Салтанат Нүкенованың жақындары мен достары марқұмның отбасылық өмірі, Қуандық Бишімбаевпен таныстығы жайлы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Динара Сатжанның Үoutube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: видеодан скриншот

Адвокат Жанна Уразбахова Салтанат Нүкенованың ісіне қатысты сот-медициналық сараптама нәтижесін толығымен жариялай алмайтынын жеткізді. Дегенмен марқұм өте көп жарақат алған. Сондықтан іс "Адам өлтіруден" "Асқан қатігездікпен адам өлтіру" бабына ауыстырылған екен. 

"Салтанаттың туыстары бұл туралы бірінші күннен-ақ, мәйітті жерлеуге алып келгенде айта бастады. Бірақ біз сот-медициналық сараптама суреттері мен қорытындысын көргенде таңғалдық, себебі дене жарақаты өте көп. Іс бойынша барлығы 12 сараптама өтті", – дейді заңгер. 

Жанна Уразбахованың айтуынша, тергеу тез аяқталған. Қазір олар іспен танысып жатыр екен. 

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді марқұм қарындасының Қуандық Бишімбаевпен қалай танысқаны туралы айтып берді. 

"Бастапқыда Салтанат кеңес алуға жазылған ер адам туралы айтып жүрді. Бишімбаевты басқа маманмен таныстырғысы келген екен, бірақ ол қоймай Салтанаттың қабылдауына жазылған. Әдетте қарындасым ер адамдарды қабылдамайтын, тек әйелдер еді. Ол (ред. Бишімбаев) Салтанатқа ұзақ хаттар жолдайтын. Біз қарындасым екеуміз дос секілді едік, құпия болмайтын арада. Барлығын айтып отыратын. Бірақ Қуандық оған өте тез, таныстықтан бір айдан соң сөз салыпты, бұл жайлы әлеуметтік желіден білдім. Екеуі күні-түні сөйлескен, Қуандық та өзі туралы барлығын айтып берген. Сөйтіп 2022 жылдың желтоқсанында екеуінің тойы өтті", – деді Айтбек Амангелді. 

Ағасының айуынша, Салтанат пен енесінің қарым-қатынасы өте жақсы болған. Тіпті енесі жиі шай ішуге шақыратын дейді. Бірақ экс-министр осы үшін де отбасыда жиі жанжал шығарған. 

"Білуімше, бастапқыда Салтанатқа отбасылық өмірі ұнаған. Сондай-ақ Жаңа жылды тойлауға мені де шақырды. Бірақ бұл мен үшін ең нашар Жаңа жыл болды. Сол кезде-ақ Қуандықтың отбасы мүшелеріне дөрекілік танытатынын көрдім. Мерекелік кешке қазір қамауда отырған інісі Бақытжан да әйелімен келді. Олар сыйлық алып келген соң Салтанат абысынына иіссуын сыйлады. Бірақ бұл иіссуды Қуандық сыйлаған екен, сол үшін ашуланып, ұрыс шығарды. Сосын жанжалға оның анасы қосылды. Әйткенмен анасына, әкесіне де дөрекі түрде жауап берді. Ал түнгі 12:00-ден кейін үстелді төңкеріп тастаған екен. Мен Салтанатқа өзімнің уайымдайтынымды айтып, байланыста болуын сұрағанмын. Себебі мұның барлығы үрей туғызды", – дейді ол. 

Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың Салтанат Нүкеноваға алғаш 2023 жылдың наурызында қол көтергенін айтады. 

"Сол күні командаммен тимбилдингке барғанмын. Күні бойы телефон ұстамағандықтан, түнде Салтанаттан көп хат келгенін көрдім. Денесіндегі көгерген іздерді суретке түсіріп жіберіпті. "Ештеңе сұрама, сосын өзім түсіндіремін" деп жазған. Бірақ мен бірден қоңырау шала бастадым. Қуандыққа хабарласып, суреттерді оған жібердім. Ол болса "Ашуланба, үйге кел, дұрыстап сөйлесейік" дейді. Барған соң аулаға шақырдым. Бірақ аулада болмағаннан кейін, пәтерге кірдім. Сол кезде арада жанжал туындап, мен Қуандықтың анасына қоңырау шалдым. Үйде Салтанат болмаған соң қорқа бастадым. Сөйтсек Салтанат енесінің үйінде болған екен", – деп қосты марқұмның ағасы. 

Айтбек Амангелдінің сөзінше, Қуандық Бишімбаев өте аз ұйықтаған. Сондықтан Салтанатты да ұйықтатпай, түні бойы сөйлесуге мәжбүрлеген. 

Ал марқұмның құрбысы Индира Қайратқызы Салтанат Нүкенованың денесінде жарақаттарды байқағанын жеткізді. 

"Қазан айында құрбымыздың кешіне жиналғанда Салтанат көзілдірік тағып келді. Көзінің асты көгеріп қалған екен. Бірақ көзінің көгеруін әркімге әртүрлі түсіндірген. Маған таңертең ұйқыдан оянғанда тумбочкаға соғып алдым деді, басқа құрбыма косметологтың қателігі деген. Мұның бәрін соңынан білдік. Сол кезде-ақ Қуандықтың қол көтергенін білдім. Өзінен сұраған едім "Жоқ, ол ұрған жоқ. Бір жайт болса, бірден айтамын" деп жауап берді. Бірақ қайғылы жағдайдан 1 ай бұрын ол хабарласып, күйеуінің қол көтеретінін айтты. Мұның бәрі тергеудің бір бөлігі, толық айта алмаймын. Мен Салтанатқа ажырасу керегін жеткіздім. Екеуі некесін ресми қимағандықтан, кетіп қалса да болар еді. Әйткенмен үнемі Қуандықты қорғайтын, "Ол кезде мен қателік жасадым. Оның қандай адам екенін білмейсің, қанша адамға көмектесті. Мені құрбы ретінде тыңда, ақыл айтудың керегі жоқ" деді. Сол кезде жылай бастады. Қанша жыл дос болсақ та, ешқашан ұрыспағанбыз. Оның үстіне жылағанын да алғаш көруім", – дейді құрбысы. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.