Сақтандыру қызметі туралы



жүктеу 2.11 Mb.
бет1/11
Дата27.04.2019
өлшемі2.11 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

САҚТАНДЫРУ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы N 126 Заңы


(Соңғы редакциядағы күні: 01.08.2012)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      Ескерту. Мәтiндегi "уәкiлеттi мемлекеттiк органның", "уәкiлеттi мемлекеттiк органға", "уәкiлеттi мемлекеттiк орган" деген сөздер тиiсiнше "уәкiлеттi органның", "уәкiлеттi органға", "уәкiлеттi орган" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2003.07.10 N 483 Заңымен.

      1-бап. Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және
              сақтандыру қызметі туралы заңнамасы

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      1. Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Осы Заңмен тікелей реттелген қатынастарды қоспағанда, сақтандырудан туындайтын және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің қолданылатын аясына жататын қатынастар осы актілермен реттеледі.
      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

      1. Осы Заң сақтандыруды кәсіпкерлiк қызмет түрі ретінде жүзеге асырудың негізгi ережелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, сақтандыру брокерлерiн құру, лицензиялау, реттеу, олардың қызметiн тоқтату ерекшелiктерiн, өзге де жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру нарығындағы қызметтерiнің талаптарын, сақтандыру нарығын мемлекеттік реттеу міндеттерін және сақтандыру қызметін бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету қағидаттарын айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) осы Заңға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерi сақтандыру нарығының барлық қатысушылары үшін мiндеттi болады.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аджастер - функциясына сақтандыру төлемі бойынша өтінішті қарау және сақтандыру жағдайынан болған залалды бағалау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері;
      1-1) актуарий - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қажетті төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығының қажетті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер мөлшерінің, сақтандыру сыйлықақысы ставкаларының экономикалық-математикалық есептеулерін жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жүргізіп жатқан және жүргізуді жоспарлап отырған сақтандыру түрлерінің пайдалылығы мен табыстылығын бағалауды жүргізетін, уәкілетті органның лицензиясы бар жеке тұлға;
      1-2) актуарийлер бірлестігі - өз мүшелерінің мүддесін қорғауды және олардың кәсіби қызметтеріне жағдай жасауды қамтамасыз ету үшін қоғамдық бірлестік нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым;
      1-3) андеррайтер - функциясына сақтандыруға қабылданатын сақтандыру тәуекелдерін бағалау және сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының талаптарын айқындау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері;
      2) ассистанс – сақтандыру ұйымдарының, заңды тұлғалардың сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) саяхатта не тұрғылықты жерінен алыста жүрген уақытта қиын жағдайға душар болғанда сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан оған техникалық, медициналық жәрдемдесу арқылы ақшалай және (немесе) табиғи-заттай нысанда көмек көрсетуі;
      3) бақылау – заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі, ол мынадай:
      бір тұлға заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының елу процентінен астамын дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін не заңды тұлғаның акцияларының елу процентінен астамымен дербес дауыс беру мүмкіндігі болатын;
      бір тұлғада заңды тұлғаның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын дербес сайлау мүмкіндігі болған;
      Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясының қаржылық есептілігін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық есептілігі аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның қаржылық есептілігіне қосылған;
      бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғалармен бірлесіп, шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгеше түрде заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі болатын жағдайлардың бірі болған кезде туындайды;
      4) бас ұйым – басқа заңды тұлғаға бақылау жасайтын заңды тұлға;
      5) еншілес ұйым – өзіне қатысты басқа заңды тұлға бақылау жасайтын заңды тұлға;
      6) заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін жанама иелену не акцияларын иелену (олармен дауыс беру) – заңды тұлғаның, заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену (олармен дауыс беру) арқылы бірлесіп заңды тұлғаның ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі;
      7) заңды тұлғаның ірі қатысушысы – заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін (артықшылықты акцияларды шегере отырып) акцияларының он немесе одан көп процентін тікелей немесе жанама иеленетін (мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг осындай иелік етуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлға;
      8) капиталға қомақты қатысу – дауыс беретін (артықшылықты акцияларды шегере отырып) акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан да көп процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе, бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан да көп процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы;
      9) қайта сақтандыру – өздерінің арасында жасалған қайта сақтандыру шартына сәйкес бір жағынан қайта сақтанушының сақтандыру тәуекелдерінің бәрін немесе бір бөлігін қайта сақтандыруға беруіне және екінші жағынан осы тәуекелдерді қайта сақтандыру ұйымының қабылдауына байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;
      10) қайта сақтандыру ұйымы (қайта сақтандырушы) – уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      11) қайта сақтанушы (цедент) – өзі қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беруді жүзеге асыратын сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы;
      12) мінсіз іскерлік бедел – кәсіпқойлықты, адалдықты, алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы жоқ екенін растайтын фактілердің болуы;
      13) ортақ сақтандыру – бір мезгілде бірнеше сақтандыру ұйымдарымен сақтандыру шарты бойынша сақтандыру тәуекелдерін қабылдап, олардың жауапкершілігін өздерінің арасында жасалған ортақ сақтандыру шартына сәйкес бөлуге байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;
      14) өздігінен ұстап қалу – жауаптылық көлемінің бір бөлігі, соның шегінде сақтандырушы немесе қайта сақтанушы (цедент) сақтандыру немесе қайта сақтандыру шартына сәйкес өз есебінен жауапты болады;
      15) пруденциялық нормативтер – уәкілетті орган белгілейтін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтауы үшін міндетті нормативтер;
      16) сақтандыру агенті – сақтандыру агенттерінің тізіліміне енген және тапсырыс шарты негізінде бір немесе бірнеше сақтандыру ұйымдарының атынан және олардың тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      17) сақтандыру брокері – сақтанушының тапсыруы бойынша сақтандырушымен сақтандыру шарттарын жасасуға және орындауға байланысты қатынастарда сақтанушының атынан өкілдік ететін немесе өз атынан сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты қызмет көрсету жөніндегі делдалдық қызметті, сондай-ақ сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      18) сақтандыру ережелері – сақтандыру ұйымының белгілі бір сақтандыру түрі бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын құжаты;      
      18-1) сақтандыру есебі - дерекқорда бар ақпаратты толық немесе ішінара беру нысаны;      
      18-2) сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор (бұдан әрі - дерекқор) – сақтандырушы, сақтанушы, сақтандырылушы және пайда алушы туралы ақпараттың жиынтығы (оның ішінде электрондық нысанда);
      19) сақтандыру қызметінің субъектілері – сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары;
      20) сақтандыру нарығына кәсіби қатысушылар – өз қызметін уәкілетті органның тиісті лицензиялары негізінде жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері, актуарий;
      21) сақтандыру омбудсманы – сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы өзара қатынастарды реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;
      22) сақтандыру портфелі – сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының, сондай-ақ олар бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) жиынтығы;
      23) сақтандыру резервтері – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша актуарий есептеулері негізінде бағаланатын міндеттемелері;
      23-1) сақтандыру тәуекелі – сақтандыру жағдайының басталу ықтималдылығы;
      23-2) сақтандыру тобы – банк конгломераты болып табылмайтын, сақтандыру холдингінен, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан, сондай-ақ сақтандыру холдингінің еншілес ұйымдарынан және (немесе) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының еншілес ұйымдарынан және (немесе) сақтандыру холдингі және (немесе) оның еншілес ұйымдары капиталына қомақты қатысатын ұйымдардан тұратын заңды тұлғалар тобы.
      Сақтандыру тобының құрамына ұлттық басқарушы холдинг, Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру холдингі, сондай-ақ еншілес ұйымдар және Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру холдингі капиталына қомақты қатысатын, Қазақстан Республикасының резиденттері емес болып табылатын ұйымдар кірмейді.  
      24) сақтандыру ұйымы – сақтандыру шарттарын жасасу және орындау қызметін уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде жүзеге асыратын заңды тұлға;
      25) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын жанама иелену (олармен дауыс беру) – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының, сақтандыру холдингінің немесе заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталына қатысу үлестерін) иелену арқылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бірлескен ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі;
      25-1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру брокерлерінің бірлестігі - өз мүшелерінің мүддесін қорғауды қамтамасыз ету және олардың кәсіби қызметін үйлестіру үшін қауымдастық (одақ) нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым;
      26) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы – уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының орналастырылған (артықшылықты және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының он немесе одан да көп процентін тікелей немесе жанама иелене алатын немесе:
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы дауыс беретін (артықшылықты акцияларды шегере отырып) акцияларының он немесе одан да көп пайызымен тікелей немесе жанама дауыс беру;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге шартқа орай не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігіне ие жеке немесе заңды тұлға (мұндай иеленуші мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг болып табылатын жағдайларды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда);
      26-1) сақтандыру холдингi – уәкiлеттi органның жазбаша келiсiмiне сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларының орналастырылған (артықшылықты және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сатып алған акцияларды шегере отырып) жиырма бес немесе одан да көп пайызын тiкелей немесе жанама иелене алатын немесе:
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акцияларының жиырма бес немесе одан да көп пайызымен тiкелей немесе жанама дауыс беру;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешiмдердi шартқа орай не өзгеше түрде анықтау немесе бақылау жасау мүмкiндiгiне ие заңды тұлға (мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг осындай иеленуші болып табылатын жағдайларды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда);
      27) сатып алу сомасы – жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылу мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының алуына құқығы бар ақша сомасы;
      28) сюрвейер - функциясына сақтандыруға қабылданатын сақтандыру объектісін алдын ала тексеріп қарау мен бағалау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері не ақылы қызмет көрсету шартына сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қызмет көрсететін заңды тұлға;
      29) тәуелсіз актуарий – осы Заңның талаптарына сәйкес келетін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының штатында тұрған актуарийдің есептеулерін бағалауды жүргізу үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы тартатын жеке тұлға;
      29-1) үлестес тұлғалар – шешімді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың бірінің) қабылдайтын шешімдеріне, оның ішінде жасасқан мәміле күшіне қарай ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлғалар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды және ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда). Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің құрамында ұлттық басқарушы холдингтің болуы тұлғаларды бір-біріне қатысты үлестес деп айқындау үшін негіз болып табылмайды.
      30) ішкі резервтік қор – сақтанушылардан инвестициялау мақсаттары үшін алынған сақтандыру сыйлықақысы және басқару нәтижесінде келтірілген сақтандырушының шығыстарын ескере отырып, оларды инвестициялаудан алынған кіріс (залалдар) бөлігінің есебінен уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес сақтандырушы қалыптастыратын ақша сомасы.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгеріс  енгізілді - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 N 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      4-бап. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi

      1. Сақтандыру дегенiмiз, сақтандыру ұйымы өз активтерi есебiнен жүзеге асыратын сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиғалар туындаған кезде жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүліктік мүдделерін қорғауға байланысты қатынастар кешенi.
      2. Сақтандыру қызметi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау мен орындауға байланысты, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде жүзеге асырылатын қызметi, сондай-ақ өзара сақтандыру қоғамдарының сақтандыру шарттарын жасасуға және орындауға байланысты, Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актiсiне сәйкес лицензиясыз жүзеге асырылатын қызметi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.05 N 164, 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      5-бап. Шетелдiк жеке және заңды тұлғалар мен


              азаматтығы жоқ адамдарды сақтандыру

      1. Шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдiк заңды тұлғалар, оның iшiнде өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратындар сақтандыру арқылы қорғалу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады.


      2. Алынып тасталды - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5-1-бап. Қазақстан Республикасының резиденттері емес


                сақтандыру ұйымдарының сақтандыруы

      1. Заңды тұлғаның немесе оның оқшауланған бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мүліктік мүдделерін және Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жеке тұлғаның мүліктік мүдделерін сақтандыруды тек сақтандыру ұйымы - Қазақстан Республикасының резиденті ғана жүзеге асыра алады.


      2. Қазақстан Республикасының резиденттері емес сақтандыру ұйымдарымен, жұмыс істеу, оқу, емделу немесе демалу мақсатында Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде уақытша болатын жеке тұлғалармен - Қазақстан Республикасының резиденттерімен осы тұлғалардың тек Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде уақытша болу кезеңіне ғана сақтандыру шарттарын жасасуға және оларды орындауға жол беріледі.
      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға:
      1) жеке және заңды тұлғалардан - Қазақстан Республикасының резиденттерінен Қазақстан Республикасының резиденті еместердің пайдасына сақтандыру сыйлықақыларын (жарналарын) төлеуге;
      2) жеке және заңды тұлғалардың - Қазақстан Республикасының резиденттерінің пайдасына сақтандыру шарттары бойынша Қазақстан Республикасының резиденті еместерден алынатын сақтандыру төлемдерін жүзеге асырумен байланысты төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға тыйым салынады.
      Ескерту. 5-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

2-тарау. САҚТАНДЫРУ ҚЫЗМЕТIН ҰЙЫМДАСТЫРУ

      6-бап. Сақтандыру салалары, сыныптары және түрлерi



      1. Сақтандыру қызметiн ұйымдастыру және мемлекеттiк реттеу мен лицензиялауды жүзеге асыру үшiн сақтандыру салаларға, сыныптар мен түрлерге бөлiнедi. Сақтандыру ұйымының сақтандыру қызметi "өмiрдi сақтандыру" саласы және "жалпы сақтандыру" саласы бойынша жүзеге асырылады.
      2. "Өмiрдi сақтандыру" саласы ерiктi сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды:
      1) өмiрдi сақтандыру;
      2) аннуитеттiк сақтандыру;
      3) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      4) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      3. "Жалпы сақтандыру" саласы ерiктi сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды:
      1) жазатайым жағдайлардан сақтандыру;
      2) ауырған жағдайдан сақтандыру;
      3) автомобиль көлiгiн сақтандыру;
      4) темiр жол көлiгiн сақтандыру;
      5) әуе көлiгiн сақтандыру;
      6) су көлiгiн сақтандыру;
      7) жүктердi сақтандыру;
      8) осы тармақтың 3)-7) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, мүлiктi залалдан сақтандыру;
      9) автомобиль көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру;
      10) әуе көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру;
      11) су көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру;
      12) осы тармақтың 9)-11) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру;
      13) заемдарды сақтандыру;
      14) ипотеканы сақтандыру;
      15) кепілдіктер мен кепілгерліктерді сақтандыру;
      15-1) осы тармақтың 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген сыныптарды қоспағанда, қаржы ұйымдарының шығындарын сақтандыру;
      16) басқа да қаржы шығындарынан сақтандыру;
      17) сот шығыстарынан сақтандыру;
      18) титулдық сақтандыру.
      4. Ерiктi сақтандыру нысанындағы сақтандырудың жекелеген сыныбын (түрін) жүргізу жағдайлары бойынша қосымша талаптар, оның ішінде сақтандырудың жекелеген сыныптары (түрлері) шеңберіндегі пруденциалдық нормативтер уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      5. Сақтандыру түрi, сақтандыру ұйымы сақтанушыға сақтандыру шартын жасау арқылы сақтандырудың бiр немесе бiрнеше сыныбы шегiнде әзiрлейтiн және беретiн сақтандыру өнiмi болып табылады.
      6. Мазмұны мен талаптары Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін заңнамалық актісімен айқындалатын міндетті сақтандырудың әрбір түрі сақтандырудың жекелеген сыныбы болып табылады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2003.07.10 N 483, 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз),  2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Сақтандыру сыныптарының мазмұны



      1. Өмiрдi сақтандыру сақтандырылушы қайтыс болған немесе ол сақтандыру мерзiмi бiткенге дейiн не сақтандыру шартында белгiленген жасқа дейiн өмiр сүрген жағдайда сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады.
      2. Аннуитеттiк сақтандыру сақтандырылушы белгiлi бiр жасқа жеткен, еңбек ету қабiлетiн (жасына байланысты, мүгедектiгiне байланысты, науқастығына байланысты) жоғалтқан, асыраушысы қайтыс болған, жұмыссыз қалған жағдайларда немесе сақтандырылушының жеке табыстарының кемуiне немесе одан айрылуына әкелiп соққан өзге де жағдайларда зейнетақы немесе рента түрiнде шартта белгіленген мерзім ішінде немесе өмір бойы кезең-кезеңiмен сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн жинақтаушы сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. Аннуитеттiк сақтандыру шарттары бойынша кезең-кезеңiмен сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру жағдайы сақтандыру төлемдерiнің мөлшерін айқындаумен, нақтылаумен және растаумен байланысты емес.
      2-1. Алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      2-2. Алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      3. Жазатайым жағдайдан сақтандыру, осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында аталған сақтандыру тәуекелдерін қоспағанда, сақтандырылушы жазатайым жағдайдың, кәсіби аурудың салдарынан қайтыс болған, еңбек ету (жалпы немесе кәсіптiк жағынан) қабiлетiн (толық немесе iшiнара) жоғалтқан немесе сақтандырылушының денсаулығына өзге де зиян келтiрiлген жағдайларда оның шығыстарын тіркелген сомада және (немесе) iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      Жазатайым жағдай дегеніміз - адамның ерік-жігеріне қарамастан басталған, сақтандырылушының организміне сырттан оның денсаулығына зиян келуіне, мертігуіне не өліміне әкеліп соққан механикалық, электрлік, химиялық немесе термикалық әсер етуі салдарынан кенеттен болған, қысқа мерзімді оқиға (жағдай).
      4. Ауырған жағдайдан сақтандыру осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында аталған сақтандыру сыныптарын қоспағанда, сақтандырылушының ауруына және денсаулығының өзге де бұзылуына байланысты оның шығыстарын тіркелген сомада және (немесе) iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      5. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 3)-6) тармақшаларында тізбеленген көлiк құралдарын сақтандыру көлiк құралын иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiне айдап әкетуді немесе ұрлауды қоса алғанда, сондай-ақ оның зақымдануы немесе жойылуы салдарынан келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      6. Жүктердi сақтандыру жүктi, оның ішінде багажды, тауарларды және өнімнің басқа да барлық түрлерін қоса алғанда, иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне тасымалдау әдiсiне қарамастан, оның зақымдануы, жойылуы, жоғалып кетуi салдарынан келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      7. Мүлiктi сақтандыру мүлiктi иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 3)-7) тармақшаларында тізбеленген мүлiктi қоспағанда, оның зақымдануы немесе жойылуы, ұрлануы салдарынан келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемі мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      8. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 9)-11) тармақшаларында көзделген көлiк құралдары иелерiнің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін қоса алғанда, үшiншi тұлғаларға өзі көлiк құралын пайдалануға байланысты келтiрген залалды өтеу мiндетіне байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемі мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      9. Азаматтық-құқықтық жауапкершiлiкті сақтандыру осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 9)-11) тармақшаларында аталғандарды қоспағанда, барлық тәуекелдерді сақтандыру салдарынан үшiншi тұлғаларға келтiрілген залалды өтеу мiндетiне байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне келтiрiлген залалды iшiнара немесе толық өтемі мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      10. Заемдарды сақтандыру сақтанушының, (заемшының) кредитор алдындағы міндеттемелерін орындамауы салдарынан кредиторға шығын келтірілуі кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
      11. Ипотекалық сақтандыру ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша кепілдік мүлік болып табылатын тұрғын үйдің нарықтық құны төмендеген жағдайда заемшының ипотекалық тұрғын үй заемы шарты бойынша міндеттемелерді орындамауы салдарынан кредитордың мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрі болып табылады.
      12. Кепілдіктер мен кепілдемелерді сақтандыру берілген кепілдіктер мен кепілдемелерді орындау міндеті салдарынан кепілдік немесе кепілдеме берген тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      13. Басқа да қаржы шығындарынан сақтандыру осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 12)-15) тармақшаларында аталған сақтандыру тәуекелдерін қоспағанда, қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру нәтижесінде жұмыстан айырылу, кірісті жоғалту, қолайсыз табиғи құбылыстар, үздіксіз, болжанбаған шығыстар, нарықтық құнын жоғалту және басқа да шығындар салдарынан шығын келтірілу кезінде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      14. Сот шығыстарын сақтандыру сақтанушының (сақтандырылушының) соттың істі қарауына байланысты олардың көтерген шығыстары салдарынан шығындануы кезінде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнің жиынтығы болып табылады.
      15. Осы баптың 11-13-тармақтарында аталған тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша сақтанушының өзінің ғана тәуекелі және оның пайдасына ғана шешілетін тәуекел сақтандырылуы мүмкін.
      16. Қаржы ұйымдарының шығындарын сақтандыру, осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген сыныптарды қоспағанда, қаржы ұйымдарының қаржылық қызметтер көрсетуі нәтижесіндегі шығындарды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
      17. Титулдық сақтандыру мүлікке меншік құқығын тоқтатқан жағдайда, сақтанушының мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      8-бап. Сақтандыру салалары мен сыныптарын бiрiктiру

      1. Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру ұйымының қызметi "өмiрдi сақтандыру" саласы бойынша лицензия немесе "жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензия негiзiнде сақтандырудың лицензияда көрсетiлген тиiстi сыныптары шегiнде жүзеге асырылады.
      2. "Жалпы сақтандыру" саласындағы қызметтi:
      1) "өмiрдi сақтандыру" саласындағы қызметпен бiрiктiруге;
      2) жинақтаушы сақтандыру нысанында жүзеге асыруға болмайды.
      3. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған сақтандыру сыныптары шегiндегi тәуекелдердi сақтандыруды қоспағанда, "өмiрдi сақтандыру" саласындағы қызметтi "жалпы сақтандыру" саласындағы қызметпен, сондай-ақ сақтандырудың міндетті нысанындағы тиісті сыныптарды бiрiктiре алмайды.

      4. Сақтандыру ұйымы, өзiнде сақтандырудың тиiстi сыныптары көрсетiлген және осы Заңда белгiленетiн сақтандыру сыныптарын бiрiктiру жөнiндегi шектеулер ескерiлген лицензия болған жағдайда, сақтандырудың екi және одан көп сыныптарының белгiлерi мен мазмұнын ұштастыратын сақтандыру түрiн әзiрлеуге құқылы.


      5. (алып тасталды)
      Ескерту. 8-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2003.07.10 N 483, 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      9-бап. Қайта сақтандыру жөніндегі қызмет

      1. Қазақстан Республикасының аумағында қайта сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі қызмет осы Заңда көзделген тәртіппен лицензиялануға тиіс.
      2. Сақтандыру ұйымы қайта сақтандыру жөніндегі лицензиясыз сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беруді жүзеге асырады.
      3. Сақтандыру ұйымы қайта сақтандыру жөніндегі лицензия болғанда ғана сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға қабылдауға құқылы.
      4. "Жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымы тек қана "жалпы сақтандыру" саласында сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыру жөнiнде лицензия алуға және қызметтi жүзеге асыруға құқылы.
      5. "Өмірді сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымы осы Заңның 8-бабының 3-тармағында көзделген сыныптарды біріктіруді ескере отырып, "өмірді сақтандыру" саласында сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыру жөнiнде лицензия алуға және қызметтi жүзеге асыруға құқылы.
      6. Қайта сақтандыруды қайта сақтандыру жөнiндегi лицензия негiзiнде қызметтің ерекше түрi ретінде жүзеге асыратын қайта сақтандыру ұйымы "өмiрдi сақтандыру" және "жалпы сақтандыру" салаларында сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыруды жүзеге асыруға құқылы.
      7. Сақтандыру ұйымын құру, оның қызметiн лицензиялау, реттеу және тоқтату бөлігіндегі осы Заңның нормалары қайта сақтандыруды қызметтiң ерекше түрi ретiнде жүзеге асыратын қайта сақтандыру ұйымдарын құру, олардың қызметiн лицензиялау, реттеу және тоқтату талаптарына қолданылады.
      8. Алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда жазылды - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2006.07.05 N 164, 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет