Мемлекет басшысы әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті барлық қазақстандыққа бірдей жағдай жасап, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Президент мемлекеттік бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатқанын еске салды. 

“Кейінгі жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе”, – дейді ол.

Сондай-ақ Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне биыл 2,6 триллион теңге бөлінетінін айтты. 

“Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көп қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс”, – деп тапсырды президент.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.