқас­тан ке­йін госпи­тальда жатқан Зайцевті тапты. Ол осыдан кейін соғысқа кіре алған жоқ. Бірақ екеуі­нің ара­сын­дағы достық Жеңістен кейін жалғасын тапты.

Бүкіл Еуропадан аяқ тірейтін жер таппай қан­­сырай жылыстаған жау соңғы бекінісі – Берлинге келіп тығылып, жаралы жыртқыштай жанталаса қар­­сы­ласып жатыр. Екінші дүние­жүзілік соғыс тарихында фашистер дәл Берлинді қорғағандай өлер­мендік танытып көрмеген шығар. Берлинді алу – біздің жауынгерлер үшін бүкіл әлемге Ұлы Жеңіс­ті паш ету, Берлиннен айырылу – гитлер­шіл­дер үшін өлім үкіміне қол қою. Сондықтан Бер­лин үшін шай­­қас – нағыз өмір мен өлім тайтала­сына айнал­ды. Әрбір көше, әрбір үй үшін болған ұрыс­­тарда соғыс түтініне ысталып, оққа шыңдал­ған зенит­шілер небір ерлік үлгісін көрсетті. Бір шай­қаста Қоң­ды­байдың жігіттері қатарынан жау­дың екі само­летін атып түсірді. 3 мамырда Қоңды­бай Жек­­сен­­баевтың ротасы ша­буыл­даған учаскедегі неміс­тер ақ ту көтеріп, тұт­қынға берілді. Бұл Ұлы Жеңіс­тің алғашқы нышаны еді. Берлинді тізе бүк­тір­геннен кейін Қоңдыбай Сауран­байұлы І және ІІ дәре­желі “Отан соғысы” орден­дерімен марапат­талды. Бірне­ше күннен кейін жиырма төрт жастағы капитан Қоңдыбай Жексен­баев кеңес халқының тарих­тағы теңдесі жоқ Ұлы Жеңісінің куәсі болды. Фашизмнің ордасы – Рейхстагтың, төбесінде Жеңіс туы желбіреді. Дүние жүзі фашизмнен азат етілді.

Сол күндері Қоңдыбайдың көз алдына туған жер, артта қалған қарт анасы мен ағайын-туыс­тары елестеді. Ол туған елге асықты. Бірақ жоға­ры басшылықтың бұйрығымен жас капитан Берлин комендатурасында қызметке қалдыры­латын болды. Амал қанша? Бұйрықтың аты бұйрық. Сөйтіп, көпшілік майдангерлер үшін 1945 жылы аяқталған жорық жолы Қоңдыбай Сауранбайұлы үшін тағы да үш жылға созылып, 1948 жылы ғана аяқталған еді.

Соғыстан кейінгі бейбіт күндердегі Қоңды­бай ағаның барлық саналы ғұмыры еліміздің орман шаруа­­шылығын дамыту жұмысымен біте қайна­сып өтті. 1948 жылдан 1953 жылға дейін Семей механи­каландырылған орман шаруашы­лығы­ның дирек­торы болды. 1953 жылы Ақмола өңіріне келді. Осы­дан кейінгі оның бүкіл мағы­на­лы өмір жолы облыс­тың орман шаруашылы­ғын өркен­детуге арналды. Алғаш­қы жеті жылда ол қазіргі Сандықтау ауданының Ма­рал­­ды орман шаруа­шы­лығының директоры қыз­метін атқарды. Ал 1960 жылдан бастап еңбек дема­лы­сына шық­қан­ға дейін Ақмола облыстық орман шаруашы­лығы басқармасының бастығы болып табан аудармай еңбек етті. Бүкіл Арқа өңірі­нің үлкен-кішісі қапсағай бойлы қарт майдангерді әлі күнге дейін “бас орманшы” деп ерекше құрмет тұтады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Ақмола облысы.

“СОҒЫС ТУРАЛЫ ҰЗАҚ ЕСТЕЛІК”

Бұл – жаңа әрі құнды жоба

Ұлы Отан соғысына, қан май­дан­­ға жастары 18-19-ға толар-тол­мас­тан ат­танған­дардың өзі қазірде 80-нен асып, 90-ға беттеуде. Сөйтіп, со­ғыс арда­герлерінің қатары уақыт өт­кен сайын сиреп, азайып бара жа­тыр. Қасиетті Отаны­мыздың қорға­ны болып, қан­құйлы соғыста жеңіс­ке жеткен май­дангерлердің сол бір ауыр жылдар туралы айтқан естелік­тері – бүгінгі және келешек ұрпақ үшін үлкен құндылық екен­дігі сөзсіз. Соған орай, Алматыда “Соғыс тура­лы ұзақ есте­лік” атты жаңа жоба қолға алынды.

Қазақстанның Жастар медиа­ода­ғының бастамасымен дүниеге келген жобаны Алматы азаматтық Альянсы, респуб­ликалық ардагер­лер кеңесі және Алмалы ауданы­ның әкімдігі қолдады.  “Соғыс тура­лы ұзақ есте­лік” атты жобаны жүзеге асыру­шылар – жоғары оқу орнының студенттері, олардың арасында болашақ тарихшылар, филологтар, сондай-ақ жас жур­налистер де бар.

– Біздің алға қойған басты мақ­­саты­мыз – майданнан келген хат­­тарды, фотосуреттерді, әскери құ­жат­­тарды жинақтап, www.pobeda65.kz веб-сайтына орналастыру. Ал, бұл сайт болса өткен жылы құрылған және де ол Казнетте Ұлы Отан соғы­сы тура­лы толық ақпараттық ресурс болып есептелінеді. Атап айтар­лығы, біздер, республика бойын­ша өз пікірлестерімізбен тығыз байланыс орнатуға және оларға көмек қолын созуға мүдделіміз, – дейді жобаға қатысушылар Влади­мир Цымбалюк пен Валерия Мамонова өз ойларын ортаға салып.

“Соғыс туралы ұзақ естелік” жо­ба­­сында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, “Тұран” университеті және өзге де жоғары оқу орын­дарының студент­тері белсенділік танытуда. Олар Ұлы Отан соғысы ардагер­лерінің естелік­терін үнтаспаға жазып алып, тари­хи құжаттарды көшірмеден өткізуде.

– Сөз ретіне қарай айта кетейік, бейтаныс адамдардың өзі “Соғыс туралы ұзақ естелік” атты жоба туралы естіп, біліп, біздерге өздерінің отбасылық құнды мәліметтерін әкеліп тапсыру­да. Біздің мақсатымыз – Отан қорғаушылар ер­лігі туралы мұра­жай құру. Қазір www.pobeda65.kz сайтын­да 100-ге жуық соғыс ардагері туралы ақпарат жи­нақталған. Жұмыс одан әрі жал­ға­суда, 2010 жылдың соңында Мәде­ниет министрлігінің қол­дауы­мен “Со­ғыс туралы ұзақ естелік” атты кітап шы­ғару жоспарлануда, – дейді Қазақ­стан Жастар медиаода­ғының дирек­торы, жоба жетекшісі Светлана Галиева.



Бақыт БАЛҒАРИНА, АЛМАТЫ.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет