2 ақпанда Алматы қаласының егжей-тегжейлі жоспар жобасы таныстырылып, жаңа вокзал шамамен қашан салынатыны және құрылыс жұмыстарын кімнің жүргізетіні белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels

Жаңа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында Алматы-3 вокзалының орны нақты белгіленген. Ол Алатау ауданы, Боралдай тас жолы мен Сайын көшелерінің маңынан салынбақ. Үшінші жаңа вокзалдың платформасын, бекетін Қазақстан темір жолы компаниясы, ал маңындағы қаланың ісіне жататын құрылысты әкімдік өз қаражатына салады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қанша қаражат бөлінетіні әлі белгісіз.

“Платформаның өзі шамамен Рахат, Мәдениет шағынаудандарының маңына салынады. Жергілікті әкімдіктің, біздің мерзіміміз 2026, 2027 жылдар деп қарастырып отырмыз. Бірақ біздің жұмыс ҚТЖ салатын платформаға байланысты. ҚТЖ бекетті қалай салып болады, солай біз де дайын боламыз”, – деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

“Алматыгенплан” ғылыми зерттеу институтының басшысы Асхат Сәдуовтың айтуынша, қазір возкалдың техникалық- экономикалық негіздеуі дайындалып жатыр.

“Қазақстан темір жолымен осы вокзал құрылысына қатысты белсенді кездесулер болып жатыр. Келісімшарт жасалған. Бұл жоба жеткілікті белсенді базада. Қазір техникалық- экономикалық негіздеу жағы қаралып жатыр. Шамамен 2-3 жылдың көлемінде қамтылады”, – деді Асхат Сәдуов.

Алматының бас архитекторы жаңа вокзалдың салынуы тағы бір көлік торабы пайда болуына жол ашады дейді.

“Ең бастысы қай жерден салынатыны дайын. Бұл қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (пдп) енді. Мысалы, Қаскелең жағынан келетін адамдар электричкамен келіп, әрі қарай автобусқа міне алады. Болашақта LRT транспорт құралы пайда болады. Соған байланысты біз вокзал салынатын жерден арнайы орын дайындадық. Бұл жер жаңа көлік торабы болады. Саяжай бар, жеке үй салғысы келетіндер бар. Жаңа вокзал салынуына байланысты мұндай құрылыстарды тоқтатамыз. Себебі қазір үй салып қойса немесе коммерциялық үлкен ғимарат тұрғызса, оның бәрі сүріліп кетеді”, – деді Қала құрылысы басқармасының басшысы, бас архитектор Нұрлан Боранбаев.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.