Сан компонентті тұРАҚты тіркестердің Қолданылу ерекшелігі



жүктеу 114.03 Kb.
Дата11.04.2018
өлшемі114.03 Kb.

САН КОМПОНЕНТТІ ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ

Қазіргі таңда тілді антропоцентрлік, яғни, «тілдегі адам факторы» негізінде зерделеу тіл білімі саласында әлі қарастырыла, зерттеле қоймаған маңызды мәселелерді айқындауға жол ашары сөзсіз. Тілдегі адам факторын тануда халықтық танымның тереңінен бастау алатын, қоршаған ортадағы құбылыстарға баға беру, пайымдау негізінде қалыптасқан объективті шындықты бейнелейтін ұлттық сана мен танымның маңызы зор. Олар ұлттың өзіне ғана тән жеке дара және адами қасиеттерін, құндылықтарын, ұстанымдарын танытуда баға жетпес асыл қазына болып саналады. Бұл тұрғыдан алғанда тұрақты тіркестер құрамындағы сан есімдердің қолданысынан ұрпақтан ұрпаққа беріліп, сақталған ұлттық таным ақпаратының санада қалыптасқан мән-мазмұнын, қызметін көруге болады.

Сан есімдер – заттың санын, мөлшерін, шамасын, ретін, қанша екенін білдіретін кез келген тілдегі ірі грамматикалық категория. Сан есімнің негізгі қызметі – сандық, мөлшерлік қызмет. Қазақ тілінде сан есім атау формасында түрленбейді, сан есім тек заттанғанда ғана көптеледі, тәуелденеді, септеледі, жіктеледі. Ал ағылшын тілінде сан есім септелмейді және көптелмейді.

Күнделікті тілдік қарым-қатынаста адамдар тілде бұрыннан жасалып, қалыптасқан лексикалық қорда бар дайын тілдік бірліктер ретінде фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді қолданады.

Бұндай «дайын» тілдік бірліктерде дәстүрлі сандар да киелі сандар да қолданылады.

Біз бұл мақаламызда сан есім компонентті фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің қолданылу ерекшелігіне қысқаша тоқталмақпыз. Өйткені сан есім қатысқан фразеологизмдер, жалпы сөз тіркестері қаншама зерттеліп келе жатса да, оның қыры мен сыры түгел ашылды деуге болмайды.

Сан атаулары фразеологиялық единица жасауда көп қолданылады, қазақ және ағылшын тілдеріндегі діни наным-сенім, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты тұрақты тіркестер тіл байлығы ретінде саналады, сонымен бірге ерте замандардан бергі рухани өмірдің байлығын, оның қыр-сырларын өз бойына жинап, жан-жақты сипаттайды.

Сан атауы сәбидің ана құрсағында болу уақытымен байланысты ерекше қолданысқа ие болған. Сандар адам баласының ертедегі өмірінде уақыт өлшемі, көлем өлшемі жағынан ерекше қызмет атқарған. Мысалы, бұрын бескүндік апта болса, бертін келе апта жеті күннен тұратын болды.

Сан есімдердің ішінде кейбір сандар сандық мәнімен қатар басқа мағынада қодданылуымен ерекшеленеді. Бұндай жағдай осы сандар аңыз-әңгімелерде, жыр-дастандарда, салт-дәстүрлерде және басқа дүниетанымға байланысты қолданылатын тұрақты тіркестерде кездеседі. Сонымен бірге бұл құбылыстың тарихы да арыда жатқаны анық.

Әрбір халықтың ұғымында өзіндік дүниетанымдарынан, тұрмыс-салт ерекшеліктерінен туындаған түрлі тілдік деректер мол сақталған.

Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерде әртүрлі сан есімдер (екі, төрт, бес, алты, сегіз, елу, жүз, мың т.б.) қолданылады. Бірнеше мысал келтірейік: Ердің екі сөйлегені өлгені; жыланды үш кессе де кесірткелік әлі бар; үш нәрсе тұрақтамайды: бірі - саудаға түспеген мал (дүние), екіншісі - таласқа түспеген ғалым, үшіншісі - саясаты жоқ патша; төртеу түгел болса алар, алтау ала болса алдырар; айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады; бес аспап; бес арыз; бес саусақ бірдей емес; алты ай баққан арықты, бір күн ұрынған өлтірер; қырқынан шығару; жеті қазына; жеті өлшеп, бір кесу; жеті атасына бітпеген; жеті атасын білмеген мұрт (құл); тойған үйге тоғыз бар; тоғыз саққа жүгірту; тоғыз тарту (сый); тоғыз жолдың торабы; қырық жеті (қалың мал); отыз тістен шыққан сөз, тоғыз рулы елге тарайды; қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ; қырықтың бірі қыдыр, елу жылда ел жаңа, т.б. сан есім құрамында бар тұрақты тіркестер тілде тұтас күйінде жұмсалады.

Ал ағылшын тілінде А.В.Куниннің есептеуінше, бір мен екі сандарына қатысты мақал-мәтелдер көптеп кездеседі [1].

Сөйтіп екі халықтың дүниетанымында сандар өзінің сандық, реттік, мөлшерлік мәнімен қатар қасиетті (киелі, яғни сакральды) ұғымды білдіретін киелі сандар да көптеп кездесетінін байқауға болады.

Тақырыптың зерттелу тарихына келсек, қазақ тіл білімінде де, ағылшын тілі білімінде де жазылған біраз ғылыми еңбектерді кездестірдік. Оларда киелі сандар туралы орныққан пікір жоқ. Мәселен, І.Кеңесбаев қасиетті сандарға `үш`, `жеті`, `тоғыз `, `қырық` сандарын жатқызса [2, б. 14]; Қ.Ғабитханұлы `үш`, `жеті`, `тоғыз `,`он екі`, `қырық` сан есімдері, әдеттегі сандық, реттік қолданыстармен қатар өздерінің басқа да мәнде кездесетіндігімен өзге сан есімдерден ерекшеленеді [3,б. 110] деп есептейді. Автордың тұжырымдауынша, бұндай жағдай, әсіресе, осы сандардың тұрақты тіркестерде, аңыз-әңгімелерде, жыр-дастандарда, салт-дәстүрлерде және де басқа да дүниетанымға байланысты қолданыстарынан анық көзге түседі.

Шындығында да бұл сандар өзге сан есімдерге қарағанда әрбір халықтың ежелгі тарихынан, жалпы дүниетанымында қалыптасқан салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан мәлімет береді.

Киелі сандардың мағыналық-мәндік өрісі қазақ халқының ұғым-түсініктеріне байланысты қалыптасқанын тіліміздегі көптеген тұрақты тіркестерден, атап айтқанда, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерден көруге болады.

Жалпы алғанда, мақал-мәтелдер халық даналығының қазына–байлығы болып саналады, олар – тіл арқылы адамзат қауымының асыл арманын, ақыл-парасатын, өмірлік тәжірибесін, дүниетанымын ұрпағына ғибрат етіп ұсыну әрекеті нәтижесінде туындап, қалыптасқан рухани құбылыс. «Мақал-мәтелдер – халықтың дүниені түйсінуінен хабар беретін қойма, ғаламның тілдік бейнесі ретінде ұлттық эстетикалық таным-талғамын, шаруашылық кәсібін, мінез-құлық, ырым-нанымын, ұлттық рухты тек тілде ғана жан-жақты танытушы, таным бәйтерегі. Мақал-мәтелдерді даналардан қалған аталар сөзі десе де болады. Бұл – ұлт даналығын араға талай ғасырлар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш бояуын солғындатпай мән-мағынасын бәсеңдетпей, көркемдігі мен бейнелілігін жоғалтпай, тұтас жеткізіп отырған ана тіліміздің құдіретті күші» [4, б. 121].

Мақал-мәтелдер – халық өміріндегі әрқилы кезеңдерді, қоғамдық құбылыстарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды жеткізетін, қысқа әрі нұсқа тұжырым жасайтын, мән-мазмұнға бай бөлігі. Әрбір халық өмір шындығын, көңілге түйгенін мақал-мәтел ретінде өз ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырып отырған. Мақал-мәтелдердің тіл білімінде, оның ішінде, қазақ және ағылшын тілдерінде әр тұрғыдан азды-көпті зерттеліп келгені мәлім. Зерттеу нысанына қатысты еңбектерге қысқаша тоқталар болсақ, мақал-мәтелдердің тілдік табиғаты, олардың басқа тұрақты тіркестермен ұқсастықтары немесе ерекшеліктері А.Байтұрсынов, I. Кеңесбаев, Р.Сәрсенбаев, Б.Адамбаев, Ә.Қайдар, С.Нұрышев, F.Мұсабаев, М. Ғабдуллин, Ғ.Тұрабаева, салыстырмалы-салғастырмалы тұрғыдан А.Нұрмаханов, Э.Мұқышева, А.Донбаева, Д.Бегалықызының т.б. зерттеушілердің ғылыми жұмыстарында қарастырылған.

Ағылшын тіліндегі жалпыхалықтық мұраны жинақтау жұмыстары көне ғасырдан қалыптасқан. Зерттеулерге қарағанда, ағылшын мақал-мәтелдер тізбегін қамтитын алғашқы «Book of proverbs in the Testament» атты топтама бесінші ғасырда жарық көрген. Ағылшын тіліндегі ұлттық болмыс және ұлттық таныммен тығыз байланысты тұрақты тіркестерді, мақал-мәтелдерді жан-жақты, түбегейлі зерттеген ғалымдар – Н.Барли, А.Дундэс, АКрикман, М.Куузи, Г.Мильнер, А.Тэйлер, Г.Л. Апперсон, Линда және Роджер Флавэлдер.

Ағылшын тілінің тұрақты тіркестерін зерттеу жұмыстары ғалым А.В. Кунин есімімен де тығыз байланысты. А.В.Куниннің [5]; [6]; [1] еңбектері ағылшын тілі табиғатының кейбір өзгеге беймәлім тұстарын айқындап, жалпы тіл ғылымына елеулі үлес қосты және салғастырмалы негіздегі ізденістерге бағыт-бағдар берді. Ғалым өз зерттеулерінде мақал-мәтелдерді «коммуникативті фразеологиялық бірліктер» деп атап, олардың кұрамы мен құрылымына, семантикалық ерекшеліктеріне сипаттама береді.

Ағылшын тіліндегі мақал-мәтелдер қасиетті кітап Інжілде көп кездеседі. Себебі халық оны көп оқығандықтан, Інжілдік тізбектер күнделікті тұрмыста жиі қолданылып, олардағы сөз тіркестері тиянақталып тұрақты тіркестерге айналған.

Халық тілінің ең шұрайлы да нәрлі өзегі болып танылатын мақал-мәтелдерді, оның ішінде cан компонентті мақал-мәтелдерді қаламгерлер ойды қысқа да, бейнелі, түсінікті, көркем етіп жеткізу мақсатында жиі пайдаланады. Ағылшын мақал-мәтелдерінің Інжілден басқа В.Шекспир шығармаларында да жиі қолданылғанын көруге болады. Сондықтан бірқатар ғалымдар тобы ағылшын мақал-мәтелдерінің гүлдену дәуірі Шекспир өмір сүрген заманмен тұстас келеді деген пікір айтады [7].

Тіл тілдегі киелі сандардың беретін мағыналарына келсек, олар әралуан. Бір тілде киелі болып саналатын сан, екінші бір тілде жағымсыз ұғым береді. Мәселен, көпшілікке мәлім, 13 санын ағылшындар, немістер, еврейлер қырсық әкелетін сан деп есептеп, 13 санды үй, кинотеатрларда 13-ші қатар болмайды. Сондай-ақ 66 санын, әсіресе үш алты санын ібіліспен байланыстырады.

Ал енді мұсылман қауымы, оның ішінде қазақтар жұма мен 13 санын ерекше құрметтейді. Жұма – мұсылман қауымы үшін ежелден қасиетті күн. Бірқатар мемлекеттерде осы күні жұрт жақсылап демалып, жуынып-шайынып, таза киініп, мешіттерде үлкен намазға қатысады. Жұма намазына қатысу – үлкен сауап, міндет болып саналады. Ал 13 саны адамның мүшел жасын, ат жалын тартып мініп, азамат болғанын білдіреді. «Он үште отау иесі» деген халқымыз ұлының қабырғасы қатайып, бұғанасы бекіп, жүген ұстайтын жасқа жеткендігін анықтайтын сан ретінде ерекше бағалаған.

Қытайлар, 4 пен 7 санын жақсы көрмейді. 8 саны қытайлар үшін жақсы сан болып саналады, өйткені бұл санның дыбысталуы «байлық, баю» деген мағынаға жуық дыбысталынады екен.

Көне заманнан бері «жеті» саны халқымыздың ұғымында киелі сандардың бірі ретінде қалыптасып, халқымыздың салт-дәстүрлері мен дүниетанымына өзіндік, ерекше орын алып, әсерін тигізумен келе жатыр. Қазақ ұғымында жетінің киелі сипатқа ие екендігін ерте байқаған және оның себебін түсіндіруге тырысқан ғалымдар көптеп саналады. Олардың басым көпшілігі қазақ ұғымындағы жетінің киелі мән алу себебін өзге халықтар мәдениетінен іздейді, атап айтсақ, араб-парсы мәдениетінің әсерінен деп қарау орын алған.

Жеті санының киелі сипат беруі – дүниедегі көптеген халықтарға тән құбылыс. Мысалы, ол Ислам дінінде де киелі сан болып есептелінеді. Ислам дінінің қасиетті кітабы «Құран»-да «жер бетіндегі нәрсенің бәрін сендер үшін жаратты» деген сөз бар.

«Жеті» саны Христиан дінінде де қасиетті саналады. Інжілде «Христос жетінші күні аспанға ұшып барып, жетінші күні қайта дүниеге келді» деген уағыз бар. Бүкіл дін саласында «жеті» ерекше рөл атқарады.

Ал қазақ тілінде «жеті» саны жақсы, қасиетті сан болып есептелетіндіктен, жеті санына қатысты көптеген фразеологизм мен мақал-мәтелдер сияқты тұрақты тіркестер қалыптасқан. Мысалы: жеті ата; жеті жұрт; жеті жарғы; жеті қазына; жеті нан құдайы; жеті күн, жеті түн; жеті қабат жер астында т.б.

Қазақ тіліндегі сандарға негізделген мақал-мәтелдердің ішінде ең жиі кездесетіндері де жеті санына негізделген мақал-мәтелдер. Мәселен, ¤ Қарғыс жеті атаға жетеді; ¤ Жеті кедей жиналғанмен ортасынан бір бай шықпас; ¤ Жеті атасын білмеген – жетесіз; Жеті рет піш, бір рет кес; Жеті жұрттың тілін біл, Жеті түрлі білім ал; ¤ Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер. Би болмаған би болса, құлақ-миын шағып жер; ¤ Жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болсын; .

Көптеген халықтардың дүниетанымында, әдеп-ғұрыптары мен жөн- жораларында үш саны негізгі орынға ие болып, киелі сан ретінде есептеледі.

Қазақ халқы ерте заманнан сан түрлі заттар мен құбылыстарға баға беріп, олардың өзді-өздеріне ғана тән қасиеттеріне, сондай-ақ келесі бір заттармен, құбылыстармен ұқсас тұстарына, ерекшеліктеріне ерекше көңіл бөліп, бақылау жасап баға беріп, ойға тоқып, көңілге түйгендерін тілі арқылы сипаттап, суреттеп, сақтаған, киелі сандарға қатысты этникалық білім қорындағы бейнелі пайымдаулар мақал-мәтелдерде былайша көрініс береді: ¤ Үшеудің бірі шарана, төртеудің бірі қаймана, ¤ Үш тағанның бірі қисайса, қалғандары құлайды, ¤ Үш нәрсе тұрақтамайды: Бірі – саудаға түспеген мал (дүние), екіншісі – таласқа түспеген ғалым, үшіншісі – саясаты жоқ патша, ¤ Үш болмайтын екілік жоқ, ¤ Түйе мінген адам үш бүктетіле алмайды т.б.

«Үш» санына қатысты тұрақты тіркестердің пайда болуына дүниенің бір нүктеде кездесетін үш бағандық тірек пен дүниедегі құбылыстың тұрақтылығын білдіру негіз болған. «Сан компонентті мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени негізі» деген зерттеу еңбегінде ізденуші үш санына қатысты мақал-мәтелдер арқауына басы бір нүктеде тоғысатын үш тірек бағандық және үш қаттық дүние моделі алынып, үш саны кез келген құбылыстың тұрақтылығы мен орнықтылығын бейнелейтін сан қилы үштік одақтар мен өзара тығыз байланыстағы үштік құрылымдардың (триада) символикасы ретінде жұмсалатынын анықтаған [8, б. 17].

Зерттеушілердің еңбектерінде қазақ тілінде «тоғыз» санына қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің қалыптасуына дүние тоғыз бөліктен құралады деген көне заманнан келе жатқан наным-сенім, әдет-ғұрыптар негіз болғандығыды. Мысалы: тоғыз айып тартты; тоғыз саққа жүгіртті; тоғыз құмалақ; тоғыз тұрып, тоқсан толғанды; тоғыз жолдың торабы; тоғыз татар т.б.

Алтай текті халықтардан басқа арабтарда, парсыларда, қытайларда да тоғыз саны киелі болып саналады. Қ.Ғабитханұлының зерттеуінде қытайлардың аспанды тоғызға бөліп қарағандығы туралы мәлімет келтіріледі [3, б. 135-137].

Келесі киелі болып саналатын сан – қырық саны. «Қырық» – тіліміздегі көптеген тұрақты тіркестерге, мақал-мәтелдерге ұйытқы болып тұратын, сонымен бірге салт-дәстүрлерімізде мызғымыстай орын тепкен киелі саналатын сандардың бірі: ¤ Қырық жылға дейін бай мен кедей теңесер, ¤ Тұзақтан қорыққан құс қырық жыл ағаш бұтағына қонбайды,¤ Жақсы атаның аруағы қырық жыл сүйрейді, ¤ Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жоқ өлмейді, ¤ Қызға қырық жігіт сөйлеседі, бірі алады, ¤ Қыз қырық жанды келеді.

Сонымен тілімізде «қырық» саны ұйытқы болып келетін көптеген мақал-мәтелдер молынан кездеседі. Бұлардың қай-қайсысының астарында қырық санымен кодқа түсірілген мифтік-танымдық және діни сипаттағы сан-алуан ақпараттар орын алады. Тілімізде қырық санымен көптеген тұрақты тіркестер қалыптасқан. Мысалы: Қырықтың бірі қыдыр; Қырық жыл жатқан қылыштың қынабындай құны жоқ; қырық күн шілде; қырқынан шықты; қырық жеті (қалың мал); қыз қырық жанды келеді; қырықтың қылауынан т.б. Мысалдардан көріп отырғанымыздай, «қырық» санының қатысуымен әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге байланысты тіркестер пайда болып, тілімізде сақталған. Олардың ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткені белгілі.

Төрт санының қатысуымен жасалған ¤ Төрт аяғы тең жорға, сүдігерге сүрінеді,¤Төрт түліктің төресі түйе сияқты мақал-мәтелдер мал шаруашылығына байланысты болса, ¤ Дұшпан көзі төртеу, ¤ Екі аяқтыда құрдас тату, төрт аяқтыда бота тату деген мақал-мәтелдер достық пен дұшпандыққа байланысты,¤ Төрт тұрманы түгел бай, тырнақтай тарту алады, ¤Төртеу түгел болса алар, алтау ала болса алдырар деп бірлік, ынтымаққа байланысты айтылады. Демек, «Төрт» сан атауының «тұтастықты», «бүтіндікті» бейнелейтін символдық мағынасы жалпы адамзаттық дүниетанымдық құндылықтардың тұғырына алынатын дүние жаратылысының төрттік элементі от, су, топырақ, жел, және діни (төрт халифа, төрт қасиетті кітап, төрт періште т.б.) т.б. семантикалық түрленімдерінен бастау алады.

Ағылшын тілінің мақал-мәтелдерінде бір, екі сандары көп қолданылады. Мәселен: ¤ One body - no body - Жалғыздың үні шықпас..., ¤ One rotten apple injures its neighbours-Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді, ¤ It is the first step that costs-Басы қатты болса аяғы тәтті болады, ¤ One is never too old to learn- Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ, ¤ One foot is better than two crutches- Қанағат қарын тойғызар,¤ One drop of poison spoils the whole tun of wine - Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді.

Екі санына байланысты мақал-мәтелдер: ¤A bird in the hand is worth two in the bush – Аспандағы сұңқардан қолдағы тұрымтай артық, ¤ Two heads are better than one - Бір бастан екі бас жақсы, ¤ Once bitten, twice shy - Аузы күйген үріп ішеді, ¤ Score twice before you cut once – Жеті рет өлшеп бір рет кес, ¤ Three women and a goose make a market - Екі әйел базар, үш әйел жәрмеңке.¤ Two heads are better then one. - Кеңесіп пішкен тон келте болмас, ¤ Custom is the second nature. - Ауру қалса да, әдет қалмайды.

Қазақ тiлiндегi сан компонентті фразеологизмдердiң басым көпшiлiгiнiң пайда болуы о бастағы сан атауларының өзiндiк ерекшелiктерiне байланысты деп қарасақ, оған әсер етушi факторлардың табиғаты ерекше деген сөз.

Сонымен қорыта айтсақ, зерттеу барысында сан есімдердің тұрақты тіркес жасаудағы деңгейлері бірдей емес екені байқалды. Тұрақты тіркес құрамында сан атаулының бәрі бірдей қолданылмайды. Жиі қолданылатын сандар қатарына «төрт», «жеті», «тоғыз», «қырық» сандарын жатқызуға болады. Мақал-мәтелдер мен фразеологизм құрамында есептік сан есімдер жиі қолданылатыны анықталды. Сан есімдер сандық мәнімен қатар басқа мағынада қолданылуы арқылуы ерекшеленеді. Мұндай жағдай көбінесе тұрақты тіркестерде, аңыз-әңгімелерде, жыр-дастандарда, салт-дәстүрлерде кездеседі Мұндай жағдай көбінесе тұрақты тіркестерде, аңыз-әңгімелерде, жыр-дастандарда, салт-дәстүрлерде кездеседі.

Көптеген зерттеушілердің есептеуінше, үш, жеті, тоғыз, қырық сандары – киелі сандар болса, біздіңше, киелі мәнді сан есімдерге он үш, елу, жиырма бес, алпыс сандарын да қосуға болады. Келешек еңбектерімізде бұл сандарға жеке-жеке тоқталып, оларды неге қасиетті сандар қатарына қосқанымызды тілдік материалдар арқылы дәйектемекпіз.


Пайдаланылған әдебиет:

1. Кунин А.В. Англо-русский фразеологический словарь. –М.: 1984.-944с.

2. Кеңесбаев І. «Жеті», «үш», «тоғыз», «қырық» пен байланысты ұғымдар// Қаз ССР ҰҒА

Хабарлары. Филология сериясы, 1946. – №2.

3. Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. –Алматы: Арыс, 2006. – 166 б.

4. Қарсыбекова Ш. Қазақ мақал-мәтелдерінің логика-семантикалық және заттық тақырыптық

топтастыру принциптері. ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №2 (92), 2006.

5. Кунин А.В. Английская фразеология. –М.: Высшая школа, 1970. – 200 с.

6. Кунин А.В. Курс фразеологии современного английского языка. –М.: Высшая школа, 1986. – 325 с.

7. Райдаут Р. Толковый словарь английских пословиц. –С.-П., 1997.



8.Қасымова С. Сан компонентті мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени негізі. Канд. дисс.

автореф. –Астана, 2010. – 23 б.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет