Алматыдағы ірі сауда орындарының бірінде қате жазылған жарнаманы көзіміз шалып қалды. Stan.kz ақпарат агенттігі жарнама иесін тауып, пікір алды.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

Алматыдағы З.Кабдолов ¼ көшесінде орналасқан Grand Park сауда-ойын-сауық кешенінің 5-блогында ілінген маңдайшадағы мағынасыз аударма еріксіз көзге түседі. 

Белгілі Mi интернет-техника дүкенінде "Празднуем переезд скидками" деген сөйлемді қазақшаға "жеңілдіктерді көшумен атап өтеміз" деп жөнсіз аударған. Орыс тілінен тікелей аударылған сөйлемнің мағынасын бала түгіл ересек адам да түсінбейді. 

Дұрысы: "Жаңа жерде жеңілдіктер болады", "Жаңа қонысқа жеңілдіктер бар".

Осы ретте интернет-техника дүкеніне хабарластық.

Дүкен менеджері (өзін Абай деп таныстырды) Grand Park сауда ойын-сауық кешенінен Жаңа жылға дейін, яғни 2024 жылдың басында көшіп кеткенін айтты.

"Сауда кешенінен Жаңа жылға дейін көшіп кеттік. Бұл жарнаманың не себепті әлі тұрғанын түсінбедік. Жаңа көшіп барған жерде мұндай олқылықтың болмауын қадағалаймыз. Орталық айдың соңына дейін баннерді алып тастаймыз дейді. Мердігер (подрядчик) агентство арқылы жасатқанбыз деп отыр. Жаңасына тапсырыс береміз. Ақпаратты бөліскеніңізге алғыс білдіріп жатыр", – деп жауап берді менеджер.

Айта кетейік, бұл жарнама 2024 жылдың наурыз айынан бері әлі ілініп тұр.

Сауда орталығының жарнама бөліміне жауап беретін әкімшілікке хабарласқан едік, алайда телефон тұтқасын көтермеді.

Еске салайық, Stan.kz ақпарат агенттігі 24 мамырда республикалық онлайн диктант өткізеді. Осылайша біз қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесіне жіті көңіл бөлгіміз келеді. Осы ретте енді біз қала көшелеріне шығып, стендтер мен билбордтардағы, жарнама беттеріндегі қазақша жазулардың дұрыс жазылуын тексереміз, қателерін анықтаймыз. Қай жері қате және оны қалай түзеуге болатынын қарастырамыз. Қала көшелерінде, аудан орталықтарында қазақша қате жазылған тіркестерді бізге жіберу арқылы, шараға сіз де атсалыса аласыз!  Қатені фото-видеоға түсіріп, біздің Instagram-ға жіберіңіз.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.